|  | 

Сұхбаттар

“Қазақстанды кемсітуге тырысады”. Мәскеу Тоқаевтың мәлімдемесіне қалай жауап береді?


Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығына қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығына қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

“Қазақстанда Ресейдің ықпалы азайып келеді, мұның соғыстан басқа да себептері бар”, “Тоқаевтың Петербургтегі мәлімдемесі аяқ асты жасалған жоқ, бірақ ешқандай келісім болмаған”, “Қазақстандағы наразылық әлеуеті жойылған жоқ”. АҚШ-тағы ұлттық қауіпсіздік университетінің профессоры Эрика Марат Азаттықтың сұрақтарына жауап берді.

“ПУТИН МЕН СИМОНЬЯН КӨРШІЛЕРІН ЖАҚТЫРМАЙ, ОЛАРҒА МҰРНЫН ШҮЙІРЕ ҚАРАЙТЫНЫН КӨРСЕТТІ”

Азаттық: Петербугте өткен экономикалық форумда Қазақстан президенті Тоқаев Путиннің көзінше “ЛХР”, “ДХР” құрылымдарын мойындамайтынын ашып айтты. Тоқаев осыған дейін National Interest басылымына жариялаған мақаласында “Қазақстан Украина жереінің тұтастығын құрметтейді” деп жазса, президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов “Қырым мен Донбасстағы жағдайды “мойындамаймыз” деген еді. Тоқаев Петербургтегі форумда дәл осы сөздерді қайталады, бірақ неге президенттің осы жолғы мәлімдемесі қызу реакция туғызды?

Эрика Марат.

Эрика Марат.

Эрика Марат: Шынында Тоқаев Украина территориясының тұтастығын қолдап, “ЛХР”, “ДХР” құрылымдарын мойындамайтынын бірінші рет айтып отырған жоқ. Бірақ оның осы жолғы мәлімдемесі символикалық мәнге ие болды. Өйткені Тоқаев Путиннің көзінше телевизиялық форматта сөйледі. Бұған дейін постсоветтік елдерден ешкім олай жасаған емес.

Азаттық: “Тоқаевтың Петербургтегі мәлімдемесі Кремльмен келісілген, қазір Ресей батыстың экономикалық шектеулерін айналып өту үшін Қазақстанды пайдаланып отыр, енді көршісі де санкция астында қалмасын деп Мәскеу Қазақстан президентіне әдейі осындай мәлімдеме жасатып отыр” деген пікір бар. Бірақ батыс басылымдары “Путин одақтасынан күтпеген соққы алды” деп жазып жатыр. Тоқаев шынымен одақтасына жалтақтамай шешім қабылдайтын даралығын көрсеткісі келді ме, әлде бұл жай ғана көзбояушылық болды ма? Мүмкін мұның астарында басқа дүние жатқан шығар?

Эрика Марат: Астыртын сөз байласу теорияларына сеніп, Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның арасында келісім болды дегім келмейді. Өйткені Қазақстанға тәуелсіз мемлекет екенін дәлелдеу қажет болса, Тоқаев Путинге тікелей осылай айтар еді деп ойламаймын. Бұған дейін ешкім Путинге оның саясатын сынап, әсіресе, Украинадағы соғыс жайлы тақырыпта ашық қарсылық білдірген емес. Сондықтан қос мемлекет басшылары арасында келісім болды деген болжамдарға сенбеймін. Қазақстанға қарсы санкция салынуы мүмкін деген вариант ықтимал болған күннің өзінде үлкен қауіп жоқ. Халықаралық қауымдастық, оның ішінде батыс елдері Қазақстанға қарсы санкция салғысы келмейді. Оның үстіне, Путин мен Симоньянның бұрынғы әдетіне басып, Қазақстан президентінің атын қате айтқанына куә болдық. Олар бұрын да осындай қылық танытқан. Путин мен Симоньян осы арқылы көршілерін жақтырмайтынын және оларға мұрнын шүйіре қарайтынын көрсетті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және ресейлік RT мемлекеттік медиасының бас редакторы, жиын модераторы Маргарита Симоньян Санкт-Петербург экономика форумында. Ресей, 17 маусым 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және ресейлік RT мемлекеттік медиасының бас редакторы, жиын модераторы Маргарита Симоньян Санкт-Петербург экономика форумында. Ресей, 17 маусым 2022 жыл.

Азаттық: Тоқаев өз мәлімдемесінен кейін Қазақстанды қандай қауіп-қатер мен салдарлар күтіп тұрғанын білді ме?

Эрика Марат: Тоқаев аяқ асты мәлімдеме жасады деп ойламаймын. Оның бәрін алдын-ала таразылап, бірінші кезекте Қазақстанның ұлттық мүддесін ойлап осындай қадамға барғанына сенімдімін.

Путиннің әрекетін болжау қиын. Ол әлемге күтпеген жерден әртүрлі фокус көрсеткенді ұнатады. Сондықтан Путин Қазақстан мен басқа да мемлекеттерге қарсы сау адамның басына келмейтін қадам жасауы мүмкін деген қауіп бар.

Азаттық: Путиннен не күтуге болады?

Эрика Марат: Сөзбен қорлау жалғасып, Кремль пропагандасына жұмыс істейтін тұлғалар (“Единая Россия” партиясының мүшелері, саясаткерлер мен медиа тұлғалар) Қазақстанды кемсітуге тырысуы мүмкін.

Азаттық: Тоқаев Петербургке барған жалғыз көшбасшы болды. Кей сарапшылар Тоқаевтың “ЛХР” мен “ДХР” құрметті қатысушы болып отырған форумға баруы ол жасаған мәлімдемеге қайшы келеді дейді. Сіз қалай ойлайсыз? Қазақстан президентінің сөзі мен ісінде қайшылық бар ма?

Эрика Марат: Тоқаевтың сөзі мен ісінде қайшылық жоқ деп ойлаймын. Қанша жерден авторитар басшы болса да, Тоқаев халықтың Ресей Қазақстанға қарсы агрессивті саясат жүргізуі мүмкін деген алаңдаушылығын ескеріп отыр. Қазір оған Ресей агрессиясына, тіпті, Қазақстан болашақта Грузияның немесе Украинаның кебін киюі мүмкін деген тұспал сөздердің өзіне қарсы тұра алатынын көрсету өте маңызды.

“РЕСЕЙ БҰРЫНҒЫДАЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА МӘДЕНИ ЫҚПАЛЫ БАР МОНОПОЛИСТ ЕМЕС

Азаттық: Батыстағы кей сарапшылар санкциялардың әсерінен Ресей экономикасы құлдырап, Мәскеудің Орталық Азиядағы ықпалы азайып келеді деп есептейді. Тағы бір фактор – “стан” деген жұрнағы бар мемлекеттердің әлемдік аренада “жексұрын” болған Мәскеуден іргесін аулақ салуға тырысуы. Ресейдің өңірдегі ықпалы азайып келеді деген пікірге қосыласыз ба?

Эрика Марат: Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы әлсірей бастады деп есептейтін сарапшылардың бірі менмін. Бұған соғыс ғана әсер еткен жоқ. Әрине, соғыс басталғалы өңір мемлекеттері Ресейдің қандай көрші екенін көріп, ойлана бастады. Яғни, оның бауырмал, бейбіт мемлекет емес, Орталық Азия үшін қауіпті ел екенін аңғарғандай болды.

Бірақ Қытайдың экономикалық ықпалының артуына және Орталық Азияға әсер ететін шетелдік мәдениет түрлерінің (ислам, қытай, корей немесе түрік мәдениеті) көп болуына байланысты Ресейдің өңірдегі ықпалы азайып келеді. Ресей бұрынғыдай өңірге мәдени ықпалы бар монополист емес. Күнделікті тұрмыста Ресейдің маңызы мен танымалдылығына осы фактор кері әсер етіп отыр.

Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда отырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаевтың мәлімдемесі Путинмен келісілген саяси қойылым ба? Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің арасы суыды ма?

Азаттық: Орталық Азия мемлекеттерінің Ресейден алшақтауына колониалдық тарихқа деген жаңа көзқарас әсер етуі мүмкін бе?

Эрика Марат: Қазақстан мен Қырғызстан ғалымдары мен белсенділерінің арасында “Совет одағы (советтік Ресей) Орталық Азияға көп азап шектірді, миллиондаған адам қаза тауып, халықтың жады мен мәдениеті жойылып кетті, сондықтан қазіргі Ресейді өркениетті, модернистік мемлекет деп бағалау дұрыс емес” деген талқылаулар болды. Қазір академиялық топтар арасындағы талқылаулар мейнстримге айналып, Орталық Азияда тұратын адамдардың көбі Ресейдің империялық келбеті туралы ойлана бастады. Мұндай талқылаулар өте маңызды. Қазақстанда бұл 1930-жылдары болған аштық салдарына қайта баға беру арқылы жүріп жатыр. Қырғызстанда 1916 жылғы оқиғаларға мән беріліп жатыр. Кей адамдар үшін Ресейдің Украинадағы әрекеті большевиктердің Орталық Азия территориясын қалай жаулап алғанын еске салды. Олар да ауылдарды өртеп, жергілікті мәдениетті жоюға бар күшін салған.

Азаттық: Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалының азаюы өңірдегі басқа ойыншылардың рөліне қалай әсер етеді? Орталық Азияда қай елдің ықпалы күшеюі мүмкін? Мұның өңір мемлекеттеріне пайдасы мен зияны қандай?

Эрика Марат: Сыртқы ойыншылардың Орталық Азияда өз мүддесі болатынын ескеру қажет. Олардың мүддесі бір жерден шығып, бәсеке болмауы да мүмкін. Біріншіден, сыртқы саясатқа Орталық Азия елдерінің үкіметі, басшылары, тіпті халқы да әсер етеді. Қазір Ресейдің рөлі түсініксіз болғандықтан, Түркиямен әріптестікке жол ашылды. Бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, Орталық Азия үшін Түркияның маңызы артты деуге болады. Сондықтан басқа елдермен қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік туып отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 10 мамыр 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 10 мамыр 2022 жыл.

Азаттық: Тоқаев Петербургтен бұрын Түркияға барды. Онда Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізі туралы айтылды. Ресейден кейін Қазақстан президенті Тегеранға барып, Түркіменстан мен Иран арқылы Түркияға жүк тасымалдау мүмкіндігін сөйлесіп қайтты. Тоқаевтың халықаралық аренада Қазақстанның басшысы ретінде қолдауға ие болуға талпынысын қалай бағалайсыз?

Эрика Марат: Сәтті қадам деп бағалаймын. Ол өзін халықаралық деңгейде шебер стратег ретінде көрсетіп үлгерді. Алдағы уақытта әлі де оның мультиполярлық саясатының нәтижесін көреміз деп ойлаймын.

Азаттық: Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты бейтарап позицияда қалды. Ел билігі бір жағынан, батысқа Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне жол бермейміз деген ишара білдіріп, екінші жағынан, Мәскеудің әрекетін де ашық сынап отырған жоқ. Қазақстан мұндай тепе-теңдікті әлі ұзақ сақтай ала ма?

Эрика Марат: Қазақстан соғыс аяқталғанша тепе-теңдік сақтауға тырысады. Басқа амалы жоқ. Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңде салмақты өзгерістер болмайынша, осылай амалдауға тура келеді. Бұған бір ғана нәрсе – Ресейдің Қазақстанға қарсы агрессиясы кедергі келтіруі мүмкін.

Қазақстан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын саясатын сақтап қалуға шамасы жететін мемлекет. Бірақ Қазақстан шын мәнінде Ресейге қарағанда, Украинаны көбірек қолдайды. Яғни, бұл толық тепе-теңдік деуге келмейді, Қазақстанның саясаты бәрібір сақтықпен Украинаны қолдауға көбірек ұқсайды.

ТОҚАЕВТЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫН РЕФОРМА ДЕП АТАУ ҚИЫН”

Азаттық: Тоқаевтың ел ішінде жүргізген реформалары демократияға қадам деп таныстырылғанымен, қоғамда бұған сенбейтіндер көп. Кей азаматтар бұл ұсыныстар авторитар жүйенің мәнін өзгерпейді, тек оны Тоқаевқа ыңғайлы етіп бейімдейді деп күдіктенеді. Бұл туралы не ойлайсыз?

Эрика Марат: Тоқаевтың ұсыныстарын реформа деп атау қиын. Өйткені реформа халықтың қатысуымен ел үшін қай жол дұрыс, қай шешім бұрыс екенін талқылау, пікірталас өткізу арқылы жүзеге асады. Қазақстанда ондай талқылаулар болған жоқ. Бұл реформа да, референдум да емес. Жай ғана авторитар режимнің өз позициясын күшейтіп, билікке қарсы наразылықтардың алдын-алып, мемлекет халықтың қамын жеп, елдің игілігіне жұмыс істеп жатыр дегенді көрсету үшін жасалған іс-қимылдар. Билік осы арқылы халыққа Қаңтар қырғынын ұмыттырып, қоғамды мәселе шешіліп жатыр дегенге сендіргісі келеді.

Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру аяқталған соң бюллетень санауға кірісті. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Евгений Жовтис: Тоқаевтың дара билігін бекіткен шара болды

Азаттық: Қаңтарда қоғам саяси реформа жүргізуді, әкімдерді сайлау жүйесін енгізуді талап етті. Қазір билік сіз айтқандай көзбояушылықпен айналысып, қордаланған мәселелерді шешпесе, мұның соңы неге апарып соғуы мүмкін?

Эрика Марат: Наразылық әлеуеті әлі де жойылған жоқ. Тоқаевтың реформалары халықтың көңілінен шықты деп ойламаймын. Белсенділердің референдум мен реформалар туралы пікірін көріп отырмыз. Бұл мәселелер шешіліп жатқан жоқ, Қазақстанда саясатқа араласу, партия құру қиын. Яғни, шешілмеген мәселе көп, ел ішіндегі шиеленіс шегіне жетіп, бір күні жарылуы мүмкін. Наразылық әлеуеті бары анық. Бірақ кезекті әлеуметтік жарылысқа не түрткі болатынын болжау қиын.

Азаттық: 13 маусымда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Назарбаев Путинге не үшін барды деп ойлайсыз?

Эрика Марат: Отбасын, жақын серіктерін қудалаудан құтқару үшін Путиннен қолдау сұрап, саяси сахнада әлі де салмағы барын, оның пікірімен санасу керегін көрсеткісі келген шығар. Бірақ Назарбаев діттеген мақсатына жетті ме, жоқ па, ол жағын білмейміз. Бірақ ол жеке басы мен жақындарын қорғауға тырысып жатқан сияқты.

Мұндай кездесулер мен саясатқа ықпал ету әрекетінде көп нәрсе көзден таса қалады. Астыртын мағына жатады. Бірақ қолымызда ашық деректер болмағандықтан, көп нәрсені білмейміз. Әзірге “Назарбаев Путинмен келісе алды ма?”, “Тоқаевтың үкіметі Назарбаев пен Путиннің қарым-қатынасына қаншалық тәуелді?” деген сұрақтарға жауап беру қиын.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж.

Бір нәрсе анық: Тоқаев өзін елдегі жалғыз көшбасшы ретінде мойындатып, билігін нығайтып, болашақта Қаңтар оқиғасы қайталанбайтынына көз жеткізгісі келеді.

Қазақстан қаңтарда не болғанын талқылап, тәуелсіз зерттеу жүргізуі керек. Қоғамға не болғанын, қанша адам зардап шеккенін анықтау қажет. Сонда ғана жараның орны жазылады. Әзірге мұндай талқылаулар тек шағын топтар арасында ғана жүріп жатыр. Қазақстанда көп адам қатысатын қоғамдық талқылау болуы тиіс. Кез келген қоғам үшін қаншама адамның өмірін қиып, жүздеген адамды азапқа жеккен қайғылы оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды шығару өте маңызды.

Азаттық: Қазақстан үкіметі Қаңтар оқиғасына қатысты халықаралық зерттеу жүргізу туралы ұсыныстан бас тартты.

Эрика Марат: Иә. Бірақ халықтың көп бөлігі объективті зерттеу деп бағалайтын, сенетін деректер қоры болғанда ғана қайғылы оқиғаны саралап, ой түюге болады. Бұл қоғамның алға жылжып, бір саяси идеяның аясында бірігуі үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, әзірге Тоқаев бұған жол беріп отырған жоқ.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы 

Related Articles

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • “Саясаткерлер пафоспен сөйлегенді жақсы көреді”. Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының болашағы бар ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мәртебесіне ие елдердің басшыларының Самарқанда (Өзбекстан) бірігіп түскен суреті. 11 қараша, 2022 жыл Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Бұл кездесу не береді? Түркия Ресейдің Украинамен соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, аймаққа ықпалын күшейтуге тырыса ма? Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының, әсіресе әскери салада болашағы бар ма? Азаттық осы жөнінде Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлумен әңгімелесті. ТҮРКИЯНЫҢ МҮДДЕСІ МЕН ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ? – Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Ұйым азаматтық қорғаныстың бірлескен механизмін нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібінде аймақтағы және сырттағы саяси-экономикалық оқиғаларды талқылау мәселесі тұр. Саммиттің уақыты мен геосаяси контексі жөнінде

  • АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты өзгерді ме? Елші Дэниел Розенблюммен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК  АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмнің Азаттық радиосына берген сұхбаты АҚШ дипломаты Дэниел Розенблюм Қазақстанға елші болып келгеніне бір жылға жуықтады. Оған дейін ол Өзбекстандағы елші қызметін үш жыл атқарған. Орталық Азияға маманданған дипломат аймақ басшыларының Нью-Йоркте президент Джо Байденмен оңаша кездескені саяси жетістік дейді. Азаттық елшіден сұхбат алып, C5+1 саммитінде адам құқығы тақырыбы қаншалық қозғалғанын, Қазақстанға төнген санкция қаупін және АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты қалай өзгергенін сұрады. НЬЮ-ЙОРКТЕГІ КЕЗДЕСУ ҚАЛАЙ ӨТТІ? – АҚШ президенті Джо Байден жақында Орталық Азия басшыларымен C5+1 форматында кездесті. Саммит алдында құқық қорғау ұйымдары осы жиында адам құқығы басты назарда болса екен деп үміт білдірді. Бұл үміт ақталды ма? – Нью-Йоркте өткен C5+1 саммиті

  • “Украинадағы соғыс ондаған жылға созылуы мүмкін”. Британ генералымен сұхбат

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ Украин сарбаздары зенитті қарумен атқылауда. Архив суреті. Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы, қорғаныс және қауіпсіздік тақырыбында кеңес беріп, дәріс оқитын генерал сэр Ричард Бэрронс майдандағы айла-тәсіл, өндірістік мобилизация және Украина мен Батыс елдері таңдауы соғыстың ондаған жылға жалғасуына қалай әсер ететінін айтып берді.  Генерал сэр Ричард Бэрронс Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы. Қазір Universal Defense & Security Solutions қорғаныс және күзет компаниясын басқарады. Ол Азаттықтың Грузин қызметімен сөйлесіп, Украинадағы соғыс неге ұзаққа созылатынын талдап берді. Азаттық: Украинада соғыс басталғалы бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде қандай сабақ алдық? Ричард Бэрронс: Еуропа үшін жоғары деңгейде сабақ алатын дүниелер болды. Біріншісі, 90-жылдары Қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін көбі “енді соғыспайтындай болдық” деп ойлағанымен,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: