|  | 

Тұлғалар

Жақия қажы – имани жолдың жаршысы

scale_600-1
Аспанды әуелеп ұшқан қыран құс жылы ұясына қайтып оралды. Сары ауыз балапандары қанаттары қатаймағандықтан, мамық жайдан алысқа ұзай алар емес. Аналары қашан тамақ әкелгенше жанарларын көк аспанға қадап, ұзақ күткен еді. Ауызына тістеген қорегімен нәр жалғатып, балапандарының мәз-мәйрам болғанын көріп, аналық құс та қуанышқа бөленді.
Осы бір жылы көріністерді ұзақтан бері қадағалап тұрған Жақия өмірде ізгілік атаулының қалай пайда болғанын ойлап, бас қатырды. Атасы айтып отыратын әңгіме де ойына оралды. Бүкіл жаһанды жаратқан бір Алла деген сөздің астарына үңілгісі келді. Бірақ, Жаратушы Құдай туралы кімнен сұрарын білмей тосылды. Жарытып айтар адам болса ше? Ауылдағы молдаға барайын десе, қазір олардың да қарасы азайды. Жоқтың қасы десе де болады. Молда атаулының соңына шырақ алып түскен кеңес өкіметі «дін –апиын» деп талайының көзін құртып, темір торға тоғытып тынды.
Бұл отызыншы жылдардың аяқ шені еді. Қаймана қазағын аштық нәубеті қарпып, қатігез тағдырдың ащы запыранын жұтқан қым-қуыт кезеңде өзінің дүниеге келіп, еңсені езген елеске толы сәби күндерін де еміс-еміс біледі. Енді міне, сол балғын балалық шақтың ауылынан ұзамай жатып, ғаламның жаратылысы жайлы қалың ойдың қармауына түсті. Сан сауал санасын кезіп, сан-саққа жүгіртеді. Бірақ, Жаратылыс жайлы осы бір сауалға жауап таба алар емес. Сәбилік пәк сезім шыңырау құздың да, шыңы биік асудың да көз алдынан көлбеңдеген сағым көріністеріне жетелей берді…
Омбының іргесіндегі ауылына келген бір мейман Жақияның үйінде қонақ болды. Қонақ дегені болмаса, Жақияның да ата-анасы жұтаң өмірдің күйкі тірлігінен өз мейманына аста-төк дастархан жая алмады. Ақ пейілмен ішілген қара шай да мейманның мерейін тасытты. Жақия өзін толғандырған көп сауалға сол күні жауап тапты. Алла тағала және оның уахи сөздері жазылған Құран жайлы көп мағлұмат алып, танымын жоғарылатты. Бала жүрегі Аллаға деген сүйіспеншілікті алғаш рет шынайы сезінген кезі де осы еді.
Әке байғұс баласына Алла жайлы болған бұл әңгіме турасында ешкімге тіс жарып айтпауды қатты тапсырды. Ал, өзін Жаратушы құдіретке деген сырға толы әлеммен қауыштырған адамның кім екенін білген де емес. Үйіне молданы қондырғаны үшін талай адам нақақтан-нақақ жазаланған заман еді ғой. Бала Жақияға әкесі оны сақтандыру үшін де мейманының есімін жасырған шығар-ау.
Міне, сол Жақия есейе келе өзін жаратқан Алла тағаланың сүйікті құлы боламын деп бар өмірін имандылық жолына арнады. Бала күнінде ақ жол нұсқаған ауызы уәлі сол атасының: «Діншіл болсаң, шыншыл бол, өзімшіл болсаң, оңбайсың» деген сөзін қаперінен еш шығарған емес.
«Дін десе, ауылдағы шал-шауқанның шала қайырған «құлхуалласы» ойға келетін бұрын. Сосын… әнебір баяғыда жанармай орталығы болған орындарды сол аталар «селсебетке» кіргіштеп жүріп, сұрап алған екі бөлмелі ескі мешіт еске түсетін. Біздің сол бала түсінік «дін» сөзінің мағынасы бұзылған бір дүбәрә кезеңнің соққысына ұшырады. Бұл кезеңнің адамдары Құдайға сенді, бірақ, құлшылықты зейнетке шыққаннан кейінгі жоспарына кіргізді.
Хаққа сенім шелпек пісіріп, өлген адамға жаназа асын берумен шектелді. Құран кәрім төрден, биіктен орын алды, һәм сол биігінен төмендемей, шегеге ілінген қалпы қалып қойды. Шаң басты… «ата-бабамыз»дегенге саятын дәйексіз әңгімелер сол соққыға ұшыраған ұғымның салдары еді. Қазақ аса қадір тұтатын, дара тұлғалы данышпан , «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған Абай қайда қалды?» деп толғанады Жақия қажы бір естелігінде.
Міне, сол ислам даналығын насихаттаған Жақия қажы Бейсембайұлы 1932 жылы Омбы облысының Любин ауданына қарасты қазақ ауылында дүниеге келді. Кішкентайынан имани жолды таңдап, 1959 жылы Өзбекстанның Бұхара қаласындағы «Мир-араб» медресесіне оқуға түсті. Осы білім ордасында он жыл оқыған Жақия Бейсембайұлы үздік диплом алып шығады. Сол кездегі Өзбекстанның бас мүфтиі Бабахан Ишаннан тәлім алған ол өзінің бала күніндегі Алла тағала жайлы сырларына одан сайын қаныға түскен еді. Кейін Алматы қаласының бас имамы болып, дінді насихаттап, адамдарды алланың жолына салды.
Ал, араға бірер жыл салып Сирияға сапар шекті. Дамаск Ислам университетінде «Шариһат» факультетінде оқып, онда да өзінің білімдар шәкірт екенін танытты. Қызылдар өкіметінің айы аспандап тұрған кезінде бұлай шетел асып, дін білімін алу дегенің екінің бірінің тағдырына бұйыра бермейтін бақ еді. Жақия Бейсембайұлы сол бақыттың өзіне оңайлықпен келмегенін де біледі. Себебі, осы беделді білім ордасын тәмәмдағанан кейін Қазақстан мұсылмандары қазиятын басқаруға мүмкіндік алды. Қазақтың да ата-бабалардан ұстанып келе жатқан дінін жаңа көкжиекке көтеруге атсалысты. Имандылықтан алшақтап бара жатқан ұрпағын арашалап қалудың қамына ден қойды.
Бұл оның ислам дінін өркендетудегі ең бір қажырлы тер төккен жылдары еді. Осы тұста елімізде қаншама мешіттер ашылды. Кеңес билігінің саясаты дінді мемлекеттен аулақтату болса да, халықтың діни сеніміне қылау түсіру қиын болатын. Бірде ол кеңес делегациясы құрамында Африканың Нигерия, Мали және Сенегал елдеріне сапар шекті. Ондағы мұсылмандық жағдайға қанықты. Өзі де қазақ жеріндегі исламның әлеуеті туралы әңгімелер айтты. Сол естелігінде: «Мен африкалық бауырларыма кең байтақ қазақ жерінің тарихы мен халқы жайлы ой қозғадым. Ұлттық және діни дәстүрлердің біте қайнасып, қазақтардың шариғат ілімдерін өздерінің күнделікті өмірлерінде басты ұстаным ететінінен де хабардар еттім. Шынында, қазақ жұрты атейстік өмірге кіріксе де, Алласын ешқашан аузынан тастаған емес. Елімізде көп мешіттер салынып жатқанын, осындай іргелі Алланың үйінің Абай елінде құрылысы басталғанын да жеткіздім» дейді ол.
Қажы өмірінің өнегелі бір соқпағы Көкше жерінде жалғасты. Осында он жеті жыл облыстық мешіттің бас имамы болып қызмет етті. Бұл сексенінші жылдардың басы еді. Кешегі кеңестің идеология коммунистік сенімді басты нысана етіп, бар ұлттық құндылықтарды орыс шовинизмінің астарына жатқызған аласапыран кезең еді ол. Алаш десең, ұлтшыл атанып, қудалауға түсірген тар заман-ай дейсің. Жақия қажының исламды насихаттау арқылы ұлттық арнамыздан алыстамауға құлшына кіріскен жылдары да осыған тұспа-тұс келеді. Өзінің уағыз сөздерінде қазақ ұлты руханиятының негізгі арнасы – ислам діні екенін де қорықпай айта алды. Имандылық күшейсе, біз ұлт ретінде күшейетінімізді де ол әркез еске салды.
Ол Көкше жеріне алғаш имам болып келгенде облыста бар-жоғы бір ғана мешіт бар еді. Кейінгі жылдары Көкшетау қаласында екі, Қызылту, Ленинград, Ленин аудандарында мешіттер ашылды. Ал оның шәкірті, алғаш өз сауатын ашқан Еркін қажы Көкшетау қаласында сол жылдары 140 шәкірт Жақия Бейсембайұлының алдынан білім алғанын айтады. Тіпті, өз қаражатына діни оқулықтар да шығарады.
Көкшетау қаласындағы қазіргі Науан хазрет атындағы орталық мешіттің ашылуына да куә болған едік. Облыс басшыларына қайта-қайта барып, бұрынғы мешіт ғимаратын өзіне қайтартқызды. Сондықтан қасиетті дініміз үшін ерен еңбек еткен Жақия қажының өнегелі өмірі кімге болсын үлгі бола алады. Кешегі қым-қуыт заманда исламның кең таралуына аянбай тер төккен абзал жанның әр ісіне Алла разы болсын деп дұға етеміз.
Ол өз естелігінде: «Зады ислам діні ешқашан жамандықты, зұлымдықты уағыздап көрген емес. Қайта ондай іске аяқ баспа дейді. Егер өз басыңа пайда істей алмасаң, не үшін өмір сүресің. Жалғыз-ақ өз басыңның қамын ойласаң, онда кім үшін өмір сүресің Ал, қолыңнан келер бар жақсылық жалғыз басыңнан артылмаса, өзгеге қалай қамқор боласың!» деген сөзін оқып отырып, шынында, дін үшін жаратылып, Алланың құдіретін өз бауырларына жеткізу ісіне бар ғұмырын арнаған жанның есімін есте ұстау абзалыларық болар еді дегіміз келеді.
Бақыт СМАҒҰЛ.

Related Articles

  • Англияның Жоңғария қазақтарына озық соғыс қаруларын беруге талпынуы

    Қашқардағы Англия консулы  Англияның Қашқариядағы консуль қызметі 1881- жылдан кейін бастау алады. Англияның түпкі мақсаты Цин империясының солтүстік-батыс аймағы мен Түркістан (орталық азия) даласына өз ықпалын жүргізу еді. Бірақ, бұл тұста патшалық ресейдің де аймақтағы саяси ықпал күшін ескермеу мүмкін емес еді. Патшалық ресейдің әу бастағы мақсаты Түркістан аймағын ендей өтіп Үндістан арқылы телегей теңіз жолына шығу еді. Бірақ, Түркістан даласындағы Түркі хандықтары (Қазақ, тб) бұл мақсатты жүз жылдап кешіктіріп жатты. Ресей енді Түркістан даласын қиыр шығыстан айналып өтіп Қашқария арқылы Үндістанға ұласуды көздеді. Бірақ, ол тұста Қашқария мүлде жабық әлем еді. Дейтұрғанмен де жабық әлемнің түстік қапталынан Англия империясы да келіп үлгірді. Сосын не керек, бұл аймақ Ресен-Англия империясының

  • Желаяқ. Қазақ марафоншысының спорт, саясат пен карантин жайлы әңгімесі

    Азаттық радиосы Марафоншы Марат Жыланбаев Невада штатында. АҚШ, 1994 жыл. 56 жастағы Марат Жыланбаевтың тағдыры таңғаларлық деректерге толы. Ол балалар үйінде тәрбиеленіп, әр жылдары ұста, суретші, кәсіпкер, депутат болып еңбек еткен. 90-жылдары жалғыз өзі Азия, Африка, Австралия мен Америкадағы ең ірі шөлдерді жүгіріп өткен. Қазір Нұр-Сұлтанда тұратын бес баланың әкесі Марат Жыланбаев қала тұрғындарына жүгіру техникасын үйретіп жүр. Азаттық тілшісі атақты марафоншымен бірге жүгіріп, онымен спорт, саясат және карантин тақырыбында әңгімелесті. Марат Жыланбаев – Гиннесс рекордтар кітабына енген әлемдік жеті рекордтың иесі. Оның кейбір рекордын әлі ешкім жаңартқан жоқ. Жыланбаев 1991 жылы жазда 15 күн ішінде қатарынан 30 марафонды сәтті аяқтап, күн сайын 84 километрден жүгірген. 1992 жылы 20 күн

  • Совет кезінде қуғындалып, Назарбаев тұсында диссидентке айналған Кәрішал Асанов

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ Диссидент Кәрішал Асановтың 2006 жылы ақпанда қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күніне арналған еске алу шарасында тұрған сәті. Алматы, 12 қыркүйек 2006 жыл.  Нұрсұлтан Назарбаевты өмір бойы сынаған диссидент Кәрішал Асанов осыдан бес жыл бұрын өмірден озды. СССР кезінде билікті сынағаны үшін қудаланған Асанов постсоветтік Қазақстанда «президенттің абыройы мен беделіне нұқсан келтірді» деген айыппен екі рет жауапқа тартылты. Кәрішал Асанов 2015 жылы 26 наурызда Алматыда дүниеден өтті. Қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын, наурыздың 10-ына Асанов демократияны дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан оппозициялық ұйымдарының «Еркіндік» сыйлығын алды. Кәрішал Асанов Нұрсұлтан Назарбаевты көп жыл ашық сынады. Жақындары мен достары Асановтың саяси жүйеге қарсы сыни көзқарасы өзгермегенін айтады. Кәрішал Асанов —

  • Нұралы батыр Есіркепұлы (1714 – 1787)

    Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов Абылайханға арналған өз еңбегінде XVIII ғасырдың қазақ тарихы үшін аса бір ауыр кезең болғандығын ашып айтады. Қазақты қан жылатқан «Ақтабан шұбырынды» жылдардың халық есінен көтеріле қоймағынын да тілге тиек етеді, сөйте отырып жалпы  тарихи дәуір жөнінде «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры болды» деп жазып қалдырған. «Қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры болған» деп сипатталған Абылайхан дәуірінде жасаған батырлардың бірі -  Абақ керейдің жастабан атасынан тарайтын Нұралы Есіркепұлы еді. Батырдың соңғы ұрпақтары мен артында қалған халқы батыр атаның ерлігі мен еңбегін жырға қосқан кезде: Жорықтар жолын бастаған, Ер Қосай батыр Нұралы. Тарихқа ізін тастаған, Жәнтекейұлы Шақабай. Шақырған қалың бақадай, Өзіммен бірге тел өскен. Бекназар, Қосай атадай,

  •  БАҺАДҮР БОТАҚАРА (Дастан)

     Талапбек АЗАНБАЙ                                                                                     Ақын Талапбек АЗАНБАЙ  1965 жылы Қытай Халық Республикасы , Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы, Алтай аймағы, Алақақ өңірінде дүниеге келген . 2004 жылы ата жұртына көшіп келіп, қазірғы кезде Алматы облысының Ескелдіауданында тұрады. Бегілі ақын Талапбек Өнерхан ұлы АЗАНБАЙ 1990 жылдан бастап әдеьиетке араласып, «Алтын тау салтанаты», «Қыран меруеті» атты жыр жыйнақтарда ШҰАР көлеміндегі түрлі басылым Газет -  Жорналдарында 200 –ден аса өлең,толғау, баллада және поэмалары жарық көріп,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: