|  |  |  | 

Саясат Сұхбаттар Қазақ шежіресі

Назарбаевтан кейінгі Қазақстан не болмақ?

2018 жылы еліміздің саяси өміріндегі кей оқиғалар билік транзитіне жан-жақты дайындық жүріп жатқанын әйгіледі. Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтбаев қазіргі транзит механизмі президент Н.Назарбаев көзі тірі кезде ғана жұмыс істейді, сондықтан биліктің қандай жолмен және кімге ауысатыны белгісіз деп есептейді. 2018 жыл аяқталар тұста Досым Сәтбаевпен басты саяси оқиғаларға талдау жасап, Назарбаевсыз Қазақстан тап болатын мәселелерге үңіліп көрдік.
Назарбаевтан кейінгі Қазақстан не болмақ?
Саясаттанушы Д.СӘТБАЕВ

Қауіпсіздік кеңесі ұжымдық мұрагер бола алмайды

– Досым, биылғы еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі ­– «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңның қабылдануы. Қауіпсіздік кеңесі консультативті-кеңесшілік органнан конституциялық органға айналды, ал бірінші президентке оны өмір бойы басқару құқы берілді. Кейбір сарапшылар бұдан билік транзитіне дайындықтың нышанын байқады. Сіздің ойыңызша, бұл заң не үшін қабылданды? Мұның астарында не жатыр?

– Билік транзитіне дайындық нышандары «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңды қабылдаудан көп уақыт бұрын байқалған. Меніңше, билік транзитіне дайындық 2010 жылы президентке ұлт көшбасшысы мәртебесі берілген тұстан басталды. Сөйтіп, Қазақстан басшысы Орталық Азия елдерінің арасынан алғашқы болып өзіне жүйеден жоғары тұратын ойыншы мәртебесін белгіледі. Сондықтан  қауіпсіздік кеңесі – транзитке дайындықтың жалғасы. Әрі-беріден соң, транзитке дайындық барлық салада қатар жүрді. Мәселен, билік соңғы бірнеше жыл ішінде саяси алаңды оппозициялық партиялардан түгел тазалап шықты. Алдымен «Азат» партиясын тұншықтырып, артынша Қазақстан коммунистік партиясын жауып, оппозицияның жаназасын шығарды. Билік мұнымен шектелмей, ақпараттық алаңды да тазалады. «Трибуна» газеті мен Ratel сайтын жабу – соның айғағы. Банк секторында да бұл бағытта біраз шаруа қолға алынды. Бұл саланың басы-қасында жүрген кейбір олигархтар шеттетілді, банктер саны қысқарып, қайсыбірі алып банкке айналды. Ол алып банк президент отбасы мүшелерінің бақылауында. Не үшін? Қаржы сегментін уысында ұстап, басқару үшін.

Бұдан бұрынырақ Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы құрылды. Шағын, орта және ірі кәсіптің бәрі «Атамекен» ұлттық палатасы төңірегіне топтастырылды. Тоқетері, билік әр саланы осындай ойыншылар арқылы бақылағысы келеді. Сондықтан қауіпсіздік кеңесі – тізбектің бір буыны ғана.

Рас, сарапшылар ортасында қауіпсіздік кеңесі төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Қайсыбіреулер бұл орган билік ауысқанда процесті бақылайтын ұжымдық мұрагер рөлін атқарады деп санайды. Қағаз жүзінде бәрі тамаша: қауіпсіздік кеңесі – конституциялық орган, оның 12 мүшесі бар, олардың көпшілігі күштік құрылым өкілдері. Бір қарағанда бұл мұрагерлікті қамтамасыз ететін мінсіз механизм болып көрінуі мүмкін. Алайда, айналып келгенде, сарапшылар Қазақстанға тән қарапайым нәрсені ұмыт қалдырады. Бізде мемлекеттік органдар немесе элитадағы әртүрлі топтардың басын қосатын кез келген құрылым өрмекші толған құтыны елестетеді. Бір құтыдағы өрмекшілер ерте ме, кеш пе, бір-бірінің көзін құрта бастайды. Сондықтан қауіпсіздік кеңесі ұзақ уақыт бойы ұжымдық мұрагер рөлін атқарады деп сену аңғалдық. Әсіресе қазіргі президент бұл органның өмір бойғы бірінші төрағасы қызметінен кеткен кезде. Былайша айтқанда, бүкіл жүйе мен транзитке дайындық механизмі қазіргі президентке лайықталып жасалды. Ал бұл – тактикалық қадам ғана. Транзит мәселесінде шахматтағы тәрізді екі-үш адым алда жүру керек. Бірақ билік тап бір домино немесе дойбы ойнағандай тактикалық тұрғыдан ғана ойлайды. Рас, тактикалық тұрғыдан бәрі дұрыс: президенттің ұлт көшбасшысы, өмір бойғы сенатор және қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы мәртебесі бар. Алайда мұның бәрі қазіргі президент көзі тірі кезде ғана жұмыс істейді. Ал бізді ол саяси сахнадан кеткеннен кейін не болмақ деген мәселе толғандыруы тиіс. Бірақ мұның жауабы жоқ.

Президент саяси сахнадан кетті деп топшылайық. Екінші президент билікке келеді. Ол қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болды делік. Бірақ көп нәрсе: екінші президент кім болмақ, ол ахуалды бақылауда ұстайтын мықты тұлға ма, әлде әлсіз тұлға ма, қауіпсіздік кеңесінің мүшелері оны мойындап, мойынсұна ма, әлде астыртын сөз байласып, қарсы әрекет ете ме – бәрі осыған келіп тіреледі. Өкінішке қарай, тактикалық өзгерістер мұндай сұрақтарға жауап бермейді. Сарапшы ретінде кемінде 10-15 жылға арналған саяси стратегияны көргім келеді. Бірақ біздің саяси элита нақты саясатпен емес, саяси технологиялармен ғана айналысып отыр. Ал нақты саясат – бұл ұзақ мерзімге арналған бағдарлау. Алайда Қазақстанда бұл атымен жоқ.

– Демек, қауіпсіздік кеңесі транзит кезінде сақтандырғыш рөлін атқара алмайды дейсіз ғой?

– Билік транзиті кезінде көпшілік Қазақстанда өзгерістер мен реформалар іске асады деп үміттенеді. Қауіпсіздік кеңесі сондай реформаларды іске асыра ала ма? Ол, керісінше, ескішілік пен консерватизмді жақтап, қазіргі кво-статусын сақтап қалуға талпынуы мүмкін. Ал бұл – қазіргі президент тұсында пайда болған проблемалардың барлығы сол күйінде шешілмей қалады деген сөз. Бірақ оны қалайда шешу керек қой. Қазіргі мемлекет басшысы өзіне тәуелді жүйе құрды, президент бұл жүйені бақылап, уысында ұстап тұр. Десек те, ол биліктен кеткен соң, президентке тәуелді жүйе әлсіреп, бетін жауып-жасырған мәселелердің бәрі сыртқа шығады. Мұндай ошақтар қазірдің өзінде әр жерде жарылып жатыр. Жаңаөзен, жер митингілері, шахтерлер ереуілі – соның бір көрінісі. Әрі бұл жекелеген наразылық шаралары емес, бұл – қоғамда көп жылдан бері жиналып, сең болып қатқан наразылық. Қайткен күнде де мұрагер мұнымен бетпе-бет келеді. Келесі мұрагер мұндай мәселе тек жүйені реформалау арқылы шешілетінін түсінбесе, онда бүкіл жүйе күйрейді. Мұндай жағдайда ешқандай қауіпсіздік кеңесі көмектеспейді.

– Көмектеспек түгіл, керісінше, кедергі келтіріп жүрмесе…

– Менің қауіптенетінім де осы. Ресейдегідей күштік құрылымдардың позициясы күшейіп кете ме деп алаңдаймын. Егер күштік құрылымдар күшейсе, онда қылбұрауды бұрай түседі. Қазірдің өзінде күштік құрылымдардың қолына көп өкілеттілік өтті. ҰҚК былтыр және биыл біраз өкілеттілікке ие болды. Телекоммуникациялық жүйе, интернетті бақылау – түгелдей солардың қолында. ҰҚК терроризм және экстремизм, жемқорлыққа қарсы күресте қосымша өкілеттіліктерге ие болды. Қысқасы, соңғы екі-үш жылда бұл орган қатты күшейді. Бұл – қауіпті үрдіс. Өйткені күштік құрылымдар реформаторлардан басым түссе, бұл ахуалды асқындыруы ықтимал.

Қазақстанның өз Путині шығуы мүмкін

– Күштік құрылымдардағы жеке тұлғаларға көшсек, олар қамсыз отырмаған болар. Өзбекстандағы билік транзиті тұтас элитаға сабақ емес пе?  

– Саяси тұрғыдан алғанда мені ҰҚК төрағасынан гөрі оның орынбасары, президенттің немере інісі көбірек қызықтырады.

– Неге? Ол тіпті көзге түспейді де ғой.

– Кезінде Путин де көзге түспеді.

– Мәсімовті меңзегенім, Мирзияев билікке келе салысыменсаяси алаңды өзіне қауіп төндіретін ойыншылардан тазартты. Сөйтіп, ықтимал мұрагерлер саналған ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Р.Иноятов пен вице-премьер Р.Азимовты отставкаға жіберді. Бізде де осындай тәуекелдер ескерілетіні түсінікті ғой.

– Бұл – шығыс саясатына тән нәрсе. Әрі осы жайт қауіпсіздік кеңесіне қатысты жоғарыдағы тезисті дәлелдей түседі. Қазіргі президент тұсында жұмыс істеп тұрған механизмді ертеңгі күні өзге ойыншылар сақтап қалады дегенге ешкім кепілдік бермейді. Түрікменстан мен Өзбекстан билік транзиті кезінде Конституцияны бұзды. Біздің элита ондайға бармайды дегенге кепілдік жоқ. Орталық Азиядағы мемлекеттер үшін Конституция саяси дамуды белгілейтін, бұлжымас құжат емес, шимайлап, қалауынша өзгерте салатын конъюнктуралық құжатқа айналған. Қазіргі билік Конституцияны конъюнктураға қарай жиі өзгертіп тұрды, келесі буынға жаман үлгі көрсетті. Осыны көріп-біліп өскен қазақстандық элита үшін Конституция қасиетті құжат болудан қалған. Демек, қаласа олар да бұл құжатты шимайлап, өзгерте салады.

Күштік құрылымдарға келсек, Ш.Мирзияев бастапқы кезеңде Р.Иноятовпен келісімге келгені анық. Бірақ екі қойдың басы бір қазанға сыймайды ғой. Бұл жағдай Қазақстанда айна-қатесіз қайталанады. Келесі президент кім болса да,  нөмір бірінші басты ойыншыға айналу үшін барын салады. Ешкім де қауіпсіздік кеңесі тәрізді ұжымдық мұрагердің өзінен үстінен төніп тұрғанын қаламайды.

– Жоғарыда Самат Әбішті меңзедіңіз. Мұны билік транзитімен қалай байланыстырасыз?

– Маған оның тұлғасы қай тұрғыдан қызық? Күштік құрылымдар өкілеті кеңейіп, күшейе түссе, ондағы ықпалды тұлғалардың рөлі қызық. Бұл ретте «билік транзиті кезінде президент отбасы қандай рөл ойнайды?» деген сұрақ қойған орынды. Өзбекстанда бұрынғы президенттің отбасы қандай кеп құшқанын көрдік. Мирзияев Каримовтың отбасын әбден әлсіретті. Қызы Гульнара Каримова түрмеде, ал Лола Каримова-Тилляева мен оның күйеуі Өзбекстандағы бизнестерінен айырылып қалды.

Әлбетте, біздің президенттің отбасы кво-статусының сақталуына мүдделі. Ал бұл – бүкіл проблемалар сол күйінде тұмшаланып, жабулы күйі қалады деген сөз. Яғни саяси элита үшін тұрақтылық бүкіл ел үшін тұрақсыздыққа айналуы мүмкін. Бұл тығырықтан шығудың жолы қандай? Өзгерістерге бейімделу керек. Бәлкім, президент отбасының мүшелері аяқастынан өзгеріс қажет екенін түсініп, реформаторға айналатын шығар. Алайда ондай жағдайда отбасы мұны неге ертерек қолға алмады деген заңды сұрақ туындайды. Қысқасы, бұл мәселеге тереңірек қарап, қандай топ консерватор, ал қандай топ реформаторға айналуы мүмкін екенін бағамдаған жөн. Президент отбасы билік ауысқанда басты ойыншы бола ма, әлде бүкіл кінә артылатын жазықтыға айнала ма – мәселе сонда. Отбасы басты ойыншыға айналудан дәмеленсе,  өзгелермен мәмілеге келуге тырыса ма, әлде күштік әдістер қолдана ма, бұл да маңызды. Отбасы Өзбекстандағыдай ықпалдан айырылып, келмеске кетіп, олардың орнын жаңа элита басуы да ғажап емес. 

Қысқасы, билік транзиті кезінде президент отбасы, олигархтар мен билікте жүрген 40 жастағы бюрократтардың жаңа буыны және аға буын арасында қарым-қатынас қалай қалыптаспақ – бәрі осыған байланысты. Билікте жүрген 40 жастағы саясаткерлердің елді басқарсам деген ниеті бар, қазір оны ашық білдірмесе де, кейін амбициясын көрсетеді. Транзит кезінде аймақтық элита қайтпек, бұл да қызық. Өйткені аймақтағы элитаның қазіргі ахуалға көңілі толмайды. Олар көп ресурстың Астанаға кетіп жатқанына наразы. Тоқетері, Х сағатында өз ойынын бастағысы келетін топ көп. Ал бұл қандай ойын болатынын дөп басып айту қиын. Бір белгілісі, негізгі ойыншылар бұл ойынды өз мүддесіне бұруға тырысады. Ең қауіптісі де осы.

– Осы жылы елдегі транзит тақырыбына бірқатар Батыс басылымдары көңіл бөлді. Бұл тақырып Қазақстанда да көп талқыланды. Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев BBC-ге берген сұхбатында президент келесі сайлауға түспеуі мүмкін екенін айтып қалды. Ал қазан айында Финляндияға барған Н.Назарбаев келесі сайлауға дейін ойлануға уақыт бар деді, бірақ сайлауға түсетінін жоққа шығармады. Осының бәрі елде әлі шешім қабылданбағанын көрсете ме?

– Тоқаев BBC-ге әлгі мәлімдемені табан астында суырып салып айтпағаны түсінікті. Тоқаев өте сақ және тәжірибелі адам, сол себепті президент сайлауы тәрізді нәзік тақырыптың шетін жоғары жақтың мақұлдауынсыз шығармайды. Оның үстіне бұл мәлімдемені анау-мынау емес, білдей бір халықаралық ақпарат агенттігіне айтты. Меніңше, Тоқаевтың мәлімдемесі – қоғамның реакциясын байқап, тамырын басып көру әрекеті. Бұл – президент айналасында талқыланып жатқан ықтимал сценарийлердің бірі ғана.

Қазір енді президент айналасында басқа сценарий – Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетін мерзімінен бұрын сайлау қызу талқыланып жатыр. Бұл да қоғам тамырын басып көру. Бірақ ағымдағы ахуалды талқылайтын конъюнктуралық нәрсе бұл. Тіпті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі расқа айналып, президент сайлауға түспейді делік. Сонда не өзгермек? Бұл президент кеткеннен кейін не болмақ деген басты сұраққа жауап бермейді. Түптеп келгенде президенттің сайлауға түсу-түспеуі – негізгі мәселе емес. Өйткені оның саясаттағы уақыты біткен. Біз қазіргі президент тұсында жасалып жатқан дүниені емес, ол кеткеннен кейін қолға алынатын дүниені талқылауымыз керек. Себебі қазіргі президент сайлауға түссе де, түспесе де, жүйе баз баяғы қалпында қалады. Ал Назарбаев кеткеннен кейін жүйе қалай өзгермек, мұндағы ықтимал сценарийлер анағұрлым көп, сәйкесінше болжам жасау да қиын. Сарапшылар осыған үңілу орнына биліктің саяси технологиялары жетегінде кетті. Яғни осы мәселенің байыбына барудың орнына сайлау бола ма, болмай ма, оған Назарбаев түсе ме, түспей ме дегенді талқылап жүргені. Қазіргі саяси жүйе тұрғанда сайлау өткізгеннен не пайда? Бұл әрі-беріден соң, сайлау қадірін түсіру. Президент тіпті сайлауға қатыспаған күннің өзінде, саясаттан кете ме? Ол кетпейді, президент болмаса да, басты ойыншы болып қала береді. Тіпті президент «мынау менің мұрагерім, осыған бәс тігіңдер, қолдаңдар» десе де, ол мұрагер президентсіз билікті ұстап тұра ала ма дегенге жауап жоқ. Мені бұл ретте президенттен кейін кім келмек емес, президент мұрагерінен кейін кім келмек деген сұрақ көбірек қызықтырады.

– Президент мұрагерін белгілеген күннің өзінде, бұл неліктен биліктің ауысуын қамтамасыз ете алмайды?

– Мұрагер мен мұрагерлік екі түрлі дүние. Биліктің мұрагерлікпен ауысуын мықты саяси институттар, инфрақұрылым қамтамасыз етеді. Ал бізде мұның бірі жоқ. Президент кеткен соң, мұрагерлік белгілі бір кезге дейін сақталар. Ш.Мирзияев бұрынғы президенттен қалған жүйені асып кетсе бір жарым жыл бойы ұстап тұра алды. С.Жиенбеков жарты жылдан кейін-ақ бәрін өзгерте бастады. Яғни билікке келген адам жүйені өзіне лайықтайды. Бірақ мұрагер – бұл тактикалық қадам, қажет десеңіз, жүйедегі ең осал адам. Ал мұрагерлік – стратегиялық мақсат-міндет. Бізде стратегиялық емес, тек тактикалық дүниелер талқыланады. Меніңше, бұл әдейі жасалып жатыр. Философ Ноам Хомский қоғамдық сана мен ақпарат құралдары манипуляциясының 10 принципін жасап шығарған. Сондағы бір принцип – қолдан проблема жасап, оны сәтті шешу арқылы назарды басқа жаққа бұру. Билік осы принципті басшылыққа алып жүргендей әсер қалдырады. Әйтеуір, аяқастынан ақпараттық ілік пайда болады да, баршаның назары соған ауады. Сөйтіп, көпшілік көз алдында тұрған жалғыз ағашқа ғана назар аударады да, мұның артында тұрған ну орманға көздері жете бермейді.

Билікке қауіп төндіретін – үнсіз «оппозиция»

– Билік халық назарын әдейі басқа жаққа бұрады дедіңіз. Наразылықты басу үшін бе?

– Иә, өйткені жұрт билік үшін қауіпсіз дүниелерді талқылағанда, қоғамдағы көңіл күйді бақылау оңай. Ал халық болашақ туралы терең ойлап, сұрақ қоя бастаса, билік үрейін ұшыратын көп мәселенің беті ашылады. Мысалы, биыл президент жолдауларын талқылау үшін блогерлердің аузын майлады. Сөйтіп, бұрын «Нұр Отан» ғана айналысатын шаруаға енді әлеуметтік желілер қосылды. Алайда жолдауды талқылау – уақытты зая кетіру. Жолдау 5-10 жылға арналған стратегиялық құжат болуы тиіс еді. Яғни бір рет жолдау жасап, қалған уақытта оның іске асуын бақыласаң жеткілікті. Бізде болса жыл сайын жасалатын жолдау қағазда қалып қоятын бағдарламалардың санын көбейтіп отыр. Бюрократиялық аппарат қағаз бағдарламаларға көміліп қалған. Бөлінген ақшаны игеруден басқа қолдарынан түк келмейді. Ал жолдауды қолдап кеткен саясаткерлер, сарапшылар мен журналистердің бірде-бірі «Бұл жолғы жолдаудың мәні не? Осыған дейінгі жолдаулар орындалып, қандай да бір өзгеріске бастады ма?» деп сұрамайды. Тіпті соңғы 10 жылда жасалған жолдауға үңіліп, талдап, «мұның бәрі жылдан-жылға қайталанатын дүние, жолдауда айтылған мына дүние іске аспай қалды» дейтін экономист жоқ.

Мұндағы айтпағым, ақпараттық, оппозициялық алаңды тазалап біткен билік енді сарапшылар алаңын тазалауға кірісті. Өйткені билік үстіртін талдайтын сарапшылар өзіне тиімді екенін біледі. Енді соған көп ресурс салды. Бірақ бүкіл алаңды тазалау арқылы халықтың наразылық көңіл күйін бақылаймын деу аңғалдық. Билік әлеуметтік желіні жете түсінбей, бағаламай отыр. Билік әлеуметтік желіде көп оқырманы бар қоғамдық пікір көшбасшылары қоғам пікірін қалыптастыра алады деп есептейді. Шын мәнінде олай емес. Әр қоғамдық пікір көшбасшысының өз аудиториясы бар әрі ол үлкен емес. Тіпті бүкіл көшбасшыға бір тақырып бергеннің өзінде, бұл олар біреудің пікіріне әсер етеді дегенді білдірмейді. Оның үстіне Facebook-та отырған қоғамдық пікір көшбасшыларының көпшілігі шынайы өмірден алшақ. Сондықтан ондай блогерлерді пайдалану арқылы билік халық назарын басқа жаққа бұрып, наразылық көңіл күйін төмендетемін деп сенсе, қатты қателеседі. Керісінше, бұл халықтың ашуын тудырып, наразылықты өршіте түсуі мүмкін. Өйткені әлеуметтік желідегі түрлі пікірге сын көзбен қарау басым. Халық кімнің кім екенін бірден түсіне қояды. Сол себепті билік әлеуметтік желі арқылы қоғамдық пікірді бақылауда ұстай алмайды. Билік мұны әзір ұқпады. Ал түсінген уақытта әлеуметтік желілерді тұтас бұғаттай салуы ғажап емес.

– Наразылық көңіл күй демекші, биыл М.Әблязовтің үндеуімен рұқсат етілмеген бірнеше митинг өткізуге талпыныс жасалды. «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысына экстремистік ұйым деп тыйым салынғанына қарамастан, кемінде ондаған адам наразылық шарасына шықты. Бұл нені көрсетеді? Қоғамдағы наразылық көңіл күй жоғары ма? М.Әблязов сондай көңіл күйді пайдаланып, қандай да бір күшке айналдыра ала ма?

– Әблязовтің артықшылығы не? Ол – сыртта жүріп билікті ашық сынап жүрген бірден-бір адам. Елде оппозициялық саясаткерлер саны қысқарған уақытта сыртта жүрген біреу үнемі мәлімдеме жасап жүрсе, наразылар соған мойын бұратыны түсінікті. Өйткені басқа арна жоқ. Аздаған адамның наразылыққа Әблязовтің үндеуімен шығуы билік үшін қауіпті үрдіс. Бұл – Қазақстанда наразылық бар деген сөз, бірақ оның қандай деңгейде екенін биліктің өзі білмейді. Билік қоғамда наразылық болмашы, бәрін бақылауда ұстап отырмыз деп өзін-өзі жұбандырады. Десек те, оппозицияны тұншықтырып, ахуалды бақылауға алдық деп сену аңғалдық. Билік наразылықты төмендету үшін оның себеп-салдарына үңіліп, талдау орнына наразылықты бақылап, тұншықтырғысы келеді. Ал мұның салдары ауыр болмақ.

Шынын айтқанда, елде қарсылық ауанды анықтай алатын ақпараттық арна қалмады. Ақпарат құралдары, саяси партиялар, талдау-сараптама орталықтары жоқ. Тек жалған, фейк құрылымдар ғана қалды. Осылайша билік өзін-өзі көрсоқырға айналдырды. Қандай да бір наразылық ошағы  пайда болса, биліктің өзі аң-таң болып есеңгіреп қалады. Жаңаөзен, жер митингілері, Денис Теннің қазасынан кейінгі жағдай – билік үшін күтпеген, оқыс оқиғалар. Билік әр жерде қылаң беретін осындай наразылық ошақтары, сайып келгенде, бір-бірімен байланысты,  елдегі бүкіл қарсылықтан хабар беретін көрініс екенін түсінбейді.

Былайша айтқанда, наразылық деген не? Наразылық көшеге шығатын халықпен ғана өлшенбейді. Радикалды құрылымдардың көбеюі де наразылыққа жатады. Ресми статистикаға қарағанда, қамауға алынып жатқан террористік, радикалды ұйым өкілдерінің саны көбейіп жатыр. Екіншіден, Қазақстаннан біржолата көшіп кету де наразылықтың бір түрі. Қазақстаннан шетелге көшіп жатқандар арасында өзге ұлт өкілдері ғана емес, қазақтар, қазақ жастары баршылық. Наразылық әлеуметтік желіге, яғни виртуалды кеңістікке ойысты. Билікке қарсы жазбалар – соның айғағы. Қысқасы, әртүрлі сегментте наразылық бар, бірақ билік мұның шығу төркіні бір екенін түсінбейді. Өрт сөндірушіге ұқсап жекелеген наразылық ошақтарын сөндіріп жүргені. Қазір билік үшін наразылық ошағы – М.Әблязов. Бүкіл ресурсты соған жұмылдырғаны сонша – ел ішінде Әблязовсіз-ақ мәселе жетіп-артылатынын, ол күндердің күнінде Әблязовсіз-ақ жарылуы мүмкін екеніне көздері жетпейді.

– Әлеуметтік желіде Әблязовтің «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысына қолдау білдіргендерді билік қудалап, соттады. Билік енді виртуалды кеңістіктегі өзгеше ойлаумен күреске көшкендей. Мұның арты неге апарып соғады?

– Билік ашық қарсылығын білдірген оппозиция өзіне қауіп төндіреді деп есептейді. Алайда ашық сыннан билік еш қорықпауы керек. Билік үшін ашық оппозиция емес, үнсіз, бейтарап оппозиция қауіпті. Өйткені мұндай үнсіз оппозиция жеме-жемге келгенде, сын сағатында билікке қолдау білдірмейді. Совет Одағының мысалы осыны көрсетті. Коммунистік партияның 70-80 миллионға жуық мүшесі болса да, 1991  жылғы тамыз оқиғасы, яғни төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылғанда, оларды ешкім қолдап шықпады. Совет Одағында көп жылдан бері екіойлылық болғанын билік білмеді. Сырт көзге коммунистік партияның жақтаушылары болып көрінген жұрт асүйде оларды аяусыз сынап шенейтін. Қазақстанда осыған ұқсас жағдай қалыптасты. «Тұрмыстық диссиденттік» бар. Қайсыбіреулер тіпті «дивандағы оппозиция» сөзін қолданады. Соның өзін көп көрген билік сол тіркестен «оппозиция» сөзін түбегейлі жойып, «дивандағы» сөзін ғана қалдырғысы келеді. Сөйтіп, жұрт енді әлеуметтік желіде пікірін ашық білдіруден жасқансын деп ішкі цензорды дамытып жатыр. Ол үшін интернетті бақылауға алып, сайттарға пікір жазу үшін тіркелуің керек дегендей шектеулер қойып, заңды өзгертіп, қылмыстық қудалауға дейін баратын болды. Ал мұндай ішкі цензор қарсылықты одан сайын өршітеді, ішінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан қарсылықты шығармау агрессияға жол ашады.  Осының өзі жарылысқа апарып соқтыруы мүмкін.

Денис Теннің қазасы және азаматтық қоғам эволюциясы

– Қарсылық дегеннен шығады, танымал спортшы Денис Теннің қазасы қоғамда сілкініс тудырды. Наразылықтың арты ішкі істер министрлігін реформалау мен министр Қасымовтың отставкасын талап етуге ұласты… 

– Денис Теннің қазасы осы күнге дейін режимге қатысты мүлде жақ ашпаған, қарсылық танытпаған азаматтардың да билікке көңілі толмайтынын анық ашып берді. Бұл азаматтар ертеңгі күні өздері не болмаса жақын туысы қылмыскерлер қолынан қаза табуы мүмкін екеніне көз  жеткізді. Бірақ билік бұл жолы да бұрыс әрекет етіп, саяси технологиялар қолданды. Халық ішкі істер министрлігіне ғана емес, тұтас жүйеге сенімсіздікпен қарайтынын түсінбеді. Саяси технологияларға салып, ішкі істер министрлігін Грузия үлгісімен реформалаймыз дегендей мәлімдемелер жасады. Алайда Грузияда ішкі істер министрлігін реформаламас бұрын, билікті бірнеше мәрте ауыстырып, тұтас жүйені өзгерткенін ауызға алмады. Осылайша наразылық толқыны басылады, халық бәрін ұмытады, сол уақытта сайлау туралы әңгіменің шетін шығарып, халық назарын басқа жаққа аударып әкетеміз десті. Бәлкім, жұрт назарын басқа тақырыпқа бұрса бұра алған шығар. Бірақ одан наразылық төмендемеді ғой, қайта, керісінше, халық өзін толғандырған сұраққа жауап алмады, буырқанған эмоциясы басылмаған күйі қалды. Ол бір күні бұрқ ете қалады.

– Ал президент халық наразылығын басу үшін неге Қасымовты отставкаға жібермеді?

– Біріншіден, ол бұл мәселеде өзіне қысым көрсетілмеуі керектігін әйгіледі. Екіншіден, президент кезінде өзіне адал екенін дәлелдеген тұлғаларды сатпайтынын көрсетті.  Сөйтіп, өзгелерге «маған адал болсаңдар, сендерді құрбандыққа шалмаймын» дегендей емеурінін жеткізді. Ерте ме, кеш пе, Қасымовты отставкаға кетіреді, бірақ оны бұл оқиғаға қатыстырмайды. Үшіншіден, президент үшін күштік құрылымдардың қолдауы маңызды. Ал Қасымов – сол құрылым ішінде жүрген беделді тұлға.

– Денис Теннің қазасынан кейінгі бір топ белсенді бірігіп, ішкі істер министрлігінің реформасын талап етті, тіпті өз ұсыныстарын дайындап, билікке жіберді. Бұл сол кезеңде азаматтық қоғамның оянғанын көрсете ме?

– Үш жылдан бері коммуникацияларға қатысты кітап жазып жүрмін. Сол кітапқа елдегі түрлі оқиғаларды, оның ішінде Денис Теннің қазасынан кейін өрбіген жағдайды қоса кіргіздім. Осылайша Қазақстандағы азаматтық қоғам эволюциясын түсінуге тырыстым. Айтпағым, 90-жылдардағы азаматтық қоғам келмеске кетті. Сол кезеңдегі үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар мен саясаткерлер қазір жоқ. Алайда азаматтық қоғам қазір әлеуметтік желіде қайта тірілді. Ішкі істер министрлігінің реформасын талап еткен топ несімен қызық? Бұл топ жадағай сынмен шектелмей, ұсыныстарын дайындап, балама бағдарлама ұсынды. Әлеуметтік желіде осындай топтар аяқастынан пайда болып, қандай да бір тақырыпты талқылап, құжат дайындауы – бұл да азаматтық қоғам мен еріктілердің эволюциясы. Сол еріктілердің саяси мәдениеті мен талдау, сарапшылық деңгейі өскенін көрсетеді. Ал енді билік мұны неге қабылдамады? Өйткені биліктің өзін реформаламай, ішкі істер министрлігінің реформасын іске асыру мүмкін емес. Биліктің өзі, бір жағынан, «бізге мәселеден шығу жолдарын ұсыныңдар» дейді, бірақ, екінші жағынан, ондай ұсыныстарға құлақ аспайды. Сонда қоғамды жақсартпақ болып ізденген, ұсыныс жасаған азаматтар сол билікті қалай қабылдайды? Осы күнге дейін бірдеңе өзгерер деп үміттенгендердің өзі оппозиция қатарына қосылмақ. Яғни билік өзімен әріптестікке ұмтылғандарды өз қолымен қарсыласқа айналдырып жүр.

Мәскеу Астананы геосаяси жалғыздыққа жықпақ

– Ағымдағы жыл еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты үшін үлкен сынаққа айналды. Каспийдегі екі портты Ауғанстанға жүк тасымалдау үшін АҚШ-қа беру Ресейдің ашуын тудырды. Ресей ақпарат құралдары Қазақстанға қарсы науқан бастап жіберді. Қазақстан, бір жағынан, барлық тараппен достық қарым-қатынас ұстанғысы келеді, бірақ, екінші жағынан, Мәскеу Астана Кремльге көбірек бүйрек бұрып, адал болса деп қыспаққа алғандай көрінеді. Қазақстанға көпвекторлықты ұстану, расында, қиындады ма?

– Украина оқиғасынан кейін Қазақстанның сыртқы саясаты ерте ме, кеш пе, Ресейдің сыртқы саясатына қайшы келе бастайтынын әлдеқашан билікке ескерттік. Өйткені Ресей сыртқы саясатта конфронтациялық, текетіреске негізделген модель ұстанып отыр. Ал Қазақстан әріптестік модель ұстанады. Бұл екеуі ұзақ уақыт бойы қатар жүре алмайды. Қазақстан элитасы Ресейдің саяси элитасы бізді тең әріптес деп қабылдайды деген қиялдан арылуы керек. Ресей үшін біз – сателитпіз, кіші ініміз. Тіпті Беларусь президенті А.Лукашенко өткенде Ресейдің Беларусьті қосып алу жоспары бар екенін айтып қалды. Бұл әбден мүмкін. Беларусьте билік ауысқанда Ресей ол процеске араласып, Беларусьті Ресейге қосу ұранын көтерген үміткерді жақтаса, таңғалуға болмас. Оның үстіне Ресей АҚШ пен Франциядағы сайлау процестеріне араласты деген дерек бар.

Путиннің көмекшісі В.Сурков Ресейдің геосаяси жалғыздығы туралы мақала жариялағанда, Ресей бізді де сондай жалғыздыққа итермек екенін ескерттім. Осы мақаладан кейін Қазақстан қауіптенуі керек еді. Өйткені Ресей «менімен бірге болмасаң, маған қарсысың» деген саясат ұстанады. Қазақстанның кейбір әрекеттеріне шүйлігетіні содан.

2014 жылға дейін Ресей көп дүниеге көз жұма қараса, қазір олай емес, бірден ашу шақырып шамданады. Каспийдегі порттарға ғана емес, Қазақстанның латын қарпіне көшуіне де жағымсыз реакция танытты. Ресей сарапшылары «Қазақстан Ресейден іргесін аулақ сала бастады, орыс әлемінен ажырады» дегендей пікір айтты. Қазақстан қай уақыттан бері орыс әлемінің бөлігі болыпты? Әрі-беріден кейін латын қарпіне көшу – ішкі ісіміз.

Тоқетері, сыртқы саясаттағы ахуал ары қарай асқына береді. Қазақстанның көпвекторлы саясаты алдымен Ресейді, кейінірек Қытайдың көңілінен шықпай қалады. Алайда бізде көпвекторлық саясатқа балама жоқ. Бұл – сыртқы саясатта жеткен жетістік, өзін-өзі ақтаған саясат.

Сарапшы ретінде сыртқы саясаттағы геосаяси қателікті айтпай кетуге болмас. Ол – Қазақстанның Еуразия экономика одағы, Ұжымдық келісімшарт ұйымына мүше болғаны. Бұл ұйымдар бізге әлі көресіні көрсетеді. Әсіресе Украина оқиғасынан кейін Ресей Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымын геосаяси мақсаттарына пайдалана бастады. Н.Бордюжа осы ұйымның бас хатшысы болғанда ұйым мүшелері НАТО-ға қарсы шығып, Ресейді қолдасын деген мәлімдеме айтты. Ал бұл Қазақстанның сыртқы саясатына қайшы. Кейін Қазақстан мен Қырғызстан Сирияға әскер жіберсін деген ұсыныс көтерілді. Қысқасы, Ресей осы ұйымға кіруді Кремльге адалдық деп ұғатындай. Бұл аздай, Еуразия экономика одағы мүшелеріне де Ресейдің Батысқа салған санкцияларына неге қосылмайсыңдар деп жатып келіп ренжіп кінә артады.  Бұл біздің соғыс емес, оның үстіне Еуроодақ – еліміздің басты сауда әріптесі. Былайша айтқанда, біз Ресей тап болған геосаяси ахуалдың тұтқынымыз. Содан зардап шегіп отырмыз. Бірақ неге Ресей тағдырын бөлісуіміз керек? Неге бірге жауапкершілік арқалауымыз керек? Біздің бұған мүлде қатысымыз жоқ. Оның үстіне бұл  саяси, экономикалық, имидж тұрғысынан мүлде тиімсіз. Қайта, керісінше, бұдан пайда табайық. Өйткені посткеңестік кеңістікке қызығушылық танытқан инвесторлар қазір не Қазақстанға, не Өзбекстанға ақша салмақ. Сондықтан санкциялық соғыстан аулақ жүрейік.

– Ел жетекшілігінің бұл шатаққа араласпай, Ресейге «жоқ» деуге саяси ерік-жігері жете ме? 

– Қазіргі жетекшіліктің ерік-жігері бұған жетеді. Қанша дегенмен мемлекет басшысын Путин құрметтейді. Алайда оның орнын басатын басшыны Путин тең әріптес деп қабылдайтынына күмәнім бар. Оның үстіне Ресей де, Қытай да қазіргі басшы кеткен соң, осындағы өздерінің лоббистік топтарына қолдау көрсетеді.

– Қолдау көрсету түгіл, осындағы процестерге ашық араласуы мүмкін ғой…

– Әбден мүмкін. Ресейдің де, Қытайдың да бұл бағытта тәжірибесі бар. Алдымен экономикалық салаға кіреді, артынша идеологияға араласады.

– Әңгіменің соңында бізді алдағы уақытта не күтіп тұрғанына тоқтала кетсеңіз.

– Бізді барлық салада қиындықтар күтіп тұр. Ең алдымен экономикалық сегменттегі қиындықты айтар едім, өйткені экономика бәсекеге қабілетті емес.  Билік ауысатындықтан, саяси сегмент те қиындыққа ұрынады. Посткеңестік кеңістікте текетірес өсе бермек, сондықтан сыртқы саясатты да біраз сынақ күтіп тұр. Назарбаевтан кейін билікке келетін адам осы қиындықтың бәрімен бетпе-бет келмек. Бір жағынан, оған жаным ашиды, себебі беделі аз, мүмкіндігі шектеулі бола тұра, оны шешуге тура келеді.

– Ашық әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

zhasalash.kz

Related Articles

  • Тарихыңды тани біл (яғыни Абақ Керейдің 12 руының ноқтағасы Ителі руы жайында)

    Байахмет Жұмабайұлы Тарих – әсте кешегіні аңсау емес, керісінше еске алу. Яғыни бабалар ізіне үңілу, бүгінгі бейбіт елдің кешегі тарихына көз жүгірту. Ендеше мынау бейбіт заман өткенімізге орай жаратып бергін абзалдылығына шынайы рахымет айтамыз. Біз ұлттар ара, рулар ара берекеге мән бере отырып, Қазақ тарихының ұсақ деталы болған рулық шежірені зерттеп анықтау, осы арқылы, ұлт, отан тіпті дүние тарихына өз есемізді қосу деген мақсатты алдыға ұстаймыз. Айырықша ескертеріміз: «зерттеуіміздің жеткен жері осы» дегендік емес, бұлар тек көзқарас. Әр дәуірдегі жазылым, айтылымдардан алған дәлелдер ғана. Енді бір рудан озу, биіктеу деген ойдан аулақпыз. Әрбір ру өзінің тарихына осылайша үңілер болса, мүмкін, ұлт тарихының негізі қаланар дегенді ескере кетпекпіз. Материялдық деректер Кеңесті

  • Құдіретті Керей хандығы

      Керей хандығы – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын орта ғасырлық феодалдық мемлекет Хандық территориясы ежелгі ғұндар мен көк түріктерінің атақонысы Орталық Моңғолияда болды. Шығыста татарлар тайпалық одағы мен қамағ моңғолдармен, батыста Найман хандығымен, оңтүстікте Таңғыт мемлекетімен, солтүстігінде меркіттермен шектесіп жатты. Хандық құрамындағы ру- тайпалар кейін келе қазақ халқының бір бөлігін құрады, олар Орта жүздің керей тайпасы, арғынның тобықты руы, Ұлы жүздің албан тайпасы, кіші жүздің керейт тайпасы осы хандықтағы ру тайпалар болды. Керейлердің арғы тегі Керей тайпалық одағының шығу тегі көбінде сәнбейлерге барып тіреледі, көне сәнбей молаларындағы сүйектерге жасалған зерттеулерде мұны растайды. Дегенмен осы тайпалық одаққа ғұнның сарқыншақтарымен деңлеңдердіңде қатысы бар екенін айта кету керек. Ежелге мекені Байқал

  • Мұхтар Мағауин. “Аңыз адам” журналына сұхбат 

      – Әмірхан, көпке мағлұм, өзің де білесің, мен сұхбат бергенді жақсы көрмеймін, өйткені өзім жазатын адаммын. Екіншіден, сұхбат алған адамдар сөзді бұрмалап жібереді. 1990 жылы Совет өкіметі құламай тұрып, Мәскеуден жаңадан шығып жатқан орыс газетінің тілшісі арнайы келіп сұхбат алды, бірақ сөзімнің бәрін басқаша бұрмалап жіберіпті, сонан кейін ешқайда «сұхбат бермеймін» деп шештім. Қазақтардан да сұхбат алғандар, менің әңгімемді тыңдағандар басқашалап жатады. Бұдан соң, жиырма бес жылдың ішінде екі-үш рет қана сұхбат беріппін. Саған көңілім түсіп отырғаны – қазаққа пайдалы, әрі танымал басылымға қызметке келіпсің, жақсы көретін, білгір інімсің, меселдең қайтпасын дедім. Оның үстіне, маған көрсетуге «Аңыз адам» журналының бірнеше санын әкеліпсің: Шыңғыс хан, Абылай хан, Абай, Шоқан, Әлихан

  • Шарқи Түркістаншыл мен Чин Түркістаншыл арасындағы қақтығыс

    1947-1948 жылдың өрара кезеңінде Үрімжідегі қазақ игі-жақсылары мен зиялылары, саясаткерлері өлкелік үкіметтің төраға, хатшыларымен бірлесіп Үрімжі қаласына қарасты Қаратау (қытайша 南山) баурайында Наурыз мерекесін тойлап шағын құрылтай жиналысын өткізеді. Наурыз мерекесіне тігілген оншақты кигіз үйдің және өлкелік үкімет төрағалары мен әскери адамдардың (қазақ әскері де бар) суретін анық көре аласыз. 1947-1948 жылдары Шарқи Түркістаншыл күштер мен Чин Түркістаншыл күштер арасындағы қырғиқабақ қақтығыс қатты ушығып тұрған кез еді. 1946-1947-1948 жылдары Манас, Құтыби, Бөкен (Фукаң), Жемсары, Шонжы, Мори аудандарынан қазақ әскері жасақталып Манас өзенінің күнбатыс бетіндегі Шарқи Түркістан әскеріне арнайы қарулы қорғанысқа өткен кезең еді. Сонымен Манасты шекара еткен Шарқи Түркістаншыл күштер мен Чин Түркістаншыл күштер болып екі жаққа бөлінген қазақтардың саяси

  • Қарақалпақтар жаппай қазақ боп жазылып жатыр

    Өзбекстан Республикасының құрамына кіретін Қарақалпақстан азаматтары жаппай қазақ болып жазылып жатыр. Бұл туралы  IWPR басылымының тілшісі Ольга БОРИСОВА хабарлайды.. Жуырда Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласында біздің тілмен айтқанда ХҚО сияқты мекеменің басшысы тұтқындалған. Ол пара алып адамдардың ұлтын өзгертіп отырыпты. Яғни қарақалпақтарды қазаққа айналдырған. Жергілікті полицияның айтуынша, соңғы кездері осындай қылмыстар көптен тіркелуде. Демография және миграция агенттігінің ақпаратына сүйенсек 1991 жылдан бері Қарақалпақстаннан Қазақстанға 100 мың адам көшіп кеткен. Халықаралық Аралды құтқару қорының мәліметінше соңғы жеті жылдың ішінде 250 мың адам Қазақстанға қоныс аударған екен. 1 млн 842 мың халқы бар Қарақалпақстан үшін бұл үлкен көрсеткіш. Сондай-ақ, қазір ол жерге өзбектер санының артып келе жатқанын да ескеру қажет. 2018 жылғы статистикаға сүйенсек

1 пікір

  1. Ghaliy Baysimaq

    Nour Soultan’nan keyingi Qazaqstan bayandi bolsa eken dep tileymiz barimiz. Biraq, ar túrli boljamdar aytiliwda. Biri aldaghi on jill krizis qiyinshiliq boladi dese endi biri klanaraliq teketiressiz biylik beybit túrde almasa almaydi deude. Ekeuinign qaysi orin alatinin aldaghi waqitta córe jatatin bolarmiz. Boul degen sóz bizdign respublika osi rejimdi saqtau arqili dyktatorliq jolmen kete bere me? Joq alde alemnign ózge elderi sekildi haliqtiq nemleket qouriwgha jan talasa ma?! degen sawal cóti mazalaw ústinde. Eki jolda bizge ognaygha soqpasi aniq. Qay jol buyiradi ol haqtign isi bolmaq. Alemnign cóptegen memleketterinde sayasey awis-tuyis orin aliwda. Irgeles Postsovettik aymaqta san túrli tônkerister bolip ótti. Córshiles Qirghizstan men Túrkmenstan. Batista Ukraina Syria. Africa elderi qanshama revolútsiani bastan keshiriwde. Livia Sudan Egypt armen qaray Latin Americasinda Venesuela bar. Bizde bounday jaqday orin almay jatqani birinshiden Qazaq oultinign sayasey cózqarasi salmaqti sayasatti túbinen córe biletin danishpandighinda jatir. Ekinshi jaqday respublicada haliq saninign onsha cóp bolmawinda. Nebari on bes million keyingi jildari ghana úsh milliongha óstik.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: