|  |  | 

Мәдениет Руханият

Ителмендер ата-баба қонысында өздерін өгей сезінеді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Камчаткада шенеуніктер жергілікті ителмендер қауымынан аймақтың ең басты көрнекті орны – ашық аспан астында орналасқан “Пимчах” музейі тұрған жер телімін босатуды талап етті. Мұндай шешімге жерді жалға алу мерзімінің аяқталуы себеп болған. Қауым өкілдері атамекенінде жерді тегін пайдалана алмайтындарына қапалы.

“ҚАТТЫ ҚИНАЛЫП, ҚАПАЛАНЫП ЖҮРМІЗ”

Сосновка ауылы Камчатка түбегінің оңтүстік-шығысындағы Елизовский ауданында орналасқан. Сосновкадан алты шақырым жерде, ашық аспан астында “Пимчах” музейі бар. Түбектің байырғы халқы – ителмендер Острая тауы маңын киелі жер санайды.

Ителмендер қауымының басшысы Вера Ковейник (ортада сөйлеп тұр).

Ителмендер қауымының басшысы Вера Ковейник (ортада сөйлеп тұр).

 

- Биліктің қарым-қатынасы таң қалдырады. Мұндай дүниені алғаш біз жасағанбыз. Музейді 1998 жылы сала бастадық, 2000 жылдардың басында ашылды. Бәрін өзіміз істедік, ешкім көмектескен жоқ. Ителмендер қауымы бірлесіп патша дәуіріндегідей ауыл тұрғыздық. Енді соның бәрін талқандаса өте өкінішті болмақ, – дейді ителмендер қауымының басшысы Вера Ковейник.

“Пимчах” сөзі “от” деген мағына береді. Белсенділер Камчатканы зерттеуші Степан Крашенниковтың жұмысы бойынша ортағасырлық ителмен ауылын қалпына келтірген. Ауылдан ителмендердің дәстүрлі құрылыстарын көруге болады, мысалы, ағаштан жасалған күрке тәрізді ителмендердің жазғы тұрағы бар, оны өз тілдерінде “балаган” немесе “барбор” деп атайды. Ителмендер қыста бөренеден соғылған жер үйлерде тұрған. Музей-ауылда от жағатын орын мен Солтүстік Камчатканың ежелгі құдайларының пұттары тұрған тотемдік төбешік бар.

Ителмендердің жазғы тұрағы - балаган. "Пимчах", Камчатка, Ресей.

Ителмендердің жазғы тұрағы – балаган. “Пимчах”, Камчатка, Ресей.

 

Ковейник пен оның қауымы соңғы жиырма жылдан бері жергілікті биліктен жалға алып келген бұл жерде көптеген этникалық экскурсиялар мен балалардың гастрономиялық фестивальдері өтеді.

Жыл сайын қыркүйекте “Пимчахта” камчадалдардың басты этникалық мейрамы – “Алхалалалай” деп аталатын егін мерекесін тойлайды. “Пимчахта” бұл мейрам 20 жылдан бері тойланып келеді. Қауым мен келген қонақтар аулаған балығы мен аңшылықта қанжығасын майлағаны үшін құдайларға алғыс айтады.

"Алхалалалай" мерекесі. "Пимчах", Камчатка, Ресей.

“Алхалалалай” мерекесі. “Пимчах”, Камчатка, Ресей.

Музейде ауланған балықты, теңіз аңдарын өңдеуге байланысты байқаулар, халық әндері мен өнер түрлерінен дәстүрлі жарыстар өтеді. Мереке этникалық би марафонымен аяқталады. 2016 жылы марафон 16 сағат 35 минутқа созылып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Ол кезде мерекеге 5 мыңға жуық қонақ келді, Сібір мен Қиыр Шығыстан 300-ден астам өнерпаз қатысты.

Бірнеше күн бұрын өлке әкімшілігі шенеуніктері жерді жалға алу мерзімі біткенін хабарлап, қауымға жер телімін босату керектігін ескерткен.

Жерді өткізген соң бәрін трактормен тегістеу керек. Өз жері мен өзенінде отырып, көз жасын бұлаған аборигеннің кейпін кидік.

- Осы жылдар бойы балаларға арнап мейрам ұйымдастырдым, бизнес жасаған жоқпын, мәдениетке үлес қостым. Жалға алу мерзімі біткенде оны қайта созбайтындарына сене алмадық. Заң өзгерді дей ме… Бір аптадан бері елеңдеп отырмыз. Құрылыс көп салынып жатыр. Шенеунік әйелдің айтуынша, әкімшіліктегі біреу демалыстан шыққан бетте жерді өткізуіміз керек екен. Жерді өткізген соң бәрін трактормен тегістеу керек. Өз жері мен өзенінде отырып, көз жасын бұлаған аборигеннің кейпін кидік. Қазір қатты қиналып, қапаланып жүрміз, – дейді Вера Ковейник.

Оттың қасында билеп тұрған адам. "Пимчах", Камчатка.

Оттың қасында билеп тұрған адам. “Пимчах”, Камчатка.

Жақында “Пимчахқа” Швейцариядан қонақтар келеді деп жоспарланған еді, енді олардың сапары белгісіз жағдайда қалды. Вера Ковейник Камчатка өлшемімен алғанда шағын саналатын 1,7 гектар жер телімінің билікке неліктен қажет бола қалғанын түсінбейді. Қажет болса ол сотқа жүгінуге әзір.

Бізге адамдар рухани азық іздеп: желдің сыбдырын, өзеннің сылдырын тыңдауға келеді.

- Бізге осы жерді берсе дейміз. Бірақ ол әзірге арман ғана, өзіңіз көргендей, жалға алып отырмыз. Оны әр бес-он жыл сайын жалдау мерзімін ұзартуға тура келеді. Музейді бекерден бекер далада, ашық аспан астында жасаған жоқпыз, оның бәрі рухани қажеттілік. Жұрттың бәрі бизнеспен айналыса бермейді ғой! Бізге адамдар рухани азық іздеп: желдің сыбдырын, өзеннің сылдырын тыңдауға келеді. Күректеп ақша табуды ғана ойлай бермей, осындай нәрсеге де көңіл бөлу керек қой! – дейді Ковейник.

Ашық аспан астындағы музейді расымен де бизнес көзі деп атау қиын. “Пимчах” – қоғамдық ұйым, жыл бойы жүргізетін экскурсиядан пайда табады, шолу экскурсиясы – 500 рубль, толық танысу – 1000 рубль. 12 жасқа дейінгі балалар тегін кіреді. Музейге еріктілерді шақырады, олар шаруашылыққа көмектесіп, біршама уақыт осы ауылда тұрады, экскурсияға қатысады. Сосновкаға жету қиын емес, ауыл Петропавловск-Камчатскийден көлікпен жүргенде 40 минуттық жерде орналасқан.

Ителмендер мерекесі кезінде. "Пимчах," Камчатка.

Ителмендер мерекесі кезінде. “Пимчах,” Камчатка.

Осы аптада ителмендер өлке әкімшілігімен кездеспекші. Шенеуніктер “мәселені шешуге” уәде берді, бірақ Вера Ковейник олардың сөзіне илана қоймайды.

- Билік өкілдерінен не күту керектігін білмеймін. Қалай бұлтарар екен, көреміз. Губернатор бұл жайында ештеңе білмейді. Жалға алу ақшасын төлейтін уақыт келгенде дереу қағаз жібереді. Ал қазір үнсіз қалып, әбден тақаған кезде ғана айтып отыр. “Аукционға қатысқан жоқсыңдар, сондықтан жалға алу мерзімі аяқталды” деп қағаз жіберіпті. Біз аукционнан ешқашан ұта алмаймыз, себебі бизнесмен емеспіз. Демек, өз жерімізді сатып алуымыз керек екен, – дейді Вера Ковейник.​“БІЗДІ АДАМ ҚҰРЛЫ КӨРМЕЙДІ”

Ителмендер Камчатка мен Магадан облысы аумағын мекендейді. Халықтың негізгі тұрғын мекені – Тигильский ауданындағы Ковран ауылы, бұл жерде мобильді байланыс жоқ, мұнда тұратын 200 шақты адам балық аулап, аңшылықпен айналысады. Ковранға тікұшақ немесе жол талғамайтын көлікпен жетуге болады.

- Қазір ителмендердің саны өте аз. Соңғы санақ бойынша шамамен 3000-ға жуық, қазір одан да азайған болар. Олар тілдерін сақтап, дамытқысы келеді. Бірақ арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ, өз беттерімен жанталасып жүр. Мемлекеттен қаржы бөлінуі керек. Бұрын совет кезеңінде коряктар да, ителмендер де, эвендер де балабақшадан бастап ана тілдерін оқитын. Оқу мекемелерінде осы тілдерді оқытатын мұғалімдерге сағат бөлетін. Қазір мектептерде аптасына бір сағат қана бөледі, мұғалім жарты мөлшерлемемен істейді. Бұл нені білдіреді? Мектепте тіл оқытылмайды. Мемлекеттің қолдауы болмаса, бәрі бекер, – дейді өлкенің заң шығару жиынының депутаты Татьяна Романова.

Ителмендер дәстүрлі биі. "Пимчах", Камчатка.

Ителмендер дәстүрлі биі. “Пимчах”, Камчатка.

Солтүстік Камчатка өлкесінің байырғы және саны аз халықтарының бірлестігін басқаратын Татьяна Романованың айтуынша, эвендер, чукчалар, алеуттер мен камчадалдар да ителмендер тәрізді қиындықты бастан өткеріп жатыр: халықтың саны азайған, мәдениетті сақтауға энтузиасттар ғана ықпал етеді. Түбектің солтүстік бөлігінде бірлігін бұзбай тұрып жатқан коряктардың саны біркелкі болып тұр.

Қазір бұл этникалық үлкен мейрамдар өтетін жалғыз орын. Бұдан басқа ештеңе қалмады.

- Олар алыс түкпірде тұрады, сондықтан өз орталарынан алшақтамайды. Ал “Пимчах” – Камчатканың бетке ұстар орны. Қазір бұл этникалық үлкен мейрамдар өтетін жалғыз орын. Бұдан басқа ештеңе қалмады. Байырғы халықтар мен тұрғындар елеусіз қалды. Егер “Пимчахты” тартып алса – үлкен қателік болмақ. Өз жерімізде өгей болып тұрмыз. Қаласа, тартып алады, – дейді Татьяна Романова.

Ресми дерек бойынша, Камчаткада 10 этникалық ауыл бар, олар негізінен отбасылық туристік сапарларға арналған. 2018 жылы Елизовский ауданында “Хальч” атты шанаға жегетін иттерді өсіретін орын (питомник) ашылған.

- Ит өсіруді қалпына келтіру мақсатында ашылған орталық бар. Сосын “Пимчах” қалды. Бірақ байырғы тұрғындарға жер алу өте қиын. Мысалы, Олег Запороцкий (ителмендер ассоциациясының төрағасы – Азаттық) ителмендер дәстүріне сай мейрам өткізу үшін жер рәсімдеуге тырысты. Бірақ қанша тырысса да болмай жатыр. Жерді тұтастай бере салатындай істеуге бола ма? Кім бере қойсын? Тіпті айтқым келмейді, өте аянышты жайт.

Татьяна Романова “Пимчахты” қалдыру үшін қолдан келгенше аянбайтынын айтады.

- Бұл мәселені шеше аламыз деп ойлаймын. Өзім бұл туралы жұма күні кешке ғана білдім. Әрине, жағымсыз жағдай… Шенеуніктер қалай болса солай, дөрекі, енжар әрекет жасағанда осылай болады. “Кетіңдер” деген не сөз? Ондай шенеуніктердің өздерін қуу керек. Халық үшін жұмыс істеп, сол үшін жалақы алып отырсыңдар. Олай болса, адамдармен дұрыстап жұмыс істеңдер. Олар “жерді босатыңдар, ол енді сендерге тиесілі емес” дейді. Бұған қалай төзуге болады?

“Сибирь.Реалий” сайтының тілшісі Игорь Чигарскихтің материалы орысшадан аударылды.

Related Articles

  • Оспан батырдың ертоқымы елге жетпей жатыр

    Осыдан 63 жыл бұрын, Оспан батырды соңғы оғы таусылғанша  осы ертоқымға жастанып өз қызы қорғады, батыр апамыздан мұра боп қалған ертоқымды ұрпақтары елге оралтуды ойлайды.     Ерлік рухтың , батырлықтың куәсі болған мұраны орталық мұражайға аман жетуіне тілектес Алаш жұрты осы іске қол үшін беруді сұрайды! kerey.kz

  • Марал ишан Құрманұлы.

    Керей руының Тарышы тайпасына жататын Ақсары атасының Нұрымбет әулетіне жатады. Бұл елдің атақонысы осы күнгі Ресейдің Қорған облысы, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы. Біз әңгіме еткелі отырған Марал Құрманұлы жөнінде революцияға дейін де, одан кейін де, біздің заманымызда да біршама кітап, газет-журнал беттерінде мақалалары шықты. Бабамызға байланысты материалдарды энциклопедия беттерінен де табуға болады. Марал ишан сол қозғалыстың рухани көсемі болған адам. Қазақ қоғамының осы тұста дағдарысқа ұшыраған ұлттық рухын көтеруге діннің ықпалын пайдалануға тырысқан Марал бабаның азаматтық ерлігін ұмытуға болмайды. Ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлы бес уақыт намазын қалдырмаған, әрі батыр, әрі діндар адам болыпты. Оның ерекше бір қасиеті – адам емдейтін тәуіп екен. Абылайдың батырларының бірі,

  • Абайдың Мәшһүр Жүсіпке қойған сұрағы

    Тобықтының еліне сапарлап шыққан Мәшһүр Жүсіп бірер кісімен ақынның үйіне кіріп келгенде Абай оған әлденеше тосын сауал қойып: – Ақымақ басқа адырайып көз бітеді, дуалы ауызға сылдырлаған сөз бітеді. Келбетсіз емес екенсің. Айтшы, құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда? – депті. Сонда Мәшһүр іркілместен: – Абайдың құдайы қайда екенін білмеймін. Менің құдайым, міне, жүрегімде тұр. Жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ, – деген екен. Абай сонда: «Мәшһүрім, десе дегендей екенсің, төрге шық» – деп құрмет көрсетіпті. *** Ақ неке Ұрпақ! Перзент! Жан біткеннің көкірегін әп-сәтте ізгі сезімге, мақтанышқа, қуанышқа толтыратын қайран жалғыз ауыз қасиетті сөз! Сенің атың да, затың да мәңгілік.

  • ҚАЗАҚТЫҢ АДАМТАНУ ІЛІМІ

    Әрбір халықтың табиғи жаратылысында өзін басқалардан ерекшелеп тұратын кемел қасиеті болады. Айталық, ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» атты еңбегінде, қазақ жаратылысы өте таза халық, оның сана-сезімі мен сұңғылалығы біреу салып берген тар шеңберге сыймайды десе, ХІХ ғасырда өмір сүрген поляк зерттеушісі А.Янушкеевич күнделігінде, «қазақтардың ақыл-ой қабілеті мен сұңғылалығына еріксіз таңырқай, таңданбасқа басқа амал жоқ» деп халқымыздың басқалардан артық кемел қасиеті жайлы тамсана жазады. Демек, халықтың басқа жұрттан ерекшелігі – оның сұңғылалығы екен. Бірде атақты Қаз дауысты Қазыбек би таң бозымен жылқы үйірін шолып келе жатып, беткейде ерін жастанып ұйықтап жатқан жиені Жәнібек батырды көріп: «Еліңді ел етерсің, Ежелгі жерге жетерсің, Екі бөрің тұрғанда, Екеленбей не

  • Ясин Құмарұлы: Ежелгі Түркі тайпаларындағы төтемдік аң – құстардың аңыздық негіздері

    Анотация  Мақалада грифон, көкбөрі (Құсбөрі) тәңір ұғымдары мен атаулары төңірегіндегі сондай-ақ Сақ, Ғұн, Үйсін, Түркілердің бөрі төтемділігі және аттарының да бөріге байланыстылығы зерттеледі. Грифон және көкбөрі Грифон (griffon) қазірге дейінгі анықтамаға сай жартылай арыстан, жартылай құмай немесе басы, қанаты құс, денесі арыстан аңыздық мақұлық (狮鹫). Біреулер оны жауыздықтың символына баласа енді біреулер ізгіліктің (тіпті Христостың)нышаны деп біледі. «Этимология» атты  еңбекте: «Христос – арыстан, өйткені онда теңдессіз парасат және қүш-қуат бар, Христос әрі құзғын, өйткені ол қайта тірілген соң аспанға көтеріліп, жұмаққа шығады», – деп жазылған. Грифон көбіне грек аңыздарында жолығады. Оның арғы және кейінгі заманғы мәдениет, этнос, т.б. танудағы орны маңызды. Ол қиыр шығыстың айдаһары сияқты бір дәуір мәдениетінің символы. Десе де, грифон грек аңыздарында ғана сақталып қалмастан,  басқа  аймақтарда да  кеңінен  таралғандығы  байқалады.  Әсіресе оның археологиялық дерегі Орталық Азия өңірінен көп байқалады. Байырғы Еламдықтар оны архитектурада кеңінен пайдаланған. Геродоттың «Тарих» атты ұлы еңбегінде griffon  бірнеше  жерде  жолығады,  барлығы  сақтарға  байланысты.  Геродот  және сақтар  жерінде  грифонның  әйгілі  болғандығын  да  жазады.  (IV.79)  Тарихи деректерге,  аңыздарға  негізделгенде  грифон  Украинадан  Орта  Азияға  дейінге скиф даласында болған деп қаралады. Сақтардың грифон әсем өнері туралы: сақ молаларында бар. Берелде, Пазырықта, Есікте, Алагуде, тіпті ғұндардың көші және жойқын жорығымен бірге Қиыр Шығыс жеріне дейін жеткендігі байқалады. Геродоттың  айтуынша,  исседондардың  жоғарғы  жағында  аримаспы,  яғни жалғыз  көзділер  тұрады.  Ал  олар  тұрған  жерде  алтынды  қорып  жатқан  грифон болады  десе,  ол  тағы,  исседондардың  аримаспы  жағынан  ығыстырылып,  одан скифтер исседондар жағынан ығыстырылғандығын жазады [1]. Геродот:  «Бұл  арадан  шалғайдағы  жағдайлар  туралы  мәліметтерді  тек исседондардың айтқандарынан ғана білеміз. Олар жалғыз көзділер мен алтын қорып жатқан грифон туралы әңгімелейді. Скифтер бұл әңгімелерді исседондардан естиді. Одан скифтер оны гректерге жеткізеді. Сонымен біз оларды жалғыз көзділер деп атадық. Скифтер Arimaspi  дейді. «Arima» бір дегенді, «spu» көз дегенді білдіреді», – дейді [2].

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: