|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Көз қарас

Коронавирусқа 1 жыл толды. Адамзат Covid-тің қайдан пайда болғаны біле ала ма?


Қорғаныс киімін киген медқызметкерлер Ухань көшесінде қайтыс болған адамның мәйітін алып кеткелі жатыр. 30 қаңтар 2020 жыл.

Қорғаныс киімін киген медқызметкерлер Ухань көшесінде қайтыс болған адамның мәйітін алып кеткелі жатыр. 30 қаңтар 2020 жыл.

Адамзаттың коронавирус инфекциясы туралы естігеніне бір жылға жуық уақыт өтті. Осы арада Covid ауруымен тіркелгендер 67 миллионнан асты, 1,5 миллион адам қайтыс болды. Елдердің көбінде карантин енгізіліп, тұрғындар үйінен шыға алмай қалды, кәсіпорындар жұмысы шектеліп, артынан банкрот болып жатты. Тіршілікті түбегейлі түрлендірген осы вирустың қайдан шыққаны әлі нақтыланбады. Бірі жарғанаттан, бірі панголиндерден дейді, кейбіреулер тіпті қолдан жасалған ауру деген пікір айтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір ай бұрын аурудың неден тарағанын анықтауды көздейтін зерттеу бастады. Оған қатысатын вирусологтардың, эпидемиологтардың және сарапшылардың аты-жөндері аталмай отыр, ал зерттеудің бірінші кезеңі ауру бастау алған Қытайда өтпейді. Жоба жүргізушілері Қытай мамандарының зерттеуге онлайн қатысуымен шектелмек. Оның үстіне Пекин бұған дейін ДДСҰ мамандарына көптеген кедергі қойған: биылғы қаңтарда ДДСҰ мамандары Ухань қаласына бара алмаған. Олар эпидемияның басталуына қатысы бар құжаттармен танысқысы келген. Өйткені вирус жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған алғашқы науқастардың бір бөлігі осы Ухань қаласындағы жабайы жануарларды сататын базарға барған.

Осы жолы ДДСҰ мамандары вирусты алғаш болып жұқтырғандармен сөйлесіп, олардың анализдерімен танысуға мүмкіндік алады деп жоспарланып отыр. Сарапшыларға Уханьдағы ауруханалардың құжаттарымен, науқастар мен медқызметкерлердің өткен жылдың желтоқсанына дейінгі және одан кейінгі анализдерімен танысуға мүмкіндік беріледі. Бұл вирустың 2019 жылғы желтоқсанға дейін тарала бастағанын не таралмағанын анықтауға көмектесуі мүмкін.

Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін сататын базар жабулы күйде. 8 қаңтар 2020 жыл.

Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін сататын базар жабулы күйде. 8 қаңтар 2020 жыл.

ДДСҰ миссиясы Ухань базарында сатылатын жануарларды да зерттемек. Мамандар негізінен SARS-CoV-2 инфекциясын оңай жұқтыратын жануарларды тексереді. Олардың қатарында мысықтар, күзендер, жанаттар және панголиндер бар.

Ұйым сарапшылары басқа да базарларға барып, жануарларды Қытай ішінде және шекаралас елдерде тасымалдау жолын зерттемек және фермалардағы жануарлардың және сол жануарлардың табиғи ортасында жүргендерінің анализін алмақ. Мұны анықтау маңызды, себебі инфекцияның бір биологиялық түрден екіншісіне өткені белгілі. Осы ретте вирустың түпкі көзі мен адамның ортасында қандай жануар тұрған болуы да мүмкін. Зерттеу мұны да анықтамақ.

ДДСҰ миссиясының қатысушылары жануарлардың несеп, қан және нәжіс үлгілерін алып, сол арқылы вирус пен антиденелердің гендік шығу тегін анықтауды көздейді.

ПАНДЕМИЯМЕН КҮРЕС САЯСИ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ

Пандемия әлем елдерінің барлығына дерлік жеткен тұста ДДСҰ зерттеуі саяси мәселеге айналып отыр. Осы жылдың сәуірінде АҚШ президенті Дональд Трамп ДДСҰ-ны пандемияның алдын алуда кеш қимылдады деп айыптап, ұйымға бөлінетін қаржыны қысқартты (ДДСҰ бюджетінің маңызды бөлігі ұйымға мүше елдердің жарнасынан тұрады).

Осыдан кейін мамыр айында Қытай індеттің Африкаға және дамушы елдерге тарауын тежеуге 2 миллиард доллар бөлді. Бұл АҚШ-тың Трамп шешіміне дейінгі үлесіненекі есе көп. Денсаулық сақтау ұйымына ақшаны молынан берген Пекин есесіне халықаралық сарапшыларды пандемияның қалай басталғаны туралы зерттеуге шақырмай қойды.

Мамыр айында ДДСҰ өкілі Гауден Галеа Пекин вирус туралы толық ақпарат бермеді деген пікір айтты. Сөзінің дәлелі ретінде мынадай мысал келтірді: 3-16 қаңтар аралығында Ухань қаласында вирус адамнан адамға белсенді тарай бастағанда Қытай билігі вирусты 41 адамның жұқтырғанын мәлімдеген.

“Осы аралықта вирус жұқтырғандардың жалпы саны 41 болуы мүмкін бе?” Мүмкін деп ойламаймын. Мұндай эпидемияда санның өзгеріссіз қалып, 41 болуы екіталай. Бұдан да өзге жағдайлар болды ма? Қытай осы сұраққа жауап беруі тиіс” деді Галеа.

Галеа сондай-ақ Қытайдың коронавирустың қалай тарағаны жөніндегі зерттеуге ДДСҰ мамандарын қатыстырмағанын да атап өтті. Зерттеуін қорытындылаған Қытай сарапшылары вирус жарғанаттан тарады деген пайым жасады.

2002 жылы Қытайдың оңтүстігінде басталған SARS эпидемиясы да вирустың жарғанаттан адамға жұғуынан басталған. Қытай ғалымдары SARS инфекциясын жұқтырған жарғанаттардың үңгірін тек 15 жылдан кейін барып тапты. Жарғанаттар бұл вирусты мусанг дейтін сүтқоректі жануардан жұқтырған болып шықты. Ғалымдар тапқан үңгір елді-мекеннен бір ғана шақырым жерде орналасқан, сол себепті вирустың адамға жұғуының алдын алу мүмкін болмаған.

Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында аспаз ресторан қонақтарына ас әзірлеу үші панголинді өлтіргелі жатыр. 4 қаңтар 2019 жыл.

Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында аспаз ресторан қонақтарына ас әзірлеу үші панголинді өлтіргелі жатыр. 4 қаңтар 2019 жыл.

SARS-CoV-2 жағдайында алғашқы науқастың вирусты қалай және қай жерден жұқтырғаны әлі де белгісіз. Жарғанаттан жұқты деген нұсқа әлі расталмаған, оны тексеру қажет. Осы себепті пандемияның басталу мерзімін дәл анықтай мүмкін болмай отыр.

Covid инфекциясын жұқтырған 7,5 мың адамның гендік материалын зерттеген Лондон университет колледжі мамыр айында қорытындысын жариялап, пандемия 2019 жылғы 6 қазан мен 11 желтоқсан аралығында басталды деді. SARS-CoV-2 вирусының өзге түрлері тарамауы үшін коронавирустың адамға қалай жұққанын анықтау өте маңызды.

Washington Post басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың жаңа сайланған, бірақ қызметіне әлі кіріспеген президенті Джо Байден инаугурациясынан кейін Трамптың ДДСҰ-ны қаржыландыруды тоқтату туралы шешімінің күшін жоймақ. Бұған ДДСҰ да үміттеніп отыр. Трамптың әрекетін осыған дейін Еуроодақ та сынаған. Содан бері Брюссель ДДСҰ-ны ұйымның жұмысын барлық елдің қажетін өтейтіндей етіп реформалау жолдарын қарастырып келеді. Егер ДДСҰ мамандары коронавирустың адамға қалай жұққанын анықтаса, бұл ДДСҰ-дағы саяси дағдарысты шешуге көмектесуі мүмкін.

Коронавирус госпиталіне айналған спорт кешені. Мәскеу, 18 қараша 2020 жыл.

Коронавирус госпиталіне айналған спорт кешені. Мәскеу, 18 қараша 2020 жыл.

Кей сарапшылар қазірдің өзінде Ухань қаласынан мардымды дәлел табуға болатынына күмәнмен қарайды. Пандемияның басталғанынан бір жыл өтті. Коронавируспен тіркелген алғашқы науқастар барған базардан жаңа үлгілер табу мүмкін емес, ол жерде жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүрген. Халықаралық комиссия Қытай сарапшылары жинап алған үлгілерді пайдалануға мәжбүр.

Колумбия университеті Инфекция және иммунитет орталығының директоры Ян Липкин вирус адам ағзасына Уханьдағы жағдайдан бұрын түссе, таңғалмайтынын айтады. Қытай мамандарының қаңтар айында жариялаған материалдарында базардан алынған сынамалардың 15-інен коронавирус үлгілері анықталғаны айтылады. Ғалымдар тек санаулы сынаманың үлгісін жариялаған.

“Алынған сынамалар қандай? Әңгіме тірі вирустың үлгісі жөніде ме, әлде РНҚ кескіндері жөнінде ме? Ухань базарында болған жануарлардың анализге қажет материалдары алынды ма?” дейді MERS вирусының адам ағзасына түйеден жұққанын анықтаған ғалымдардың бірі Гази Кали New York Times басылымына берген сұхбатында. Кали мұны Египеттің бірнеше қасапханасындағы малдың қанын талдау арқылы анықтаған.

ДДСҰ бастаған зерттеуді кеш басталғаны үшін ғана емес, оның Қытаймен тығыз байланысты жасалып отырғаны үшін де сынға ұшырап отыр. ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебреисус ҚХР басшысы Си Цзиньпинмен жиі кездеседі, сөйте тұра миссияның жұмысына консультация береді. Гебреисус бұл сынға жауап беріп, пандемияның қалай басталғанын анықтау үшін жұмсақ күш керек дейді. ДДСҰ зерттеудің қай деңгейге жеткенін әлі айтпай отыр, бірақ прогресс бар дейді. Ұйым сондай-ақ бірнеше елдің миссияның жұмыс істеу шарттары жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат беру туралы өтінішін де жауапсыз қалдырды.Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Байден инаугурациясы: АҚШ-тың 46-президенті қызметіне кірісті

    АҚШ президенті Джо Байден мен оның жары Джилл Байден Ақ үй келіп, қолын бұлғап тұр. 20 қаңтар 2021 жыл. Қарашадағы президент сайлауы мен ауыр жүрген өтпелі кезеңнен кейін демократ Джо Байден Капитолий алдында АҚШ президентінің антын берді. Ол осылайша АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трампты ресми түрде алмастырды. 78 жастағы Байден ант беру кезінде қолын өз үйінен әкелген көне “Библияға” қойды. Кітап 46-президенттің әулетінде 1893 жылдан бері сақталып келген. Байден осыған дейін сенатор және вице-президент қызметтеріне кіріскенде де осы діни кітапты ұстап ант берген. Биылғы инаугурацияның ерекше болатыны әуелден белгілі болды. Оның бірден-бір себебі – коронавирус пандемиясы. АҚШ індетті ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Сонымен қатар 6 қаңтар күні Трамп жақтастары

  • Қарамолада кімдер жерленген?

    Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып, елімізде кеңінен аталып өткені белгілі. Ұлы ақынның мерейтойын лайықты атап өту үшін Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында да ауқымды іс-шаралар жоспарланып, іске асты. Солардың бірі ақын төбе би болып сайланып, «Қарамола ережесін» қабылдаған Қарамола мекенін қайта жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Қуанышты өзгерісті өз көзіммен көрейін деген ниетпен, әрі жас ұрпаққа өнегелі тәрбие болсын деген оймен бала-шағамды ертіп, Қарамолаға ат басын бұрдым. Тарихи мекенге апаратын жол қиылысына арнайы белгі қойылып, жолы қалыпқа келтіріліп, 1995 жылы (Абайдың 150 жылдығында) арнайы қойылған ескерткіш тақта маңы қоршалып, абаттандырылыпты. Осы ескерткіштің оң жағында, таяқ тастам жерде ескі қорым зираты орналасқан. Ол жерге кезінде жерленген ата-бабаларыма құран бағыштайын

  • ГЕОЛОГ ҒАЛЫМ С.КАМАЛОВҚА 85 ЖЫЛ

    Қазақстан экономикасы үшін үлкен маңызға ие кен орындарын ашқан ғалым Камалов Сухан Мақсұтұлы еліміздің тарихында елеулі орын алар тұлға. Бүкіл саналы ғұмырын өз отанының дамуы мен гүлденуіне арнаған білікті геолог Камалов С.М. көзі тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Камалов С.М. 1935 жылы желтоқсанның жиырма бірінші жұлдызы Орал облысының (бұрынғы атауы) Қазталов ауданына қарасты Асан-Құдық ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ол өз күшіне ғана сенуге бейімделеді, осы кезден оның бойында қайсарлық мінезі мен табандылық, еңбекқорлық қасиеттері қалыптасады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары мектепті бітірген ол, сол кездегі қол жетпейтін, арман мамандықтардың бірі жер қойнауында қазынаны зерттейтін геолог мамандығына қызығады. Осы мамандықты Қазақ мемлекеттік университетінде бітірген ол басында тәжірбие жинау үшін

  • АҚШ Ауғанстаннан 2000 сарбазын әкетпек. Салдары не болмақ?

    Азаттық радиосы Ауғанстанның үкімет күштерін жаттықтыратын орталықта жүрген АҚШ сарбаздары. Герат, Ауғанстан, 2 ақпан 2019 жыл. Көрнекі сурет. Вашингтонның Ауғанстаннан екі мың сарбазын алып кету туралы шешімі қарама-қайшы пікір тудырды. Бірі әскер санының бұлай азаюы экстремистік топтарды жігерлендіреді десе, бірі шиеленісті шешуге оң әсер береді дейді. АҚШ әскерінің әкетілуі туралы жаңалық 16 қарашада тарады. Сол күні баспасөз құралдары АҚШ президенті Дональд Трамптың санаулы күн ішінде Ауғанстан мен Ирактағы АҚШ әскерінің санын одан әрі азайту туралы шешімін жариялайтынын хабарлады. Келесі күні АҚШ қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Кристофер Миллер жаңалықты растап, америкалық сарбаздарды еліне қайтару келесі жылы 15 қаңтарда, Трамптың Ақ үйден кетуіне бес күн қалғанда аяқталатынын айтты. 18 қараша күні “Талибан”

  • Аралдың азуы мен тозуы

    Кеңестік дәуірдегі ирригациялық жүйе мен жерді ешбір агротехникалық шараларды сақтамай, есепсіз игеру тәсілдері Арал теңізін жоюға жеткізді. КСРО Су шаруашылығы министрлігінің тікелей кінәсынан Арал аймағы әлі мекенге айналды. Сырдария және Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында орналасқан, шөл зонасының су айдыны – Арал теңізінің жағдайы бүгінде көңіл толарлықтай емес. Кезінде  дүниежүзі бойынша 4-орында болған теңіздің бүгінде жоқ болып кету қаупі бар. Бұған басты себеп – адам әрекеті салдарынан теңіздің тек құр ізі ғана қала ма деген сұрақ барлығымызды алаңдатады.  1950 жылдары теңізде балықтың 24 түрі өсіріліп, балық аулау жылына 500 мың тоннаға жетсе, ал 1980 жылдары соңына қарай балықтың

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: