|  |  |  | 

Көз қарас Саясат Шоу-бизнис

Өтірік академиктердің өз еркімен кетіп қалуына үш күн берсе жетеді

93_bigБасты қатырмай Ұлттық ғылым академиясын қайта ашу керек те, бүкіл ғылыми институттарды соған беріп, директорын ғалымдардың өздері сайлайтын ету қажет. Өтірік академиктердің өз еркімен кетіп қалуына үш күн берсе жетеді.
Ауыл әкімін сайлау керек десе “ойбай, сепаратизм пайда болуы мүмкін” дейді.
Оқудың түбіне жеткен ғалымдарға өз институтының директорларын сайлауға неге мүмкіндік берілмейді? Оны неге министрлікте отырған комитет-сәмитеттің шенеуніктері тағайындауы тиіс? Шенеунік араласқан жер оңбайды.
Қазір мемлекеттің ғылымға бөлетін ақшасы жалпы ішкі өнімнің бір пайызына да жетпейді. Соны үш пайыз қылсын да Академияға, ғалымдардың өзіне берсін. Әрі қарай билік ғылым шаруасына араласпасын. Ғылым биліктен тәуелсіз болғанда ғана дамиды. Академия президенті тек Қазақстан президентіне ғана бағынышты болсын.
Қазір не? Ғылыми институт басшыларының күні топас шенеуніктердің қас-қабағын аңдумен өтеді. Әлгі шенеуніктер өзі сияқты біреуді директор қылса, институтың құрыды дей бер. Солай сорлап қалған институттар бар. Ол директордың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Онымен қоймай орта мектеп оқулығының бәріне автор болып (бесаспап ептейалмайт(( қыруар ақша алып, балаларымызды сауатсыз қылып жатқан директорлар да бар. Ұялса қайтеді?
Ғылыммен айналысады деген ғалымдар институтта азғантай ақшамен амалдап, жоғары оқу орына зыр жүгіріп, нәпақа тауып жүр. Ғылыми зерттеуші тоқ болуы керек. Аш ғалым жалтақ болады, директор, ректор не айтса соны істейді. Өзі сияқты жалтақ, жағымпаз студенттер әзірлеп шығады. Жоғары оқу орындарының ректорлары құдай емес, құдайдан былай да емес. Бұлар оқу орындары емес, бар болғаны ректорлардың бизнестері ғана. Еріккен ректорлар Африкаға барып, арыстан аулайтын деңгейге жеткен.
Бүкіл жоғары оқу орындарын да министрліктен қаржыландырмай, жекеге жібере салу керек, онсыз да әркімнің қалтасында жүрген нәрсе, өз күндерін өздері көрсін, тараса тарап кетсін. Білім министрлігі орта мектептермен ғана айналысса жетеді. Анау Асхат бүгін бірінші сыныптың, ертең академиктің мәселесімен шұғылданып отырады. Асхаттың басы алтын болса да оның бәріне бірдей жетпейді. Осы министрлікке қарайтын Білім бірдеңесі, білім сірдеңесі деген қаптаған паразит мекемелерді жедел жауып, білім саласын ақша көзіне айналдырған өтірік олимпиадаларды дереу тоқтатып, оқулықты үздік мұғалімдерге қарапайым, түсінікті тілде жаздырту керек, болды.

Асылхан Мамашұлы

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: