|  |  |  | 

Көз қарас Тұлғалар Әдеби әлем

ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ СОҢҒЫ ПІКІРТАЛАСҚА ҚОСАРЫМ

Galim

Ғалым Боқаш

Ақын-жазушыны “адам жанының инженері” деп атап, шығармашылық демалысқа жіберіп, пәтер бөліп, қаламақы төлеп, жеке шығармашылығын бюджет қаржыландыратын мамандық қылып, коммунистік мораль мен идеология насихатшыларына айналдырған совет режимі енді қайтып келмейді, “балдар”. Ақын-жазушылық мамандық та емес, күнкөріс кәсібі де емес, идеология құралы да емес, билік өкілдері бір-жерден екінші жерге оп-оңай көшіріп ала қоятын, я қуып жібере салатын ләппай қызметкер де емес. Бұл – сөз шеберінің таланты ұшталған сайын, қабілеті күшейген сайын, білімі тереңдеген сайын негізгі мамандығы мен негізгі кәсібін ығыстырып шығарып, табиғи түрде һәм шабыттың, һәм күнкөрістің сарқылмас көзіне айналатын, ең бастысы әлгі шеберге тәуелсіздік сыйлайтын еркін шығармашылық. Саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері бөлектеу болса да, “жақсымен салыстырып, жақсыға ұмтылу” принципімен Батыстағы өз замандастарымызды мысал етейін.

Мәселен, Зэди Смит. Ұлыбританияның қазіргі ең әйгілі жас жазушыларының бірі. Әкесі – ағылшын, шешесі -
ямайкалық. Лондонның солтүстік-батыс ауданындағы жұпыны жалдамалы үйде бой жетті. 14 жасында ата-анасы ажырасып, мигрант шешесімен қалып қойды. Жекеменшік бай коллеждерде емес, қарапайым мемлекеттік бастауыш һәм орта мектептерде оқыды. Бірақ таланттың аты – талант. Кембридж университетіне өз күшімен түсті. Әйгілі “Маржан тіс” романын сол университетте үздік оқып жүріп жазып тастады. Әлемдік әдебиет деңгейінде сенсацияға айналды. Бірден байлық біткен жоқ. “Талантты жазушымын, Лондон мэриясы пәтер сыйламады, Ұлыбритания үкіметі “Дарын” сыйлығын бермеді” деп ішіп кетпеді. Содан кейінгі қаншама жүлде алған романдарын негізгі мамандығы әдебиеттану бойынша университеттерде сабақ беріп жүріп, қолы сәл қалт екен бос уақыттарында жазып шықты. Мінеки, ашып көрсетейін:

“Қолтаңба бергіш” романын Лондондағы заманауи өнер институтында және Гарвард университетінде дәріс оқып жүріп жазды. “Сұлулық” романын Колумбия және Нью-Йорк университеттерінде сабақ беріп жүріп, “Солтүстік-Батыс” романын “Харперс” әдеби шолу журналында жұмыс істеп жүріп жазды. Былтыр “Әткеншек заман” романын бітірді. Әрбір романы – кейіпкерлердің психологиясын, әлеуметтік ортасын, тарихи кезеңін, түрлі мамандығын сипаттау тереңдігі бойынша жеке бір докторлық еңбекке татиды. Көркем шығарманың кейіпкерлері мен сюжеті ойдан шығарылған болуы мүмкін, бірақ көркем жазу техникасы – шахмат ережесі сияқты ғасырлар бойы қалыптасқан һәм үздіксіз жетіліп жатқан ғылым. Сол ғылымның академигіне айналған ақын-жазушы ғана шығармашылығы асырайтын деңгейге шыға алады. Мұндай әлемдік ауқымдағы шынайы сөз шеберіне айналудың шарттары көп. Меніңше, ең маңыздылары – тума талант (сергек һәм азат ақыл, терең зейін мен байқағыштық қабілеті), кең дүниетаным (әлемді мейілінше кезу, әрқилы тілдік, діндік, мәдени, саяси, экономикалық ортада тұрмыс кешіп көру), академиялық білім (тыңғылықты теориялық дайындық) және өз жанын жалаңаштай алу қабілеті (саяси-діни көзқарасқа, табуға тәуелді болмау, мысалы, өзін “Дьявол” әңгімесінде аямай сойған Толстой сияқты; Леонардо да Винчи мінсіз мүсін жасап, дәл сурет салу үшін қалай мәйіт жіліктесе, мықты жазушы шынайы образдар тудыру үшін тура солай өз мінезін әшкерелеп, табиғатын мүшелеп, барлық безін сылып шығады). Өзіне ғашық публицистер мен пропагандистер бұл бәсекеге шыдай алмайды. “Талантты жазушының қолымен я періште, я шайтан жазады, қалғандары өздері жазады” дейтін әзіл бекер айтылмаған.

Пост-советтік қоғамдағы шығармашылық өкілдерін “таланттарың ұшталмаған, академиялық білімдерің кем, шетел көрмегенсіңдер” деп сөгу, әлбетте, снобизм болар еді. Халқының саны аз, нарқының сатып алу қабілеті әлсіз, кеше ғана большевизмнің тырнағынан құтылған елдегі әдеби ортаның қазіргі сипаты да, дәл бүгінгі мұраты да бөлек екені сөзсіз. Бірақ, әлемдік көркем әдебиеттің шеберлік стандарттары ақын-жазушының өмір сүріп жатқан қоғамы мен режиміне қарай бейімделіп өзгермейді. Өз биігінде тұрады. Ал постсоветтік жас ақын-жазушылар -
мемлекеттің шетелде оқуға, я өз елінде білім ұштауға бөліп жатқан азды-көпті бағдарламаларына қатысуға шамасы бар ең әлеуетті, алдыңғы қатарлы, көзі ашық топ. Шығармашылық еркіндікке, көркем әдебиет шеберлігіне жету құлшынысы күшті болса, тұрмыс қиындығын, я қызметіндегі цензураны сылтауратып бұлғалақтап жүріп алмауы керек. Құдайға шүкір, жылт еткен әрбір мүмкіндікті пайдаланып, сыртқа шығып, тіл үйреніп, қал-қадарынша аймақтық, батыстық әдеби орталарға ұмтылып жатқан қазақстандық замандастарым бар. Солардың талабы мен тәуекеліне сүйсінем.

Солай, іні-қарындастар, таланттарыңды қор қылмаңдар, білімдеріңді жетілдіріңдер, бірнеше тілде сайраңдар, “жеті қат жерден оңай басқыш болып” ұшыңдар әдебиет ғарышына, бір-бір шабыт періштесін табыңдар. Сосын жүресіңдер Зэди Смит құсап Нью-Йоркте оянып, Миланда түскі ас ішіп, Лондондағы әдеби кешке қатысып. Ал бағзы заманнан бері бір-бірінен көшіріп, “өздері жазып келе жатқан” режимшіл публицистердің, ессіз пропагандистердің һәм ұятсыз плагиаторлардың ұраншыл сөздеріне мән бермеңдер.

P.S. Әдебиет туралы пікірталасқа түскен тараптардың әлдебірін сөгіп, әлдебірін жақтап отырған жоқпын, сөзімді бәріне жалпылай арнап отырмын.

Ғалым Боқаш

            facebook  парақшасынан алынды

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: