|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Мәскеу түркі мемлекеттерінің бірігуінен неге қорқады? АҚШ-тағы Омарова төңірегіндегі дау


Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше ел басшылары. Стамбул, 12 қараша, 2021 жыл.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше ел басшылары. Стамбул, 12 қараша, 2021 жыл.

Кремль түркі мемлекеттерінің бірігуінен сескене ме? «Түркі әлемі» мен «орыс әлемінің» қайсысы күшті? АҚШ-тағы былтырғы президент сайлауынан соң басталған қос партия арасындағы текетірестің Қазақстан тумасы Сәуле Омароваға қандай қатысы бар? Батыс ақпарат құралдары осы сұрақтарға жауап іздейді.

«РЕБРЕНДИНГТЕН ӨТКЕН» ТҮРКІ КЕҢЕСІ

«Түркияның одақтасы – Әзербайжан екінші Қарабақ соғысында (2020 жылғы 27 қыркүйек – 9 қараша) жеңіске жеткен соң ресейлік шолушылар Анкараның өз қоластындағы түркі мемлекеттер одағын құру әрекетіне алаңдай бастаған. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (қысқаша Түркі кеңесі) елеулі ребрендингтен өтіп, Түркия Түркі мемлекеттер ұйымын (мақалада «одағы» деп жазылған – ред.) құрғаннан соң бұл қауіп ұлғая түсті». 12 қарашада Стамбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің кезекті саммитін қорытындылаған америкалық Jamestown қорының сайтындағы мақала осылай басталады.

Автордың айтуынша, Ресейдегі кей сарапшылар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ойы тым әріде деп болжайды: Ердоғанның ойындағы түркі әлемі – «тек түркі мемлекеттерінің емес, басқа елдердің, соның ішінде Ресей Федерациясының аумағындағы түркі халықтарының ауқымдырақ тобын құрайды».

Түркі кеңесіне мүше ел басшылары кеңес отырысында: Түркия президенті Режеп Ердоған (ортада), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев. Түркия, 12 қараша, 2021 жыл.

Түркі кеңесіне мүше ел басшылары кеңес отырысында: Түркия президенті Режеп Ердоған (ортада), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев. Түркия, 12 қараша, 2021 жыл.

Автор Ресей ғалымы Дмитрий Родионовтың болжамына сілтеме жасап: «Бұл ықтимал әрекеттердің алғашқысы Мәскеудің Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан сияқты елдерге ықпалын азайтуды көздесе, екіншісі Ресей Федерациясының қазіргі аумағындағы түркі жерлеріне Мәскеудің бақылау жүргізуіне қауіп төндіреді» дейді. Оның айтуынша, соңғы кездері Мәскеу түркі мемлекеттерінің одағы концепциясын жиі сынағанымен, «идеяға көп назар аудартпау үшін оған қарсы пікір білдіруден тартынып келген».

Сарапшының айтуынша, Түркия басшысы түркі мемлекеттерінен басқа елдердің аумағындағы түркітілдес халықтың қамқоршысы екенін көп байқатып жүр. Мәселен, былтыр қаңтарда Бакуге барған сапарында ол «Анкара Ирандағы әзербайжандарға алаңдайтынын» айтқан, сол арқылы ол «риторика жағынан тіпті Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен де асып кетті». Миллиондаған әзербайжан тұрып жатқан Иранға немесе Шыңжаңдағы түркі мұсылмандары «саяси үйрену лагері» деген орындарға қамалып жатқан Қытайға тікелей айбат шекпегенімен, Ердоған «Анкара өз мемлекеті жоқ түркі халықтарына назар аударатынын және түркі бірлігінің бұл екі түрі өзара байланысты екенін айтты және ісімен де аңғартты».

Автордың айтуынша, Түркияның Ресейдегі мұсылман түркілерге, әсіресе Мәскеу Украинадан оккупациялаған Қырым түбегіндегі Қырым татарларына назар салуы Ресейді бұрыннан толғандырып келеді.

Нұр-Сұлтанда орналасқан Түркі академиясының жақында жарияланған мәлімдемесінде Ресейдің Қиыр шығысындағы Саха Республикасы «әлем қауымдастығы мойындамаған мемлекеттік құрылымдардың бірі» деп аталған. Ресей сарапшысы Сергей Аксеновтың пікірінше, бұл – «Ресейдегі түркі сепаратизмі пропагандасының» әрекеті.

«Ресей сарапшыларының айтуынша, Түркияның шетелдегі түркі халықтарына жасап жатқан әрекеті Ресейдің «орыс әлемі» бастамасымен дәлме-дәл келеді. Осы екі сәйкестік және Мәскеудің мұны мойындамауы Анкараның Кремль «жақын шетел» деп санайтын аймақтарға ғана емес, өз үйіне жақын жерге де ықпал жүргізуіне жол ашуы ықтимал. Әрине, Анкараның түркі әлемі туралы көзқарасы Мәскеудің орыс әлемі туралы көзқарасындай не одан да үлкен маңызға ие болуы мүмкін» деп қорытады Еуразиядағы этносаралық қарым-қатынасты зерттейтін сарапшы, мақала авторы Пол Гобл.

«ҚЫЗЫЛДАРДЫ АҢДУ» НАУҚАНЫНЫҢ «НЫСАНАСЫНА» АЙНАЛҒАН ОМАРОВА

АҚШ-тағы жоғары лауазымды қызметке ұсынылған Қазақстан тумасы Сәуле Омарова Демократиялық және Республикалық партиялар арасындағы бітіспес даудың ортасында қалды. АҚШ президенті Джо Байден жақында Корнелл университетінің профессоры Омарованы валюта басқармасының жетекшісі қызметіне ұсынған.

Оның кандидатурасын талқылайтын сенаттағы тыңдау жақындап қалғанда Америка ақпарат құралдары Сәуле Омарова 26 жыл бұрын дүкеннен киім ұрлап, ұсталған деп жарыса жазды. Ал Fox News телеарнасы Омарованың СССР-дағы коммунистік режим кезінде Мәскеуде білім алғанын алға тартып, оны «Карл Маркстың суретімен бірге омақа асатын Байденнің кезекті үміткері» деп сипаттады. Енді бірі ол «коммунизмді қалайды» десе, Wall Street Journal-дың редакция алқасы «Ол советтің экономикалық жүйесі күшті болған деген ойды әлі ұстанады» деген ой айтты.

Сәуле Омарова АҚШ сенатының тыңдауы кезінде сұрақтарға жауап беріп жатыр. 18 қараш 2021 жыл.

Сәуле Омарова АҚШ сенатының тыңдауы кезінде сұрақтарға жауап беріп жатыр. 18 қараш 2021 жыл.

New York Magazine басылымы болса, Сәуле Омарова «қызылдарды іздеу деген сүйкімсіз науқанның нысанына айналды» деген тақырыппен мақала басты. «Елдің кейбір ірі банктеріне қатысты ережелерді босаңсытудағы кеңсенің (валюта басқармасының – ред.) рөлін қатаң сынаған Омарованы екіге жарылған конгресс «Сәлем, Сәуле!» деген әнді блюз стилінде шырқап, құшақ жая қарсы алады деп ешкім күткен жоқ, әрине. Сыйлы ғалым әрі үлкен Джордж Буш әкімшілігінің ардагері президент Байденнің өз адамдарын тағайындау барысында дәл 1950-жылдардағыдай қызылдарды аңду деген ең бір сүйкімсіз науқанның ортасында қалады деп ешкім ойламады» деп жазады басылым.

АҚШ сенатының банк комитетіндегі Республикалық партия өкілі Пэт Туми Омарованың Мәскеу мемлекеттік университетіне түскенін, Ленин атындағы стипендия алғанын айтып, ұзақ сөз сөйлеген және сонда жазған «Карл Маркстың саяси философиясы туралы диплом жұмысының орысша түпнұсқасын талап етіп, ақылға сыйымсыз, көзбояу хат жазған».

New York Magazine тілшісіне сұхбат берген Сәуле Омарова мұндай қарсылық болатынын білгенін айтқан. Оның айтуынша, өз кандидатурасына қарсылықтың артында АҚШ-тың ірі банктері тұр.

«Мен оларды (АҚШ-тың ірі федералдық банктерін – ред.) реттеп отырады деп қобалжитындары анық еді. Себебі олар менің жаңа дағдарысты болдырмауға қатысты нақты ұстанымым бар екенін біледі. Себебі мен бұл саланың сырттай жақсы көрінетін жауаптарын қанағат тұтып отыра бермей, қиын сұрақтарды қайта-қайта қоя беретінімді олар біледі» деді Омарова.

Америка басылымдары Сәуле Омарованың Қазақстан мен Ресейдегі балалық, жастық шағына да көп тоқталған. Ол «Коммунистік партияға өтпегені үшін Сталин жақындарын Сібірге айдап жіберген» әжесінің қолында өскенін айтқан. Омарова Совет одағын «еркін кәсіпкерлік жоқ, мен сияқты адамдарға экономикалық мүмкіндік жоқ репрессиялық мемлекет» деп атаған.

«Оның бар арманы – мүмкіндіктер мен еркіндік елі Америкаға келу болған».

18 қарашада өткен тыңдауда Омарова сенаторлар сынының астында қалды. New York Times-тың жазуынша, АҚШ сенаторлары оның мекемені басқарудағы жоспарына емес, кезінде жазған еңбектеріне көбірек шүйліккен, тіпті АҚШ-тағы гендер теңдігін СССР-дікімен салыстырған 2019 жылғы туитіне де назар аударған.

АҚШ басылымдарының жазуынша, сенаттың қолдауына ие болған жағдайда Сәуле Омарова 3500-дей қызметкері бар валюта басқармасының жетекшісі қызметіне барады. Бұл – Америкадағы федералдық банктердің жарғысына бақылау жасайтын реттеуші орган.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы 

Related Articles

  • Украина мен Ресей шағын қала үшін неге соғысып жатыр?

    Майк ЭККЕЛЬ Бахмут қаласының маңы. 5 наурыз, 2023 жыл Бірнеше айға созылған шабуылдан кейін Донбастағы Бахмут қаласы қантөгіс алаңына айналды. Украина шабуылға әлі қанша төтеп бере алады? Бахмут құласа, не болады? Тамыздан бері Ресей әскері мен “Вагнер” жалдамалы тобы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегідей Бахмутқа құрлық әскерін жұмсап, Украина қорғанысын бұзу үшін үздіксіз шабуыл жасап жатыр. Кейінгі айларда Украина елдің солтүстігіндегі Харьков облысы мен Днепрдің батыс жағалауындағы Херсон аймағында қарымта шабуылды үдетіп, бұл маңдағы шайқас назардан тыс қалған. Бірақ желтоқсан айында шабуыл күшейіп, Ресей әскері Бахмутты үш жағынан қоршауға алды. Қоршаудағы Украина әскеріне қаладан шығатын бір ғана жол қалған. Алдағы бірнеше күнде Бахмут толықтай Ресейдің қолына өтуі мүмкін. Сонымен бұл шайқастың мәні бар

  • “Путин оңбай қателесті”. Байденнің Киевке сапары жайлы не белгілі?

    Азаттық радиосы АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Украина басшысы Владимир Зеленский (оң жақта) Киевтегі Михайлов шіркеуінде. 20 ақпан, 2023 жыл.  АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы соғыстың бір жылдығы қарсаңында Киевке барды. Оның Украинаға сапары бұған дейін хабарланбаған. Байденнің Киевке сапарының анық-қанығы. БАЙДЕННІҢ ХАБАРЛАНБАҒАН САПАРЫ  20 ақпанда түс ауа Байден мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Киевтегі Михайлов шіркеуінде жүрген суреттері тарай бастады. Украиналық басылымдар АҚШ президенті шіркеуге соғыста қаза болған украиндердің рухына тағзым етуге барғанын жазды. Кейін Зеленский Telegram-дағы арнасында “Джо Байден, Киевке қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз – Украина халқына өте үлкен қолдау” деп алғыс білдірді. Кейін Байденнің өзі де Киевке Украина президентімен кездесуге келгенін растады. Байден (сол жақта)

  • “Қырымды жаз аяғына дейін азат етуге болады”. АҚШ-тың экс-генералы Бен Ходжесбен сұхбат

    Настоящее время Украина сарбазы минометтан атқылап жатыр. Бахмут, 15 ақпан, 2023 жыл. АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес “Настоящее время” телеарнасына берген сұхбатында Путиннің ядролық қару қолданбайтынын, Батыс бұл қатерді әсірелеп жібергенін айтты. Оның сөзінше, Украина Қырымды жаздың аяғына дейін азат етуі ықтимал, ал Ақ үй Украина күштерінің Қырымдағы Ресей объектілерін атқылауына “енді қарсы емес екенін” білдіріп отыр. “Настоящее время”: Генерал Ходжес, The Washington Post газетінде жарық көрген мақалаға қарағанда, АҚШ Украинаға “соғыста екінші шешуші сәт басталып жатыр” деп ескерткен. Сіз бұл көзқарасқа келісесіз бе?   АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес. Бен Ходжес: Сіз ЦРУ директоры Бернс мырзаның сөзін айтып отырған боларсыз. Алдағы алты айдың соғыс үшін аса маңызды

  • “Украинаға әскери ұшақ беруге қашан Батыстың батылы жетеді?” Британ маршалы Грег Бэгвеллмен сұхбат

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ Румыниядағы әскери базадан ұшып бара жатқан америкалық F-16 әскери ұшағы. Бейтарап сурет. Бұрын Украинаға әскери танк беру мәселесі айтыс тудырып келсе, енді әскери ұшақ туралы пікірталас болып жатыр. Ұлыбритания біріккен корольдігі әскери әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы, авиация маршалы Грег Бэгвелл Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында Ресей авиациясының осал жағы жайлы, Украина Батыстан әскери ұшақ алса, жағдай қалай өзгеруі мүмкін екенін айтып берді. Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинаның әскери әуе күштері көбіне совет кезінен қалған МиГ ұшақтарын пайдаланады. Киев Батыс елдерінен бірнеше рет әскери жойғыш ұшақ сұраған. Бірақ АҚШ та, Ұлыбритания да әзірше көнбей отыр. Олар соғысты ушықтырып жіберуден қауіптенетінін алға тартып, басқаша әскери көмек беруді жөн көреді.

  • АҚШ америкалықтарды Ресейден дереу кетуге және онда бармауға тағы да шақырды

    АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Ресейде жүрген АҚШ азаматтарына тез арада Ресейден кетіп қалуға шақырды. Ақпарат елшілік сайтына жарияланған. Оған себеп ретінде “Ресей әскерінің Украинаға жаппай басып кіруінің болжап болмайтын салдарын, Ресей құқық қорғау органдарының АҚШ азаматтарын қудалау мүмкіндігін, Ресеймен арадағы транспорт байланысының қиындағанын, Ресейдегі АҚШ елшігінің Америка азаматтарына көмек беру мүмкіндігінің шектелгенін және террор қаупін” атаған. АҚШ азаматтарына Ресейге келмей-ақ қоюды ұсынған. Елшілік хабарында, былтыр қыркүйек айында мобилизация жариялаған Ресей қос азаматтығы, яғни АҚШ пен Ресей азаматтығы бар адамдарды әскерге алуы мүмкін екені айтылған. Хабарда халықаралық қаіпсіздік нормаларын сақтамайтын Ресей әуе желілерімен саяхаттаудың қауіпті болып бара жатқанын да сөз болған. Оның ішінде АҚШ елшілігінің қызметкерлеріне Ресей әуе компанияларымен ұшуға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: