|  |  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

Нұралы батыр Есіркепұлы (1714 – 1787)

Нұралы батырдың Аягөз өлкетану мұражайына қойылған сурет

Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов Абылайханға арналған өз еңбегінде XVIII ғасырдың қазақ тарихы үшін аса бір ауыр кезең болғандығын ашып айтады. Қазақты қан жылатқан «Ақтабан шұбырынды» жылдардың халық есінен көтеріле қоймағынын да тілге тиек етеді, сөйте отырып жалпы  тарихи дәуір жөнінде «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры болды» деп жазып қалдырған.

«Қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры болған» деп сипатталған Абылайхан дәуірінде жасаған батырлардың бірі -  Абақ керейдің жастабан атасынан тарайтын Нұралы Есіркепұлы еді. Батырдың соңғы ұрпақтары мен артында қалған халқы батыр атаның ерлігі мен еңбегін жырға қосқан кезде:

Жорықтар жолын бастаған,

Ер Қосай батыр Нұралы.

Тарихқа ізін тастаған,

Жәнтекейұлы Шақабай.

Шақырған қалың бақадай,

Өзіммен бірге тел өскен.

Бекназар, Қосай атадай,

Мекендеп Сары-Арқаны.

Мерейі үстем артады

Сайрандап өскен Жастабан,

Арғын мен Найман ортаңды.

Қайран Керей ерке елім,

Бұлдыр тұман ертеңің.

Алтайда жаудың бетінде,

Шежіреде сыр шертемін.

Қытайменен алысып,

Моңғолдармен шабысып.

Қалың елім қазағым,

Сағынып келіп табысып.

Жәнібек еді батырым,

Ерлікпен танды атырдың.

Тосқауыл жасап жауыңа,

Тіктірген күміс шатырын.

Жобалай еді жолдасын,

Нұралы еді құрдасың.

Керейде асқан қос батыр,

Тиянақ елге тұлғасың.

Алтай үшін айқасып,

Сауыр үшін шайқасып.

Он қалмақты өлтірген,

Нұралы батыр Қобда асып.

Жәнібек батыр құрдасы,

Жантай  батыр сырласы.

Басын кескен  Тайшының,

Нұралы еді мың басы.

Батыр Тайшың өлді деп,

Қалмақ қашты тырақай.

Нұралы батыр келді деп,

Қанас үшін қандасып.

Қара Ертіс үшін жандасып.

Керей Қалмақ соғысты,

Тұяғынан аттың шаң басып.

Қара Ертістің бойында,

Қыранның құйған ойында.

Ата жаумен алысып,

Қалмақты Керей қиратты.  – деген жыр жолдары Нұралы батырдың кім болғанын баяндап берген.

Кей шежіре бойынша Абақтан Изен, Жусан. Изеннен Мағыналы, Сидалы, Жабайды таратады. Мағаналыдан Қойлау, Байлау делінеді. Қойлаудан-Ителі. (Абақ Керейдің ішінде ителі руы «ноқта аға» аталады). Байлаудан Жәнтекей, Жәдік, Шеруші рулары тарайды. Сидалыдан Жастабан, Шимойын, Көнсадақ рулары тараған. Ал Жастабаннан Сартоқай, Бегімбет, Сарбас деген үш ұл туып олардан тараған ұрпақтары түгелімен «Жастабан» деп аталған. Нұралы батыр осы Жастабанның Бегімбет атасының ұрпағы болып келеді.

Жастабан руының Бегімбетінен тараған бір бөлім елі Қазақ-Жоңғар соғысынан кейінгі тарихи кезеңде Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Шұбартау ауданына қоныстанып (қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы құрамында) неше ғасыр бойы мекендеп келеді. Олардың бұл өлкені қоныстануы туралы әр түрлі мәліметтер бар. Елдің қонысы, малдың өрісі өлшеуге түсіп қазақ рулары арасында қоныстанудың жаңа кезеңі басталған кезде Нұралы батыр өзінің үзеңгілес батырларымен кеңес құра отырып жаңа қоныста «ағын судың басын алмаса жүлгелі өлке байырқалы қоныс болмас» дейтін қазақтың арыдан келе жатқан дәстүрлі ұғымын берік ұстана отырған. Сонымен олар Шыңғыс таудан аққан үш өзеннің тоғысқан тұсын мекен етуді ұйғарған. Жастабандардың он екі абақ ауылдарынан шеткерілеу жатқан Шұбарту өңіріне көшіп келу тарихын кей дерек бойынша Керей көші Алтайға бет алғанда Қабанбай батыр мен Ақтамберді батыр жыраумен дос-жар Жобалай,  Нұралы, Шақантай батырлар найманнан қоныс алып, мекендеп қалған делінеді. Енді бірде сол кездегі тобықтының биі Кеңгірбайға қатысты айтылып, олардың бұл өлкеге келіп қоныстануына Кеңгірбайдың жөн көрсеткені және соңғы кезге дейін тату-тәтті көрші ретінде ел өмірінде болған уақиғаларды кеңесе шешіп отырғаны айтылады.

Осылайша Жастабанның Шұбартау өңіріне келіп қоныстануы Жобалай, Шақантай, Нұралы батырлардың атымен тіке байланысты айтылады. Әдетте бұл көші-қон 1770 жылдары шамасында болғаны баяндалады. Олар Қалбатау маңынан келді ме, болмаса одан да шығыстан Зайсан көлі маңынан келді ма? ол туралы да әр түрлі айтылады. Аталған батырлардың бастауымен болған бұл көш кезінде 300 отбасы осында көшіп келген. Жастабандардың қалған бөлігі Зайсаң маңында қоныстанып қалады. Олардың елеулі бөлігі ХІХ ғасырдың соңғы жылдарына дейін сол мекенде отырған еді. Кейін біртұтас Қазақ жерінің бөліске түсуіне байланысты Қытай бетіне көшіп барып, Бір бөлімі Ертістің жоғары бойына, енді бір бөлігі Сауырдан Барлық пен Майлы-Жәйірге дейін барып қоныстана бастаған, кейін келе олардың алдыңғы толқындары Еренқабырға тауларына барып жетті.

Нұралы Есіркепұлы 1714 жылы Сыр бойының Жетісай деген жерде дүниге келіп, 1787 жылы Бақанастың бойында дұниеден озған. Бұл тұстағы Нұралы батырды біз ел мен жерімізді жат жаудан тазарту жолында ерекше ерліктерімен көзге түсіп, аты ел арасына жайылған даңықты батыр болғанын көре аламыз.

Халық арасында аңыз болып жеткен әңгімер бойынша Нұралы Батырдың батырлық белгілері оның бала кезінен әйгілі бола бастағаны айтылады. Онда баяндалғанындай: Нұралы батыр бала кезінде өзінің бойындағы ерекше қасиеттерімен де ел аузында қалғаны айтылады. Өзен бойында балалармен ойнап отырып, су шайған жұмыр малта тастарды мытып жібергенде малта тастар үгіліп құмға айналып кетеді екен. Батырлық белгілері бала кезден біліне бастаған Нұралыны әкесі, Есіркеп тіл-көзден аман сақтауды ойлап оны  көп көзіне түсірмейтін болған. Халық арасында Нұралы батыр алты жасында атпал азаматпен күресіп жығыпты, атан өгізді көтеріп кетіпті дейтін аңыздар да бар. Мұндай мазмұндағы сюжет жалпы қазақ фолкулорлық әдебиет үлгілерінде дәйім қайталанып отыратындығын ескерте кетуге тура келеді.

Тарихи аңыздар мен жырларда қазақтың басқа батырларындағы сияқты, соның ішінде Қабанбайдың «Қубас аты», Ер Жәнібектің «Көк дөнені» сияқты Нұралы батырдың шайқастарда мінетін түсі «темірдей қаракөк тұлпары» болғаны көп айтылады. Нұралы батырдың осы тұлпары туралы:

Жылқы ішінде тұлпар еді қаракөк,

Жануардың шабысы барады үдеп.

Қырғидай жауға тиген Нұралыға,

Қайран қап, қайратына қарады көп. – деген жыр жолдары кездеседі. Батырдың ұрпақтары арасында күні бүгін сақталып келе жатқан аңыздар мен жырларда батырдың ерліктерін оның тұлпарымен қосып жырлайтын мазмұндардан тыс, басындағы ақ дулығасы, үстіндегі баданакөз сауыты, қолындағы айбалтасы мен ақ найзасының болғаны да жиі сөз болып отырады. Сондай-ақ батырдың қару өнерін шебер меңгергені де айтылады. Шайқастарда жау жүрек батыр еш екіленбестен жауын жайратып кетіп отырған. Кей-кейде тіпті жылыстаған жау шоғырының соңынан жападан жалғыз «Жәнібек!», «Жәнібек!» деп ұрандатып кіріп кетін отыратын әдетінің болғаны баяндалады.

Аңыздарда Нұралы батырдың алғаш рет ерлік көрсетуі мен «Жас жолбарыс» деген атаққа ие болуын қазақтың қарт қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырға қатысты айтылады. «Нұралыны Қабанбайдың сынауы» енді бірде «Нұралының Қабанбайдан бата алуы» деп аталған аңызда баяндалуы бойынша: Бірде Ер Жәнібек көп қолмен Тоқта-Барлықта бекініс жасап жатқан қаракерей Қабанбай батырдың қолына келіп қосылады. Бұлар орманды, шатқалды құлдилап келе жатады. Сол тұста қосынның алды жүрмей тоқтап қалады. Аттар дірілдеп-қалшылдап алға қарай баспайды. Сонда Қабанбай: «Жануарларда тіл жоқ, алдымызда қауіп бар екен. Сол қауіпке қарсы шығатын кім бар дейді». Сонда ортаға жас жігіт шығып Қабанбайдың алдына келіп өзін таныстырып: «Он екі абақ керей Жастабанмын. Атым Нұралы, әкем аты Есіркеп, жасым онсегізде» дейді. Сонда Қабанбай: «Жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, күш-жігерің болса көрсет!» дейді. Содан Нұралы самсап өскен теректің ішіне кіріп, өсіп тұрған аққайыңның бірін жер ошақтай тамырымен жұлып алып, «келден сойыл» әзірлейді. Онан соң аттанып барып Қаратөбенің күнгей бетінде күншуақта жатқан дәу жолбарыс қарсы атылғанда дәл басынан ұрып өлтіреді. Сонда Нұралының ерлігіне разы болған батырлар: «Жас жолбарыс» деп атапты. Содан бастап аты шығып «Жас жолбарыс» Нұралы батыр атала бастаған екен.

Келесі бір шайқаста Нұралы қапияда кездескен қалмақ қосынының бетін қайтарып болғанда, қалың орманның тасасынан шыға келген Жоңғардың тағы бір қосынына тап болып қоршауға түсіп қалады. Батыр қалың қолды қақ жара «әупіріммен» әрең дегенде қоршауды бұзып шыға береді. Енді батыр қаша соғысып ұзай береді. Бірақ күшіне сенген қалмақтың бірнеше батыры соңынан қалмайды. Осы кезде батыр адам баласы жүріп көрмеген иен шатқалдан жол тауып кете барады. Оның қарасын алыстан көріп келе жатқан қалмақтар батырдың алдынан дәу айдаһардың шыға келгенін, артынша қазақ батыры еш ойланбастан жолда жатқан әлгі айдаһардың дәу басын түйреп өлтіріп кете барғанын көреді. Осы көріністі көрген қалмақ батыры Тайшы:

Қазақтың арыстаны екен,

Ақылдың дәнішпаны екен,

Елден асқан ер екен,

Аты-жөні кім екен?

Қалмақты қалың теңселтті,

Кереметін көрсетті.

Жүрегінің түгі бар,

Жолбарыстың жоны бар,

Аюдай әлуетті.

Ай балтасын қару етті.

Қыран екен шабытты,

Батыр екен бақытты.

Оны қуу қалмаққа,

Енді болар қауіпті. – деп қасындағы қалмақ батырларын тоқтатып, Нұралы батырды одан әрі қуа беруден қорқып кері қайтып кеткен көрінеді.

Нұралы батыр 1739, 1740 және 1742 жылдары Жоңғар Қонтайшысы Ғалден-Цереннің шабуылына қарсы Есіл, Ор, Ырғыз, Елек өзендерінің бойында Абылай бастаған қазақ қосынынң сапында Ер Жәнібек бастаған керей қосындарында мың басы болып қатысқан. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ерлік көрсеткен. 1751 жылғы 80 күндік Шорға шайқасында Ер Жәнібектің қасында майданда сенімді серігі болған. 1751 жылы Оңтүстік аймақтарды Ташкент, Шымкент, Сауран қалаларын тартып алу жорығына қатысқан. 1752-1754 жылдары Ер Жәнібек бастаған керей сарбаздарының сапында Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін 1763 жылы Ақшәулі маңында болған жорыққа, және Дағандел бойында жасақталып, шүршітке қарсы аттанған Абылай қолының құрамында Нұралы батырдың Бекназар,Қосай жасағын басқарғаны, 1755-1765 жылдары Қырғыз ұлысына жасаған жорықтарда, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартуға атсалысқан батырлардың бір болғаны жөнінде мәліметтер сақталған.

Батырдың осындай толып жатқан ерліктерінен өзге «батырдың айтқаны екен» деген көптеген жыраулық үлгідегі нақыл сөздері де халық жадында сақталып біздің дәуірімізге келіп жеткен. Соның ішінде аталы сөз ретінде сақталған нақылдар қатарында батырдың мынадай сөздері хатталған:

– Асқар тау төбе болар тас кеткен соң,

Жақсы ауыл жын болады бас кеткен соң.

  • Батыр бір өлмейді, мың өледі. Тағдыры қайратында, қайратсыз болса, бір өлер.
  • Керейге қорлық жақса да, озбырлық жақпайды.
  • Екі қатын алғанның ұрпағының егесі көп.
  • Өзімшіл болма, кісілігің бетегеден аласа болсын, өзің қорлансаң да басқаларды құрметте.

Бұлардан өзге батырға және батырмен бір дәуірде жасаған тарихи тұлғаларға қатысты ескілікті сөздерде:

Жәнібек  – найза,

Шақабай – қылыш!

Жаназар – қалқан,

Байқотан – құрыш!

Шақантай – шоқпар,

Жобалай – ырыс!

Нұралы – намыс,

Томан би – тыныс!

Бегімбет – қоныс,

Өмірзақ – өріс. – деп келетін тіркестер кездеседі.

Нұралы батыр бүкіл саналы ғұмырында туған отанын жат жұрттықтардың шабуылынан қорғау мен қазақтың мемлекеттілігін аман сақтау жолында өзінің  қара терін төкті, қызыл қанын ағызды. Сондықтан бүгінгі буынның тарихта өткен өз ерлерінің батырлығы мен ізгілігін ұлықтауға арналған кез келген қадамы олардың өшпес өнегесін тарих бетіне мәңгілікке қалдыру, сол арқылы өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулу жолында жасалған ізгі қадам ретінде бағалануы керек.

 

                                                      Жанымхан Ошан

                                                      Тарих ғылымдарының кандидаты 

                   Шығыстану институтының аға ғылыми қызыметкері.

 

Related Articles

  • Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді. Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», – деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында. Басты басымдықтар: – инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ); – ана мен бала денсаулығын жақсарту; – ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру; – таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту; Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция.

  • Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Осы уақытқа дейін құпия сақталып келген 106-қазақ атты әскер дивизиясының деректері енді белгілі бола бастады. 1942 жылы дивизия Ақмолада жасақталыпты. Әскери шала дайындықпен жасақталған дивизия 1942 жылдың мамырында, Харьков түбіндегі қоршауды бұзып шығуға бұйрық берер алдында, 4091 сарбазға 71мылтық, яғни 7 адамға бір мылтық және бәріне 3100 жарылғыш оқ –дәрі бәріліпті. Қазақ боздақтарын қарусыз жалаң қылышпен өлімге жұмсауы – «Гитлермен салыстырғанда Сталин солдаттарды өлімге 8 есе көп жұмсадының» айғағы (Михаил Гареев, Әскери академиядан.2005 жыл). “Төртінші билік» газетінің 2016 – жылғы мамырдың 28-жұлдызындағы санында шетелдік архивтерден алынған видеосюжеттегі 106-атты әскер дивизиясы жөніндегі неміс офицерінің айтқаны: «Не деген қырғыз (қазақ) деген жан кешті батыр халық, атқа мініп, ажалға қаймықпай жалаң қылышпен танктерге

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Шығыс Түркістан

    Шығыс Түркістан

    Ерзат Кәрібай Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.  демографиясы, әкімшілігі мен қарулы күштері Кеңестер одағының көмегімен Алтай, Іле, Тарбағатайдағы қазақты негіз еткен әр ұлт халқының күресі 1944-1946 жылдардағы «Шығыс Түркістан» республикасының құрылуына негіз болды. Десе де осы бір тарих әліге дейін бұрмаланып келеді. Кейбір саяси топтар бұны өз білгенінше мақсат-мүдделеріне пайдаланып жүр. Қазақты негіз еткен 30 мың қарулы армиясы бар мемлекет (толық дербес болмаса да) 20-шы ғасырдың басы мен ортасында болмаған жағдай. Өмір сүру уақыты төрт жыл ғана (нақты атымен екі жыл ғана) болғанымен, Орта Азия әсіресе, Қазақстан тарихында белгілі мән-маңызы бар екенін басып айтқан дұрыс! Өйткені осы уақытша мемлекеттің құрылуына мыңдаған қазақстандық жауынгерлер мен оқыған зиялылар ат салысты. Тіпті Қырғызстан мен

  • Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды 

    Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды 

      Айдос Мырзахметов Өскемен қаласының Жекпе-жек сарайында аты аңызға айналған Ер Жәнібекті еске алуға арналған жасөспірімдер мен кадеттер арасында семсерлесуден ХІХ ашық республикалық турнир өтті. Ер Жәнібек ұрпақтары ұйымдастырып отырған турнирге Шығыс Қазақстан, Абай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген 200 жасөспірім спортшы қатысады. – Кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирді осымен 19-шы мәрте өткізіп отырмыз. Біз жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, спортқа, оның ішінде семсерлесуге баулу мақсатында өткізіп келеміз, – деді турнирді ұйымдастырушы, Ер Жәнібек ұрпақтарының өкілі Әлібек Ерубаев. Турнирдің салтанатты ашылуында ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спортсүйер қауымды мемлекеттік мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында және Отан қорғаушылар күнінде өтіп отырған жарыстың мәні мен мағынасы зор

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: