|  |  | 

Саясат Сұхбаттар

Америка генералы Бен Ходжес: Ресей Ираннан дрон алады, ал Украинаға 50 ел көмектесіп жатыр


Ресей ракетасы түскен Днепрдегі көпқабатты тұрғын үй. 14 қаңтар 2023 жыл.

Ресей ракетасы түскен Днепрдегі көпқабатты тұрғын үй. 14 қаңтар 2023 жыл.

АҚШ армиясының отставкадағы генералы Бен Ходжес Азаттыққа берген сұхбатында Ресей әскерінің жүйесіз қимылдап жатқанын атап өтіп, Батыстың жаңа қару-жарағы Украинаға соғысты қалай өзгертуге мүмкіндік беретінін айтты.

Отставкадағы генерал Бен Ходжес 2014-2017 жылдары АҚШ-тың Еуропадағы құрлық әскерін басқарған. Қазір Вашингтондағы Еуропа саясатын талдау орталығының стратегиялық зерттеулер кафедрасына жетекшілік етеді. Генерал Азаттықтың Грузин қызметіне сұхбатында Украинаға жаңа әскери техника жеткізу соғыс барысын өзгертуге қалай көмектесетінін айтып, Ресей операциясында жүйе жоғын түсіндірді.

Азаттық: Украинаның Бахмут және Соледар қалалары “Вагнер” жалдамалы әскерінің үздіксіз шабуылына ұшырап отыр. Елдің шығысындағы Бахмутты алу неге сонша маңызды? «Вагнер» тобының басшысы Евгений Пригожин Бахмутта қандай нәтижеге қол жеткізгісі келеді?

Бен Ходжес: Ресей, әсіресе Пригожин бастаған әскер Бахмутқа неге айрықша басымдық беріп отырғанын түсінуге біраз уақыт кетті. Бұл жерден символизм белгісін көріп отырмын. Пригожин үшін Бахмутты алу мансапқұмарлық жобасы сияқты. Оған қанша адам өлгені маңызды емес. Олар бес айдан бері соғысып жатыр, бірақ әлі Бахмутты жаулап ала алған жоқ. Ресей әскери дайындықтан өтпеген, жақында ғана қатарға қосылған жауынгерлерін майданға салып жатыр.

АҚШ армиясының отставкадағы генералы Бен Ходжес

АҚШ армиясының отставкадағы генералы Бен Ходжес

Жақында өңірде ірі тұз және гипс шахталары бары белгілі болды. Пригожин бұл жерлерден кен өндіргісі келетінін айтты. Оған стратегиялық маңызды торапта орналасқан қала емес, гипс шахталары керегі Ресей шабуылынан қаза тапқан мыңдаған адамның жақындарын жұбата ала ма, білмеймін.

Бахмут операциясы Ресей әскері өзара ақылдасып әрекет етпейтінін көрсетеді. Пригожин [генерал Сергей] Суровикиннің бұйрығын орындап, генерал [Валерий] Герасимовқа (11 қаңтарда Украинадағы бірлескен орыс әскерінің қолбасшысы болып тағайындалды) бағынады деп ойламаймын. Сонда басшы кім?…. Оларда нақты әрі жүйелі жоспар жоқ. Бір жақсысы, Ресей ақпан-наурызда байқалған институционалды қателіктерін әлі түзеткен жоқ.

Азаттық: Мүмкін олар соғысқа мейлінше көп адам салсақ, ерте ме, кеш пе, нәтиже болады деген ескі стратегиясына сүйеніп отырған шығар?

Бен Ходжес: Ресейліктер кімнің әскері көп болса, сол жеңеді деген стратегияға сүйеніп келді. Ғасырлар бойы барлық соғысты осы әдіспен жүргізді. Түбінде Украинаны жауынгерлер санының көптігімен жеңіп шығамыз деп ойлады. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспады, украиндардың кәсібилігі жоғары болып шықты. Шын мәнінде шеберлігі жеткілікті және оны қалай қолдану керегін білетін әскер өзінен әлдеқайда көп жауды жеңе алады. Украина әртүрлі құралдар көмегімен қарсыластың көлік желілерін, қару-жарақ қоймаларын анықтап отыр.

Бахмут маңында зенит кешендерінен атып жатқан украин әскері. 10 қаңтар 2023 жыл.

Бахмут маңында зенит кешендерінен атып жатқан украин әскері. 10 қаңтар 2023 жыл.

Азаттық: Өткен аптада Батыс елдері Украинаға заманауи қару-жарақ, оның ішінде АҚШ-тан Bradley бронды техникасын, Германиядан Marder әскери көліктерін, Франциядан жеңіл соғыс машиналарын жіберетінін мәлімдеді. Украина аталған техникаларсыз көп шығынға ұшырады ма? Киевтің жағдайы енді қалай өзгереді?

Бен Ходжес: Әрине, Bradley, Marder, AMX-10RC және басқа да жүйелерді жіберу туралы шешімнің ертерек қабылданғаны жақсы еді. Бірақ түбінде осындай шешім қабылданды, ол да жаман емес. Өткен аптада естіген негізгі ақпаратым танк бригадасының құрамы туралы болды. Чехиядан келген өздігінен жүретін артиллерия батальоны бар. Француздың AMX-10RC — мобильділігі жоғары, зеңбірегі үлкен көлік. Marder батальоны да — жақсы жүйе. Bradley әлемде жаяу әскерге арналған ең жақсы машина саналады.

Украина осының бәрін қолына жинап, өзінің танк батальоны мен инженерлерін ортаға салса, жаудың жанын алатын құрылым шығады. Дұрыс қолдау көрсетсе, бұл техника орыс окоптарын жарып өтетін темір жұдырыққа айналады. Мен осыны көріп отырмын. Көлік санына емес, мүмкіндігіне қараймын… Алдағы бірнеше ай қару-жарақты қабылдап алып, жаттығып, логистикалық жоспар құруға кетеді. Украинаның бас штабы дайын болғанда, бұл қару-жарақты нағыз күш ретінде қолдануға көшеді.

Азаттық: Батыс елдерінің қауіпсіздік саласындағы сарапшылары бұған күмәнмен қарайды. Олар қару-жарақ берілгені жақсы, бірақ Украинаға M1 Abrams сияқты нағыз танкілер керек деп есептейді. Бұл пікірге қосыласыз ба? Украинаға осындай қару-жарақ берілуі мүмкін бе?

Бен Ходжес: Әрине, оларға Abrams немесе «Леопард» берілсе, тіптен жақсы болар еді. Алдағы уақытта мұндай техникалар да беріледі деп ойлаймын, білмеймін… Бірақ өткен аптада көргеніміз де бос нәрсе емес. Украиндар қарсы шабуылдың келесі шешуші кезеңіне дейін әскердің әлеуетін арттыруға күш салып жатыр. Олар Қырымды азат етеді деп ойлаймын.

Донецк облысына кетіп бара жатқан украин танкілері. Украина, 12 қаңтар 2023 жыл.

Донецк облысына кетіп бара жатқан украин танкілері. Украина, 12 қаңтар 2023 жыл.

Азаттық: Қырым мәселесіне ораламыз, әзірге танк туралы сөйлесейік. Бірнеше мемлекет, оның ішінде Польша мен Ұлыбритания Украинаға танк жіберуге дайын. Бұл соғыс барысын өзгертуге қалай көмектеседі?

Бен Ходжес: Шынайы мүмкіндіктер тұрғысынан алғанда, бұл маңызды. Бірақ оларға техникалық көмек, оқ-дәрі қоры беріліп, жауынгерлерді дайындықтан өткізу керек. Сонда бұл көмек шынайы мүмкіндікке айналады. Мұндай шешімдер батыс елдерінің келесі қадамға өткенін, бұрынғыдай Ресей соғыс қарқынын күшейтеді деп қорықпайтынын көрсетеді. Бұл дер кезінде қабылданған шешім болмаса да, соғыс барысын өзгертуге әлі де кеш емес. Соғыс мұнымен аяқталмайды, Украина Қырымды босатып алғаннан кейін, оған әлі ұзақ қорғануға тура келеді. Қазір жаңа қару-жарақ болмаса да, бірнеше айдан кейін осындай көмек қажет болады. Сондықтан сарапшылар идеясын толықтай қолдаймын…

Азаттық: Қару-жарақ санына қарамаймын дедіңіз. Сонда да Киевке берілген әскери көмек пен Украина қарулы күштерінің қолбасшысы Валерий Залужный сұраған қару-жарақ көлемінің арасында үлкен айырмашылық бар. Ол 700 бронды машина мен 300 танк сұрап еді. Оның өтініші толық орындала ма?

Бен Ходжес: Білмеймін. Көп нәрсе ашық айтылмайды… Ресей Ираннан дрон, Солтүстік Кореядан қысқы әскери форма алып отыр. Украинаға 50 мемлекет көмектесіп жатыр. Біз Украина қалағандай жедел көмек бердік пе? Жоқ. Жеткілікті көмектесіп жатырмыз ба? Жоқ. Тағы көмек бола ма? Болады деп үміттенемін. Қазір Кремльде отырсам, «Немістер Marder мен тағы бір Patriot батареясын беріпті, «Леопард» туралы айтылып жатыр екен» деген ақпарат естір едім. Бұл Ресейдің өз күшіне деген сенімін азайтады.

Азаттық: Осыған дейін украин әскері 2022 жылдың соңына қарай қарсыласын 24 ақпанға дейінгі позициясына қайтарады деп едіңіз. Болжамыңыз неге орындалмады?

Бен Ходжес: Тым оптимистік көзқараста болған сияқтымын. Украинаға ATACMS сияқты алыс қашықтыққа жететін зымыран жүйелерін бере алмаймыз деп ойлаған жоқпын. Батыс елдері барынша көмектеседі деп күттім. Осы жерден жаңылдым. Ресей Бахмут маңында сонша адамын құрбан етіп, кескілескен соғыс жүргізеді деп ойламадым. Қатты болмаса да, қателескенім анық. Қазір Украинаның жағдайға қаншалық бейімделгені, батыс елдерінің жеткілікті көмек бергені маңызды.

Олар Қырымды азат етеді деп ойлаймын. Қырымға Керчь көпірі мен құрлық жол ғана апарады. Бір жол бүлінген, екіншісі де соққыға ұшырайды. Алдағы бірнеше айда солай болады. Украинаға ойын жүзеге асыруға көмектесуіміз керек.

Соледар маңында жасырылған немістің Panzerhaubitze гаубицасы. Украина, 11 қаңтар 2023 жыл.

Соледар маңында жасырылған немістің Panzerhaubitze гаубицасы. Украина, 11 қаңтар 2023 жыл.

GMLRS сияқты алыс қашықтыққа жететін зымыран жүйесін немесе HIMARS-қа арналған 90 километрге дейін ұшатын зымыран бермесек, Ресейдің жеңуіне жағдай жасаймыз. Мәскеу Қырымнан, Ресей мен Беларусьтен соққы жасап, бейбіт халықты қырады. Сондықтан Украинаға алысқа жететін зымырандар, Қырым түбегін жаудан тазартатын техника беруіміз керек.

Азаттық: Демек Украинаның қарсы шабуылдағы жеңісі Батыс елдерінің қолдауына байланысты ма?

Бен Ходжес: Дәл солай. Батыс елдері Украинаны қолдауды жалғастыруы керек. Тым болмаса, осыған дейін берген уәделерімізді орындауға тиіспіз.

Азаттық: Тиісті қолдау көрсетілсе, Украина қалай әрекет етеді?

Бен Ходжес: Ресейдің Бахмут пен оның айналасындағы елдімекендерді басып алуына жол бермеуге тырысады. Солтүстікте Беларусьтің әрекетін қадағалайды. Тағы да қателесетін шығармын, бірақ ол жақтан салмақты соққы бола қоюы екіталай. Ресей әскерінің бір бөлігін Беларуське шоғырландыруы мүмкін, бірақ олар Киевке қауіп төндіре алмайды. Бұған сенбеймін. Сонда да Украинаның бас штабы бәрін бақылауда ұстауы тиіс.

Украина Батыстан алған және өздерінде бар танк күштерін біріктіріп, Қырымды азат етудегі шешуші күшке айналдырады. Бірақ оған дейін бірнеше ай бойы Керчь көпірінде диверсия ұйымдастырып, Мариуполь мен Мелитопольден келетін көлік желісін бұзуға тура келеді.

Жеңіске көмектесетін жағдай қалыптастыру үшін көп жұмыс істеу қажет. Бар іс-қимыл Перекопский мойнағы арқылы (Қырымды құрлықтағы Украинамен байланыстыратын жер. — Ред.) үлкен шабуыл жасаумен ғана шектелмейді. Алыстан зымыран атқылап, арнаулы жасақты жұмылдырып, соңында құрлық әскерін жіберу керек. Украинаның бас штабының өз ақылы өзіне жетеді деп ойлаймын. Украиндар адам шығынын азайтып, барынша ұтымды соғысуымен таңғалдырды.

Азаттық

Related Articles

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады. ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды. 28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: