|  |  | 

Оқиға Шоу-бизнис

Мейрамхан Себдайырқызы Iзбасар: «ЕРКIНДI ТҮРМЕДЕ ӨЛIМШI ЕТIП САБАҒАН»

7 қаңтарда Еркiн Жұмашұлы Iзбасар Алматыда көшеде көлiкпен бара жатқанда, қасындағы екi адаммен бiрге Ақтөбе облысында заңсыз мұнай ұрлығына қатысы болуы мүмкiн деген күдiкпен ұсталды. Уақытша тергеу изоляторына қамалған Еркiн Iзбасарға қатысты тергеу аяқталмады, нақты айыптар әлi қойылған жоқ. Спорт шеберi, “Ағайынды төртеудiң” жетекшiсi 20 қаңтарда тергеу изоляторынан Ақтөбедегi темiржол ауруханасына ауыстырылды. КТК телекомпаниясының ҰҚК мәлiметiне сүйенiп таратқан ақпаратына қарағанда, Еркiн түрмеден ауруханаға шығу үшiн басын темiр керуетке, қабырғаға соғып, өз өзiне дене жарақаттарын салған.

Еркiннiң анасы, 75 жастағы Мейрамхан Себдайырқызы “Жас Алашқа” хабарласып, журналистер таратқан ақпараттың шындыққа мүлдем сәйкес келмейтiнiн, ұлын изоляторда түн iшiнде 11 адам келiп жабыла ұрып, өлiмшi етiп тастап кеткенiн айтты. Оқиға былай болған көрiнедi:

– Еркiн Алматыда 7 қаңтарда ұсталып, Ақтөбеге жеткiзiлген соң 8-iне уақытша тергеу изоляторына қамап, осы жерде екi күн қонғасын, ұмытпасам 9-ы не 10-ында түрмеге жiберiлдi. Алматыдан Ақтөбеге алып келдi, уақытша тергеу изоляторында жатты, одан түрмеге сүйрелегенде, балам әбден шаршап кеткен ғой. Суық жер, өзi мүгедек, қатты ауырып, дене қызуы 38-ге дейiн көтерiлiп, денесi қалшылдап, тамақ iшпей қойған. Осы күйде отырғанда, 10 қаңтарда түнгi сағат 23.30-дар шамасында 11 адам камерасына кiрiп: “саусақ таңбаңды аламыз” дегенде, Еркiн “ертең күндiз қорғаушыммен бiрге келiңдер” деп жауап берген. Сол кезде керуетте капишонымен басын жауып отырған баламның тамағынан қылғындырып, жерге құлатып, жабыла тепкiлеген. Ол соққыдан есiнен танып қалған. Жамбасы әлсiз, етi бос, сол жерде жамбас етi қақ айрылып, сүйегiне дейiн ырсиып артериядан қан кеткен, камераның iшi даладай қан болған. Қан кеткен жерге шүберек салса да тоқтамаған, шүберектi жетi рет ауыстырған. Қан тоқтамағасын дәрiгер шақыртылып, жамбасының жыртылған жерiн тiккен. Ақыры түн iшiнде өлiп қалар деп қорыққан болар, ҰҚКД-дегiлер Астанаға әкетпей түрмеде қалдырды. Алматыда бiрге ұсталған – жүргiзушiсi Жанат пен Еркiннiң күтiмiн жасайтын бөлемнiң баласы Ауқатты Астанаға тергеуге алып кеттi.
– Сiздер Еркiндi сабағанын қашан бiлдiңiздер?
– Еркiн түскен соң үш күннен кейiн ғана әзер рұқсат алып түрмеге кiргенiмiзде, баламның түрiн көрiп, естен тана құлап қалдым. Келiнiм нашатыр иiскетiп, есiмдi жиған соң өз-өзiмдi ұстайын деп әзер тұрдым. Жон арқасы, екi қолы көкпеңбек, бөксесiнiң етiн айырып жiберiп, сол жерден қан кеткен. Жарасы ырсиып тұр, жерде 6-7 қан-қан шүберек жатыр. Менiң кiнәм – Еркiннiң камерасында жатқан шүберектердi сол бойы алып кетуiм керек едi. Баламның жағдайын көрiп, есiм шығып кеттi ғой, қазiр неге алып шықпадым екен деп өкiнiп жатырмын. Бiрақ күрек тiсiнiң сынығын алып шықтым. Жамбас етiнiң ырсиып кеткенi сонша, инфекция түспес үшiн тазартқанда, тампон сүйегiне дейiн тиген. Ұлы сөздiң ұяттығы жоқ, жыныс мүшесiне де зақым келген, жұмыртқасына да зақым келтiрген бе деген қаупiм бар. Дәретi қып-қызыл қан болып ағып жатыр. Өз-өзiме келген соң сол жерде келiнiм екеумiз әкесiн шақырттық. “Мынау не iстегендерiң? Өлтiруге шақ қалыпсыңдар ғой”, – дедiм сол жерде. “Жарадан өлмейдi” дедi бiреуi, тергеушi, ме, күзетшi ме, бiлмеймiн.
– Түрмедегi бейнекамерада түн iшiнде кiргендер жазылып қалмай ма?
– Шыны керек, есiмдi жия алмай қалдым, жарасын таңғанда қасына баруға жүрегiм дауаламады, басым айнала бередi, айнала бередi. “Көрмегенiң қалмады ғой, сенiң-ақ жаның сiрi екен” деп жылай бергесiн, Еркiн: “Мамамды кiргiзбеңдер”, – дептi. Әкесi де: “Өзiңдi-өзiң қинап қайтесiң, жүрегiң әлсiз, өлiп қаларсың” деп менi қайтарып жiбердi. Арбада отырса да, ешкiмнен таяқ жеп көрмеген бала ғой, соншама қорлап, оңбағандар. Өздерiнiң жеген дүниесi ғой, ендi келiп бәленiң бәрiн Еркiнге жауып, бөрiнiң аузы жесе де қан, жемесе де қан демекшi, баяғы “4 братьяның” аты қалмайды. Ең болмаса он екi мүшесi сау жiгiт болса ғой, аналарға атып тұрып, қарсы соққы берер едi. Бiр бүйрегi жоқ арбада отырған мүгедектi жабыла тепкiлеп… бәрiнен де осы қорлығы батып кеттi.
Содан қорғаушы денесiне жеке жарақат салды деп сараптама жүргiзуге рұқсат сұрап қалалық сотқа да, облыстық сотқа да шағымданды. Қалалық соттың судьясы Шмирова да, облыстық соттың судьясы Мұхамбетқалиева да рұқсат еткен жоқ. Еркiннiң қорғаушысы қайта-қайта жазса да, келiспей отыр. Сол түнi Еркiннiң камерасына кiрген 11 адамды анықтау мақсатында, жазбаны да сұратып едiк, бермей жатыр. Бұлар бәрiн жасырып отыр.
– Еркiн соққы алғанда, қасында болған дәрiгермен сөйлесе алдыңыздар ма, олар не дейдi?
– Түрме дәрiгерлерi бiзбен сөйлескен жоқ. Олар жарақатты сол бойы суретке түсiруi керек едi, бiрақ олай жасамаған. Тек денесiнде жарақат бар, өлшемi 10-15 см деп жазылған. Артынан жарасын таңғанда, барып жүрдiм. Себебi мен, 1997 жылы Еркiн жол апатына түскелi берi баламның жеке дәрiгерiмiн. Өмiр бойы Байғанин, Темiр аудандарында дәрiгер, бас дәрiгер болып жұмыс iстедiм. Осы баламыздың өмiрге деген құлшынысы төмен түсiп кетпесiн деп, әкесi екеуiмiз Еркiнiмiздiң қас-қабағына қараумен жүрмiз. Құдайға шүкiр, өзiнiң отбасы бар, балалары да өстi.
Айтайын дегенiм, Еркiн түрмеде 10 күн жатты. Дәретi мүлдем жүрмей қалды, түрме iшi суық, ақыры тiккен жерiнен қан аралас iрiң ақты, инфекция түскен ғой. Дәретi жүргеннiң өзiнде қып-қызыл, қан аралас. Ақыры не керек, өлтiрiп алып, басымыз бәлеге қала ма деп қорықты ма, қаңтардың 20-сы күнi Еркiндi Ақтөбедегi темiржол ауруханасына ауыстырды. Келiн екеуiмiз қоғамдық қорғаушы ретiнде рұқсат алдық. Еркiннiң жарасын таңып, күтiмiне қарап жүрмiз. Оны палатаның сыртынан 3 адам күзетiп тұр. Тек келiн екеумiздi ғана кiргiзедi.
– Ауруханаға шығу үшiн өзiн-өзi ұрғаны жөнiндегi жаңалықты Еркiн қалай қабылдады?
– Тергеу изоляторына ауыстырғанда әуелi оны туберкулезбен ауыратындарға арналған №120 камерада 6 сағат отырғызып қойған. Камера iшi өте салқын болған, iшкi жағында қабырғада “тубизолятор” деген жазуы бар екен.
Менi “Жас Алашқа” алып келген де осы мәселе. КТК-ның журналистерi еш ұялмайтын жандар екен. Күнде КТК өтiрiк ақпарат бередi, әсiресе соңғы күндерi, осынысы жүйкемiзге тиiп болды. Еркiн абақтыда 2 күн ғана жатты, одан шығу үшiн өзiн-өзi ұрды, басын керуетке, қабырғаға соқты деп. Еркiн де осы сөзге қатты арланды, менi осылай етiп қорлап жатыр, намысымды таптап жатыр деп. Түрмеде ол 2 күн емес, 10 күн жатты: 9-ынан 19-на дейiн. Басын керуетке соқты дейдi, ал құйрығын қалай соғады? Көзiнiң асты көгергенi болмаса, Еркiннiң басында да, шекесiнде де еш жарақат жоқ. Белi ұстамайды, өздiгiнен аяғын басып тұра алмайды, оны сүйеп тұрғызу керек.
Адамның наласы деген ауыр болады ғой, Құдайдан қорықсаңдар қайтедi? Өйтiп мүгедек адамның тағдырын ойыншық етiп жалған сөйлеуге бола ма? 20 жылдан берi арбаға таңылса да, мүгедекпiн деп көрген емес, өмiрден қалмауға барын салып келедi. “Iшпей-жемей менi мына мұнайға неге қосты, қай жерден қиыстырды” деп күйiнедi, оның үстiне мына КТК-ның журналистерiнiң өтiрiгi тiптi шаршатып жiбердi. Үлкен-үлкен цистерналарды қойып, қасына Еркiндi отырғызып қояды. Бұл не деген сұмдық, не деген қиянат?
Еркiн 1998 жылдан бастап 9 рет ауыр-ауыр отаны басынан өткiздi. 1997 жылы Алматыда бокс федерациясының президентi болып сайланып келе жатқанда, жолда Қызылордада апатқа ұшырады. Сол құлағалы берi аурудан көз ашқан жоқ: Қытайда 2 рет, Мәскеуде 2 рет, Германияда 2 рет, Алматыда 2 рет отадан өттi. Осындай сынақтардан өтiп келе жатыр, Аллаға сиынып намаз оқитыны бар, бiрақ ол тiптi Ақтөбенiң мешiтiне де барып көрген емес. Жарты өмiрi пышақ үстiнде өтiп келе жатқан ол қай жерде жүрiп мұнай ұрлатады, қай жерде жүрiп жұртты ұйымдастырады? Ең болмаса, айыбын нақты айтсын да, мына күнi, мына жылы Байғаниннен мұнай ұрлатты деп. Ауруханада жатқан қағаздарын көтерейiк, тiптi ұшақтың билетiне дейiн тауып берейiк.
Ақтөбеде еркiн күрестi дамытамын деп осы шаруаның соңында жүрдi, тапқан-таянғанының бәрiн соған жұмсады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша еркiн күрестен Ақтөбе командасы республикада бiрiншi орынға көтерiлдi. Бұл – өмiрi болып көрмеген жайт. 19-дағы Батыр Мырзаев Олимпиададан 3-орын алды, Нұрислам Санаев Олимпиадаға қатысуға лицензия алды. Спортшыларды Осетияға, Красноярскiге, Кавказдағы турнирлерге жiберiп жүр. Еркiндi сырт жерде жақсы сыйлайды. Ендi ол түрмеде отырса да, Красноярскiге жарысқа кеткен балаларын қатты уайымдап отыр.
Былтырғы қыркүйекте Еркiн қалалық мүгедектер қоғамының басшысы болып сайланды. Мүгедектер қоғамына тiгiн цехын ашып беремiн деп ғимаратын тапты, лифт орнатты, ендi машинкаларға тапсырыс беремiн деп жүргенде, мынадай жағдайға тап болды. Еркiн ұсталғалы берi мүгедектер қоғамы да, спорт басқармасы да, оны қорғап, хат жазып жатыр.
– Алматыдағы турнирге неге ұшақпен емес, машинамен барды?
– Жалғыз жүре алмайды ғой, үш адамның бару-қайту жолына ұшаққа билет алу тым қымбатқа түсетiн болды. Оның үстiне, арбаны да ала жүру керек. Сөйтiп, екi көлiкпен барды. Бiрге ұсталған жүргiзушiсi – Жанат есiмдi жiгiт, Петропавлдың баласы, қасымызда жүргенiне 10 жыл болды. Оның Петропавлда тұратын әке-шешесiмен жақсы араласамыз, Ауқат – бөлемнiң баласы дедiм, жолға шыққанда Еркiннiң күтiмiн жасайды, клизма қояды. Екi көлiктiң бiреуi менiкi. Ендi ол көлiк те қайтпай жатыр Алматыдан. Осы күнге дейiн Еркiнге қандай айыптар тағылып жатқанын бiле алмай отырмыз. Мен ауруханадан қайтадан түрмеге жiберiлсе, баламды ол жерде өлтiрiп тастай ма деп қорқамын.

Баян СӘРСЕМБИНА, 
Ақтөбе

zhasalash.kz

Related Articles

  • БҰҰ комитеті Семей өңірі бойынша қарарды мақұлдады

    Семей қаласы орналасқан Шығыс Қазақстан облысының картадағы орны (Көрнекі сурет). БҰҰ Бас ассамбелясының экономика және қаржылық мәселелер бойынша комитеті Семей өңірінің халқын сауықтыру, қоршаған ортасы мен экономикалық дамуын қалпына келтіру мақсатындағы іс-қимылдарды үйлестіру және халықаралық ынтымақтастық туралы қарар жобасына келісті. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, құжат 23 мемлекеттің демеушілігімен және өзара уағдаластығымен мақұлданған. Министрлік ақпаратына қарағанда, қарарда Қазақстан үкіметінің Семей өңірін сауықтыру және дамытудағы рөлі атап өтіледі. Сонымен қатар құжат халықаралық қауымдастықты “Қазақстанның зардап шеккен тұрғындарды емдеу және оларға қызмет көрсетудің арнайы жобалары мен бағдарламаларын дайындап, іске асыруына және аймақты орнықты дамытып, экономикалық өсімге қол жеткізудегі жұмыстарына көмектесуге шақырады. Министрлік бұл қарарды БҰҰ Бас ассамблеясы Семей өңірі бойынша 1997 жылдан

  • АСПАННАН ТҮСКЕН МИЛЛИОНЕР

    Erlan Toleutai facebook парақшасынан “Сығанақ” қаласының ішінде “Қазақ елі” тарихи сериалының “Халық көтерілісі” сахнасын түсіріп жатқан едік. Дəл төбемізден “гүр” етіп, “Бидайықтың көл жайқаған жалғызындай” бір тікұшақ ұшып өте шықпасы бар ма! “Мынау қайтеді-ей”, – деп қойып, түсірілімді жалғастыра бердік. Сәлден соң, түскі асқа берілетін 40 минуттық үзілісті пайдаланатын əдетіммен Іле бойын жағалап кеттім. Жоғары өрлеп келе жатыр едім, бағанағы тікұшақтың өкпе тұсымнан шыға келгені. Тым төменде ұшып жүр, қамысқа қонайын деп жүрген кəдімгі инелік сияқты, үшкіл тұмсығымен су жағасындағы алып жартастарға сүйкене таяп барып “үңіледі” де, қайта серпіледі. Бір кезде шұғыл бұрылып, осының бəрін қызықтап қарап тұрған маған қарай төтелей салды. Əуелде өтіп кетер деп ойлаған ем, жоқ, тура

  • Қолөнер көрмесі өтеді.

     Қолөнері дамыған қазақтың тұрмыстық заттарының тарихы өте тереңде. Ел арасындағы шеберлердің шын ықыласының арқасында бабадан қалған асыл мұрамыз көпке қайта таныла бастады. Рухнаи жаңғыруда жадыға сақтап, Ұлттық кодымызды айшықтайтын, өзгеде жоқ ерекше дүние, ол – қолдану кезінде пайдасы көп, ағаштан ойылып, ою салып сапалы жасалған қазақтың көнеден келе жатқан тұрмыстық заттары. Сан түрлі заттардың түрін тұрмақ, атауында ұмытқалы қашан? Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында оқушылар, студент жастарға, жалпы жұртқа үш күндік көрме көрсетілмек. Аяқ, Аяққап, Астау, Бақыраш немесе жолаушы жанында жүретін, Жанторсық, май шайқайтын Жуаз, күміспен, сүйекпен шекетулеген Зерен, Күбі – талдан, аршадан қиып жасалатын, айран, қымыз пісуге арналған іші кең ыдысты, болмаса теріден қатырып жасалынған бие сауатын шелек –

  • Астанада Азиядағы Ядролық кооперация форумының 18-ші Кеңесі өтті

    11 қазанда Астанада 12 елдің ірі лауазымды тұлғаларының қатысуымен Азиядағы Ядролық кооперация форумының (FNCA) министрлер деңгейіндегі 18-ші кеңесі өтті. Екі жылда бір рет өтетін шарада «Қоршаған ортаны қорғау үшін ядролық ғылым мен технологияларды қолдану» тақырыбы қарастырылды. Қазақстан Республикасының энергетика Министрі Қанат Бозымбаев Кеңесті алғы сөзбен ашты. Кеңестің жоғары деңгейн атап өткен Қ.Бозымбаев Азия аймағының дамуы үшін оның маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан Азиялық ядролық кооперация форумының құрамына 2010 жылдан бері мүше. Содан бері еліміз ұйым жұмысына белсене қатысып келеді. Біз атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану бойынша әлемдегі қоғамдастықтармен әріптестік орнатуға мүдделіміз», деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев. «Форумның қызметіне қатысу Қазақстанда ядролық медицина саласындағы жаңа әдістерді және ауыл шаруашылығына арналған жаңа материалдар өндірісін ілгерілетуге

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: