|  |  |  |  |  | 

Көз қарас Тарих Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ТЕГІ ЖӘНЕ ТУҒАН-ӨЛГЕН ЖЫЛДАРЫ

 Абылай ханның  тегі  және туған-өлген жылдары Қазақтың даңқты ханы, «үш жүздің баласының атын басын бір кезеңге теңеген», «он сан Алаш баласын аузына қаратқан» Абылайдың шыққан тегіне, оның туған-өлген жылдарына қатысты бірталай сұрақтар бар-деп жазды  e-history.kz.                                                                                                                                                                                                                              Бұл мәселе өте маңызды, қай мемлекетте де  билеуші әулетке қатысты дүдәмал сұрақтар болмағаны жөн, бұл тарихшылар үшін үлкен сын. Абылайдың атасын біз Қанішер Абылай деп білеміз, шын мәнінде ол әуелде Жолбарыс Абылай атанғаны анық. Қанішер атануы 1718 жылы Қайыпты өлтіргеннен кейін. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси өмірінде әжептеуір орын алатын, иелігінде Түркістан өңірінің бірталай қалашықтары бар сұлтандардың бірі екен. Оның насабы Жошы тұқымынан, яғни қазақ хандары шыққан алтын өзекпен жалғасады. Қазақ хандығын құрушылардың бірі Орыс (Орманбет) хан шөбересі Кіші Жәнібектің тоғыз ұлы болған, соның бірі Жәдік. Жәдіктің ұлы Шығайдан бастап Қазақ хандығының үлкен хандары осы Жәдік тұқымынан сайланып отырды. Шығайдан Есім, одан Салқам Жәңгір, одан Әз Тәуке мен Уәли-Бақы. Осы Уәли-Бақы деректерде «Абақ», «Аула» атауларымен кездеседі де біздің тарихшыларды шатастырады. Уәли-Бақы Әз Тәуке ханмен ағалы-інілі туыс, әкелері бір,  аналары бөлек. Мәшһүр «Салқам Жәңгірдің екінші қатыны-Ғайша ханым-Қатағанның ханы Тұрсынның қызы. Мұнан туған –Уәлибақы» дейді. Уәли-Бақыдан «Қанішер» атанған Абылай сұлтан, одан Көркем Уәли, одан Әбілмансұр, яғни өзіміздің Абылай туады.                                                                                                                                            Жолбарыс Абылайдың Қанішер атануы                                                                                                                                                                                  Жолбарыс Абылайдың Қайып ханды өлтіруіне не себеп болды ? Қайып та Есім ханның тұқымы. Насабы: Есім хан, одан Сырдақ сұлтан, одан Қысырау-Датқы, одан Қайып хан. Қайып хан Әз Тәукенің жанында жүріп көтерілген сұлтандардың бірі.  1715 жылдың жазында Әз Тәуке хан қайтыс болғаны деректерден белгілі. Осыдан кейін ұлы ханға ас беріліп, ел ағалары енді үлкен хандыққа Қайыпты дұрыс көреді. Қазақ мұрагерлік тәртібі бойынша билік ағадан ініге өтеді. 1715 жылы Ресейге, Түркияға, Бұхарға аттанған қазақ елшілері Қазақ ордасында хан тағына Қайыптың отырғанын растайды. Қайып кеңсе басқару, елшілік  жұмысына жақсы, бірақ әскери іске жетік  болмаған сияқты.  Қайып өзіне жүктелген міндетті орындай алмады, билік жүйесі әлсіреді. 1717 жылы Аягөз өзені бойында Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан отыз мың қолды бастап барып қалмақтан оңбай жеңілді. Қайып Түркістанға екі нөкерімен қашып келді, одан кейін қалмақтар дәндеп Арыс, Бөген, Шаян өзендеріне дейін келіп қазақты тағы да  жаулады. Кейбір деректерге қарағанда хан билігін босатып алған Қайып Ресей көмегіне арқа сүйенбекші болады. 1716 жылы Тобыл қаласына келген Қайып ханның елшілері Байдәулет пен Бекболат егер орыс әскерлері қолдаса 30 мың әскермен қалмақты шабуға дайын екенін жеткізеді. Менің ойымша осы кездесуден кейін Түркістанға келген Никита Белоусов елшілігі Қайыпты көмектің болатынына үміттендірген сияқты. Басқаша Қайыптың 1717 жылы қалмақты Жетісудан бастап шаппай, Балқашты айналып барып Аягөз түбінен іздеуі түсініксіз болып қала бермек.                                                                                           Екіншіден қалмақпен соғыстағы жеңілістерден кейін елдің біразы Қайыпты тастап Түркістаннан Арқаға қарай көшеді. Бұл да қазақ дәстүрінде бар. Елмен санаспаған хандарды тастап көшіп кету бұрын да болған, бірақ бұл жолы Қайып Қазан губернаторы Петр Салтыковқа «от такого калмыцкого разорения остальные уходцы прижались к Вашему владению, и они бедные и убогие люди…попадутся к вам в руки, и их прикажите казнить смертию без остатку…» деп жазады. Әрине, бұл хаттардың мазмұны хан сарайындағы адамдар арқылы Қайыпқа наразы топқа бірден жеткені анық. Осылайша 1718 жылы Жолбарыс Абылай Орта жүз батырларының қолдауымен Қайыпты өлтіреді де «Қанішер Абылай» атанады. Екеуінің арасында бас араздық бұрын болмаған. 1717 жылы Түркістанға Қазаннан келген Ф.Жилин бастаған елшілік Абылай сұлтанның үстінен  арыз жазғанда «Қарнақ қаласында Қайып ханның інісі Абылай сұлтан үш мылтықты оқ дәрісімен алып қойды» дейді.  Қарнақ қалашығында Түркістанға келген елшіліктердің адамдары орналасады. Түркістан мен Қарнақ арасы 25 шақырымдай. Қазақ саяси өмірінде өз ханын өлтіру өте сирек болатын оқиға, көшіп кету т.б. болған. Сол себепті Қанішер Абылайға Сырдақ сұлтаннан тарайтын төрелер де, Салқам Жәңгірдің өзге тұқымы да т.б. наразы болады. Қазақ ортасында бұдан әрі қалу қауіпті болғандықтан Қанішер Абылай өзінің жанындағы төлеңгіттерімен, от басын алып Үргенішке қарай кетеді.                                                                                                                                                                             Ораз аталық және Абылай                                                                                                                                                                                      Үргеніште болған бір қырғынның кезінде Қанішер Абылай әулеті түгел опат болып тек Әбілмансұр деген ұлы ғана ғана Ораз аталықтың жанқиярлығы арқасында аман қалды деген әңгіме белгілі. Он екі жасар Әбілмансұрды Түркістанға қайта алып келген Ораз аталық кім ? Ораз аталық Қанішер Абылай тұсынан бастап осы әулетке қызмет жасаған тұлғалардың бірі.  Мен Көкшетау маңында ескі сөзден хабары бар қариялармен осы тақырыпта әңгімелестім, бәрі де Ораз аталықты «жаугершілікте Абылайды жерошаққа тығып аман алып қалған»  дейді. Қазақтың тарихи романдарында Ораз аталықты Абылай өлтірген-мыс деген әңгіме бар, бұл ешқандай шындыққа сай келмейді.                                                                                                                                                                                                     «Аталық» деген сөз сол заманда    биік лауазым, мемлекеттік қызметкер. Шешіп айтсақ, аталық -хандардың ақылшысы, елшілік қызмет атқарушы, ханзадалардың тәрбиешісі. Өзі үшін жанын қиып, етектен қан кешіп Үргеніштегі қырғыннан алып қашып келген қамқорын, ақылшысын Әбілмансұр қалай өлтіреді ? Бұл жазушылардың кейде бір қиялға беріліп, күшті образ жасау мақсатынан шыққан жорамал. Ораз аталық жасы жетіп Көкшетауда, хан ордасы атанған Қызылағаштан 15 шақырым жерде өз ауылында, бала-шағасының алдында қайтыс болады. Ертеде ол жер «Оразбұлақ», «Аталықтың ауылы» аталған екен, қазіргі уақытта «Қарабауыр» атанады. Іздеген адам болса Бурабайдан тым алыс емес, таудың теріскей жағына ассаңыз 20-25 шақырым. Абылайдың тұқымы «Бабамның ауылы», «Бабамның жұрағаты» деп аса қастерлесе керек. Бұл сый Абылай тұсынан басталып Кеңес үкіметі орнағанға дейін жалғасқан.                                                                                              Абылайдың қамқорлары                                                                                                                                                                                                                                          Қазақтың ауызша дәстүрі Абылайдың «Сабалақ» атануы туралы жас сұлтанды киімінің жалба-жұлба, шашы өскен, ұсқыны нашарлығына қарап Төле би «Сабалақ» атаған деген жорамалды ғана біледі. Бұл тым әсіреленген, қара халықтың өзінің түсінігіне ыңғайлаған жорамалы ғана.                                                                   Абылайдың туғанда азан шақырып қойған аты Әбілмансұр. Ресей мұрағаттарында «мусульманское имя Абиль-Мансур» деп жазылғаны сол себепті. Ораз аталық Үргеніштегі қырғыннан кейін Әбілмансұрды Түркістанға алып келгенін жоғарыда айттық. Әрине, аталық ханзаданың қауіпсіздігін ойлайды, сол себепті оны төрелердің қолына емес, қара қазақтың басшы азаматтарының бірі Төле биге апарып тапсырады. Қазақта ертеде кек қайтару деген жазылмаған ереже болған, төре тұқымдары арасында ол ереже тіпті қатал екені анық. Төле би ханзаданы жауларынан жасырып елден алысқа- түйешілері мен жылқышыларына қосып жібереді. Ол кезеңде жылқышылық қазақтың жауынгерлік мектебі есебінде. «Сабалақ» Әбілмансұрдың осы кезеңде алған жасырын лақаб  аты. Қанішер Абылайдан қалған жалғыз тұяқты сақтаудың басқа амалы болмаған сияқты. М-Ж. Көпейұлы шежіресіне қарағанда Әбілмансұр туралы бас қолбасшы Бөгенбай батыр мен Бұқар жырау да білген. Екеуі де сол заманның өте ірі тұлғалары. Бөгенбай әкесі Ақша батыр Тәуке хан кезінде бас қолбасшылылқ қылған. «Абылай хан» дастанында «Бір күні жылқы ішінде отыр еді, Екі баран, бір қызыл атты келді, Сөйтсе олар –Қанжығалы қарт Бөгенбай, Келіпті Төле бидің ауылын сұрай» делінеді. Төле би Әбілмансұрды мақтап «қас төренің қалыбы екен, патша ізетті екен» деп қазақтың үш кемеңгері жас ханзаданың одан әрі тәрбиесімен айналысады. Бұл 1724 жылы болған оқиға, қазақтың бірлігі бұзылып, жан-жақтан анталаған жау қасқырдай тартып жатқан «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама» заманы. Қазақ мемлекетінің болашағын ойлаған азаматтар төре тұқымынан елдің басын құрап, үш жүздің атының басын бір кезеңге жеткізетін тұлға іздейді. Әбілмансұр ел алдындағы жауаптылықты он екі жасынан бастап арқалап өсті деуге болады.                         Төле биден кейін Абылайға қамқорлық жасаған Дәулетбай туралы орыс-қытай  деректерінде ешқандай мәлімет жоқ.  Қазақ шежіресі болса «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Абылайдың келіп паналайтын осы байдың атын бірде «Дәулеткелді», бірде «Дәулетбай» дейді. Абылайдың қамқорының аты Дәулеткелді емес, Дәулетбай, ұрпағы Жаман Жаңғызтаудың  баурайында Өскен деген ауылда тұрады. Дәулетбай ішінде аталарынан аз маз сөз ұстап қалған Қалитай деген ақсақалдың әңгімесіне қарағанда «Абылай хан Төле бидің қолында жеті жыл мекен еткен, содан бір нәрседен сезіктеніп осы жаққа қашады. Арқаға келгенде Дәулетбайдың бас жылқышысына кездесіп, сендерге жұмыс істейік деп келіскен екен». Дәулетбайдың ауылына Абылайды кім бағыттағаны ақсақалдарға белгісіз, біздің білетініміз 1731 жылы жас төренің Сарыарқаға келгені ғана. Ал енді Дәулетбайдың өзіне келсек ол Қарауыл ішінде Жақсылық  деген атадан, бір құлақ Қалдаман деген батырдың баласы. Қалдаманның «бір құлақ» аталатын себебі, ол заманда қазақ жылқыны Омбы жақта Үлкен Қара ой, Кіші Қара ой деген  жерлерге қыстатады екен дейді ақсақалдар. Сол жақта жылқы қыстатып жүргенде  үлкен бір төбелес болып, төбелес үстінде Қалдаманның малақайы ұшып кетіп, содан бір құлағы үсіп кеткен, «бір құлақ» атанатаны сол себептен-мыс. Болса болар дедік, қазақтың ол заманда Ібір-Сібірдің ішіне ендей кіріп, Құлындыда жылқысын емін-еркін жайлататыны тарихи шындық. Ол заманда қазақтың соғыссыз, төбелессіз жүрмейтіні де жасырын емес. Қойшыбай деген ақсақалдың айтуынша Бірқұлақ Қалдаман Қара ойда бір бай жесір әйелге аяқ салып, одан бір ұл туып, сол бала кейін әкесін іздеп келеді. Бәйбіше жатсынбай «дәулетім келді» деп қарсы алып, содан Дәулетбай атанып кеткен–мыс. «Осы Дәулетбайға заманында жеті мың жылқы біткен екен. Жаман Жаңғызтау маңында Сасықкөл деген көл бар, сол көлге Қамсақтыдан шыққан Қарасай құяды. Жылқыны суаруға алып келіп, Сасықкөлге жапқанда бір тесік қалса бай: «Әй, балалар, бір үйір жылқы жоқ» дейді екен. Жылқыны осылай түгендейді. Абылай келген соң байдың ауылына ұры да тимеді, малға мал, жанға жан қосылды, ырыс болып келді. Бір күні Дәулетбай таңертең ауылынан аттанып шығып жылқының қосына келсе Абылай ұйықтап жатыр екен, екі қолы екі жақта, екі аяқ екі жақта, дүниенің төрт бұрышын тірегендей жатыр. Дәулетбай оятпайды, бірақ ішінен мынау дүниенің төрт бұрышын аламын деп жатыр екен деп ырым қылады. Содан Дәулетбай Абылайды үйіне шақырады, үстінде түйе жүн шекпені бар Абылай келеді. Отыр дегенде, байдың жанына барып отырады. Екі көзі жанып, жанындағылардан аруағы артып, мысы басып кетеді.  Содан Дәулетбай жас бозбаланың тегін емесін сезіп, той жасап, қатын алып беріп, отау қылып шығарады, бас жылқышы болады. Абылай Дәулетбайдың жылқысынан таңдап боз шұбар айғырды мінеді. Бұл айғырдың қасиеті жекпе-жекте иесіне көмектесіп қарсыласын омырауымен періп құлатады екен. Бұл шамасы Шоқан Абылайдың алғашқы жауынгер аты деп сипаттайтын атақты «Жалын құйрық» болса керек.                                                                                                                                                                                                         Әбілмансұрдың Абылай атануы                                                                                                                                                                                               Осы екі ортада қазақ пен қалмақ жанжалдасып, үш жүзден қол жиналып, Абылай да сойылын сүйретіп барады. Майдан даласында қалмақтың Шарыш деген батыры қазақтың екі батырын бірінен соң бірін өлтіріп, қазақ дағдарып тұр екен. Абылай астында айғыры, қолында сойылы бар, келе қалмаққа қарсы шауып, Шарышты аттан түсіреді. Сол жерде атығай Жәпек батыр бар екен, Абылайдың астына ақ кигіз төсеп қарсы алады». Міне,  бұрыңғыдан қалған кәрі құлақтардың сөзі осы. Тарихшылар мен әдебиетшілердің көпшілігі Әбілмансұрдың «Абылай» атын алуы Аңырақай шайқасынан кейін болды деген пікірді ұстанады. Бұл жерде бір гәп бар. Бүгінгі күнге дейін Аңырақай шайқасының қай жылы болғаны анықталған жоқ. «Аңырақай» сөзі топоним есебінде ертеден белгілі, жел аңырап соғып тұратын жер. Мен Аңырақай шайқасын жоққа шығарайын деп отырған жоқпын, бұл жерде  талай соғыстың, жаугершіліктің болған күмәнсіз, мәселе қалмақпен болған шешуші соғыс  және Әбілмансұрдың «Абылай» атануы туралы. Әбілмансұрдың қашан Абылай атанғанын анықтау үшін алдымен Абылайдың қай жылы туғанын анықтап алмақ керек. Егер біз Абылай 1711 жылы туды деген әдебиетте қалыптасқан жорамалды қолдасақ, онда Аңырақай соғысында жас төре 18 жаста болмақ, ал Абылай 1713 жылы туды деген пікірді қолдасақ, онда 16 жаста болмақ. Қазақ деректері Әбілмансұрдың «Абылай» атануын қалмақтың атақты қонтәжісі Қалдан Сереннің туысы  Шарыш батырмен жекпе-жекпен байланыстырады:                               «Жиырмаға жасың толғанда,                                                                                                                                                                  Қалмақпен соғыс болғанда,                                                                                                                                                                                        Алғашқы бақты тапқанда,                                                                                                                                                                                      Шарыштың басын қаққанда…». Үмбетей жырау бұл жерде «жиырмаға жасың толғанда» деп нақты уақыт межесін нұсқап тұр. Бұқар жырау бір толғауында  «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде ақ сұңқар құстай түледің» дейді (Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 7 т. Павлодар,2006. -6 б.). Біз Абылай 1713 жылы туды деген пікірді қолдаймыз, сонда оның Шарыш батырмен жекпе-жекке шыққан уақыты 1733 жыл болмақ, яғни тура 20-ға келген шағы. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда 1733 жылы қазақ жасақтары Жоңғария шекарасына еніп қонтәжінің өзінің ұлысына тиіседі. Сібір шекара командирі И.Бухгольц 1734 жылы жоғарыға тапсырған баяндамаларында «…Казачья орда прошлого году нападением своим на контайшины улусы учинили немалую обиду» деп жазады (Международные отношения в Центральной Азии. ХУІІ-ХУІІІ вв. Кн.1,М.,1989. –с.292). Егер тарихтан хабары бар адам болса ол 1730-1740 жылдар қалмақ-қытай арасындағы ХУІІІ ғасырдағы үшінші соғыстың болғанын біледі. Бұл бірде басылып, бірде ушығып кететін шайқастардың кезінде қазақтар да батыстан қалмақтарды тықсыра бастаған. 1731 жылы Шақшақ Жәнібек бастаған 6 мыңдық қазақ әскері дербеттерді шауып, қалмақтың қарауыл әскері Қамар Дабан (қазіргі уақытта Хабар-Асу аталады), Қалмақ Толағай тауларына дейін шегінді, 1732 жылы орыс елшісі П.Угримов қазақ жеріне аттанған «қалмақ жасағының түгел сонда қалғанын» баяндайды. Осыдан қорытынды жасасақ Бөгенбай жасақтарының 1733 жылы ойрат жеріне ішкернелей енуі және Қалдан Сереннің өз ұлыстарына батыл тиісуі заңды. Қалмақ құжаттарында Абылаймен жекпе-жекке шығатын Шарыш батыр қонтәжінің жақын туысы делінеді. Осы сияқты толып жатқан қисындар бізді Әбілмансұр-Сабалақ Абылай атанатын шайқас 1733-ші жылы болды деген тұжырымға итермелейді. Әбілмансұр 1733 жылғы жекпе -жектен Абылай атымен бірге өз бетіне жеке ұлыс және сұлтан атағын алып шықты. Қазақтың «жігіттікте жаннан без де іс қыл, өлсең өлерсің, өлмесең кісі боларсың» деген сөзінің дәлелі осы. Абылайға ұлыс есебінде берілген Көкшетау маңындағы атығай-қарауыл, керей-уақ, қанжығалы рулары. Қазақ ауызша дәстүрінде «Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Хан болды 48 жыл Көкшетауда» делінетіні осыдан. 1740 жылы В.Урусовтың сұрағына Абылай осы үш елді атаса керек: «салтан обьявил, назвав три имеющиеся у него рода, ис которых-де в первом семей с шесть тысяч, во втором-з десять тысяч, а третьем- с четыре тысячи». Сұлтандық атақтың «боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге отырғызып» ресми бекітілуі ауыз екі деректерге қарағанда 1734 жылы Баянаула жерінде Сабынды көлдің жағасында болды. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжабай Нұралыұлы «Сабалақ» атты ұзақ өлеңінде:                                                                                                                                                                                                                          Баянаула Сабынды көл басында,                                                                                                                                                                                 Үш жүзге шықты Абылай хан сайланып.                                                                                                                                                             Мың жеті жүз отыз төртінші  жылында  еді,                                                                                                                                                      Үш жүздің басын қосқан жиын еді,- дейді.                                                                                                                                                                                                                       Абылай ханның қайтыс болған жылына  келсек…                                                                                 Соңғы жылдары И.Ерофеева Абылайдың қайтыс болған жылы 1781 емес 1780 деп жаңалық ашып жүр. Ресей ол кезеңде қазақ саясаты туралы мәліметті толық ала алмайтын. Ханның өлімі туралы хабар да Ресейге кеш жетті, ал  Уәлидің әкесінің тағына отырғанын орыстар Абылайдың асы өткеннен ғана кейін білген. Ресейдің хан сайлау барысына араласа алмай қалғаны көп уайым болған, кейіннен осы мәселені орыс командирлері  мен Сыртқы істер Коллегиясы бірнеше рет талқылағаны белгілі.  Сонымен қазақтың ұлы ханы қай жылы қайтыс болған ? Ресейдің архив құжаттары Абылай ханның 1781 жылдың ақпанында 68 жасында (на шездесят девятом году)  қайтыс болғанын куәлендіреді. Бұл дата қазақ ауызша тарихының деректерімен де толық сәйкес. М.Ж.Көпейұлы жазбасына жүгінейік: «Сонан соң Абылай сол Арыстың бойындағы бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында, жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты. Сүйегін теңге салып, Түркістан шаһарындағы Хазірет сұлтан Алғарфин Әулиенің күмбезіне алып келіп қойыпты»(Көпейұлы М.Ж.Шығармалары. 8 т.Павлодар,2006. -194 б.). 1781 жылдың жазғы шілде-тамызында Абылайға Қараой деген жерде ас беріліп, оның үлкен ұлы Уәли хан сайланды. Абылайдың қатысуымен болған Сарыбел оқиғасы, Самарқандқа жорық жасамақ болғаны, Тәшкент, Шымкент, Сайрамды бағындырып хандықтың құрамына қайта қосқаны, оның қаза болуымен тікелей байланысты, толық жазсаң бір кітап шығады. Қысқаша осы.                                                                                                                                                                                                                                       Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, т.ғ.д, профессор

 e-history.kz

Related Articles

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

2 Comments

  1. Талғат Демесінов

    мына Артықбаев деген барып тұрған рушыл, арғыншыл бейшара екен. Қазақта қай уақытта Бөгенбай батыр бас қолбасшы болыпты? Қазақ қолының Бас қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батыр еді ғой? Ол туралы Абылай ханның өзі де, Бұхар жырау да, Үмбетей жырау да, Сашуаш жырау да, тіпті кейіннен сол сұрапыл заманның тарихын зерттеген Мәшһүр Жүсіп Көпеев те айтып, жазып кетті емес пе? Абылай хан Дарабоз десе, Бұхар жырау:
    Қалданменен ұрысып,
    Жеті күндей сүрісіп,
    Сондағы жолдас адамдар:
    Қара Керей Қабанбай,
    Қанжығалы Бөгенбай,
    Шақшақұлы Жәнібек,
    Сіргелі қара Тілеуке,
    Қарақалпақ Құлашбек,
    Тігеден шыққан Естербек,
    Шапырашты Наурызбай,
    Құдаменді Жібекбай қасында,
    Бақ дәулеті басында
    Секербай мен Шүйбекбай,
    Тансық қожа, Мамыт бар,
    Қасқарауұлы Молдабай,
    Қатардан жақсы қалдырмай,
    Айнақұл Бәти ішінде,
    Өңкей батыр жиылып,
    Абылай салды жарлықты.
    Қалдан ханды қашырып,
    Шеп салған жерін бұздырып,
    Ұрысты қатты қыздырып,
    Қасым ханның шешесін
    Хан Абылай алған-ды.

    Ай, Абылай,
    Абылай!
    Сені мен көргенде,
    Тұрымтайдай ұл
    едің…
    Сен қай жерде
    жүріп жетілдің?
    Үйсін Төле бидің
    Түйесін баққан құл
    едің
    …Сен, Қанжығалы
    Бөгенбай
    Қамалды бұзып қақ
    жарған
    Қайда батыр ер
    едің?
    Батырдан жолды игі
    деп
    Жортып қана жүр
    едің.
    Жұрт ауызына
    ілінген
    Тоқымы кеппес ұры
    едің.
    Қабанбайдан бұрын
    найзаңды.
    Жауға қашан
    тіредің
    Саршуаш жырау:
    Уа, Қабанбай, көзелім,
    Ескіден қалған көз едің.
    Жақсы мен жайсаң жиналса,
    Жылқыда қылаң, боз едің.
    Батырлық, ерлік дегенде,
    Жайылған жұртқа сөз едің.
    Қайғы шеккен еліңнің,
    Жылағанын жұбатып,
    Қисайған көшін түзедің.
    Айтып, айтпай не керек,
    Күндерден күн озғанда,
    Жатырмысың, есіл ер,
    Тәңіріден тілеп тез өлім.
    Қабанбай науқас дегенде,
    Үш күн, үш түн ұйықтамай,
    Өртенді, күйіп өзегім.
    Сонда-дағы жарқыным,
    Қусырма жақты сарнатқан,
    Айтсам ба деп келіп ем,
    Көңілге демеу – сөз емін.
    Дулатқа салдым бір хабар,
    Албанға жетті бір шабар.
    Үйсіннің жиып кісісін,
    Арыздасып қалсам деп,
    Арқаға тарттым бір сапар.
    Ат жалын жартып мінгелі,
    Жорықта талай жүрістім.
    Қалмақтағы Қалден хан,
    Қалден ханмен ұрыстың.
    Ақиған, астам ноянын
    Ағып өтіп құлаттың.
    Солқылдаған мырзасын,
    Соғып өтіп сұлаттың.
    Ат шашадан қан ақты.
    Қан шашырап таң атты.
    Қанға ұйып, күн батты.
    Жамандарға жан тәтті,
    Сараң байға мал тәтті,
    Үйінен шықпай бұғысты.
    Зарпыңа шыдамай,
    Телімі шығып, тентіреп,
    Аңыраған көп қалмақ,
    Жөңкенің арғы бетіне,
    Ереннің күнгей шетіне,
    Қонысын тастап, ығысты.
    Қол ағасы ер Қабаң,
    Құжынаған Қытайы,
    Қаптап топан суындай,
    Жердің жүзін басқанда,
    Заман ақыр болды деп,
    Жан-жағына алақтап,
    Хан Абылай сасқанда,
    Бастырман деп жерімді,
    Бермеймін деп елімді,
    Есенгелді, ер Шоңай,
    Ат шапшытып аспанға,
    Жекпе-жекке шақырып,
    Айбат шегіп, ақырып,
    Кес-кестеп алдын тосқанда,
    Қой дегенге қоймаған,
    Жау бетінде ойнаған,
    Қанды балта Тауасар,
    «Қаптағайлап» қасақайып,
    Шөбіне шауып барғанда,
    Жылан жеп, жуа сасыған,
    Күш-қайраты тасыған,
    Когүн деген бір заңғар,
    Кезегіне алғанда…
    Үркер мен айдай тоғысып,
    Қылыш, найза қағысып,
    Жекпе-жек ұрыс салғанда,
    Бұдан да жан қалмас деп,
    Қалың қазақ қайғырып,
    Күдер үзіп қалғанда…
    Батагөйі ер Таңат,
    Төске шапқан өр Таңат,
    Ат қоюға оқталып,
    Сабыр ғып, тағы тоқталып,
    Бір суырып қылышын,
    Қынына қайта салғанда,
    Қытай, қазақ демігіп,
    Қараумен көзі талғанда,
    Жасаған ием жар болып,
    Қапысына келтіріп,
    Ер Когүнді өлтіріп,
    Тауасар сынды батырың,
    Басын кесіп алғанда,
    Матайдағы Майлыбай,
    Қасқарауда Молдабай,
    Дулаттағы ер Бөкей,
    Тәттібай мен Олжабай,
    Керейдегі ер Жабай.
    Көкжарлы Барақ, Тұрсыметбай,
    Көтеріліп көп қазақ,
    Ата аруағын шақырып,
    Айқай-сүрең салғанда,
    Қаракерей Қабанбай,
    Ту түбінде тұрғансың…
    Қу дауысты Құттыбай,
    Бұқар жырау, Сарышуаш,
    Кеңесіне мойын бұрғансың,
    Шамырқанып, шамданып,
    Қубасқа қамшы ұрғансың.
    Қалың тобын қақ жарып,
    Дұшпанды қойдай қырғансың.
    Зарпыңа шыдамай,
    Телім боп кәпір жосқанда,
    Батырдың қарты Бөгенбай,
    Қайратқа қайрат қосқанда.
    Өткен күнде белгі жоқ,
    Көнелерге қанықтай,
    Балаларға танықтай.
    Сол ерлерді көргенмін,
    Жазмыштан озмыш жоқ деген,
    Салғанына тәңірінің
    Әу бастан-ақ көнгенмін.
    ………………………………..
    Арғы атасы Сейілхан,
    Сейілханнан тараған,
    Сегіз арыс түрікпен,
    Қызылбастан қыз даулап,
    Балқан таудың басынан,
    Арлы-берлі үріккен.
    Қабанбайлап шапқанға,
    Кақ айрылып жол берген,
    Қабанбайдан келдім дегенге,
    Атынан түсіп қол берген,
    Жиделі-Байсын жайлаған.
    Келелеп түйе айдаған.
    Тоқсан баулы өзбек-сарт.
    Самарқаны сансыз бап,
    Бұқара-Шәріп арасы,
    Қабанбай десе тақ ұрған,
    Найза ұстаған баласы.
    Дұғасынан тастамай,
    Бата оқыған бабасы!
    Ер Қабанбай, көзелім,
    Ескіден қалған көз едің.
    Байсалменен ойласам,
    Қайратыңа бақ тұрған,
    Абылай сынды төреңіз,
    Қасыңа әкеп тақ құрған –
    Тоғыз таңба Найманнан,
    Тоғыз құйрық ту алып,
    Тоғыз түмен қол шықса,
    Қол ағасы – Қабанбай!
    Алты шекті Арғыннан!
    Алты құйрық ту алып,
    Алты түмен қол шықса,
    Қол ағасы – Қабанбай!
    Тоқсан баулы өзбек пен,
    Қол құйрықты, қыл жалау
    Қанды телпек, сексен шоқ,
    Қалмаққа жорық – жол шықса.
    Күн көзіне сыймаған,
    Ай жүзінде айылын жимаған,
    Алаштың ауыр қолына,
    Ағалыққа ұнаған –
    Дарабозым – Қабанбай!
    Қарындасқа қайырым,
    Ата-баба ісі еп,
    Көтеріліп күллі алаш
    Ат құлағын теңесе,
    Қаракерей Қабанбай,
    Қол бастарлық кісі деп,
    Өзіңді аға тұтынған,
    Жұртыңа тіле амандық.
    Уа, Қабанбай, көзелім,
    Ескіден қалған көз едің!
    Бұл науқастан сауықсаң, –
    Еркелігін кешірген,
    Ақ сүтін беріп өсірген, –
    Қуанатын өз елің!
    Бұл науқастан оңалмай,
    Бақиға бет бұрсаң, –
    Жау тиді десе жат алмай,
    О шетіне бір шыққан,
    Бұ шетіне бір шыққан,
    Көкіректі кек кернеп,
    Көз жасыңды мың сыққан –
    Жылайтын тағы өз елің!
    Ажалға берсін сабырлық,
    Тәңіріден соны тіледім.
    Айырылған соң тең-тұстан,
    Мен қартыңда сән бар ма?!
    Кеудеңнен ұшса шыбының,
    Денеде сасық мән бар ма?!
    Қолымнан сусын ұсынып,
    Басыңда өзім тұрайын,
    Мінежат қып құдайға,
    Жаныңды қый деп сұрайын!

    Мәшһүр Жүсіп Көпеев: Қазақта Төлеге жетер би, Қабанбайға жетер батыр болмаған,-деген еді ғой….
    Тарихшының осы тарихты білмеуі мүмкін емес, демек, Жамбыл Артықбаевты рушыл демей не дейміз, халайық?!…..

  2. Талғат Демесінов

    Мына Жамбыл Артықбаев деген барып тұрған рушыл, арғыншыл екен

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: