|  | 

Жаһан жаңалықтары

Путин Асадты қорғамай неге бұғып қалды?


Солдан оңға қарай: Сирия президенті Башар Асад, Ресей президенті Владимир Путин және Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Хмеймим әскери базасында. Сирия. 11 желтоқсан, 2017 жыл.

Солдан оңға қарай: Сирия президенті Башар Асад, Ресей президенті Владимир Путин және Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Хмеймим әскери базасында. Сирия. 11 желтоқсан, 2017 жыл.

Сәуірдің 13-інен 14-іне қараған түні АҚШ, Ұлыбритания және Францияның қарулы күштері президент Башар Асад армиясының нысаналарына зымыранмен соққы беретіні туралы алдын ала Ресейге ескерткені белгілі. Алайда Ресей Таяу Шығыстағы негізгі одақтасына көмектескен де жоқ. Кремльдің бұрынғы мәлімдемелеріне, тіпті егер Батыс елдері Шығыс Ғутада химиялық қаруды ықтимал қолданғаны үшін Асад күштеріне шабуылдауды ұйғарса,  қарымтасы болады деген сесіне қарамастан көмектен тартына қалған қылығын қалай түсінуге болады?

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 14 сәуір күні кешке өткізген шұғыл жиынында Ресей ұсынған АҚШ пен оның одақтастарының Сирияға соққысын айыптайтын қарар жобасын қабылдамады. Қарар жобасын Ресейдің өзін қосқанда үш ел ғана қостап дауыс берді. Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы нысандарды зымыранмен атқылауды “егеменді елге қарсы жасалған агрессиялық акт” деп атап, Вашингтонды “терроршыларды еркінсітіп отыр” деп айыптады. Ресей қорғаныс министрлігі өкілдері одақтастардың 110-нан аса зымыранның біреуі де Хмеймим мен Тартустағы әскери базаларды қорғап тұрған әуе шабуылына қарсы жүйелерге қарсы бағытталмағандықтан, Сириядағы соңғы жағдайға ресейлік әскерилер араласқан жоқ деп мәлімдеді. АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Джон Хантсман “АҚШ қандай да бір іс-қимылға бармас бұрын ресейлік күштер немесе бейбіт тұрғындардың құрбанға айналу қаупін азайту мақсатында Ресей Федерациясымен байланыста болды” деп мәлімдеді.

Вашингтон мен оның одақтастарының шабуылын Батыс елдері басшыларының көбі, оның ішінде Германия канцлері Ангела Меркель, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Испания премьер-министрі Мариано Рахой және Түркия президенті Режеп Ердоған қолдап, мәлімдеме жасады. Олардың бәрі химиялық қару шығару мен қолдануға қатысы бар нысаналарға ғана соққы берілгенін айтты. АҚШ, Ұлыбритания және Францияны Парсы шығанағындағы араб елдері де қолдады.

Кейінірек АҚШ вице-президенті Майк Пенс Сирия билігіне егер химиялық қаруды тағы қолданатын болса, Құрама Штаттардың оған жауап қайтаратыны туралы ескертті. Перуде өткен Америка құрлығы елдері саммитіне Сириядағы дағдарысқа байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп бара алмай қалған болатын. Оның орнына Перуге барған вице-президент Пенс егер уландырғыш заттарды тағы қолданатын болса, Башар Асад режимі мен оның “жебеушілері» жауап беретін болады деп мәлімдеді. Бұған қоса, Пенстің сөзінше, Ресей Думадағы химиялық шабуыл туралы “ақпаратты бұрмалап таратып жатыр”. Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі химиялық шабуылды “қойылым” деп атап, бұған Ұлыбритания арнайы қызметін айыптаған.

 

Ал 14 сәуір күні кешкісін Сирия билігі Дамаскінің жанында орналасқан әрі бірнеше жыл бойы Башар Асад үкіметіне қарсы түрлі көтерілісші топтардың қолында болған Шығыс Ғута аймағына толық бақылау орнатқанын жариялады. “Жейш-әл-Ислам” қарулы тобы жауынгерлері мен олардың отбасылары 7 сәуір күні Асад әскерінің шабуылы кезінде химиялық қару қолданылған деп болжанатын Дума қаласын тастап шыққан.

Саясаттанушы әрі арабтанушы маман, бұрын Сирияда совет армиясының әскери тәржімашысы болған Григорий Косач Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында ендігі оқиғалар қалай өрбуі мүмкін және Башар Асад режимін Батыс елдері соққысынан барынша қорғауға әзір екенін мәлімдеген Мәскеудің уәдесін орындамай, енжарлық танытуын қалай түсіндіруге болады деген сұрақтарға қатысты ойларымен бөлісті.

– АҚШ қарулы күштерінің Сириядағы үкімет нысандарына жасаған шабуылы, оның ауқымы, бұған әлем елдерінің реакциясы көпшілік үшін күтпеген жайт болды ма? Әлде жұрт дәл осылай болады деп күтті ме?

– Мұның бәрі кенеттен болған жоқ. Мен көп ұзамай осылай болатынын болжағанмын. Ал бір жағынан, Вашингтонға дәл қазір соққы беруіне мүмкіндік бермейтін екі нәрсе, бұл операцияның ауқымын сәл кішірейтетін екі жайт бар екеніне де сенімді болғанмын. Біріншіден, Асадқа шабуыл жасау үшін Дональд Трампт халықаралық коалиция құрып, оған Ұлыбритания мен Францияны міндетті түрде тартуға тырысатыны айқын болды. Маған Париж бен Лондонды мұндай операцияға қатысуға көндіру қиын болады, сондықтан операция басталатын сәт созылып кететіндей көрінген.

Екіншіден, Мәскеудің Ресей армиясының қолында қазіргі заманға сай әрі аса жоғары дәлдікте жетілдірілген, Батыстағы аналогтардан әлдеқайда асып түсетін жойқын қару-жарақ бар (әйтеуір Ресей қарулы күштерінің бас штабының басшысы осындай мәлімдеме жасады) және Ресей мұндай соққыға “жол бермейді әрі батыл түрде қарымта қайтаратын болады” деп жар салған мәлімдемелерінен кейін Кремль АҚШ пен оның одақтастарының мына операциясына бөгет болуға немесе соққының тым ауқымды болмауына күш салатындай көрінген. Мысалы, Мәскеу Дамаскімен иық тіресе тұруға дайын деп көрсету үшін ол жаққа жаңа әскери контингент пен жаңа қару-жарақ апаратын шығар деп ойлағанмын. Бірақ Кремль мұның бірін де істеген жоқ. Сондықтан бұл қылық Ресейдің Сирия территориясындағы өз әскері орналасқан тұстарға ғана соққы жасауға жол бермеуге тырысқанын, яғни Кремль өз қамын ғана ойлағанын көрсетеді. Мұның зардаптары болады, өйткені өз одақтастарын ақырына дейін қорғауға Ресейдің қауқарсыз екеніне Дамаскідегі режимнің көзі тағы жетті.

– Сонда Башар Асадты соншалықты қоритын Мәскеу оны мүлде қорғамайтын болып тұр ғой? Ресей мен оның әскерилері бір жыл бұрын, яғни Хан-Шейхунде жасалған химиялық шабуылдан кейін Трамп Асадтың әуе базасын атқылаған кезде де Дамаскіге көмектескен жоқ. Енді даңғаза мәлімдемелеріне, тіпті ашық сес танытуына (Ресейдің Ливандағы елшісінің “зымыран ұшырылған алаңдарды жоятын боламыз” деген сөзін есіңізге салайын) қарамастан, бұл жолы тағы саусақ ұшын қимылдатпай қойғаны қалай?

– Өйткені мұндай кезде Ресей ылғи осылай істейді. Мысалы, Парсы шығанағында екінші соғыс басталып, 2003 жылы АҚШ пен оның одақтастарының әскері Иракқа басып кірген кез жақсы есімде. Жұрт Мәскеудегі АҚШ елшілігі ғимараты жанынан кетпей шулап, Жириновский айқайлап, наразылық шерулері бітпей қойған. Бірақ кенет президент Путин “АҚШ – әлемнің саяси және экономикалық даму бағытын белгілеп отырған тым қуатты ел, тым көп нәрсе, оның ішінде Ресей де осы елге тәуелді” деді. Қысқасы, “мына шуды доғарайық” деген болатын. Сол-ақ екен, бәрі сейіліп, Жириновскийдің де, оны қолпаштаған тобырдың да үні шықпай қалған. Мұндай оқиғалар, бәріңді қырамыз, жоямыз деген сарындағы байбаламдар, елдің нақты мүмкіндіктерін ескермей жасалған, шын мәнінде, іске аспайтын даңғаза мәлімдемелер Ресейде де, совет кезінде де көп болған. Мұны мойындау керек.

Қазір де дәл солай болып отыр – Ресей тағы “беделін жоғалтты”. Мына қылықтан кейін Сирия режимі ғана емес, Таяу Шығыстағы көп адамның көңілінде дық қалады. Қазіргі жағдайда Ресей мен оның жалған одақтастарының арасындағы сызаттар барған сайын тереңдейді. Бұған дәлел ретінде сәуірдің 13-інен 14-іне қараған күнгі соққыға орай Түркияның немесе Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінің немесе Бахрейн королі канцеляриясының мәлімдемесін еске алсақ жетіп жатыр. Мен атап отырған елдер Ресейдің одақтастары емес әрине. Бірақ аймақтағы ықпалы ең мықты Сауд Арабиясы да өз позициясын білдірді. “Біз Асад режимін айыптап, АҚШ, Ұлыбритания мен Франция үшеуінің сириялық режимнің қылмыстарын тоқтатуға бағытталған бастамасын құптаймыз” деп мәлімдеді олар. Мәскеуде түк күш жоқ. Сөзі көп, бірақ оны нақты ісімен көрсете алмайды.

– Қазір Сирияда “Ислам мемлекеті” террорлық тобынан төнетін қатер сейілді. Сонда Ресей мен АҚШ ол жақта көбінесе кімнің мүддесін қорғап отыр? Мәскеу – Тегеранның, ал Вашингтон – Эр-Риядтың, яғни бір-бірімен бітіспес жау елдердің бе? Біреуінің шетке ығысуына болмай ма? Әлде жағдай шегінуге болмайтын деңгейге дейін шиелінісіп тұр ма?

– Мәскеу баяғыда шетке ығысуы тиіс болған. АҚШ Сауд Арабиясының, ал Ресей Иранның мүддесін қорғауда күштердің ара салмағы мүлде тең еместігін Кремль түсінуі тиіс болған. Айтпақшы, мен Иранның мүддесін қорғау деген идеяның мақсатын мүлде түсінбеймін. Біреулер Ресей мен Иран баяғыдан одақтас әрі одақтастығы ұзаққа баратын елдер деп бой бермейді. Бір жағынан, достарыңды қиындықта тастап кету жігіттікке жатпайтын қылық… Баяғыда бала кезімізде ауладағы бұзақылардың арасында “жігіттік кодекс” деген болатын. Төбелескен тараптардың естісі “жігіттігін” дәлелдеу үшін ғана төбелесе беру ақымақтық екенін тез ұғып, күші басымға жол беретін.

– Бірақ мына жағдайға басқа жағынан да қарауға болады ғой. Батыс елдері күштерінің Асадқа соққы жасайтыны туралы бір апта бойы айтылды. Негізгі тақырып осы болды. Жұрттың бәрі бұдан әлдеқайда ауқымды соққыны күтті. Бірақ маған АҚШ қарулы күштерінің сәуірдің 13-інен 14-іне қараған түнгі шабуылы мүлде шектеулі әрі символикалық сипаттағы соққы болып көрінеді. Бұл, яғни Асадқа шектеулі ауқымда соққы беру Вашингтонның Пентагонда талқылап алып қабылдаған саналы, әбден ойланған шешімі ме? Әлде шабуыл ауқымына Мәскеудің қысымы ақыры бәрібір әсер етті ме?

– Бұл жерде Мәскеудің қысымы ешқандай рөл ойнамағаны анық. Меніңше, Дональд Трамп көп нәрсені – жаңадан құрылған коалициядағы одақтастарының пікірін де, Конгрестегі қарсыластарының пікірін де және өзге де көптеген жайттарды ескерген сияқты. Олар әу бастан Дамаскіні белгілі бір қылмысы үшін жазалауды ғана көздеді. Негізі, әу бастан осылай деп айтылды ғой. Асад режимін құлату, Сириядағы оппозиция мен биліктегі режим арасындағы күштердің ара салмағын өзгерту туралы әңгіме мүлде болған жоқ. Бұған қоса, қазір Сирияның территориясының көп бөлігіне бақылау орнатқан Асад билігін құлатып, оппозицияны қолдау туралы тіпті айтылған жоқ.Асадқа қарсы қарулы оппозиция талқандалды, сондықтан қазір оны әлдебір күш деп санауға келмейді. Сондықтан әңгіме болжамды химиялық шабуыл үшін Асадты Вашингтонның халықаралық одақтастарының мүддесін де, Американың өз ішіндегі пікірлерді де ескере отырып жазалау туралы ғана болды.

– Иә, Башар Асадтың өзін жою ниеті жоғын Трамп ашық айтты ғой. Бірақ соңғы туиттерінде ол АҚШ президенті ретінде Асадты “хайуан, қандықол қылмыскер” деп атайды! Енді мына шудың бәріне себеп болған негізгі тұлғаға ойыссақ. Кезінде ұзақ жылдар Ұлыбританияда оқып білім алған инттелигент адам, офтальмолог дәрігер Асад Трамптың сөзінше, “хайуан” Асадқа қалай айналды?

– Патшаға айналасындағы нөкерлері қатты ықпал етеді. Қолындағы билік оны осындай адамға айналдырды. Бұған қоса, Сирияның жоғары элитасындағы жағдайды біз онша білмейміз ғой. Асадтың айналасында Сирияның қазіргі әкімшілігінде негізгі позицияларын сақтап қалған әкесінің бұрынғы жақтастары көп. Оған солар үнемі қысым жасайды. Сондықтан солардың айтқанынан шыға алмай өз бетінше әрекет етуге дәрменсіз. Әрекеттері тұрғысынан алғанда, ол шынымен әлсіз адам. Башар Асад – құр символ. Хмеймимдегі базада немесе Мәскеуге келген кезде телеэкраннан көргенде оның интеллигент адам, дәрігер болған кездегі келбетінің жұрнақтары қалғанын көресің. Бірақ оған айналасындағылардың ықпалы өте күшті. Бұған қоса, Дамаск режимі басшысы келбетін өзгертуде Сирияда отырған адамдардан бөлек, Иранның, ирандық кеңесшілер мен генералдар да үлкен рөл атқарды. Оның болмысын әрі-беріден соң әкесінің ескі гвардиясы да емес, дәл солар өзгертіп жіберді.

АҚШ пен оның одақтастары нысанасына айналған Башар Асадқа тиесілі нысандарының бірі. Сирия. 14 сәуір, 2018 жыл.

АҚШ пен оның одақтастары нысанасына айналған Башар Асадқа тиесілі нысандарының бірі. Сирия. 14 сәуір, 2018 жыл.

 

– Дамаскідегі режим ақырына дейін соғысу ниетінен айнымайтыны анық, өйткені соғыста бұрынғысынша жеңіп келеді әрі Асад әскеріне онша көп зиян келген жоқ. Ал Асадқа қарсы шыққан қарулы оппозицияның қолында жалғыз әрі соңғы тірегі – Идлиб қана қалды. Көп ұзамай Асад оған да шабуылдап, оны да басып алатыны сөзсіз. Сонда мына соғыс ақыры Асад пен Путиннің жеңісімен біткелі тұр ма?

– Өкінішке қарай, сириялық және ирандық ортасы қалыптастырған, жігерден жұрдай, құр символға айналған Асад, онымен бірге Ресей жеңеді деген шындықты мойындау керек болатын сияқты. Ұзаққа созылған Сирия драмасы тек осылай аяқталатын сыңайлы. АҚШ та, оның одақтастары да бұдан арғы қадамға барғысы келмейді. Оны мына соққы көрсетті. Сондықтан көп ұзамай Дамаскідегі режим оппозицияны Ресей мен Иранның қолдауымен түпкілікті жеңеді.

​– АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы Асад үкіметі нысандарын атқылау туралы бұйрық беруіне байланысты жасаған мәлімдемесінде “Ресей екінің бірін таңдауы тиіс – я түнек жолмен кете береді, я өркениетті елдерге, тұрақтылық пен бейбіт күштерге қосылады. Бір кездері Ресеймен, мүмкін тіпті Иранмен де тіл табысармыз деп үміттенемін, бірақ олай болмауы да мүмкін. Бірақ біз екеуіне көп нәрсені – әлем тарихындағы ең ұлы және қуатты экономика мүмкіндігін ұсына аламыз” деді. Қысқасы, кәмпитпен емексітіп қойды. Трамп суреттеген болашақтың мұндай сценарийі қазір сізге фантастика болып көрінеді?

– Бәрі Ресейдің өз ішіндегі жағдайдың өрбуіне және әлгі “кәмпитті” алу үшін оның қазіргі басшылығының өзгеруге қаншалықты дайын екендігіне байланысты. Мәскеуге әзірше “кәмпиттің” керегі жоқ. Сондықтан ол қазіргі саясатын жалғастыра беретіні анық. Иранда да дәл сондай жағдай. Трамп “өркениетті әлем” деп атаған елдермен жуық-арада түсіністік орнатуға Иран билігі дайын емес. Бұл – баяғыда мәлім болған шындық. Сондықтан Трамптың бұл мәлімдемесіне алыс перспективада болмаса, жуық арада Ресей де, Иран да иліге қоймайды.

 

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Александр Гостев алған сұхбат орысшадан аударылды.)

Related Articles

  • Кашмирде не болып жатыр?

    Азат Еуропа / Азаттық радиосы Руслан МЕДЕЛБЕК Кашмирдің Үндістанға тиесілі аймағындағы наразылық. 15 ақпан 2019 жыл.  Үндістан мен Пәкістан арасында Кашмир дауы қайта ушықты. Екі ел дипломаттарын кері шақырып алды. ЖАНЖАЛ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ? Ақпанның 14-і Кашмирдің Үндістанға тиесілі аймағындағы Пулвама қаласында жарылғыш зат салынған көліктегі жанкешті 70-тен астам үндістандық әскер мінген автобусқа барып соғылған. Жарылыстан 45 үндістандық әскери қызметкер мерт болды. Шабуылды Пәкістанда орналасқан “Жаиш-е-Мұхаммед” (“Мұхаммед пайғамбардың әскері”) исламшыл тобы мойнына алды. Шабуылға ұшыраған автобустың маңында жүрген үндістандық әскерилер. 14 ақпан 2019 жыл. Үндістан тарабы жарылысты 20 жастағы Кашмир тұрғыны жасағанын хабарлады. Ал өз-өзін жарған жігіттің ата-анасының айтуынша, балалары үш жыл бұрын үндістандық әскерилерден таяқ жеп, кейін діни топтарға қосылған.

  • Венгрия көп бала туған әйелдерге жеңілдік жасамақ

    Азаттық радиолы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан жолдауы аяқталған соң жүздеген адам наразылыққа шықты. Будапешт, 11 ақпан 2019 жыл.  Венгрия үкіметі халық санын көбейту мақсатында бала тууды қаржылай ынталандыруды қолға алмақшы. Ақпанның 10-ы күні Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан халыққа жолдауы кезінде үкімет екі баласы бар отбасыларға “салықты азайтып, төменгі пайызбен ипотека ұсынуды, автокөлік алуға субсидия беруді жоспарлап отырғанын” айтты. Орбанның сөзінше, үкімет төрт және одан көп бала туған әйелдерді жеке табыс салығынан босатады. “40 жасқа толмаған әйел бірінші рет тұрмысқа шықса 10 миллион форинт (36 мың доллар) субсидиялық несие береміз. Несие алған отбасының екінші баласы туғанда қарыздың үштен бір бөлігі кешіріледі. Ал егер үшінші бала дүниеге келсе, несие толығымен кешіріледі” деді

  • Орыстарды Ресейге шақыру және олардың реакциясы

    Санат ОРЫН ӘЛИ «Россия» әуе компаниясы ұшағы жанынан өтіп бара жатқан автобустағы жолаушылар. Көрнекі сурет. Қазанның соңында Ресей президенті Владимир Путин 2019-2025 жылдарға арналған миграциялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын бекітіп, шетелде тұратын орыстарды «Орыс әлемін» нығайтуға шақырды, «көшіп келсе жағдайларын жақсартамыз» деп уәде берді. Бұл туралы Қазақстанда тұратын орыстар мен сарапшылар не ойлайды? Жаңа тұжырымдама туралы Путин қазанның 31-і күні Мәскеуде өткен Отандастардың 6-дүниежүзілік конгресінде мәлімдеді. Путиннің айтуынша, бұл тұжырымдама «жүйедегі бюрократияны жоюға» арналған, қоныс аудару бағдарламасы бойынша қолайлы жағдай жасаудың, елге келу, жұмысқа орналасу және Ресей азаматтығын алудың нақты ережелерін ұсынады. Путиннің айтуынша, өзге елдерде (мысал ретінде Украина мен Балтық елдерін келтірді) орыстарға қатысты «русофобия, ұлтшылдық, ескерткіштермен және орыс тілімен күрес, сепаратизм

  • 100 жыл бұрын Чехия мен Словакия заманауи тәуелсіз мемлекет құрды.

    100 жыл бұрын Чехия мен Словакия заманауи тәуелсіз мемлекет құрды. Прага бұл мерейтойды лайықты түрде атап өтіп жатыр. Сегіз жыл жөнделген Ұлттық музей ашылды. 1945 және 1968 жылдары шетелдік басқыншылар бүлдірген көне ғимарат бүгін көздің жауын алады. Шеберлер реставрациясын қатырыпты. Прагаға келген дос-жар біледі, Вацлав алаңындағы әулие Вацлав князь ескерткішінің арқасындағы алып ғимарат қой. Бүгін күн суытып, жаңбыр жауғанына қарамастан Прага тұрғындары беттеріне тудың суретін салып алып, балаларын жетелеп, ұзын-сонар кезекте тұрып, қайта ашылған мұражайдағы Чехия мен Словакия тәуелсіздігіне арналған арнайы көрмелерді тегін көріп шықты. Бір ғасыр ішінде Чехия тәуелсіздігін нығайта түсті. Қазір Еуропа Одағының беделді мүшесі. 2009 жылы Еуропа кеңесінің президенті болып үлгерген, 2022 жылы тағы да кезегі келеді.

  • Энергетиканың болашақ жолдары

    Украина астанасы Киев қаласында, 2018 жылдың 16-19 қазанының аралығында «Орталық және шығыс Еуропаның тұрақты энергетикасы» атты 10-шы Халықаралық форумы мен көрмесі (Sustainable Energy Forum and Trade Show, SEF 2018 Kyiv) өтуде. Осы жиынға 35 астам елдердің шамамен 500 өкілдері қатысуда. 80 астам мамандар баяндамаларын оқиды, 100-ге жуық компаниялар өз жетістіктерін көрсетуде. Бұндай шараның шеңберінде, «Әлем жел энергетикасы қауымдастығы»-ның Бас хатшысы Стефан Ксангер (Stefan Gsänger) бізге сұхбат берді. Неміс қайраткерінің жауаптарына назар аударайық. Тұрақты энергетикада Қазақстанның мүмкіншіліктері туралы: күн, жел энергетикасында. Мысалы, еліміздің оңтүстік-шығысында таулы аймағы Жоңғар Қақпасы жел энергетикасы үшін өте тиімді. Осы тақырып жайында сіздің пікірлеріңіз қандай? Қазақстан жел энергетикасының болашағы – зор! Теориялық түрде, еліңіз бүткіл әлемді жел

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: