|  |  | 

Тұлғалар Қазақ шежіресі

Есбол Күрсарыұлы (1550-1654)

scale_600
Ақсары-Күрсарыдан Күрсары керей болып бөлінетін екі атаның негізін қалаған Есеналы мен Есбол Сібір жұртын билеген хандарға қызмет көрсетіп ел басқару ісіне араласқан және он алтыншы ғасырларда өмір сүрген адамдар. Есеналы мен Есболдың аралары бір мүшел жас еді деп айтады көнекөз қариялар. Заманында Сібір хандарының әскербасы және орданың бас кеңесшісі болған Есеналының тәрбиесінде болған Есбол да ат жалын тартып мініп ержеткеннен кейін ағасының жолын қуып ел билеу істеріне араласты. Сібір хандарының балаларына көкілташ болумен қатар елшілік міндеттерді де, әскери іс-қимылдарды үйлестіруді де мойнына жүктеген Есеналының Есболдың тәрбиесіне ықпалы зор болды. Бір мың бес жүз жетпісінші жылдардың орта шенінде (жылқы жылында) Строгановтардың қаржылай көмегіне және Мәскеу патшасының қолдауына сүйенген орыс воеводасы, әрі казак атаманы Афанасий Лыченицынның жер қайысқан қалың қолына тойтарыс беріп, жер жастандыруға Көшім ханның әскербасыларының бірі, әрі жер жағдайын терең білетін Есеналы көкілташ да ерекше рөл атқарды. Бұл Сібір хандығының Мәскеу патшалығымен алғашқы әскери қақтығысы еді. Осы оқиғаға орай Сібір қазақтарының жадында «Құдайдың Есеналыға отыз жеті мүшелінде берген сыйы» деген аңыз тұжырым қалды. Орта ғасырларда Осман империясының астанасы болған Стамбулда діни және әскери білім алып жеті жылдай оқып келген Есеналы соңынан ерген інісі Есболды да ел басқару істерінде сауатты болуы үшін Орталық Азияның мәдени ордасы Бұқараға оқуға жібереді. Сібір хандығы құлағаннан кейін Есеналы ұрпақтары он жетінші ғасырдың басында Тасатқан, Тебінді өңірлерінен (Омбы облысының Түменмен шектесетін солтүстік батыс аймағы) жылыстап Жәбіке батырдың (Есеналыдан Құдайберді, Құдас, Жебеке туады) бастауымен жазғы жайлаулары болған қырға қарай біржола ойысты.
Есеналы мен Есболдың арғы аталары Керейдің Тарышы атасына жататын Жиенбайұлы Смайыл деген кісі он төртінші ғасырдың бірінші жартыжылдығында Шағатай ұлысынан бөлініп ұлан-ғайыр аймақта жеке хандықтың негізін қалаған Сібірдегі Тайбұға династиясының Ақ ордадан бөлініп өз алдына дербес мемлекет (шамамен 1325-30 жылдары) болуына ат салысқан тарихта болған адам. Аңыз бойынша Тарышы туғанда Бәйбішеден туған ұлдары шеттете беріпті. Бәйбішеден туған ұлдардың шетқақпайлатып жүргенін байқаған әкесі Танаш би (кейбір ауызекі шежіре аңыздарда Танаштың бәйбішесі Айша бике) «Ұрпақтарың тарыдай шашылсын және тарының сабағындағы дәнінен де көп болсын» деп батасын берген деседі көнекөз қариялар. Тарышының ұрпағы Смайылдан солтүстікті мекендеген калың керейдің екі ірі тайпасы Ақсары, Күрсары тарайды. Есипов, Ремезов жылнамаларында Исмаил деген есіммен тарихи құжаттарда хатталып қалған тұлға. Көнекөз қариялардың айтуынша Тарышының зираты Тары өзені мен Ертістің қиылысқан сағасында жатыр. Тарышының бір сілемі Ақсарыдан тараған алты ата – Бает, Ақымбет, Тоқымбет, Еменалы, Нұрымбет, Нұралы. Бұларды «Ақсарының алтауы» дейді шежіреші қариялар. Қазір бұл арада Тарск қаласы орын тепкен. Сол тәрізді Омбы өзені мен Ертістің қиылысқан сағасында «Көшебе шілігі» болған. Бұл да белгілі бір тарихи оқиғаларға қатысты болған сияқты. Шамамен мың алты жүз оныншы жылдары Көшім ханның ұлы Есім сұлтанды Сібірдің ханы етіп жариялағанда Ақсары ұрпақтары Шортан көлінің маңайында өзге қазақ руларымен бірлесіп ерекше еңбек сіңіргені көнекөз тарихтан белгілі.
Сібір хандығының негізгі халқының құрамын түркі тілдес татар, башқұрт-естектер, бұғылдар (воогуулы), қашып-пысқан орыстар мен жергілікті халықтың шатысынан туған шалдондар және мешерлер мен тептерлерден басқа мемлекеттің негізгі тірегі болған орта жүздің арғын, керей-уақ, қыпшақ, кіші арғындары (оларды тоқал арғындар деп те атайды), кіші жүздің жету ру бірлестігі және ұлы жүздің аз ғана бөлігі қаңлылар құрады. Атығай руының ішінде өздерін қаңлымыз деп санайтын аз ғана ата бар. Сібір қазақтарының аңызына сүйенсек Уан ханнан үш ұл туады – Сәмкен, Үкі, Арслан. Хандықтың іргетасын қалаған Үкінің ұрпақтары. Үкіден Мәмек би. Мәмек биден Тайбұға және Тайшық туады. Ұзақ жылдар Сібір жұртын билеген хандардың көбі Тайбұға ұрпақтары. Тайбұғадан кейін оның ұлы Мардан ширек ғасырдан астам хандықтың тізгінін ұстады. Марданнан кейін Омар, Омардан соң Аңғал хан болды. Шағатай мен Жошы ұрпақтарының алауыздығынан Алтын орда мен Ақ орданың арасында билікке алма-кезек талас басталды. Осы кезеңдерде Аңғалдан кейін аз ғана уақыт Тайбұғамен бірге туысатын Тайшықтың ұрпағы Сауысқан билік тізгінін ұстады. Сібір хандығының билігіне Жошының ұрпақтары мейлінше көз алартты. Бұл талас-тартыс Хажытархан хандығында бас уәзір қызметін атқарған Тайбұға ұрпағына жататын Ахметтің ұлы Қасым үш-төрт жылдай хандық таққа ие болған кезде одан әрі өрши түсті. Қасымнан соң Шыңғыс ұрпақтарымен тайталаста Сібір жұртына билік жүргізгендер Жәдігер, Сейдахмет (Сейтек), Бекболат. Хан тағына талас барысында Шыңғыс ханның көкжалдарынан сескенген Бекболат Сібір хандығының биліліг уысынан біржола шыққан осы кезеңде Хажытархан, Қазан хандықтарын құлатып күш ала бастаған Мәскеу патшалығымен тіл табысу және қолдау табу мақсатында өзінің ұлы Сайынды аманатқа берді. Тайбұға әулеттерінің басынан бақ тайып Сібір жұртының билігі Шыңғыс ұрпақтарына ауысқан кезде ұлан-байтақ өлкені атам заманнан бері қоныстанған тайпалардың өз араларындағы берекесі мен ауыз бірліктері кете бастады.
Сібір өлкесіндегі осындай аласапыран оқиғалардың бел ортасында болып, тарихта өзіндік қолтаңбасын қалдырған арғы атамыз бір ғасырдан астам өмір сүріп 104 жасында дүниеден озған заманасының озық ойлы тұлғасы, болашақты болжай білетін кемеңгерлігіне байланысты Еспол-абыз атанған Есбол деген кісіден Күрсары керейдің бір тармағына жататын алты рулы ел тарайды. Осы алты рулы елдің әрбіреуінің тарих толқынында басынан кешкен өзіндік шежіре-аңыздары және Сібірдің орман-тоғайлы ен даласын жайлауына қатыстыбүгінгі күнге дейін байырға атауларымен ұрпақтың жадында қалған ата мекен-қоныстары бар. Есполдан алты ұл – бірінші бәйбішесінен Сақал, Сары (Сарғатбек), Бұрас (Бөрке), Құрман, алтыншы мүшелінен асқанда алған тоқалы ноғайлы жұртының қызы, әйелі Ұмсынайдан Дуадақ, Төбет егіз туады. Осы алтауынан тараған ұрпақтар бүгінде Күрсары-керейдің іргелі тайпаларын құрап отыр. Дәулеті шалқып, Сібір жұртының кемеңгер абызына атанған Есбол атамыздың ең кенжесі Төбет дүниеге келгенде екінші ұлы Сарының (нақты есімі Сарғатбек) өзі жер ортасынан асқан сақа адам екен.
Әлі де болса кәрілікке мойын ұсынбай ат үстінен түспеген әкесінің бойындағы құдайдың берген күш-қуаты мен қайратына тамсанды ма?. Сары атамыз – Мына жасы келген кәрі төбет әкеміздің дуадақтың қоразындай едірейіп қартайған шағында өзге балаларымен қатарласып, немерелерімен қабаттасып жас тоқалына қатарынан егіз бала таптырғанына жол болсын – деп жетпісті еңсеріп, сексеннің сеңгіріне иек артқан әкесіне күлген екен. Сары атамыздың бұл сөзі әкесі Есболдың құлағына жетеді. Сонда әкесі ұлын шақырып алып –Әй! Балам-ай! Маған күлгенің тегін емес шығар! немерелеріммен таласып туған інілеріңнің есімін құдай өзі аузыңа салып тұр екен. Дүниеде ит-құстан көп жанды зат жоқ. Ендеше бұлар да даланың ит-құсы сияқты көбейіп, өрбісін, осыған сай есімдері бірі Дуадақ, бірі Төбет болады. Дуадағым мен Төбетім бір қауым ел болады. Ырыс пен бақ осыларда қалады, артылғаны сенің ұрпағыңа да жетеді. Алтыншы мүшелден асқанда көрген бір қызық дәуренім сенің де басыңа келмесіне кім кепіл – деп өзінің де ізін басып келе жатқан ұлына тиісті жауабын батасымен қайтарған көрінеді. Еспол атамыздың артында – жетпісбайлар қайда жоқ, сексенбайлар тойда көп, тоқсанбайдан пайда жоқ – деген сөз қалыпты деседі. Арада біраз жыл өткен соң әкесінің тілегіне сай бұл жағдай Сарының өзіне қайталанып бәйбішесі Төлке анамыз кырық тоғыз мүшелінде ең кенжесі Шегірек биді туыпты. Шегірек туғаннан кейін пайғамбар жасынан асқан Сары Есболұлы байлық пен биліктен бас тартып дін ісіне бет бұрып, барлық мал-мүлкін Төлке анамыздың ақылымен балаларына қылдай етіп бөліп тақуалық жолға түскен көрінеді. Есбол-абыздың тілегі қабыл болуының белгісіндей алғашқы төрт ұлының ұрпақтары төрт болыс ел болса, Дуадақ-Төбет елі Ұлы Қазан төңкерісі қарсаңында өз алдына төрт болыс ел болды (Алабота, Қойтас, Қызылағаш және Теке болыстары, сонымен қатар бұрынғы «Бес болыс керей» елінің бір болысы). Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Есбол ұрпақтарының өз алдына болыс болып жайылған жерлерінің ауқымды бөлігі Черлак уезін межелеген кезде Омбы облысының қарамағына берілді. Бұл жерлер ауылдарымен қоса қазіргі Полтавка, Есілкөл, Күрті, Любинское, Тюкалинское, Москаленское, Шарбаққкөл, Марияновка, Одесское, Черлакский аудандарының аумағында қалды. өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары орталығы Қызылжар қаласы болған Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі аумағы М.Жұмабаев, Уәлиханов және Ақжар аудандары.
Есболдың кенжесінің бірі Дуадақ жаугершілік замандағы бір жорықтан оралмаған соң артында қалған екі бала Ырысымбет пен Итбақпас әкеден жастай қалады. Итбақпас лақап аты, азан шақырып қойған аты Сәттімбет екен. Бала жасынан ерекше қасиеті болыпты. Қай ауылға барса да шеттен келген бөтен адамға абалап үріп алдынан шығатын ауыл иттері Сәттімбетті көрсе құйрығын бұлғаңдатып, қыңсылап соңынан қалмайтын көрінеді. Баласының осы қасиетін байқаған әкесі – осы балам басқа туыстарындай мал бақпай даланың аң-құсын аулап ит бағып кетер ме екен деген жорамалмен тіл-көзден сақтасын деп ырымдап Сәттімбеттің есімін өзге туыстарына Итбақпас ататқызыпты. Әйелін әмеңгерлік жолмен Төбет алады да, ағасы Дуадақтың балаларын тәрбиесіне алып, ержеткен соң алдарына малын салып жеке отау етіп ата жолымен еншілерін беріп бөлек шығарады. Бұл атаның балалары өз араларында Дуадақ, Төбет болып бөлінгенімен, сыртқы жұрт екеуінің арасын жіктеп бөлмей Дуадақ – Төбет елі дейді. Егіз туған Малай-Бақтыбай сияқты бұрынғы өткен қариялары бір-бірімен жолыққан жағдайда «егізімнің сыңары…» деп амандық сұрасатынын ақсақалдарымыздан еститінбіз және көзіміз де көрді. Төбеттің екінші әйелінен үш қыз және екі ұл Асан мен Үсен туады, әмеңгерлік жолмен алған жеңгесі, әрі бәйбіше санатындағы Ұлжалғастан Өтебай мен Бәйімбет туады. Төрт ұлдың ішіндегі үлкені Өтебай. Аналары бір болғандықтан Дуадақ ұрпақтарының Өтебай мен Бәйімбет балаларына етене араласып тұратыны сондықтан. Кейбір ауыз екі аңыз-деректерде хан Абылай заманында атығай-қарауыл мен керей-уақ руларының елағасы атанған Есболдың немересі «Қызыл көз Бәйімбетті» жүз елу үйір жылқысы болған Төбет байдың алпыстан асқан шағында жастай тоқалдыққа алған үшінші әйелі Нүриядан туды дейді (Омар Сансызбаевтың өткен ғасырдың 20-шы жылдары Әлжаппар қажыдан жазып алған дерегі). «Қызылкөз Бәйімбеттің» бірінші әйелі Сәлмен қожаның қызынан Қарақожа, Биқожа, Байқожа, Қожағұл, екінші әйелінен Көлбай, Елшібай, Тайкелтір, үшінші әйелі қыпшақ Қошқарбай Сағалайұлымен бірге Шалабайдың естектерін шауып келгенде қолға түскен тұтқын қыз Шалабай князі Пахриденнің қызы Мухлисадан өз ағайындарының арасында «Естек» атанып кеткен Есмұхамед туады. Осы жорықта тұтқын болып қолға түскен Пахриденнің тағы бір қызы Мүнираны Қошқарбай батыр алады.
Сібір аймағында өмір сүрген Есбол атамыздың немере-шөберелері Бәйімбет Төбетұлы, Байболат Шегірекұлы, Кегентай Бақтыбайұлы, Бұланбай Әйтімбетұлы бәрі де бір заманда өмір сүріп он жетінші ғасырдың аяғында дүниеге келген адамдар. Бұл шамамен 1690-94 жылдар аралығы. «Қызылкөз Бәйімбет» атамыз сексеннен асқанша ат үстінен түспеген кісі екен. 87 жасында дүниеден өтті дейді. Сүйегі Абылай ханның пәрмені бойынша Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне қазақтың өзге де белгілі адамдарымен қатар қойылған. Яғни Бәйімбет батырдың нақты өмір сүрген уақыты 1692-1779 деп алуға болады. Есбол абыздың жетпістен асқан шағында көрген сүт кенжесі, әрі қара шаңырағының мұрагері Төбет байдың дүниеге келге жылы шамамен 1630 жылдар. Абылайдың заманында Үлкен Қара ой, Кіші Қара ой, Сілеті, Теке және Ебейті (бұрынғы атауы Тұздысор) көлдерінің айналасы мен Есілдің жазиралы аңғарын мекендеген қазақтардың арасында бірнеше Бәйімбет болды. Солардың ішінде қол бастаған көсемдігімен қатар ел арасындағы даулы мәселелерді жөнге келтіретін екі Бәйімбетті ерекше атауға болады. Біреуі Шеруші руына жататын Байтайлақтың Бәйімбеті. Атығай ішінде де Бәйімбет атасы бар. Ол Бәйімбет бұлардан бір ғасырдай бұрын өмір сүрген адам. Сібір хандығына қараған қазақ руларының қазақ хандығының құрамына кіруіне ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлға. Байтайлақтың Бәйімбеті Абақ керей Бердәулеттің Жәнібегіне еріп Ертісті өрлеп, жоңғарлардан босап қалған байырға жерімізден қоныс тебуі үшін аталас ағайындарымен бірге Абылайдың Ақ туын желбіретіп Алтай асып кетті. Екіншісі Төбеттің Бәйімбеті. Ел ішінде дара батырлығымен қоса мәмілегер басшы болуымен де есімі жұрт жадында қалған, жорыққа шығар алдында екі көзі қанталап кететіндіктен өз ағайындарынан бөлек өзге жұрт «Қызыл көз Бәйімбет» деп атап кеткен. Үш жүздің басын құраған хан Абылайдың сыйлы да, сыннан өткен қолбасшы батырларының бірі. Хан ордасына қиындық туған кезеңдерде қыпшақ Қошқарбай батырмен бірге хан Абылайдың қасынан табылып отырған. «Қызыл көз Бәйімбеттің» Қошқарбай батырдан 5-6 жастай үлкен болумен қатар екеуі де сексеннен асқанша ат үстінен түспеген, оған қоса ауыздары дуалы, ел ішіндегі дау-дамайларды шешумен қатар көрші елдермен елшілік қарым-қатынастарға араласқан кісілер еді дейді.
Хан Абылайдың қазақ-жоңғар тайталасынан бөлек ел ішінде басынан өткерген даулы мәселелерінің бірі Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболатпен арадағы шиеленіс. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша хан Абылайдың Бекболатты әкесі Қаз дауысты Қазыбектен қалған мұра ретінде бүтіндей орта жүздің бас биі деп танымауы. Сүйегі найман руына жататын Ботақанның өлімі сыныққа сылтау ғана. Бұл жерде бес Мейрамның қолын жинап хан ордасын шабуға аттанған Бекболаттың қосынына Айдабол-Қаржастың беделді адамдарын қосып, есерленіп, екіленген топқа басу айту үшін тапсырған Бұқар жырау бабамыздың да еңбегі ерекше. Осыдан аз ғана уақыт бұрын рулық, тайпалық жікке бөлініп, билік үшін хан тағына таласып өз ордаларын шапқандықтан береке-бірлігі кеткен, одан әріректе Ресей мен Қытай сияқты алып елдерді әскери күш-қуатымен де, сұсымен сескендірген Жоңғарияның мемлекет ретінде дерліктей тарих сахнасынан жойылған қатыгез тағдыры өз заманының дара тұлғасы болып туған кемеңгер бабамызға аян еді. Бұдан бір ғасыр бұрын Еңсегей бойлы ер Есімге опасыздық жасап (ол ойраттарға қарсы жорықта жүргенде) билікке таласқан Тұрсын ханның соңына ерген қазақтың Қатаған руының Есім ханның қаһарына ұшырап мүлде аты өшкені елдің әлі жадынан шыға қоймаған болатын. Бұл арада даламыздың данышпан тұлғасы Бұқар бабамыздың біршама ел болып қалыптасқан Қаракесек елінің бір адамның амбициясына бола ханның қаһарына ұшырап жойылып кету қаупінен сақтап қалудағы тарихи рөлі зор. Оған қоса Бекболаттың қосынымен бірге еріп келіп жол бойы тоқтау айтқан Айдабол-Қаржас, Күлік руларының беделді азаматтарының да еңбектері ересен.
Ғасырлар бойы көрші отырып өмірлері алма-кезек соғыспен өткен қазақ-жоңғар тайталасы аяқталғанымен қазақ жеріне көз алартқан дұшпандар әлі де баршылық еді. Жоңғар мемлекетінің қалайша күйрегеніне куә болған қазақ даласының ұлы тұлғалары мен батырлары ат төбеліндей наразы топқа өздері үш жүздің ханы етіп сайлаған Абылайдың ордасын шапқызып қойып, қол қусырып отырғаны келешек ұрпақ алдындағы қара таңба болатыны тарихи шындық еді. Сол себептен екіленіп Сарыарқа жерінен аттанған Бекболаттың шашбауын көтерушілерге тосқауыл болуға Арқаның әр бұрышынан сарбаздар жиналды. Бұл жолы әрдайым хан Абылайдың ордасынан табылатын Балта керей Тұрсынбайдан хабар жеткен бойда керей-уақ, атығай-қарауыл елінің батырлары мен сардарлары бастаған жеті мың қолға басшылық жасап «Қызыл көз Бәйімбет батыр» бірнеше батырларымен Имантауда жолдарын тосып жатты. Артынан Құрымбел даласынан жайлаған екі мыңдай сарбазымен құлан қыпшақ елінен Қошқарбай Сағалайұлы да жетті. Екі ғасырға созылған қазақ-жоңғар соғысынан титығы қалмаған қазақтардың өзара қырқысуын қаламаған дана Абылай Бәйімбет пен Қошқарбай батырларға келе жатқан топтың жолына бөгет болмауы үшін сарбаздарын әрі әкетіп қырға қарай Сарыадыр жаққа бұруға жарлық берді. Хан Абылайдың ақылымен және ру басыларының араласуымен бітімге келген екі жақ та қан төгіспей тарасқаны тарихтан белгілі. Осындай қысылтаяң кезеңде хан ордасына адалдық танытқаны үшін хан Абылай керей Бәйімбет батыр мен қыпшақ Қошқарбай батырға орданың төрінен орын берді. Бәйімбет батыр 87 жасында дүниеден өткенде Абылай ханның жарлығы бойынша батырдың денесі қазақтың белгілі тарихи тұлғалары жатқан Қожа Ахмет Яссауи кешеніне жерленді. Бұл шамамен 1779 жыл. Қазақтың үш жүзін ақыл-парасатымен билеген әз-Тәукенің жылын өткізгенде Қожаберген жыраудың айналасына жиналған салтанатты шеруімен бірге солтүстік өлкеден Байболат Шегірекұлы, Бәйімбет Төбетұлы, Бұланбай Әйтімбетұлы, Кегентай Бақтыбайұлы және қыпшақтан Қошқарбай Сағалайұлы мен Түгел би (әрі батыр, әрі би болған кісі) және тағы басқа ел ағалары қатысқан. Сол кезде бұл батырлардың жасы отызды алқымдаған ел ағалары қатарындағы адамдар болып еді деседі халық жадындағы шежіре-аңыздар.
Бәйімбет батырмен бір кезеңде өмір сүрген Қошқарбай Сағалайұлы да қазақ елі мен жерін қорғауда айрықша көзге түскен қолбасшылардың бірі. 18 ғасырда Қошқарбайдың елі Құрымбел даласы мен Олжай көлінің төңірегін мекендеді. Олжай батыр Қошқарбайдың арғы атасы, Көшім ханның екінші ұлы Есім сұлтанның қолбасшыларының бірі. 17 ғасырда өмір сүрген адам. Сібір қазақтарының арасында Қошқарбай батырға қатысты аңыз-әңгімелер көп тараған. Сондай қиялға бергісіз аңыз-оқиғалардың бірі – Сібір өлкесіне орыстар қоныстана бастаған заманда болған. Сол кезде губернияның орталығы Тобыл қаласынан сырттан келіп қоныстанушыларға жайлы жер бөліп беру үшін патшаның өкілдері ел аралайды. Олардың назарлары бірден Қошқарбай батырдың ауылдары жайлап отырған Олжай көлінің айналасына түседі. Көлдің аумағын заңды жолмен және Қошқарбай батырдың келісімі бойынша иелену үшін алдын-ала батырға хабар да жіберіледі және бірнеше мәрте әрқилы ұсыныстар да жасалады. Батыр болса олардың ұсыныстарына екіұшты жауап қайтарумен болады. Қайтсе де орыс ұлықтарының алған беттерінен қайтпайтын білген Қошқарбай батыр олардың келетін жолын тосып көлдің жағасын жайлаған ауылдарымен күтіп отырады. Ел жайлауға толықтай көшіп-қонған мамыр айының аяғы болса керек. Айтулы мезетте жартылай патша Батыс Сібір губернаторының жер өлшейтін өкілі мұздай қаруланған бір топ нөкерлерімен де жетеді. Жолдан шаршап келген бір топ орыс әбден ауқаттанып, әлденіп алған соң Қошқарбай жігіттерін ишара жасайды. Батырдың айтатынын ыммен ұғып кәнігі болып алған жігіттер тез арада бетіне орамал жапқан ыдыс әкеледі. Қымыз бен қазақтың мол дастарханына тәнті болған орыстар бұл тағы да неғылған дәмді тағам деп сілекейлері шұбыра бастайды. Осы кезде Қошқарбай батыр ыдыстағы орамалды алып оның ішіндегі қыбырлаған тышқанның бір үйір қызылшақа балаларын уыстап алып орыстардың көзіне көрсетіп шайнап-шайнап жұтып жібереді де оларға сендер осыдан ауыз тиіңдер деп тышқанның шүпірлеген қызыл шақа балапандарын ыдысымен бірге алдарына тартады. Мынадай жиіркенішті сұмдықты көзі көрген орыстар жүректері айнып орындарынан атып тұрады да жапа тармағай киіз үйдің сыртына атып шығып барлық ішкен-жегендерін далаға ақтарып лақылдатып құса бастайды. Қошқарбайдың түсі сұсты болуымен қатар, бет-әлпетіне бір қараған адамның өзі де алғашқыда жүзінен шошып қаймығады екен. Сояудай алақанына уыстап салып қызыл шақа бәлелерді көздеріне әдейі көрсетіп шайнағанда алдарында құтты бір ертегінің дию-перісі тұрғандай әсер қалдырды ма, сонау жерден ат терлетіп әдейі келген орыстар жұмыстарын бітірмек түгіл жүректері айнып шайлыққаны соншалық, жаңағы нобайы көріністен кейін Қошқарбай батыр отырған киіз үйдің ішіне қайтып кіру өз алдына, осыдан кейін оның қарамағындағы ауылдардың шетін басуға да дәттері бармайтын жағдайға ұшырайтын халге келеді.
- Мына тажал азияттың жері де, көлі де өзімен бірге құрысын! Бұл жерге енді аяқ аттап баспаймыз! Орасан зор аймақты алып жатқан Сібірде осыдан басқа жер құрып қалып па? Бізді бастап ертіп әкелген сен оңбаған! Губернатордың бұйрығымен бірге сен де құры!-деп өздерін осы жерге бастап әкелген өкілді басынан бастап аяғына дейін сыбап, боқтап келген жағына тайып тұрыпты. Осы оқиғадан кейін Олжай көлінің аумағы бір ғасырдай Құлатай қыпшақтар мен Құлан қыпшақтардың жайылымы мен қыстауы болды. Қара ормандай қаптаған орысқа қанша батыр болса да әлі келмейтінін білгендіктен ата-бабасының жерін жатқа бермеу үшін болашақ ұрпағының қамын ойлаған Қошқарбай батыр адам баласының ойына келмейтін осындай айла-тәсілге де барған екен. Қошқарбай батырдың он шақты баласынан тараған ұрпақтары бүгінде республикамыздан бөлек Омбы облысының Русская поляна, Шерлакский аудандарында өмір сүріп жатыр. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбеков, халық арасында анекдоттарымен аты аңызға айналған мемлекет қайраткері, республикамыздың бірнеше облыстарында бірінші хатшы (Ақмола, Қостанай, Қызылорда) болып қызмет атқарған, әрі ұзақ жылдар республиканы бірінші басшысы болған Жұмабай Шаяхметовтің үзеңгілес досы да, інісі де бола білген Сағалбай Жанбаев (Түгел бидің ұрпағы) Құрымбел мен Құлынды даласын жайлаған қыпшақтардың ұрпағы.
Сары (Сарғатбек) өзі өмір сүрген дәуірде Көшім ханның балалары Әли мен Есім сұлтандарға жолбасшылық көрсетіп қалмақтың белді тайпаларының бірі торғауыттармен арадағы шиеленіскен мәселелерді дипломатиялық жолмен шешіп отырғандықтан құба қалмақ елі де оған ризашылығын білдіріп ерекше ықылас танытқан. Отыздан асып кеш үйленген Сарының бірінші әйелі Төлке анамыздан Балта, Қайдауыл, Қонақбай, Шегірек, екінші әйелі Сырға анамыздан Малай, Бақтыбай, Толыбай, Түктібай туады. Толыбай мен Түктібайдан ұрпақ жоқ – олар ат жалын тартып мінген жігіт шағында Әли, Есім (Көшім ханның балалары) сұлтанның жасағына қосылып екеуі де жүзбасы болған. «Аманқарағай соғысында» қазалы болыпты. Төлке анамыздан туған ұлдар сонау патша заманында «Төлке күрсары керей» болысы атанды. Қарағұл тайшының төртінші ұлы Ерден Батырдан жеті жас кіші Төлке Қарағұлқызы мың бес жүз тоқсан екінші жылдары дүниеге келіп жетпіс сегіз жасында қайтыс болған деседі ауызекі шежіре деректер. Осы деректерге сүйенсек Төлкенің сүт кенжесі Шегірек би шамамен мың алты жүз қырық бірінші жылы туған болып шығады. Сарының екінші әйелі Сырғадан егіз туған Малай – Бақтыбай елі де өз алдына жеке болыс болды. Сол заманда Төлке анамыздың болысын сыртқы жұрт «Қалмақ болысы» деп атайды екен. Қалмақ тайшысының қызы Төлке Қарағұлқызы туа біткен зеректігі мен ақылына қоса ел билігіне араласқан ер мінезді кісі болыпты. Есбол атамыздың ұрпақтарын өз заманында маңайына топтастыра білген елге сыйлы ел анасы және шыққан тегі қалмақ нояндарының жайсаң тұқымдары болғандықтан сүйегі асыл әйел заты болуымен қатар өз дәуірінде батысында Еділ бойын жайлаған «тоғыз санды торғауыттар» мен шығысындағы «он түмен ойрат» және «жеті қосын халха» қалмақтардың Арқаның солтүстігін мекендеген қазақ тайпа-руларымен жан-жақты дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда едәуір жұмыстар жасады. Құба қалмақтардың Тобыл қаласында орыстармен саудасын қыздыруға ат салысқан да осы Төлке анамыз. Он жетінші ғасырдың жетпісінші жылдары Төлке Қарағұлқызы дүниеден өткеннен кейін Сібір қазақтары мен етек – жеңін жиып көрші елдерге сес көрсете бастаған Ұлы Жоңғар мемлекеті арасындағы елшілік, сауда-саттық және туысқандық қарым-қатынастар суық тарта бастады. Орыс тарихының кейбір мұрағаттық-құжаттамалық деректеме көздерінде Төлке анамыздың билігі жүрген аймақты «… земли калмыцкого владение…» деп шатастыратыны сондықтан…
Қазақ тарихында бүтіндей бір тайпа елдің немесе рудың атауы тілі бөтен, діні жат елден келін болып түскен әйелдің есімімен аталуы өте сирек. Бұл сол заманда Сібір хандығы құлап, тарих сахнасынан жоғала бастаған уақытта қазақ хандығының құрамына енді ғана ене бастаған солтүстік өңірдегі қазақтардың бүйіріндегі ойрат тайпаларымен одақтас болуға ұмтылуының көрінісі шығар. Шынында да, тарихи құжаттарға сүйенсек қазақтар ойрат тайпаларымен бірге орыстардың иелігінде болған Тары, Тобыл, Сузгун (Сүзге бекінісі) және тағы басқа қалаларына шабуыл жасауы осының айғағы. Сол кезеңдегі тарихи оқиғаларды басынан өткерген қазақ ру-тайпаларының бізге беймәлім тұстары әлі де жетерлік.
Есбол атамыздың ұрпақтарынан қазақ мемлекетінің нығайып, өркендеуіне үлес қосқан тұлғалар шықты. Олар сонау патша заманында қазақ халқының ауыз біршілігі мен қамын ойлап, Қызылжар-Омбы арасындағы теміржол желісін салуға, оған құрылыс материалдарын дайындауға (сазан тартуға) жол құрылысына жергілікті халықты жұмылдыруға ат салысып, игілікті істер атқарған Сұлтанғазы Бәйімбетұлы (сақал – керей), патша армиясының штабс-капитаны, орыстар салған Орталық Қазақстан жеріндегі Ақтау-Ортау бекінісінде тілмаш, одан кейін Түркістан генерал-губернаторының Орталық Азия халықтарын басқару жөніндегі кеңесшісі болған Жиеналы қажы Досқожаұлы (малай-керей), Омбы төңірегіне белгілі меценаттар Жексембай Тілеукеұлы, Жүкен Айдаркеұлы (бақтыбай-керей), бірнеше жыл қатарынан Теке елінің болысы болған әкелі-балалы Тәшім, Шәмел Бөртебаевтар (дуадақ-төбет), кеңестік кезеңде одақ көлеміне, шет елдерге және иісі қазаққа танымал болған тұлғалар мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасов, Қазақстан жазушылар Одағының алғашқы төрағаларының бірі, қазақ әдебиеті сынының негізін қалаған Ғаббас Тоғжанов (малай-керей), Кеңестік кезеңде республикамызға басшылық жасаған алғашқы қазақ Жұмабай Шаяхметов (шегірек), өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары алаш жұртының ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тапсырмасы бойынша Сібірді мекендеген қазақ руларының аңыз-әңгімелерін, шежірелерін жинастырған, сонымен қатар өз заманының білікті де, білімді болысы (Керей болысы) болған және Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметтер атқарып, алаш азаматтарының көзін көрген Омар Ожаров-Сансызбаев (Омар атамызды көзіміз көрді. 1937 жылдың нәубетінде репрессиядан бой тасалап Омбыдағы ағайындардың арасында жасырынып жүрді де елге 1960 жылдары оралды, (Малайдан Әйтімбет, Бабыс тарайды. Әйтімбеттің бәйбішесі кіші жүздегі керейіт руының биі Айқұсымның жалғыз қызы Мүгілсімнен үлкен ұлы Жұман (лақап аты Қабылан) және Өлмесек, Дәуіт, Бұланбай туады. Осы төрт атадан тараған ұрпақтарды «керейіт» дейтіні де сондықтан. Жұман он сегіз жасқа дейін нағашы атасы Айқұсым бидің тәрбиесінде болған. Жұманнан Бөкей, одан-Есет-Мырза-Итен-Ожар-Сансызбай-Омар атамыз, ол кісіні ел ішінде «ағажан» дейтін еді, шежіресін 1970 жылы өз аузынан естіп жазып алған едім), есімдері одақ көлеміне мәлім болған суретші Қанапия Телжанов (құрман) және КСРО халық әртісі Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаев (дуадақ-төбет), көп жылдар Қарағанды қаласының мэрі болған (1974-84 ж.ж.) Нариман Төлепов, осы облыстың үлкен аудандарында (Егіндібұлақ, Ульянов), облыстық деңгейде бірнеше жыл басшылық (1965-1997 ж.ж.) қызметтер атқарған Есімбек Мұқанжаров. Қазақстан егемендік алған кезеңде Жезқазған, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімі, республиканың көлік министрі болған Қажымұрат Нағыманов (Бұрас), мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев (Балташтың шешесі Жамал апамыз Смағұл Садуақасовтың қарындасы, малай –керей). Күрестен бірнеше дүркін КСРО чемпионы болған және көп жылдар республикамыздағы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы қызметтерін атқарып республикамыздың спортына айтарлықтай үлесін қосқан Ахметжан Қазымбетов. Кеңестік кезеңде қазақтан шыққан алғашқы генералдардың бірі, ұзақ жылдар республикамыздың әскери комиссары болған Нұрлы Байкенов.
Есбол абыздың ұрпақтары:
Зиябек Қабылдинов – Қазақстан тарихшылары ұлттық Конгресінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының докторы;
Ғалымжан Найманов – «Бәйімбет батыр» Қоғамдық қорының Президенті, қоғам қайраткері,
Шалқарбек Кәрібаев – Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші-өлкетанушы, Қазақстан журналистері Одағының мүшесі.
kerey.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: