|  | 

Саясат

Биліктегі бизнесмен Әділбек Жақсыбеков


Әділбек Жақсыбековтің қорғаныс министрі кезінде ЕҚЫҰ форумында сөйлеп отырған сәті. Вена, 7 қыркүйек 2011 жыл.

Әділбек Жақсыбековтің қорғаныс министрі кезінде ЕҚЫҰ форумында сөйлеп отырған сәті. Вена, 7 қыркүйек 2011 жыл.

Әділбек Жақсыбековті «президенттің көлеңкесі» деп сынаушылар да, «жемқорлықпен танылмаған, саяси жүйеге ішкі наразылығы бар, қазіргі саяси ойынға бейімделген адам» деп мақтаушылар да бар.

Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков бүгін – шілденің 26-сы күні зейнет жасына жетіп, 63-ке толды. Бұдан бір апта бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаев оған тағы да бес жыл мемлекеттік қызмет атқаруға рұқсат беріп, өкілетін 2022 жылдың 26 шілдесіне дейін ұзартқан.

«ЕСКІ ГВАРДИЯ ӨКІЛІ»

Бұрынғы кинематограф әрі бизнесмен Жақсыбековтің Назарбаевтың айналасында жүргеніне 20 жылдан асты. Саяси сарапшылар оны президент айналасындағы «ескі гвардия» қатарына қосады.

1995 жылы Әбіш Кекілбаев жетекшілік ететін Жоғарғы кеңес тарап, жаңа супер президенттік басқару жүйесін енгізген жаңа конституция қабылдағаннан кейін парламент депутаттығын иеленген Әділбек Жақсыбеков көп ұзамай-ақ жоғары билікке тез жетуін Ақмола қаласының Астана қаласына айналуымен байланыстырған. Мемлекеттік басқару орындарына бизнес өкілдері жаппай келе бастаған кезде Ақмола өңірінің өкілі, бизнесмен Әдібек Жақсыбековтің Астанаға әкім болуы таңданыс туғызбаған.

Бірер жыл сауда және индустрия министрі болған ол 2004 жылы қазір атқарып отырған қызметі – президент әкімшілігінің жетекшілігіне тағайындалып, Қазақстандағы саяси қызметтің бір биігіне шықты. Барша саяси оқиғаларды ұйымдастырушы ретінде оппозицияның ұдайы сынына ұшырайтын президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінде жүріп Жақсыбеков те бірнеше сайлау науқанын өткізген. Қазақстан оппозициясы Жақсыбеков кезіндегі сайлауларды да «әділетсіз өтті» деп бағалаған.

Оның «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары, Қазақстанның Ресейдегі елшісі, қорғаныс министрі қызметін атқарып, 2016 жылы қазіргі қызметіне оралуын саясаттанушылар «Назарбаевтың сенімді кадрларының азая бастағаны» деп жорамалдаған. Сонымен қатар саясаттанушылар «постназарбаев кезеңі жақындағанда президент әкімшілігінің басшылығына өз бетімен саяси ойын ұйымдастыра алмайтын адам қажет болды» деп сипаттаған.

БИЛІК ПЕН БИЗНЕС

Жоғары билікте ұзақ жүрсе де, Әділбек Жақсыбековтің көпшілік алдында көзге түсіп, қоғамдық-саяси оқиғаларға өз бетінше жария баға беретін белсенділігі байқалған жоқ. Бірақ ол «өнер мен бизнес саласын қатар алып жүретін» тұлға ретінде танылған.

Жақсыбеков 2008 жылы Ресейде елші болып жүріп бір топ архитекторлармен бірге әдебиет пен өнер саласына берілетін мемлекеттік сыйлықты иеленді. Ол 2009 жылы қорғаныс министрі қызметін атқарып жүріп детектив жанрындағы фильм сценарийінің авторы болды.

Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтің Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақаловты қызметкерлерге таныстырған сәті. Оның оң жағында бұрынғы әкім Ерік Сұлтанов отыр. Петропавл, 14 мамыр 2017 жыл.

Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтің Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақаловты қызметкерлерге таныстырған сәті. Оның оң жағында бұрынғы әкім Ерік Сұлтанов отыр. Петропавл, 14 мамыр 2017 жыл.

Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік қызметке ауысқаннан кейін «Цесна» компаниясы ірі корпорациялардың біріне айналды. Қазақстандық Forbes журналы оны мемлекеттік қызметте жүргеніне қарамастан ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде 11-орынға қойған. Оның ұлы, 38 жастағы Дәурен Жақсыбек 2017 жылы Қазақстандағы ең бай 50 адамның ішінде 498 миллион доллар қаржысымен 8-орынды иеленген.

Қазақстандағы Жақсыбековтерге тиесілі саналатын ірі банктердің бірі «Цесна банк» былтыр Ресейдің ірі банктерінің бірі – омбылық «Плюс банктің» 83 пайыз акциясын сатып алғаны жарияланған.

Оқи отырыңыз: Жақсыбеков отбасының банк саласындағы бизнесі

 

Қазақстан заңы бойынша мемлекеттік қызмет атқаратын адамның бизнеспен шұғылдануға құқығы жоқ. Егер ол бұрын бизнеспен айналысса, мемлекеттік қызметке барарда өзге біреуге тапсыруына болады. Алайда Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар «бұл ереже сөз жүзінде ғана» деп санайды.

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаттары Серікбай Әлібаев пен Уәлихан Қайсар «Әділбек Жақсыбековтің өнер мен бизнестегі қазіргі табыстары жоғары қызметіне байланысты» деп тұспалдайды.

«Президент әкімшілігінің жетекшісі – бейресми түрде Қазақстан президенті лауазымынан кейінгі қызмет» деп санайтын Серікбай Әлібаев «оның бизнесін тексеруге дәті жететін орган жоқ» екенін айтады.

Премьер-министрдің өзі әкімшілік басшысының нұсқауына алаңдайды. Сондықтан Әділбек Жақсыбековті қазір президенттің оң қолы деуге болады.

- Президент әкімшілігінің жетекшісі президенттің атымен жұмыс істейді, президенттің атынан телефон соғады. Оны билік тармақтарының басшыларының бәрі тыңдайды. Премьер-министрдің өзі әкімшілік басшысының нұсқауына алаңдайды. Сондықтан Әділбек Жақсыбековті қазір президенттің оң қолы деуге болады, – дейді ол.

Серікбай Әлібаев интернетте бірнеше жылдан бері тарап жүрген, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев жариялады деп есептелетін «Қазақстанның жоғарғы лауазымды адамдарының диалогы» тексерілмей қалғанын айтады. Оның айтуынша, «Әділбек Жақсыбековтің дауысы» деп көрсетілген диалогтарға қарағанда жоғары билікте күмән тудыратын жайттар көп».

Әділбек Жақсыбековтің қорғаныс министрі кезінде Ұлттық қауіпсіздік төрағасы Нұртай Әбіқаевпен сөйлесіп отырған суреті. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Әділбек Жақсыбековтің қорғаныс министрі кезінде Ұлттық қауіпсіздік төрағасы Нұртай Әбіқаевпен сөйлесіп отырған суреті. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Парламент сенатының депутаты болған Уәлихан Қайсар да бұл диалогтарды тыңдағанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, «Әділбек Жақсыбеков – қандай да бір жемқорлық дауына қалмаған адам».

- «Әділбек Жақсыбековке пара бердім» дегенді ешкімнен естімедім. «Біреудің бизнесіне қысым жасады» дегенді естімедім. Қазіргі саяси жүйеде жүргендіктен соған бейімделуге тырысады. Бірақ жеке ойы бар екенін, қазіргі саяси жүйеге көңілі толмайтынын байқағанмын, – дейді ол.

Уәлихан Қайсар Әділбек Жақсыбековті «өнер саласын оқығанымен, саяси өмірде режиссерлік ете алмайтын тұлға» деп санайды.

- Нұртай Әбіқаев, Иманғали Тасмағамбетов, Марат Тәжиндер секілді саяси ойындар жасай алмайды. Ол тек тапсырманы тап-тұйнақтай орындай алады. Сөзге де шешендігі жоқ. Мүмкін, көзге түскісі келмейтін шығар. Өйткені қазіргідей кезеңде тек тапсырманы орындап, тыныш жүрген адам ғана билікте ұзақ жүре алады, – деп сипаттайды Уәлихан Қайсар.

Әділбек Жақсыбековтің Астана әкімі болған кезінде (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және қорғаныс министрі болған Иманғали Тасмағамбетовпен түскен суреті. Астана, 22 қазан 2014 жыл.

Әділбек Жақсыбековтің Астана әкімі болған кезінде (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және қорғаныс министрі болған Иманғали Тасмағамбетовпен түскен суреті. Астана, 22 қазан 2014 жыл.

АЙСҰЛТАННЫҢ «СЫНЫ»

Ұзақ жылдар Нұрсұлтан Назарбаевтың серігі болып жүрген Әділбек Жақсыбековті ашық сынаушылар көп емес. Бірақ 2016 жылы күзде Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы сыны көпшілікті таңдандырған.

Қазақстан футбол федерациясының басшылығын бірнеше рет сынаған Айсұлтан Назарбаев футбол федерациясындағы кемшіліктерге президент айналасында жүрген, арасында Әділбек Жақсыбеков те бар бірнеше жоғары лауазымды тұлғаны айыптап, оларға «ойлау жүйесі орта ғасырда қалған адамдар» деп баға берген. «Президент айналасында осындай адамдардың жүргені және олардың елді жаппай бақылауға алғысы келетіні жиіркенішті. Шексіз билігі бар мұндайлар елдің болашағына қауіпті» деп жазған Айсұлтан Назарбаев.

Президент жиенінің бұл сыны әлеуметтік желіде жиі талқыланғанымен, жоғары билікте реакция байқалған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жылдардағы кадрлық саясатын бақылап жүрген саясаттанушылар бұл сынды «жоғары билікке талаптанушы президент туыстарының кезекті ойыны», «Жақсыбековті зейнетке шығармай тағы да жанында қалдыруы – ескі команда мүшелерін шетке қақпайтындығының белгісі» деп бағалаған.                                                                                                                                                                  Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады. ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды. 28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: