|  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ шежіресі

КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

Kenesary han

Кенесары хан суретінің авторы Шағиев Қанатбек Амангелдіұлы

Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт бойы салтанат құрған мемлекеттігінен айрылды, мәңгілік тәуелсіздік туралы ұлы арман жер жастанды, Орыс отаршылдығының тура бір жарым ғасырлық түнегі басталды…

Бұдан жүз елу жыл бұрын…
“Төңірегім толған жау…” – деп еді азаттық жыршыларының бірі Досқожа ақын. Әлемдік жыртқыш Империя – жалғыз Ресейдің өзі жететін еді. Оған Қоқан мен Қырғыз қосылды. Қазақ ел қылған қырғыз, қиын заманда, бір жақтан Моғолстан, бір жақтан Бұхар хандығы қысқан, түгелімен қырылып кетер дүлей заманда қазақ сақтап қалған, қазақтың арқасында өмірін ұзартып, ұрпағын ұластырған, екі ғасырдан астам ұзақ дүрбелең дәуірде қазақтың қанатының астында болған қырғыз. Қазақ Ордасының ең соңғы кезеңінде төңірек түгел жау екен. Обыр Ресей елдігінен айыра бастаған, ауыр салмақ түсіріп, жерін қанға бояп жатқан, арпалыса алысқан қайран Қазақ… Қоқан мен Қырғыз бүлінген елден бүлдірге емес, бітеу енші алып қалғысы келді, ерінің еңсесін басып, жерін талапайға түсірмек болды. Кенесары ханның Қоқанмен соғысы, Қырғызға қарсы жорығы ұлттық мүдде – ежелгі Қазақ Ордасының тым құрса бір пұшпағын бүтіндеп кетейін деген жүйелі геосаясат көрінісі болатын. Бұл мұрат түгелденбесе де, біршама жүзеге асты: Кенесары ханның әуелгі жеңісті жорығы болмаса, қазір Түркстан мен Таразда – өзбек, Қордай мен Меркіде қырғыз отыратын еді. Қазақтың ең соңғы, ұлы ханы! Сайыпқыран Кенесары! Төңірегі толған жау. Тас қабырға, темір қапас. Шығар жол жоқ. Ақыры шәйіт болатын еді. Бірақ… Дәл бұлай емес!
Кенесарының қасиетті қаны, Кенесарының соңына ерген, тәуелсіз Орданың ең соңғы туын ұстаған мыңдаған Шәйіттің қаны ең алдымен – іштен шыққан Сатқынның мойнында! Осының алдында ғана бір жағы
Қоқанның айтағы, бір жағы Ресейдің нұсқауымен көршілес қазақ ауылдарын шапқан, одан соңғы бітімді бұзған, ешбір мәмлеге көнбеген Қырғызды қирата ығыстырып, жат жерге бойлай енген шақта, дұшпанмен жең ұшынан жалғасқан Сыпатай би мен Рүстем төре он екі мың әскерді бір-ақ түнде майдан шебінен алып кетті. Кенесары үш-ақ мың аламанмен өздерінен жиырма-отыз есе көп, қалың жаудың ортасында, берік қоршауда қалды. Сайыпқыранның түбіне Сатқын жетті. Жай ғана Сатқын емес, бір жағы Орыс, бір жағы Қоқан, бір жағы Қырғызбен ауыз жаласқан Ібіліс.
Қазақ Ордасының ең соңғы жасағы – жаннан безген, ат төбеліндей азғана әскер қоршауды бұзып өте алмады, үштiң екiсi жалғызға – жиырма келген топалаң ұрыста қаза тапты, шөлден тарыққан, қансыраған бір мыңы тектес, діндес, ағайын жұрт еді ғой деп, ежелгі соғыстар жоралғысымен жансауға тұтқынға түсті. Бірақ артындағы елі өлімге тастаған Ерлерге ешқандай аяушылық болған жоқ. Әуелгі азап Кенесары ханның еншісіне тиіпті. Етінен ет кесті, адам айтқысыз қинауға салды. Қарнын жарып, шегін шұбатып, бірнеше найзамен қатарынан іліп, көкке көтергенде: “Ит қырғыз, сендерден әлі де найза бойы жоғары тұрмын!…” – депті. Қалған сұлтандар мен батырлар да азапты өлімге ұшырады: құлағын, мұрнын кесті, көзін ағызды, қандауырмен піспектеп, қанжармен шабақтады, ең соңында тірідей тай қазанға салып, қайнатып өлтірді. Қатардағы аламандар да түгелімен жан Қиналған қазаға кесілді. Қалмақпен соғыс кезінде де адам естімеген ғаламат жауыздық болды. Мұнымен де біткен жоқ. Ұрыста өлгені бар, азапта өлгені бар, шәйіт болған үш мың қазақтың бәрінің басы алынып, Орта Азияның Ташкент, Қоқан қатарлы барлық қалаларында сырыққа
шаншылып, жәбір, мазаққа қойылды.
Ал Кенесарының басы… Қазақ Ордасының ақырғы ханының басын Қазақ тарихындағы алпауыт сатқын Сыпатай бидің кеңесі бойынша, қырғыздар Ресей өкіметіне табыс етеді. Өз қолдарымен емес, осы Сыпатай мен Рүстем арқылы. Есеп дұрысқа шығыпты. Қырғыз манаптары Ресейден шен-шекпен алады, ханын сатқан, халқын сатқан Рүстем мен Сыпатай да қаншама марапат көреді, лауазым, мәртебе, байлық, атақ абырой – бәріне жетеді. Сол сый-сияпат бүгінгі күнге көшіпті…

Ал туған жұртының болашағы үшін арпалысқа түскен, халықтың рухын, аруақтың аманатын арқалаған, Керей хан мен Әз-Жәнібек хан көтерген туды биік ұстаған, Бұрындық хан мен Қасым хан, Хақназар хан мен Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан мен Салқам Жәңгір хан, Әз Тәуке хан мен Абылай хан өткерген жорық жолдарын одан әрі жалғастырған, жаннан кешкен, азапқа батқан қайран Кенесары ханды жоқтаушы бар ма?
Сатқынның басына сәулетті күмбез тұрғызылды. Сайыпқыранның басы қайда қалғаны белгісіз. Бірақ алланың есебі анық, тағдырдың сызығы түзу. Кісі қолынан салынған күмбездің шектеулі күні бар, уақыты жеткенде омырылып ортасына түседі. Тәңірі таңдаған Көсемнің өлшеусіз ғұмыры бар, уақыты жеткенде аспанмен астасады.
Міне, Кенесарымен бірге құлаған Тәуелсіздік туы қайта тігілді. Кенесары ханның қоладан құйылған алып ескерткіші асқақтап көтерілетін, ұлттық рухпен біте қайнасқан жанды тұлғасы мәңгілік санаға орнығатын күн де кешікпес.
Кенесары ханды, Наурызбай сұлтанды, олардың соңынан кеткен үш мың Шәйітті еске алған екі ауыз сөз – жоқтау емес, ұран деп біліңіз! Жоқтау – өткен іс. Әйтсе де, ұжмақтың төріне аттанған Шәйіттердің қазасына бір жарым ғасыр толған атаулы жылда Нысанбай жыраудың Кенесары-Наурызбайды жоқтау жырын бір қайталап өтпей болмас.
Ханынан айрылған, хандығынан айрылған Ұлы Дала – жетім Ел былайша күңіреніпті:

“Қоғамы күшті ер еді
Киімді бала тудырған,
Ықпалы жүрген ер еді
Алтынды қылыш будырған,
Абылайлап ат қойып,
Дұшпанды көрсе қудырған,
Көп сарғайтып келместей,
Кене хан, саған не болды?!
Тұлпардан сайлап ат мініп,
Дорбадан жемін жегізген,
Жем орнына бал беріп,
Қысырдың сүтін емізген,
Басқын қалың жау жетсе,
Алып та шығар дегiзген,
— Кенекемдi қалдырып,
Көкбуырыл, саған не болды!?
Патшада бар алтын тақ,
Жасынан жаббар берген бақ,
Безбелді қара бүркіт-ті,
Шабытты туған со қарақ,
Қанаты жоқ, құйрық жоқ,
Бір анадан жалғыз тақ
– Көп сарғайтып келместей,
Наурызбай, саған не болды?!
Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып,
Халық иесі – хандардан
Жетім қалдық айрылып!
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайрылып!
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майрылып!..
Кемшілік түсті басыма,
Көрінгеннен қаймығып!
Жаңбыр жаумай су болды
Бұлы қымбат манатым!
Тасқа тимей кетілді
Балдағы дандан болатым!
Топшысынан үзілді
Екі бірдей қанатым!..
Кенесары, Наурызбай
Асып туған санатым!
Қырғыздан біткенге ұқсайды
Тағдырлы ажал сағатың!
Жаның қайда жай табар,
Жадыңда жаббар болмаса!?
Көңілің қайда жай табар
Көруге дәулет болмаса?
Қолдың көркі бола ма
Сырнай, керней болмаса?
Жұлдыздың көркі бола ма,
Ішінде бір ай болмаса?..
Қарашыда не күй бар
Айбынды ханы болмаса,
Кенесары, Наурызбай
Қол басында болмаса!!
Халық иесі – хандарды
Қалай айтсам мін бар ма?
Шегірткеге таланған
Қырғауылда жүн бар ма?
Жапалақтан сескенген
Жалғыз қазда үн бар ма?
Хандарынан айрылған
Қараша үйде сын бар ма?..
Қайран есіл хандарды
Енді бір көрер күн бар ма!?
Кене ханның тұсында
Қарт бурадай жарадық,
Жауды жасқап, жапырып,
Жауған қардай борадық,
Абылайлап ат қойып,
Дұшпанның алдын орадық!
Ханымыздан айрылып,
Шіл боғындай тарадық!..
Көрінгеннен қорғалап,
Кісі аузына қарадық!
Өзіміз шапқан Созақта
Сарттан ақыл сұрадық!..
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз,
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз,
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз,
Азғанымыз емес пе
– Кәпірден сынды-ау сағымыз!!.
Артында қалған жетім ел,
Келіспеді-ау сәніміз!..
Ақырында, әлеумет,
Осындай болды халіміз!!..”

Осындай болды халiмiз.Кенесары хан дүниеден көшкен, Қазақ Ордасы құлағаннан соңғы алғашқы жылдарда. Бұдан кейін одан да ауыр, қилы замандар келді. Жапаға ұшыраған, жазаға кесілген ер-азаматтың есебі он мыңдап, қысаспен қырылған қарапайым жұрттың есебі миллиондап саналатын болды. Ұлттық бейнеден, қазақы қажыр, отаншыл жүректен айрылдық. Аздық, тоздық. Жер бетінен жоғалуға жақындадық…
Бірақ Кәләм Шарифте айтылғандай, кесімді күніміз бітпепті. Таусылмаппыз. Сарқылмаппыз. Құдай қуат берді. Қайтадан еселеп өстік. Азаматтың санасына нұр құйылды. Өткенімізді аңсап, өлгенімізді тірілтпек болдық. Өшкенімізді тұтаттық. Ақыры… Тәуба! Қазақ туы қайта көтерілді. Елдің ендігі болашағы бүкіл алаш жұртының ақыл-қуаты, ұлттық санасына байланысты. Ел ағаларының басындағы жауапкершілік, алдындағы міндет одан да зор…
Кісінің кім екенін ісі көрсетпек. Кенесарының кім екені дүниеге әйгілі. Қазақтың ең соңғы ханы, ұлы хан ғана емес, әлем халықтары тарихындағы отаршылдыққа қарсы күрестің қаһарманы, адамзат тарихындағы соқталы тұлғалардың бірі.
Жаны жаннатта болсын! Ханның Қазақ Ордасын сақтап қалу жолындағы, тұтас он жылға созылған жанкешті күресі кезінде тәуелсіздік туының түбінде қазаға ұшыраған барлық Шәйіт мақшар күні пайғамбарымыздың үмбетінен табылсын! Тәңірі тағала өліге иман бұйыртып, тіріге береке бергей!”

Мұхтар Мағауин
30.XI.1997.

 

Related Articles

  • Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді. Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», – деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында. Басты басымдықтар: – инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ); – ана мен бала денсаулығын жақсарту; – ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру; – таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту; Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция.

  • Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Осы уақытқа дейін құпия сақталып келген 106-қазақ атты әскер дивизиясының деректері енді белгілі бола бастады. 1942 жылы дивизия Ақмолада жасақталыпты. Әскери шала дайындықпен жасақталған дивизия 1942 жылдың мамырында, Харьков түбіндегі қоршауды бұзып шығуға бұйрық берер алдында, 4091 сарбазға 71мылтық, яғни 7 адамға бір мылтық және бәріне 3100 жарылғыш оқ –дәрі бәріліпті. Қазақ боздақтарын қарусыз жалаң қылышпен өлімге жұмсауы – «Гитлермен салыстырғанда Сталин солдаттарды өлімге 8 есе көп жұмсадының» айғағы (Михаил Гареев, Әскери академиядан.2005 жыл). “Төртінші билік» газетінің 2016 – жылғы мамырдың 28-жұлдызындағы санында шетелдік архивтерден алынған видеосюжеттегі 106-атты әскер дивизиясы жөніндегі неміс офицерінің айтқаны: «Не деген қырғыз (қазақ) деген жан кешті батыр халық, атқа мініп, ажалға қаймықпай жалаң қылышпен танктерге

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Шығыс Түркістан

    Шығыс Түркістан

    Ерзат Кәрібай Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.  демографиясы, әкімшілігі мен қарулы күштері Кеңестер одағының көмегімен Алтай, Іле, Тарбағатайдағы қазақты негіз еткен әр ұлт халқының күресі 1944-1946 жылдардағы «Шығыс Түркістан» республикасының құрылуына негіз болды. Десе де осы бір тарих әліге дейін бұрмаланып келеді. Кейбір саяси топтар бұны өз білгенінше мақсат-мүдделеріне пайдаланып жүр. Қазақты негіз еткен 30 мың қарулы армиясы бар мемлекет (толық дербес болмаса да) 20-шы ғасырдың басы мен ортасында болмаған жағдай. Өмір сүру уақыты төрт жыл ғана (нақты атымен екі жыл ғана) болғанымен, Орта Азия әсіресе, Қазақстан тарихында белгілі мән-маңызы бар екенін басып айтқан дұрыс! Өйткені осы уақытша мемлекеттің құрылуына мыңдаған қазақстандық жауынгерлер мен оқыған зиялылар ат салысты. Тіпті Қырғызстан мен

  • Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды 

    Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды 

      Айдос Мырзахметов Өскемен қаласының Жекпе-жек сарайында аты аңызға айналған Ер Жәнібекті еске алуға арналған жасөспірімдер мен кадеттер арасында семсерлесуден ХІХ ашық республикалық турнир өтті. Ер Жәнібек ұрпақтары ұйымдастырып отырған турнирге Шығыс Қазақстан, Абай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген 200 жасөспірім спортшы қатысады. – Кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирді осымен 19-шы мәрте өткізіп отырмыз. Біз жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, спортқа, оның ішінде семсерлесуге баулу мақсатында өткізіп келеміз, – деді турнирді ұйымдастырушы, Ер Жәнібек ұрпақтарының өкілі Әлібек Ерубаев. Турнирдің салтанатты ашылуында ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спортсүйер қауымды мемлекеттік мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында және Отан қорғаушылар күнінде өтіп отырған жарыстың мәні мен мағынасы зор

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: