|  |  | 

Көз қарас Сұхбаттар

Айнуддин Муради: “Ауған қазағы атамекенге қайтқысы келеді”


Ауғанстаннан Қарағандыға келіп оқып жүрген этникалық қазақ Айнуддин Муради. (Сурет Айнуддиннің жеке мұрағатынан алынды.)

Ауғанстаннан Қарағандыға келіп оқып жүрген этникалық қазақ Айнуддин Муради. (Сурет Айнуддиннің жеке мұрағатынан алынды.)

Ауғанстанның Құндыз уәлаяты Имам-Сахиб ауданында туып-өскен Айнуддин Муради былтыр күзде Қарағанды политехникалық университетінің дайындық курсына түскен. Айнуддин Азаттыққа берген сұхбатында Ауғанстандағы қазақтардың атамекенге оралғысы келетінін айтты.

Азаттық: – Соңғы жылдары Ауғанстаннан Қазақстанға білім алуға келетін қазақ жастарының саны көбейіп келеді. Ол жақта қазақ отбасы көп пе?

Айнуддин Муради: – Отбасында бес баламыз. Қазір ата-анам, бауырларым тұрып жатқан аймақта 20 үй қазақ бар. Басқа жерде қазақ бар ма, жоқ па, білмеймін. Біздің аталарымыз өткен ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан аумағынан көшкен екен. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кейбір туыстарымыз Қазақстанға көшіп келген, қазір осында тұрып жатыр. Ал ол кезде Ауғанстаннан көшпей қалып қойған қазақтардың барлығы – ауқатты адамдар болды. Менің шын есімім – Айдын Мұрат. Бірақ құжат толтырғанда жергілікті халықтың тіліне бейімдеп “Айнуддин” Муради деп жазып жіберген.

Құндыз қаласының көшесінде. Ауғанстан.

Құндыз қаласының көшесінде. Ауғанстан.

Азаттық: – Ауғанстанда қалған қазақтардың барлығы ауқатты адамдар дейсіз. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің әлеуметтік жағдайы олардан төмен бе еді?

Айнуддин Муради: – Иә, солай болатын. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шеттегі қазақтарды атамекенге шақырып, оларға жер, үй беріп жағдайын жасады ғой. Сол кезде Ауғанстанда орта дәрежеде немесе нашар жағдайда өмір сүріп жатқандардың барлығы көшіп кетті де, малы бар, тұрмысы жақсы адамдар көшпей қалып қойды. Мысалы, менің әкем де көшпеді. Өйткені тауда жеке қыстаумыз, жүздің үстінде қой, жылқымыз бар. Негізі, Ауғанстандағы қазақтар тек осы малдың күшімен ғана өмір сүріп отыр, одан басқа жұмыс жоқ. Сондықтан қазір ондағы жұрт мүмкіндік болса, Қазақстанға көшкісі келеді.

Азаттық: – Бұрын мал-дәулетін қимай Ауғанстанда қалып қойған қазақтар не себепті қазір көшуге бейім?

Айнуддин Муради: – Білесіз бе, ол жерде аз ұлт өкілдеріне мемлекеттік қызметке орналасу қиын. Мысалы, інім өткен жылы оқу бітірді. Бірақ қазір үйде мал шаруашылығымен айналысып жүр. Басқа қосымша табысы жоқ. Екіншіден, Құндыз уәлаяты қазір қарулы шайқастар жиі қайталанатын қауіпті аймаққа айналып барады.

Азаттық: – Ауғанстанда әртүрлі қақтығыстар мен жарылыстар жиі болып жатады. Ол жақта тұрғындар өздерін қалай сезінеді?

Айнуддин Муради: – Құндыз – Тәжікстанмен шекаралас аймақ. Ол жерде Талибан мен ДАИШ ["Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша қысқарған атауы – ред.] күштері жиі орын алмастырады. Шындығына келсек, ондағы жұрттың жартысына жуығы оқ пен оттың ортасында қалғандай жағдайда тұрып жатыр. Ол жерде талибандықтар да, басқалары да бар. Үкімет ол жерде жұмыс істей алмайды. Өткенде Құндыз уәлаяты Аршы ауданындағы бір мереке кезінде әуеден тасталған бомбадан 100 бала қаза тапты. Онан кейін біздің аймақта он үш полицияны өлтіріп кетті. Сол тәрізді оқиғалар жиі қайталанып жатыр.

Көкпарды жергілікті жұрт "бузкаши" (ешкі тарту) атайды. Ауғанстан. Құндыз. 26 ақпан, 2018 жыл.

Көкпарды жергілікті жұрт “бузкаши” (ешкі тарту) атайды. Ауғанстан. Құндыз. 26 ақпан, 2018 жыл.

Азаттық: – Қарулы қақтығыс, жарылыстар кесірінен қаза тапқан, жараланған қазақтар бар ма?

Айнуддин Муради: – Қазақтардың қаза тапқаны туралы әзірге естіген жоқпын. Бірақ осыдан бірнеше апта бұрын Құндыздың орталығында, онда да қазақтар тұратын көшеде атыс болды. Бейкүнә жандар оққа ұшты. Сол кезде зардап шеккендері болуы да мүмкін. Бірақ өзім әлі ондайды естімедім. Қазір жергілікті жұрт қалаға, базарға барудан, адам көп шоғырланған жерде жүруден қорқады. Өйткені жанкештілер әдетте халық көп жиналған орындарда жарылыс жасайды.

Азаттық: – Қазір Ауғанстан қазақтарының Қазақстанға қоныс аударуына кедергі, қиындықтар бар ма?

Айнуддин Муради: – Әрине, ондағы қазақтар атамекенге көшіп келгісі келеді. Бірақ ол үшін алдымен тұратын орынды анықтап алу керек қой. Мысалы, менің Қазақстан азаматтығын алуға құжат жинастырып жүргеніме төрт ай болды. Бірақ азаматтыққа әлі қол жеткізе алмай жүрмін. Алматы қаласының көші-қон полициясына барған едім, ондағылар маған “қазақ” деген анықтама және «сотталмаған» деген құжат алып кел деді. Биыл қысқы демалыста үйге барғанымда Ауғанстанның ресми орындарынан «қазақ» деген анықтама және сотталмағаным туралы құжат алдым. Ауғанстанда оларды жинау оңайға түспеді. Мысалы, «сотталмаған» деген қағаз алу үшін бір ай жүрдім. Құжатымды көреді де, «ертең кел, я арғы күні кел» деп соза берді.

Азаттық: – “Қазақ” деген анықтаманы Ауғанстанда жергілікті билік бере ме, әлде көші-қон полициясы тәрізді мекеме ол жақта да бар ма?

Айнуддин Муради: – Бар ондай мекеме. Туу туралы куәлікте ұлтымыз жазылады. Сол куәлікті аймақтық көші-қон полициясы ішкі істер министрлігіне жібереді. Ішкі істер министрлігі оны тексеріп, сыртқы істер министрлігіне жолдайды. Олар қазақ екенімізді растап анықтама жазып, оны Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне жөнелтеді. Елшілікте құжатқа мөр басып, қолымызға береді. Әйтеуір Ауғанстаннан әлгіндей қағаздарымды реттеп, Қазақстанға келген соң азаматтық алуға құжатымды өткізейін десем, енді “В9 деген виза әкел” (шетелден Қазақстанға тұрақты тұру үшін келгендерге берілетін виза – ред.) деп қабылдамай отыр. Шетелден келіп оқып жатқан біздей студенттерге ол визаны бермейді. Өйткені мен қазір Қазақстанда бес жыл мерзімге берілген оқу визасымен жүрмін. Егер Қазақстан азаматтығын алсам, шақырту жіберіп ата-анамды да осында көшіріп алар едім.

Азаттық: – Қазақ тілінде жатық сөйлейді екенсіз. Ауғанстаннан келген кей қазақтарда тілінің өзгешелеу екені байқалып тұратын еді?

Айнуддин Муради: – Отбасымызда әке-шешем үнемі “Қазақстанға кетіп қалуымыз мүмкін, қазақ тілін ұмытпаңдар. Үйде қазақша сөйлесіңдер” деп айтып отырады. Ана тілімнен басқа өзбек, дари, пуштун, сонымен бірге ағылшын және түрік тілін түсінемін.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

Азаттық

Related Articles

  • Соғыс кезіндегі өкілеттікті “анықтайтын” тұжырымдама 

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдерінің бірлескен әскери жаттығуы. Алматы облысы, 22 мамыр 2018 жыл. Екі апта бұрын қоғамдық талқылауға ұсынылған “соғыс жағдайы мәселелері жөніндегі” заңнамаға түзету енгізу туралы жоба тұжырымдамасына (онда Қазақстанда тұрақсыздық болса, онымен күресу үшін “гибридтік” әдіс қолдану мүмкіндігі туралы жазылған) ешбір пікір айтылмады. Кей сарапшылар президентке қосымша өкілеттік беру қарастырылған құжатта саяси контекст бар дейді. ӨКІЛЕТТІКТІ “АНЫҚТАУ” “Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының тұжырымдамасы соғыс бола қалған жағдайда президенттің, үкімет пен билік органдарының өкілеттігін “нақтылауды” ұсынады. Құжат тамыздың 22-сі күні нормативтік-құқықтық актілер сайтына шықты – қоғамдық талқылауға бөлінген екі аптада (қыркүйектің 5-інде аяқталған) ол бойынша

  • Қытайдан 500 мыңдайы ғана Қазақ еліне оралады.

    Қазір қытайда 1.5 миллион да 2 миллион айналасында Қазақ бар десек, алдағы уақытта соның ұзаса шамамен 500 мыңдайы ғана Қазақ еліне оралады. Және мен бұл 500 мыңдайы деп ұялғанымнан, мемлекетшіл жандардың көңіліне су сеппейін деп ойлағанымнан көбейтіп айтып отырмын. Ал, қалған 1 миллион немесе одан да көп Қазақ әлі де болса қытайда тұрмыс-тіршілігін жалғастыра береді. 1991-жылдан соң Қазақстанға оралған қытай Қазақтарының ұзын саны ұзаса 200 мыңның айналасы ғана екен. Олар кімдер: * Ұлтшыл Жастар; * Ұлтшыл Зиялылар; * Туысшылдар (1955-1962жж Сәбетке қашқандардың туыстары); * Студенттер (оқуға түскендер); *Қарапайым жандар (малшы, егінші); тб Қытайдан осындай бір буын ұрпақ іріктеліп кетіп қалғандықтан олардың қытайдағы орнын қытай мен ұйғыр жастары, зиялылары басып кетті.

  • Адвокат Құспан халықаралық қолдауды мақтады

    Қасым АМАНЖОЛ Адвокат Абзал Құспан (алдыңғы қатарда сол жақтан бірінші) Сайрагүл Сауытбайдың сотында отыр. Жаркент, 13 шілде 2018 жыл Азаттықтың тікелей трансляциясында көрермендер сұрақтарына жауап берген адвокат Абзал Құспан Қазақстаннан пана іздеуші Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың тамыздың 1-інде сот залынан босатылуына әсер еткен факторларды сипаттады. Панфилов аудандық соты Сауытбайды Қазақстан-Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін алты айға шартты түрде соттап, шетке шығарудан бас тартқан. Азаттық: Заңдық тұрғыда Сайрагүл Сауытбайдың ісі шешілді ме? Шешімін тапты деп айта аламыз ба? Абзал Құспан: Толық шешілді деп айта алмаймыз. Назар аударған болсаңыздар, сот әдетте қарарды ғана оқып, толығын кейін беретін еді. Кеше судья басынан аяғына дейін сот үкімін оқып шықты. Сот үкімінде айтылған фактінің бәрі –

  • Қытай қазақтарының мәселесі “Сайрагүлге дейін және Сайрагүлден кейін”

    Сайрагүл апайдың жеңісін шын жүректен құттықтаймын. Сот шешімінен кейінгі қуанышты бейнесін қайта қайта көріп қатты қуандым. Қуанбаған жұрт жоқ екен сол маңда. Сайрагүл апайдың бейнесіне қарап сан ойға баттым… Қытай қазақтарының мәселесі туралы осыған дейін де азаматтық пікірімді айтқамын, пост тұр. Менің жеке пікірімше қытай қазақтарының мәселесі “Сайрагүлге дейін және Сайрагүлден кейін” деп дәуір бөлгіштік сипатқа өзгеруі мүмкін. Қазір, біздің жұрт тек ғана қуанышты құттықтап тойлаумен әбігер боллып жатыр екен бірақ мәселеге үлкен маштабтан қарап стратегиялық талдау сараптау жасау жағы жетпей тұр. Қытайдан заңсыз шекара бұзып өту оқиғасы Сайрагүлге дейін де болған (меніңше Сайрагүлден кейін де болады…), Сәбет-Қытай арасындағы қырғиқабақ кезінде қытайдағы Сәбетшіл қазақ ұлтшылдары мен жас зиялылардың біразы заңсыз

  • 1912-жылға дейін Қытай территориясы екі үлкен бөліке бөлінген.

    Eldeç Orda 1912-жылға дейін Қытай территориясы екі үлкен бөліке бөлінген. Бірі, Манжур үкіметіне шын тиесілі заңды территория. Екіншісі, Жанжур үкіметіне сырттай тиесілі баламалы территория. Заң бойынша бұл баламалы территория қалаған уақытында Манжур территориясынан шығып кете алады. Сіз мына картадан қытайға тиесілі яғни Цин мемлекетіне шын тиесілі территорияны нобайлап болсада анық көре аласыз. Бұл картадағы Тибет, Моңғол, Ұйғыр және Қазақ территориясының Цин-ге кірмеуінің себебі неде? Себебі мынау: Олар Цин қағанатына жылына бір рет сырттай салық төлемін өтеп тұрған, Цин үкіметі сырттай салық өтеуші елдің ішкі ісіне килікпеген, ішкі істері, ішкі мәселесі өз ырқында болған, Бірінің сыртқы-ішкі істерін Ресейдің Орынбор, Қазан, Ташкен шаһарлары шешсе, біріне Индиядағы Моғол және алыстағы Осыманлы билігі араласып

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: