|  |  | 

Тарих Тұлғалар

Голощекинді құлақ-шекеден ұрған Жалау Мыңбайұлы туралы білесіз бе?

Похожее изображение

Мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының туғанына 125 жыл

2016 жылдың қысында бірінші рет Маңғыстау жерінде болдым. Жалау Мыңбай ескерткішіне тағзым етіп, осы кісінің атындағы мектеп оқушыларымен жүздестім. Биыл күз мемлекет қайраткерінің туғанына 125 жыл толады, соны қалай лайықты етіп өткізуді жергілікті білікті азаматтар ойластыра бастапты. Маған қолқа салды. Каспиге бетімді жуып тұрып, Жалау өмір сүрген уақытқа іштей біраз ой жүгірттім. Большевиктерге тек партбилет шеңберінде қарамай Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тұрғысынан да қарау керек-ау деген ұстаным безбеніне салып байқадым.

Иә, ел азаматтары арасында ертеден түлеп, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі кезінде бас көтерген, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Тәуелсіздік деген ұранға айналған Алаш идеясы ел билігін большевиктер заңсыз күштеп тартып алған соң да біржола құрып кеткен жоқ. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлының үзеңгілес інілері, талантты шәкрттері олардың «большевиктермен бірге қызмет қыла жүріп, әсіресе ағартушылық салада халықтың ұлттық рухын ояту, бекіту бағытында жұмыс істеңдер» деген өсиетіне адал болды. Оған қоса, егер дұрыстап зерделесек, большевиктердің ел басқару қызметінде болып, репрессия жылдарында сол өздері жан аямай тер төккен биліктің қолынан ажал тапқан қазақстандық қайраткерлердің басым көпшілігінің әу басында санасы Алаш идеясымен оянғанын көреміз. С.Қожықов, С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, Т.Жүргенов… Осы қатарда Жалау Мыңбайұлының өзіндік ерекше орны бар. Әлбетте қоғам жауыздықпен жазықсыз құрбан болғандардың тағдырына алдымен көңіл бөледі. Сол себепті болар, Сәкен Сейфуллиннен кейін, большевиктер әбден күш алып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа айналған жұрт басындағы ең бір ауыр қиын-қыстау тұста ел басқарған Жалау Мыңбайұлының тұлғасы зерттеушілер назарынан көп уақыт тыс қалып келгені.Тек бертініректе ғана филолог ғалым Қабиболла Сыдиықұлы, журналист Әбілқайыр Спан еңбектері арқасында көмескіленіп ұмытылуға айналған аяулы ер есімі қайта жаңғырыға бастады. Асыл ердің есімі неліктен қоғамдағы ала-құла ықыластың салқынына ұшыраған десек, С.Сейфуллин бастаған большевик қайраткерлердің көбі өздері қызмет еткен жүйенің құрбаны болса, Ж.Мыңбайұлы бір қарағанға көлденең келген төтенше аурудан, өз ажалынан көз жұмғандай болып көрінеді. Шындығында олай емес болатын.

Ж.Мыңбайұлының «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегі» қалай қалыптасты?

Ол шыққан әулет те отарлаушылардың теперішін көп көрген. Қуғындалған. Шашылған. Осылайша әке-шешеден ерте айрылған Жалау әжесі Ботагөздің тәрбиесінде өседі. Маңғыстауға жер аударылған атақты украйн кобзары Тарас Шевченконың «Қазақ қызы – Катя» деген көпшілікке жақсы мәлім суреті осы Ботагөздің бейнесі. Новопетровск бекінісінің коменданты Гусковтың қызметшісі болған ол немересі Жалауды Форт-Александровск қаласындағы (кезіндегі Маңғыстаудың орталығы) екі сатылы орыс-қазақ мектебіне беріп оқытқан. Мектептің үш сыныбын бітірген соң, тұрмыс жағдайына байланысты оқуын әрі қарай жалғастыра алмай Жалау осындағы тұз өндіру кәсіпшілігіне жұмысқа тұрады. Орыс тілін үйренуі, қарапайым еңбек адамдары ортасында ер жетуі оны ерте есейтеді, қайсар да табанды мінезі қалыптастырады. Көптің сенімін ақтай алатын азамат ретінде танылып, 1916 жылы тұз өндірушілер кәсіподағының төрағасы болып сайланады да, біржола саяси күрес жолына түседі.

Қайраткердің өмір жолына үңілгенде, мен оның функционерлік қызметінен гөрі Абай айтқан толық адамға тән қасиеттерін көруге тырыстым. Өзімше таптым да.

Біріншіден, оның рухани жан әлемі халықтық салт-дәстүрден, әншілік, күйшілік өнерінен барынша мол нәр тартқанына тәнті болдым. Бірер мысал. Ол қазақ әндерін зерттеуші А.Затаевичке «Ақтан», «Ақбөбек», «Жуас қоңыр», «Қараторғай» деген төрт ән жаздырған. Орталық қазақ Үкіметі Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде тұңғыш рет бұрын тыйым салынған наурыз тойын ұлттық мереке ретінде өткізуге мұрындық болған. Ақмешіттің Қызылорда атануы, бұрынғы қырғыз-қайсақ деген кекесінді жапсырмадан құтылып, өзінің Қазақ атын алуы, ұлтымыздың тұңғыш кәсіби музыкалық драма театрының ашылуы Үкімет басшылығында Жалау Мыңбайұлы отырған кезде жүзеге асырылған. Ол Орталық Үкімет пен қалың бұқара арасын байланыстыратын баспасөз құралы болу керегін жақсы білген. 1926 жылдың 27 шілдесінен бастап қазақ шаруаларының үні «Ауыл тілі» атты газет жарық көре бастаған.

Екіншіден, ішкі тілегі, ниеті Алаш қайраткерлерінің ұстанымдарымен үндес болған. Оның дәлеліне Совет өкіметі Мәскеуде, Петроградта және Түркістанда толық орнап, М.Шоқайдың басына қауіп төнгенде, оны Каспий теңізі арқылы шетелге аман-есен өткізіп жіберген ерлігін айтсақ та жеткілікті. Пьесамнан бір үзік:

Жалау. Мен, Мұстеке, айқайшыл ұрандарға емес, жүрегіме жүгінем, алдымен жүрегімнің үнін тыңдаймын. Тап қазірдің өзінде қапымды аңдып, жолымды торыған жауым барын біле тұра, жүрегіме жүгініп, тәуекелге бел буып, сізге жәрдем беруге келіп тұрмын.

Мұстафа Шоқай. Турасың, беттісің, Жалау інім. Сенің бұл мінезіңді сыртыңнан біраз бағып байқағам.

Жалау. Онда мені жек көретіндей жөніңіз бар екен ғой. Соған қарамастан қалайша менен көмек болады деп ойлағансыз, Мұстеке?

Мұстафа Шоқай. Жансауғалап қашқан бишара лақ қасқыр апанына секіріп кетіпті. Бірақ қасқыр оны жемепті.

Жалау. Мен қасқыр емеспін. Сіз, әрине, лақ емессіз. Мен бойында ұлттық қаны бар жай ғана бір қарапайым қазақ баласымын.

Мұстафа Шоқай. Қазақпын дедің – ау, інім. Осы ғой біздің бәрімізге керегі… Халқы мен елінің алдындағы өзінің перзенттік парызын анық түсінген, қиын – қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының ардақ тұтар азаматы болып қала бермек. Сіз солардың қатарынан екенсіз, інім.

Жалау. Саясат, менің түсінігімде, амалын тауып дұрыс қолдануды керек ететін өткір құрал. Дұрыс қолданбасаң, халық арандайды, бір-бірімен жауласады, береке-бірлігінен айрылады… Адай жұрты не көрмеді? Жау оғы мен қылышының астынан дүркірей қашып, қаңғып – пысып бармаған жері жоқ. Қырық бөлшек боп бөлінді, тарыдай шашылды.

Мұстафа Шоқай. Адай жұртын біріктіру жолындағы еңбегіңіз жайынан мен толық хабардармын. Біз ешкімге мәңгі құл болып тұра алмаймыз, құл болу үшін жаралғанымыз жоқ, қалай да ұлттық азаттығымызды толық алуға тиіспіз.

Жалау. Сіз мені, Мұстеке, үгіттеп тұрған жоқсыз ба?

Мұстафа Шоқай. Жо-жоқ, жасы үлкен ағалығымды пайдаланып және өзіңе шын сенетінімді білдіріп, қатты риза болғандықтан сыртқа еріксіз шығып кетіп жатқан ішімдегі жан сырым ғой.

Жалау. Арман – мұратыңыз қандай биік еді, Мұстеке.

Мұстафа Шоқай. Бұл мақтауыңа келіспеймін, інім. Келіспеймін. Арман – мұрат халықтікі. Мен бар болғаны соны арқалап жүрген жүкшісімін әрі жоқшысымын. Біз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенуіміз керек…

Дүниедегі барлық қырғын идеялық жаулықтан басталатыны белгілі. Алаш алыптары ұрыс даласында жеңілгенмен соңғы демдері біткенше ұлттық мұраттарына адал болып қалды. Ж.Мыңбайұлы «Ауыл тілі» газетін шығарғанда М.Дулатовтың оған «…Кітаптардың да, газеттердің де маған

көрсетпеген қорлығы жоқ… Бірдемені бұтып-шатып жазады да, міне, сені қазақыландырдық дейді… Менің ойлап-ойлап тапқаным, Жалау жолдас, сен болдың», деп мұң шағуы араларындағы рухани үндестікті білдіреді. Әйтпесе, М.Дулатов кез-келген лауазымды большевикке дәл бұлай ағынан жарылып хат жазбас еді.

Үшіншіден, жан дүниесінің Алаш мұраттарымен үндестігін Ф.Голощекинмен тайсалмай бетпе-бет келіп ашық айқасқа шыққан қайраткерлігінен көреміз. Өйткені ол қазақ халқын алдындағы бар малынан айырып, аштан қыруды ойластырған орталықтың зәлімдігін жақсы түсінді. Тіпті 1919 жылғы аласапыран күндердің өзінде, РКП(б) V111 сьезінде Ленин сол кездегі Кирвоенревком басшысы С.Пестковскийге: «Ерте ме, кеш пе, сіздерге, бәлкім, малды қайта бөлу мәселесін күн тәртібіне қоюларыңызға тура келетін шығар» деген болатын. Орталық сол зәлімдік жоспарын қанша қарбаласып жатса да бір сәтке де естен шығарған жоқ. 1927 жылдың қараша айында Қазақстан партконференциясы өтіп, ірі байлардың малдары мен мүліктерін тәркілеу туралы шешім қабылданды. Сол жылдың желтоқсан айында заңсыздыққа заңды реңк беру мақсатымен Тәркілеу комиссиясы құрылды. Келесі, 1928 жылдың тамыз айында байлардың мал-мүлкін тәркілеу жөнінде қаулы қабылданып, оны орындау үшін қазақ ауылдарына арнайы уәкілдікпен мың адам жіберілді. Оларға сен тұр, мен атайын тас надан қараңғы белсенділерден 4700 адам қосылды. Осылайша қазақтың жартысынан астамы аштан қырылған қолдан жасалған зұлмат жүзеге асырылды. Пьесамнан үзік:

Голощекин Иә, мен сізге көп үйреттім, бірақ байқаймын, одан ештеңе шықпапты.

Жалау. Үйреттім дейсіз. Қалай үйретесіз, маған, маған ғана емес, осынау ұлан байтақ Қазақстанға бірдеңе үйрететіндей көш басшы болғыңыз келсе, алдымен осы елдің тұрмысын, тілін, мінезін біліп алуыңыз керек емес пе?

Голощекин. Мені мұнда надан қазақтардың тілін үйрен, тұрмысын көр, үстерінде өріп жүрген битін сана деп жіберген жоқ. Орталықтың, партияның саясатын жүргіз деп жіберді.

Ораз Исаев. Филипп Исаевич, бұл жолдастың елдің тұрмысын көру, тілін үйрену, мінезін білу керек дегенін мен бұрын бір жерден естіген сияқтымын. А, иә, Алаш Орданың көсемі Әлихан Бөкейханның…

Голощекин. Помолчи! Мен мұның контр екенін сенсіз де білемін. Бұл барып тұрған ұлтшыл. Тездетіп мұның көзін құрту керек.

Жалау (сенге көшіп) Қанды қол, не тантып тұрсың?

Голощекин Не? Не дедің?

Жалау. Қолыңа қара деймін. Қолың қан сенің…

Голощекин. А… вот оно что? Я мен Николай патшаны өлтірдім, қатын бала-шағасымен қосып. Ленин өзі тапсырғасын. Иә, солай, жанын жаһаннамға жібердім. Халықты қанап, қанын сорып келген жауыздың.

Жалау. Патша халықты қанаса, сен тігерге тұяқ қалдырмай тонап кетпексің. Елді аштан қырмақсың ба?

Голощекин. Қазақ елін жаңа жолға партия емес, партияның сенімі жүктелген мына мен емес, Адаевскіден шыққан мына сен алып шықпақшымысың? Надо же.

Ораз Исаев. Жалау, сіз артық кеттіңіз, арты насырға шапсын демесеңіз, кешірім сұраңыз.

Жалау. Қызтеке құсап сызылмай, сен қоя тұршы аузыңды жауып… Бұл қу өмірде ештеңе де мәңгі емес. Бәрі өзгереді. Ерте ме, кеш пе, Филипп екеуміз де, өзіміз болмасақ та сүйегіміз, тарих сотының алдына барармыз. Әділдік таразысына тартылармыз. Келер ұрпақ сүйтіп аршып алар кімнің кім болғанын.

Голощекин. Большевизм мәңгілік. Мына мен сияқты большевиктер мәңгі өзгермейтін тарихты жасаушылармыз. Мен жарты әлемді билеген Николай патшаны өлтірген адаммын, сен кімсің оның қасында, букашкасын…

Жалау. Олай болса, букашканы дұрыстап танып ал…

Жалау Голощекинді құлақ шекеден оңдырмай бір переді. Ол жалпасынан түсіп, бірауық қимылсыз қалады. Ораз Исаев графиннен су ұрттап бүркіп, шыр-пыр…

Бастығына тура қарсы шыққан адам қай кезде оңған еді, Жалау да қызметінен төмендетіліп, Гурьев (Атырау) аймағын басқаруға жіберіледі. Жүрегі де, санасы да қабылдамаған жұмыс, байларды тәркілеуге дайындық, әрлі-берлі жүріс, өсек-аяң, жала, бұларға бес жастағы ұлы Ескендірдің балконнан құлап өлген қайғылы қазасы қосылып, бұрынғы ескі ауруы қозып, қарапайым тілмен айтқанда есіл ер жасына жетпей күйіп кетеді. Қалай күймейді? Жерлесі, большевиктердің көтермелеуімен Ташкенде, Мәскеуде білім алған, басшылық қызметтер атқарған, өзі де «халық жауы» болып сотталып, жиырма жылдай түрмеде отырған Байбоз Қилыбаев, осы кісі Жәкеңнің көзі тірісінде де, өлген соң да «ол большевик емес, ұлтшыл болған» дегенді барынша дәлелдеп баққан. Бертініректе Форт-Шевченкодағы паркте алғашқы қызыл рота жауынгерлерінің аты-жөні жазылған ұстын қойылады. Оған Ж.Мыңбайұлы есімі де жазылады. Сонда Байбозекең бұл дұрыс емес деп арызданып, ақыры Жәкең есімін өшірткізіп тастайды. Пьесамнан үзік:

Ақ киімді Жалау, оның аяғына жармасқан Қара кісі.

Қара кісі. Сен большевик емессің. Сен Алашсың.

Жалау. Кімнің кім болғанын ел айтар. Қазір талтүс, көлеңкем. Балаққа жармасатындай да қауқарың қалған жоқ. Қазір сен менің тура табанымның астындасың.

Қара кісі (құрып бара жатып). Ооол боль- ше –вик боол-ған жоооқ…

Жалау тас басқышпен жоғары көтеріледі. Залға қарап, оң қолын жүрек тұсына басып, бойын тіктейді.

Жалау. Армысың, қазақ елі… Көк байрағың құтты болсын, жас ұрпақ! (Ескерткішке айналғандай болып қыбырсыз тұрып қалады).

Бүгінгі азат көзбен қарасақ, Жәкеңнің идеялық бәсекелесі тірісінде де, өлген соң да Жәкеңмен идеялық бәсекелес боп өткен кісіге жасаған қысастықтары үшін қынжылсақ та ренжімеу керек сияқты, қайта оның ыстық қайратты, жылы жүректі, елін сүйген халықшыл ер азамат болғанына шын куәлік беріп кеткені үшін рахмет айтқанымыз жөн-ау деймін.

Өтен АХМЕТ,

Қазақ үні

Related Articles

  • АТАНТАЙ АБЫЗ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАТЫР НЕМЕРЕСІ ҚАЙДАУЫЛ ХАҚЫНДА

    Қазақ даласына жоңғарлардың шабуыл жасаған мезгілі қазақ батырларының да көптеп дүниеге келген дәуірі болды. Бұл туралы Ш.Уалихановтың: «Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деген сөзі тектен-текке айтыла салмаған. (Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, //А.А. 1984, 1 т.,432 б.). Сол дәуірде туған әйгілі батырлардың бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) еді. Жәнібектің жас батыр атана бастаған кезінде де оны уақ пен керейдің әйгілі батырларының тәрбиесіне алғаны жайында әр түрлі аңыз бар. Арғы жағы Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбет сынды қарт батырлар Жәнібекке ата жолындағы ұстаз болған деседі. Мұндағы Сәменбет батыр есімі де жоңғарға қарсы соғыс дәуіріндегі әйгілі батырлардың бірі ретінде аталады. Ол 1626 жылы туылып, 1723 жылдары Сыр

  • Әміржан Қосанов

    Биография Әміржан Сағидрахманұлы Қосанов (13 мамыр 1964 жыл, Сапақ ауылы, Арал ауданы, Қызылорда облысы) — қазақстандық саясаткер, қойғам қайраткері, журналист. Отбасы және балалық шағы 1964-жылы 13-мамырда Қызылорда облысы Арал ауданының Сапақ бекетінде көпбалалы теміржолшының отбасында дүниеге келді. 1981-жылы Қызылорда облысы Жаңақазалы стансасындағы №17 қазақ орта мектебін бітірді. 1981-1982 жылдар – Жаңақазалы стансасындағы  №716 құрылыс-монтаж пойызының слесарі. 1982-жылдан – ҚазМУ журналистика факультетінің студенті. 1983-1985-жылдары – Кеңес Армиясының қатарында қызмет атқарды (Мәскеу қаласы). 1985-жылы оқуын жалғастырды. Факультет комсомол комитетінің хатшысы боп сайланды. Лениндік стипендия иегері болды. 1989-жылы университетті үздік тәмамдады. Әкесі – Сағидрахман Ағыбетұлы Қосанов. Анасы – Аққыз Нағашыбайқызы Қосанова. Жұбайы – Роза Мұратқызы Қосанова. Балалары – Индира, Томирис, Ғалымжан Қызмет жолы

  • Сұраған Раxметұлы. ИТЕЛІ

    … Бүгін бірнеше пенделер керілдесіп жатқанын көрдім. Шежірегерлер секілді. Арасында бәлеқорлары да бар. Бәрі білгір, кемел сәуегей! Абақ бабамның “ұрғашы” екенін өз көзімен көргендей!? Әлде бір рудың “ит еміп” өскенін біледі!? Мен болсам “атан түйе мініп, тай жетектеген… ” екенмін… Бақытбек Бәміш менен де сорақы!? Себебі, оның руы Ителі!!! Ойландым.Не десем болады!? Расында қалай еді өзі,ә! … Керей елі. Жошыдан сілем тартады. Ерекше одақ тайпалар құрамасы. ХҮ ғасырда Мәуреннаһр мен Хорасанға дейін қаптал жайған. ХҮІ ғасыр батыстан шығысқа қарай үдерген ұлы жұрт. Таңбасы - крес. Он екі ата Абақ. Шәкерім дана, соңынан ғұлама Мағауин ағам солай деген. Іргелісі – Жәнтекей. Шамамен жан саны 800.0 санды өскен ру. Бұқарадан Бұқақараған алқабына дейінгі жайылым кешкен

  • Ақсақ қасқырдың айласы

    Атақты Зуқа батырды білесіңдер ғой. Батыр атамыз бүкіл Алтайды уысында ұстап тұрды. Сол жылдары батырдың жылқышылары қос-қос жылқысын қыста жоңғар ойпатына, құмға отарлатып қайтады екен. Онда жабайы жылқы – тарпаңдар көп болады. Тарпаңдар жылқыдан кішілеу, құланнан ірі болады. Оның айғыры үйірін қасқырға алдырмайды. Тіптен, кез келген құйынды, қарлы боранда ыққан жылқыны алып шыға алады. Соны білетін жылқышылар жылқы үйірлерін тарпаңдарға жақындатып, қосып, алыстан қарауылдап бағады екен. Осылайша тарпаңдармен қан араласыпты. Тіптен бір тарпаң айғыры жылқыға үйірлесіпті. Сонымен көктемде отардан қайтқанда әлгі тарпаңның айғырын да қоса қайырып, Алтайға оралыпты. Бірде жылқышылар тарпаң айғырды қолға үйрету үшін ұстамақ болады. Алайда тарпаң өте қандес, жансебіл екен. Жылқышылар үлкен сайдағы орман арасына қамап, қолдарына

  • Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі

    (Оспан батырдың туғанының 120 жылдық мерей тойына арналады) Ерзат Кәрібай     Қытайдағы қазақтар тарихында жане Шыңжаң тарихында «үш аймақ төңкерісі» не дұрыс тарихи баға беріліп Шыңжаң жерліе тарихынан орын берілген, әрине аталған үш аймақта (Алтай ,Тарбағатай, Іле) қазақтар басым бола тұра, төңкерістеде жетекші рол ойнағанына қарамастан оны Ұйғұрдың еншісіне меншіктеп берді, халқарадада осылай таным қалыптасқан. Оған негіз 1944 жылы12 құрылған үкіметте басшылықта қазақтар болмады, үкімет тілі ұйғұр тілі болды, тарихи суреттерімен хұжаттарыда дерлік солай болды! Демек екінші шығыс түркістан жерлік халық сайламаған заңсыз үкімет еді! Егер заңды үкімет болса тұтас үш аймақтағы 720 мың халықтың 53% ін ұстайтын қазақ билікте болған болар еді! Кейінгі аталмыш үкімет қазақ мүддесіне саятында

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: