|  |  |  | 

Көз қарас Тарих Қазақ шежіресі

Қарамолада кімдер жерленген?

300px-East_Kazakhstan_Province_Zharma

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып, елімізде кеңінен аталып өткені белгілі. Ұлы ақынның мерейтойын лайықты атап өту үшін Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында да ауқымды іс-шаралар жоспарланып, іске асты. Солардың бірі ақын төбе би болып сайланып, «Қарамола ережесін» қабылдаған Қарамола мекенін қайта жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Қуанышты өзгерісті өз көзіммен көрейін деген ниетпен, әрі жас ұрпаққа өнегелі тәрбие болсын деген оймен бала-шағамды ертіп, Қарамолаға ат басын бұрдым. Тарихи мекенге апаратын жол қиылысына арнайы белгі қойылып, жолы қалыпқа келтіріліп, 1995 жылы (Абайдың 150 жылдығында) арнайы қойылған ескерткіш тақта маңы қоршалып, абаттандырылыпты. Осы ескерткіштің оң жағында, таяқ тастам жерде ескі қорым зираты орналасқан. Ол жерге кезінде жерленген ата-бабаларыма құран бағыштайын деп арнайы бұрылдым. Зират басына жеткен кезде алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды. Себебі, ежелден Құттыбай Керейлері ғана жерленген Қарамола қорымында VI ғасырда өмір сүрген Байдұлы Қағанға және қай ел, ру екені белгісіз (құлпытасында жазылмаған), тарихта аты да аталмаған Қараша «шешенге» қойылған құлпытастардың пайда болғандығы.

Ешбір тарихи нақты дерек көрсетпей, халыққа жарияламай, дәлелі жоқ, зерттелмеген, ауызекі айтылған шикі тарихқа сүйене салып, Орта жүз Керейлерінің мекеніне Ұлы жүз Шақшам руының адамдары жерленген дегені ме сонда? Бұл не қылған қысастық? Жасанды жапсырма тарих кімге керек? Әрі ондағы мақсат не? Бір нәрсені істемес бұрын оның дұрыс не бұрыс екенін тексеріп, тарихын тарамдап, зерттеп, зерделеп,  өңір тарихынан хабары бар ауыл тұрғындарымен жолығып жөн сұрамаушы ма еді.

Осы мәселенің анығына көз жеткізіп,  ақиқатына жету мақсатында жан-жаққа сұрау салып, тарихи деректерден жауап іздей бастадым.

Ауылымызда  шежіреші, тарихшы,  көнекөз қазыналы қарттарымыз  көп болды. Сол қариялардың біразын бала кезімізде көзімізбен көріп, айтқан сөздерін көкірегімізге тоқып, құлағымызға құйып өстік.

Солардың бірі менің әкем Кенжебаев Хибаш Хасенұлы да көзі тірісінде Құттыбай Керейлерінің шежіресін жинақтап, ұрпақтарына аманат етіп еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылы, дәлірек айтсам 1991 жылы «осы Қарамолада Қаракерей Қабанбай батыр жерленіпті» деген баспасөз бетінде «әңгіме» шықты. Осы пікірдің қате екендігіне бұлтартпас дәлелдерін келтіріп жазған әкем Хибаш Хасенұлының «Қарамола Қабанбайдың зираты емес» деген мақаласы сол кездегі Шар аудандық «Достық туы» газетінде жарияланған еді. Осы мақаладан Қарамоланың Құттыбай керейлерінің қорымы екеніне дәлел ретінде үзінді келтірейін: «Туған жерім,туғандарымның моласы тұрғандықтан болар, Қарамоланың жерінің бедері мен көмескі тартқан тарихына кішкене күнімнен ес білгелі таныспын.  Шығысында  Делбегетей, батысында Қорғанбай тауы аралығында жатқан, бұдырсыз теп-тегіс жазықтықты қақ жарып, бастауын Қалба тауының «Жауыр кезеңінің» құзар сайларынан алып, «Қара өткел» шатқалына жеткенде бір тұтас болып ағатын Шар өзенінің күншығыс жақ жағалауында аумағы бір ауылдың орнындай бетегелі сары жота бар. Қарамоланың қарсы бетінде, өзеннің сол жақ жағалауының оңтүстік батыс жағында, бір шақырымдай жерде, қалың ши өскен жайдақ жерде қызыл гранит тастардан қатарлап қалаған кішірек үйлердің, ұзын екі көшенің шөп басқан орны жатыр. Бұл атақты «Қарамола» жәрмеңкесінің сауда дүкендерінің орны екен. Бұл ара Столыпин реформасына дейін елдің жайлауы болған. Зират салынған кезі 1833-1879 жылдардың аралығы. Одан бұрын және кейін ешкім жерленбеген.

Қарамолаға алғаш жерленген арғын Қаз дауысты Қазбек бидің күйеу баласы, Маңқан (Қамқа емес) деген қызын алған Керей Құттыбай шешеннің бес ұлының ең кенжесі Итаяқтың мүрдесі (1753-1835 жж.). Ол 82 жасында қайтыс болған. Ерте заманнан бұл жер Ақсары керейден тараған Ақымбет керейінің Бейімбет тармағынан Ақбай – Дәуейдің: Ажығұл, Қожағұл, Өстемір, Амалдық тұқымының жайлауы болыпты. Ал, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, Ақымбет керейінің Ажығұл табынан шыққан Құттыбай шешеннің Маңқаннан туған бес ұлының  тұқымы бара-бара өсіп-өніп, Құттыбай керейі атаныпты. Қарамола үлкен қорым зират емес. Онда небәрі жеті зираттың құлаған орны жатыр. 1960 жылға дейін бұл арада төрт шошақ бейіт, екі тас бейіт ,көлемі үй орнындай және бір төртқұлақты саман кірпіштен қаланған екі кісінің қабыры бар бейіт тұрды. Қазір бұлардың бәрі тегіс құлаған, үйінділері жатыр.Осы жеті бейітке жерленген қабір саны отызға толмайды.

Қатар тұрған шошақ бейіттің біреуі Итаяқ Құттыбайұлы, біреуі Танаш Бағысұлы, біреуі Қияқбай Барлыбайұлы, біреуі Бекебай батыр Көбекұлынікі. Бұлардың алғашқы екеуі Итаяқтың немере інісі, соңғысы Итаяқтың төл немересі. Төменгі төрт (құлақты) қабырғалы бейітке жерленген екеу:  1) Айғыр Жәпекұлы(1816-1878жж.) -62 жасында, 2) Жанысбай Құлқайұлы  (1793-1879жж.)-86 жасында дүние салған. Бұл екеуі немере туыс, Итаяқтың үшінші ағасы Абылхайырдың немерелері. Қалған бейіттегілердің барлығы да Итаяқтың ет жақындары,әкесі Құттыбай шешеннің ұрпақтары екені күмәнсіз анық. Қарамола иесіз жатқан зират емес.  «Қарамоладағы зираттарды және Орынбай зиратын тобылғымен, жылқының қылын салып, шикі кірпіштен қалаған Итаяқтың Науша деген баласы,деп әкем айтып еді»,-деген еді бұрынғы «Суықбұлақ» колхозының бригадирі болған марқұм Жаки Көлібаев 1952 жылғы бір әңгімесінде.»

Тарихи шыңдыққа жүгінейік, орыстың аса көрнекті шығыс зертеушілері Левшин мен Аристовтың еңбектеріне сүйенген кеңестік тарихшы-ғалымдар В.В.Востров пен М.С.Мұқанов өздерінің «Родоплеменной состав и расселение казахов» деген кітабының 178-ші бетінде былай деп жазған: «Северо Восток Семипалатинского уезда занято в основном различными родами племени керей. Большая часть рода Аксары- отделение Куттыбай». Бұл сөздің растығына тағы бір дәлел. Әйгілі  поляк ғалымы А.Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» кітабының 30-43 беттерінде «Ағысы қатты Шарды жүзіп өтіп, Ақымбет Сибан Керей ел билеуші Бейсекенің үлкен киіз үйіне кірдік. Болыс қыстаудан көшкеннен бері үшінші жерге келіп қоныстап, дәл қазір Шардың жағалауындағы кеңістікті тегіс жайлап отыр. Алыстан мұнартып Делбегетей тауы тұр» деп жазылған.

Ысқақов Архам Кәкітайұлы (Құнанбайдың шөбересі) «Абайдың өмір жолы» деген кітабында былай деп жазған: «Қарамола Семейден жетпіс шақырым жоғары Шар өзенінің бойында. Бұл Қарамола июнь айында бір рет, октябрь айында бір рет, жылына екі рет жәрмеңке ашылады. Оған Өскемен, Зайсан ояздарының малдары, жүндері, терілері әкелініп Семейден бұл, шәй, былғары сияқты заттар апарып, алық-берік сауда болады. Сол съезге белгіленген мерзімде Өскемен, Зайсан ояздарынан отыз бес би бас қосып, осы жолы Тобықтының ұрыларындағы есе бермей жүрген малымызды даулайық. Оған бізге серік боларлық ел табайық десіп Қарамолаға жақын отыратын Керей, Матай деген екі болыс елге барады. Бұл елдерді басқарып тұрған Рақыш Тәти баласы деген Керей руының байы, шонжары екен.»

Ал, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Керей руының 1200-шы жылдан Ертіс бойында мекен еткенін жазған мәліметі жоғарыда көтерілген мәселенің соңғы нүктесін қояды.

Енді біздің Қарамолада жерленіпті-мыс деген Байтулы Қаған жөнінде тұщымды тарихи мағлұмат таппадық. Бар болғаны Уикипедия ұсынған қысқаша мәліметтер:1) «Ел басқарған ұлы бабаларымыздың өмірі шежіредегі аңыз әңгімелердегідей кең жайбарақат, шалқыған өмір болмаған. Қытай деректеріне сүйенсек үздіксіз қырғын соғыстар,таусылмас дау,шексіз қасірет, ат үстінен түспейтін жорықтарға толы қилы заман болған.Шақшам елінің тарихына қатысты ұлы бабаларымыздың ішінде туған жерге топырағы бұйырғандар Қошбар батыр мен Байдыбек ғана. Қараша би Тоғонда қайтыс болған, Байтулы Шығыс Жетісуда жерленген, Айшыкелдің мәйіті ішкі Қытайда қалған.»

2) Халық жазушысы Еркінбек Тұрысов «Бәйдібек» атты тарихи хикаятында Байдулы бабамыз Шығыс Жетісудағы Қаракөл өзенінің бойында дүниеден өтіпті дейді. Ұрпақтары қалың найманның мың сан азаматымен бірге даланың қара қира тасынан бабаның үстіне биік оба тұрғызған. Алыстан қара тартып көрінетін сол оба, сол мола ел ішінде Қараша бидің баласы- Байдулудың моласы- Қарамола атанып кеткен деп баяндайды.

Міне, тайға таңба басқандай, «Шығыс Жетісудағы Қаракөл өзені бойында» жерленген деп өз шежірелерінде жазады. Олай болса, Шар өзенінің бойынан бабаларының басын іздегендеріне жол болсын. Ең сорақысы, Шақшам руы ұрпақтарының өз шежірелерінен хабарсыздығы ма, әлде Қазақстан георафиясынан сауатсыздығы ма?-деген сұрақ туындайды.

Жалпы, Қарамола атауымен аталынған қорымдар мен жер атаулары елімізде көптеп кездеседі. Қарамола деген жер тек біздің ауданымызда ғана емес, сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында да бар.

Қазақта сөз бар, «адасқанның айыбы жоқ»деген. Бірақ та, бабалар аманатына қиянат жасамау керек. Қазақ қайтыс болған адамын өз жерінде, өз зиратына жерлеген, өзге рудың қорымына қоймаған және оған рұқсат та болмаған.

Бүгінгі таңда, Құттыбай Керейлерінің 80 пайызы Шар өңірінде тұрады. Қалғандары Қазақстанның басқа өңірлерінде еңбек етіп, әулетті ұрпақ өсіріп, өмір сүруде. Жоғарыда айтылған Қарамола қорымына қатысты мәселеге жергілікті Керей руының ұрпақтары өз наразылықтарын білдіруде. Расында, сырттан келіп, дәлелі жоқ тарихты тықпалап жүрген Ұлы жүз Шақшам руының азаматтарына айтарымыз тарихты бұрмалап, халықты шатастырмасаңыздар екен.

Сөз соңында айтарым, қазақта мақал бар «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Ендеше, атадан балаға мұра болып жеткен шежіре-тарихымызды кіршіксіз таза, бұрмаламай, болашақ ұрпаққа тапсыруға міндетті екенімізді ұмытпайық.

Мейіргүл Хибашқызы

Шар қаласы

Жарма ауданы 

Шығыс Қазақстан облысы

 

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: