Руханият Суреттер сөйлейді Әлеумет
Әйелдің бағы бес елі екен. Өйткені ол АҚШ-та тұрады…

Полицейдің жуан білегіне қолын сүйеп, басын иіп шексіз ризашылықтың ишарасын білдіріп тұрған мына әйел күн бұрын дүкеннен бес жұмыртқа ұрлап, қолға түседі.
Оқиға орнына жеткен Уильям Стейси ұрының қолына кісен салып, қамаудың орнына бес жұмыртқаға бола басын қатерге тіккен бейбақты сөзге тартады. Сұрай келе үйінде төрт баласы ашқұрсақ отырғанын, екі тәуліктен бері нәр татпағанын біледі. Шиеттей бала-шағамен айына 120 долларға ғана жан бағатынын, оның өзін біреуге ұрлатып алғанын естиді.

Мән-жайға қаныққан офицер сол жерде әйелді босатып, үйіне жеткізіп салады. Күдігін сейілту үшін отбасының жағдайымен танысып, байғұс ананың алдамағанына көз жеткізеді. Кетерінде ұрлық жасау – тығырықтан шығар жол еместігін айтып, бұдан былай заң бұзбауын ескертеді.
Бие сауым уақыт өткен соң ашқұрсақ балаларын тыныштандырумен әлек болып жатқан ананың үйіне екі полицей көлігі келіп тоқтайды. Ақыры қамайтын болды-ау деген азапты ойдан абдырап қалған әйел Уильям Стейси бастаған тәртіп сақшыларының дорба-дорба азықпен үйіне кіріп келгенде бірақ өз-өзіне келеді.

Кейін ол “Ондай молшылықты бала кезімде ғана көрген шығармын. Әжем марқұм азық-түлікті солай көп қып алатын…Балаларымның тоя тамақ ішкенін көріп, көз жасымды тыя алмадым”, – деп қамқор полицейлердің жақсылығын жылылықпен еске алады.
Полиция қызметкерлері болса азық-түлік апарумен шектелмейді. Арнайы қор құрып, онда түскен қаражаттың есебінен мұқтаж отбасының жағдайын түзеп береді.

Енді ойлап отырсақ әлгі әйелдің бағы бес елі екен. Өйткені ол АҚШ-та тұрады…
Пікір қалдыру