|  | 

Жаһан жаңалықтары

Украина мен Ресей арасы не болып жатыр? 6 сұраққа жауап


Ресей әскери күштері Қырымдағы жаттығу жиынында. 19 наурыз, 2021 жыл.

Ресей әскери күштері Қырымдағы жаттығу жиынында. 19 наурыз, 2021 жыл.

Кейінгі күндері әлеуметтік желіде ресейлік ауыр әскери техника тиелген пойыздардың бірнеше видеосы тарады. Түрлі ақпарат көздері пойыздардың Сібірден Украинамен шекаралас аудандарға бара жатқанын айтады. Ал Ресей бақылауындағы Қырым көпірі қысқа уақытқа жабылып қалған. Бұл да қару-жарақ тасымалына байланысты болуы мүмкін.

Ресейдің мемлекеттік телеарналары болса, Украина мен Ресейдің қолдауына ие сепаратистік күштердің шартты шекарасында артиллериялық атыс болып жатыр деген үрейлі ақпар таратумен әлек.

Мұның бәрі Украина мен Ресей арасындағы “қырғи-қабақ” соғыс кескілескен шайқасқа айналады дегенді білдіре ме?

Азаттық мәселенің жай-жапсарын түсіндіру үшін Украина-Ресей текетіресіне қатысты алты негізгі сұраққа жауап ұсынып отыр.

УКРАИНАНЫҢ ШЫҒЫСЫНДА ОНСЫЗ ДА СОҒЫС БОЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

Иә. Украинаның шығысында орналасқан Донбасс аймағындағы қақтығыс жеті жыл бұрын дәл осы айда басталған. Ұрысты тоқтату туралы көп келісім жасалғанына қарамастан, Донбастағы қақтығыс тоқтаған жоқ. БҰҰ-ның дерегінше, 2014 жылдың сәуірінен бері 13 мыңнан астам адам қаза тауып, бір миллионға жуық халық үйін тастап көшуге мәжбүр болған.

Соңғы ірі қақтығыстардың бірі 2017 жылы қаңтарда Авдеевка қаласында болған. Бірақ снайпер мен минометтан атылған оқ дауысы күнделікті естіліп тұрады. Кейінгі айларда көп адам шығынына әкелген ұрыстардың бірі 26 наурызда Донецкінің солтүстігіндегі Шума ауданында өткен.

Өткен айда украиналық шенеунік 2020 жылдың шілдесінен бері Украина әскерінде 45 жауынгер қаза тауып, 320 адам жараланғанын хабарлады.

Наурыздың соңынан бастап Ресей әскерінің Украина мен 2014 жылы наурызда өзі жаулап алған Қырым шекарасына жақындай түскені байқалады.

Бұл батыс елдерін алаңдатып отыр.

ӘСКЕРИ ТЕХНИКАНЫ ШЕКАРАҒА АПАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?

Кейінгі екі аптада Ресей қарулы күштерінің Украина шекарасы мен оған жақын маңдағы аудандарға және Қырым территориясына қарай қозғалғанын растайтын фото, видеоайғақтар және өзге де деректер тарады.

Суреттердің қай жерде түсірілгенін анықтап, Кремль болмаса да, Ресей әскерінің ниетін білу үшін бұл ақпарат ашық дереккөздермен жұмыс істейтін зерттеушілер, журналистер және басқа да тұлғаларға жіберілді.

Ресей мұны әскери қуатын көрсетіп, Киевті қорқытып, батыс елдеріне “Қажет болса, Украинаға аз уақыттың ішінде басып кіре аламын” деген белгі беру үшін жасап отыр деген болжам жиі айтылады.

Мәскеудегі Карнеги орталығының қызметкері Максим Саморуков 5 сәуірде жариялаған мақаласында “Ресей өз әскерінің Украина шекарасы мен Қырымға жақындағанын ашық көрсету арқылы көрші мемлекетті аяқ астынан шабуылдап, қапыда қалдыруды емес, қоқан-лоқы көрсетуді көздеп отырғанын дәлелдеді” деп жазды.

Жағдайды бақылап отырған мамандар Ресей әскері бұрын да тұрақты әскери жаттығулар кезінде көшіп-қонып жүргенін, бірақ ешқандай елге басып кірмегенін айтады. Кей сарапшы әскердің бұл жолғы қозғалысының әскери дайындықтарға қатысы жоқ деп есептейді.

РЕСЕЙ НЕ ДЕЙДІ?

Ресей бұл мәселеге жөнінде нақты мәлімдеме жасаған жоқ. Өткен аптада Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің Ресей әскерінің Украина шекарасына жақындауы туралы сұрағына жауап беруден бас тартып, “Алаңдауға себеп жоқ. Күш құрылымдарының шекарадағы қозғалысы – Ресейдің ішкі мәселесі” деген.

Бірақ Қырым Ресейдің ішкі мәселесі дегенді Киев те, Батыс елдері де, тіпті әлемнің басым бөлігі мойындамайды. Олар Мәскеудің Қара теңіздегі түбекті иеленуге құқығы жоқ деп есептейді.

Донбасс пен Солтүстік Кавказ шекарасына жақын орналасқан аудандарға жауапты Оңтүстік әскери округ әскердің дайындығын тексеру үшін 29 наурыз бен 30 сәуір аралығында ондаған жаттығу өткізетінін хабарлады. Бұл округ Ресейдің Қырымдағы әскери құрылымының да жұмысын қадағалайды.

Ресей әскери техникасының колоннасы Қырымға бара жатыр. 24 наурыз 2021 жыл.

Ресей әскери техникасының колоннасы Қырымға бара жатыр. 24 наурыз 2021 жыл.

Бірнеше күн бұрын Ресейдің қорғаныс министрі мәселені одан әрі ушықтырды. 25 наурызда Сергей Шойгу елдің солтүстік-батысындағы Псков қаласында орналасқан 56-десанттық шабуыл жасағы қайта құрылып, Қырымдағы Феодосия портына жіберілетінін айтты. Керченский бұғазындағы көпірдің жабылуы әскери техника тасымалдаумен байланысты деген ақпарат бар.

Ресей қатысатын көлемді әскери дайындықтардың бұрыннан өткізіп жүргенімен, сарапшылар қару-жарақ тасымал әдеттегіден ауқымды дейді.

6 cәуірде Шойгу елдегі барлық әскери округте кең көлемді әскери жаттығулар басталғанын айтты.

ОҚ АТУ ТОҚТАДЫ МА?

Украинаның шығысында жиі бұзылатын оқ атпау туралы келісім Минск шартынан басталған. Қос бөлімнен тұратын келісімнің екіншісіне 2015 жылы ақпанда қол қойылды. Қол қоюшылар қатарында Украина, Ресей және Украинаның жікшіл облыстары Донецк пен Луганск, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы болды.

Одан бөлек, қақтығысты тоқтатуға мүдделі Ресей, Украина, Франция және Германия өкілдерінен тұратын Нормандия форматы бар. Бірақ бұл топтың мақсаты орындалған жоқ. Оған Ресейдің Украинаның шығысындағы сепаратистерді қаржыландыруы, Украинаның ішкі саясаты, Франция мен Германияның Мәскеуге қарсы тұрып, Киевті қолдауға келгенде бір шешімге келе алмауы сияқты бірнеше фактор әсер еткен.

Германияның сыртқы істер министрлігі 3 сәуірде жариялаған мәлімдемесінде қазіргі шиеленісте сабыр сақтау керегін ескертіп, бұл үндеуін барлық тарапқа арнаған.

Бұл мәлімдеме бірқатар ресми тұлғаның сынына ұшырады. Олар Ресей әскерінің шекараға жақындап, қауіп төндіруін Украинаның Донбастағы қорғаныс амалдарына теңестіруге болмайтынын айтып, наразылық білдірген (7 сәуірдегі дерек бойынша, Украинаның қару-жарағын жаппай басқа жаққа тасымалдап жатқанын растайтын ақпарат жоқ. Ресейдің Қырымдағы әрекетімен салыстырғанда, Украинадағы кез келген әскери қимылы шекара ішінде ғана жүріп жатыр).

Еуропа одағы Украинаны қолдады. Одақтың жетекші дипломаты Жозеп Боррель қаңтарда Еуропа елдерінің Мәскеумен қарым-қатынасын нығайту үшін Ресейге барып, қорланып қайтқан. Осыдан соң сарапшылар “Бұл мәселеге келгенде Еуроодақтың Ресейге ықпал ету тетігі аз” деген қорытындыға келген.

Ресей жөніндегі сарапшы Марк Галеотти өз кітабында “Мәскеу Батысқа “Украинаны сөз жүзінде қолдауды жалғастыра берсеңдер, сөзді іске айналдыруға мәжбүр боласыңдар” дегенді түсіндіргісі келетін сияқты. Ал Кремль Еуропа іске көшуге құлықты емес деп ойлайды” деп жазады.

АҚШ-ТЫҢ ҚАТЫСЫ ҚАНША?

Сарапшылардың айтуынша, Ресей қимылдарының уақыты мен ауқымы Мәскеудің АҚШ пен оның жаңа сайланған президенті Джо Байденді сынап көргісі келетінін білдіруі мүмкін. Байден вице-президент кезінде Украинаның берік қолдаушыларының бірі ретінде танылған.

Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін Вашингтон Мәскеуді санкцияның қыспағына алды. Кейінгі жылдары АҚШ Ресейге жылы қабақ танытқандай болғанымен, Байденге дейінгі президент Дональд Трамп Мәскеуге қарсы санкцияларды күшінде қалдырған.

Украина әскері Тәуелсіздік күніне орай өткен әскери парадта танкіге қарсы Javelin дейтін америкалық ракеталарды көрсетті. Киев, 24 тамыз 2018 жыл.

Украина әскері Тәуелсіздік күніне орай өткен әскери парадта танкіге қарсы Javelin дейтін америкалық ракеталарды көрсетті. Киев, 24 тамыз 2018 жыл.

Байден әкімшілігі Ресейге қатысты әлдеқайда қатаң саясат ұстанып отыр: жаңа президент қызметіне кіріскелі қос мемлекеттің қарым-қатынасын қайта қарау немесе нығайту мәселесі қаралмайтыны бірнеше рет айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс 5 сәуірде “Ресейден бұл арандатуға түсініктеме беруді сұрадық. Бастысы, украиналық әріптестерімізді қолдап, оларды сабырға шақыратын хабарлама жібердік” деді.

АҚШ-тағы жаңа президент әкімшілігі ресейлік оппозиционер Алексей Навальный жүйке жүйесін зақымдайтын “Новичокпен” уланып, Байденнің ант беру рәсімінен үш күн бұрын Германиядан Ресейге оралған кезде бірден тұтқындалғаннан кейін Мәскеуге қарсы экономикалық санкциялар салған.

Байден әкімшілігі Ресейдің барлау қызметін АҚШ үкіметінің компьютерлеріне кибершабуыл жасады деп кінәлап, Мәскеуді бұл үшін жауап аламыз деп қорқытқан. Бірақ жаңа президент Ресейге қарсы нақты қандай шаралар қолданатынын ашып айтпады.

2 cәуірде Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, Киевті толықтай қолдайтынын білдірген. Бұл қоңыраудан бұрын АҚШ пен Украинаның қорғаныс министрлігі мен қарулы күштерінің шенді өкілдері сөйлескен.

Еуроодақ Украинаға жақсы жұмыс істейтін, жемқорлықтан таза үкімет құру үшін жүздеген миллион еуро ақша берсе, АҚШ Украина әскерін дайындықтан өткізіп, танкіге қарсы зымыран, қарсы тараптың қару-жарағын анықтайтын радар және түнде көруге арналған көзілдірік сияқты құрылғылармен қамтамасыз еткен.

1 наурызда АҚШ-тың қорғаныс министрлігі Украинаға 125 миллион доллар көлемінде көмек берген. Бұл жолы Украина әскеріне артиллерияға қарсы радарлар мен тактикалық құралдардың көмегімен ұшу, басқару және бақылау қабілетін жақсарту, қалыптасқан жағдай туралы ақпарат алуды күшейту, спутниктен түсірілген суреттерді талдау, әскери эвакуация және жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсету мүмкіндігін арттыратын құрылғылар жіберілген.

Кремль Украинаның НАТО-ға қосылуына түбегейлі қарсы. Жуық арадаы Киевтің әскери одаққа кіруі екіталай болғанымен, Зеленский бұл мәселеге қатысты ашық мәлімдемелер жасап үлгерді.

Зеленский НАТО-ның бас хатшысымен сөйлескеннен кейін Twitter парақшасына “Әскерді және қорғаныс секторын реформадан өткізгіміз келеді. Бірақ Ресейді тоқтатуға бір ғана реформа жеткіліксіз. Донбастағы соғысты тоқтатудың жалғыз жолы – НАТО” деп жазды.

Украина қарулы күштерінің сарбазы дүрбі арқылы Донецк қаласындағы сепаратистер бақылайтын аумақпен шекараны тексеріп тұр. Украина, 6 сәуір 2021 жыл.

Украина қарулы күштерінің сарбазы дүрбі арқылы Донецк қаласындағы сепаратистер бақылайтын аумақпен шекараны тексеріп тұр. Украина, 6 сәуір 2021 жыл.

РЕСЕЙГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕТІН ҚАДАМ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Киев, Вашингтон мен батыс елдері “Кремль бірнеше ірі әскери жаттығу өткізіп, күш құрылымдарын ары-бері көшірумен ғана шектеле ме?” деген сұраққа нақты жауап таба алмай отыр.

Бұл үшін Ресейдің айналасындағы басқа қақтығыстарға қандай реакция білдіріп отырғанына көз жүгіртіп көруге болады. Совет одағы тарағаннан кейін Грузиядан бөлінген Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Молдованың Приднестровье аймағы сияқты аумақтарда бұрын “уақытша тоқтатылған кикілжіңдер” қайта өршіді.

Ресей күштері бұл қақтығыстардың бәріне не бітімгер, не кәдімгі әскер ретінде қатысқан. Бірақ Ресей әскер кіргізерде БҰҰ немесе ЕҚЫҰ-дан рұқсат алмағандықтан, қақтығыс аймағындағы жағдайды өз пайдасына шешу үшін тұрақсыздық туғызуға тырысады.

Осыған дейін Венада Донбасқа ЕҚЫҰ ұранымен халықаралық бітімгерлер жіберу бастамасы көтерілген. Бірақ бұл ұсыныс шешімі табылмаған бірнеше мәселеге, оның ішінде “Бітімгерлерге Ресей-Украина шекарасындағы немесе Украинадағы бақылау сызығындағы тәртіпті қадағалауға рұқсат беріле ме?” деген сұраққа келіп тірелді.

Сарапшылардың көбі Ресей үлкен соғыс бастап, Украинаның басым бөлігін жаулап алуға тырыспайды, дәл қазір Мәскеу ондай тәуекелге бармайды деп есептейді.

Chatham House талдау орталығындағы Ресей жөніндегі бағдарламаның бұрынғы басшысы Джеймс Шер Украина территориясына Ресейдің бітімгерлік күштерін кіргізу Мәскеудің де көңілінен шығатын шешім болуы мүмкін деп есептейді.

“Жергілікті текетірес күшейіп, мәселе Ресейдің бітімгерлік күштерін түйісу сызығының бойына орналастырумен аяқталуы мүмкін деген нұсқа шындыққа көбірек ұқсайды” деді Шер Эстониядағы халықаралық қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі орталыққа берген пікірінде.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы 

Related Articles

  • АҚШ сенаты Украинаға қаржылай көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады

    АҚШ конгресі.  АҚШ сенаты 13 ақпанда Украина, Израиль және Тайваньға 95 млрд доллар болатын қаржылай көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады. Сенатта демократтар басым орынға ие. Енді заң жобасын Республикалық партия басым Өкілдер палатасы қарайды. Өкілдер палатасында жобаның заң статусын алуға мүмкіндігі аз деген болжам да айталады. Президент-демократ Джо Байден біраз уақыттан бері екі палатаны Украина мен АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аумағындағы серіктестеріне көмек беруді жылдамдатуға шақырып келеді. Украина билігі басты одақтасы АҚШ-тан қолдау азайған тұста қару-жарақ жетпей жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 13 ақпанда АҚШ сенатының бұл заң жобасын мақұлдағанына алғыс айтты. Құжатта Киевке 61 млр доллар беру қарастырылған. “Американың көмегі Украинаға бейбіт өмірді жақындастырып, әлемдік

  • АҚШ сенаты Украина мен Израильге көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады

    Азат Еуропа / Азаттық радиосы АҚШ сенаты Украина мен Израильге 118 миллиард доллар қосымша қаржы көмегін беру туралы екі партия ұсынған заң жобасын және АҚШ-тың оңтүстік шекарасын нығайту туралы заң жобасын мақұлдады. Былтыр қазан айынан бері жалғасып келе жатқан “ұлттық қауіпсіздікке байланысты қосымша қаржыландыру туралы” дауға нүкте қоятын компромистік мәтін АҚШ сенатының сайтына шыққан. Заң жобасы бойынша, сенаторлар 60 миллиард долларды Украинаны қолдауға, 14 миллиардты Израильге көмекке, 20 миллиардтан астам долларды АҚШ-тың Мексикамен шекарасын қауіпсіздендіруге, шамамен бес миллиардты АҚШ-тың Тынық мұхит аймағындағы серіктерін қаржыландыруға, екі жарым миллиардқа жуық долларды “Қызыл теңіздегі” операцияны қолдауға, тағы да сондай қаржыны АҚШ-тың Орталық қолбасшылығына бөлуді жоспарлаған. АҚШ президенті Джо Байден конгресстен Украина, Израиль және Тайваньға

  • Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады. ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды. 28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде

  • Әзербайжан Қарабаққа шабуыл бастады. Қазірге дейін не белгілі?

    Азаттық радиосы Әзербайжан қорғаныс министрлігінің Таулы Қарабақта “армениялық әскерилердің позициясын жойдық” деп таратқан фотосы. 19 қыркүйек 2019 жыл.  19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта “антитеррористік операция” бастағанын мәлімдеді. Бакудың бұл мәлімдемесінен соң Қарабақта тұратын армяндар артиллериядан шабуыл басталғанын айтады. “Степанакертте жарылыс естіліп жатыр. Балалар мен ата-аналар жертөлелерге түсті. Балконымнан әр жақтан жарылыс дауысы естіліп жатыр, тоқтар емес. Артиллерия қатты атқылап жатыр, атыс дауысы да толастар емес” деді Таулы Қарабақтағы тәуелсіз журналист Марут Ванян. Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, 19 қыркүйек 11:10-да Әзербайжан күштері Қарабақтағы Аскеран ауданын атқылаған. “Эхо Кавказ” сайты Степанакерт қаласында әуе дабылы қағылғаны хабарланды. Степанакерт қаласында қашып бара жатқан адамдар. 19 қыркүйек 2023 жыл. Таулы Қарабақтағы армяндардың бақылауындағы аймақтың омбудсмені

  • АҚШ украин сарбаздарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге рұқсат берді

    F-16 жойғыш ұшағы.         АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берді. Бұл жөнінде Пентагонның баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх хабарлады. Оның айтуынша, Нидерланд және Дания оқыту жағына жауап беруі мүмкін. Пентагон өкілі бұдан өзге ақпарат бермеді. Шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген. Шілде айында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби оқыту мерзімі, орны мен ұзақтығы әлі қарастырылып жатқанын айтқан. Өткен аптада Politico

1 пікір

  1. Ğaliy Baysımaq

    Qos kõrşiniñ arasy qalay boluwşy edi sol urys-keris birin-biri siylamaw qadir tutpaw arazdyqqa jol berip qoydy. Bul õkinişke oray qos bawyrlas halyqtyñ basyna tūsken qiyinshylyq dewge ăbden bolady basqasha ataw esh mūmkin emes.

POST YOUR COMMENTS TO Ğaliy Baysımaq (Cancel)

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: