|  |  | 

Саясат Тарих

ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?


Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет. 

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді.

Стокгольмдегі бейбітшілікті зерттеу халықаралық институтының дерегінше, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан былтыр қорғанысқа 1,8 миллиард доллар жұмсаған. Бұл есепке Өзбекстан мен Түркіменстан кірген жоқ, себебі екі ел жалпы ішкі өнімнің қанша үлесін қорғанысқа жұмсайтынын ашпайды.

Әскери оқу-жаттығуға қатысып жатқан Қазақстан қарулы күштері. Қыркүйек, 2023 жыл. Қорғаныс министрлігінің телеграм-арнасынан алынған.

Бес елдің Қазақстанда өтетін әскери жаттығуы Ресейді неліктен алаңдатты?

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, Қазақстан былтыр қорғанысқа жалпы ішкі өнімнің 0,5 пайызын жұмсады, елдің жалпы ішкі өнімі 259,7 миллиард долларға жетеқабыл. Жалпы ішкі өнімі 13,9 миллиард долларға жуық Қырғызстан қорғанысқа ЖІӨ-нің 1,5 пайызын жұмсады. Ал жалпы ішкі өнімі 12 миллиард долларға жететін Тәжікстан әскерге ЖІӨ-нің 1 пайызын бағыттаған.

Қазақстан қорғаныс саласына жұмсайтын соманы былтырмен салыстырғанда 8,8 пайызға арттырды. Қорғаныс бюджеті туралы мәліметті ашпайтын Өзбекстан былтыр бұл салаға қосымша 260 миллион доллар бөлген.

Аймақтағы шенеуніктер қорғаныс саласына көбірек ақша бөлінгенін Украинадағы соғыс, Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс, Орталық Азияда шекарада болған қақтығыстар мен Ауғанстандағы тұрақсыздық сияқты себептермен байланыстырады.

Алайда Орталық Азия жайлы жазатын журналист Питер Леонард авторитарлы басшылар қымбат қару-жарақты көрсетіп мақтанғанды ұнатады дейді. «Мұны әсіресе Түркіменстанда байқауға болады, шенеуніктер Қытай, Еуропа мен өзге елдерден алынған қару-жарақты жыл сайынғы әскери парадта көрсетеді. Мұны Орталық Азияның өзге елдерінен де аңғаруға болады», дейді ол.

«Америка дауысы» Орталық Азияның қорғаныс қабілетін күшейтуі геосаяси ахуалдың өзгеріп жатқанын әйгілейді дейді. «Ресейдің күші басым Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Орталық Азияның қауіпсіздігі мәселесінде маңызды тарихи рөлді атқарды. Бірақ соңғы жылдары Түркия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Қытай, Германия, Франция мен Беларусь Орталық Азияның әскери серіктесіне айналды».

Леонард аймақ әскери шығынды арттырғанымен, бұл Орталық Азияның саяси тұрақтылығын күшейтуі екіталай деп есептейді.

«Орталық Азия елдерінің билігі қарулы күштерді өз мемлекеттерінің тұрақтылығын күшейтетін құрал ретінде көріп, саяси реформа жүргізіп, төменнен жасалатын қысымды шешетін институттарды құруға мән бермесе, олар күтпеген оқыс оқиғаға тап болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан өз әскеріне көп ресурс жұмсайды. Бірақ бұл 2022 жылы бүкіл елді дүр сілкіндірген Қаңтар тәрізді оқиғалардың алдын ала ма?» дейді Леонард.

“УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС КАСПИЙДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛЫН УШЫҚТЫРЫП ЖАТЫР”

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы Каспий теңізінің экологиялық дағдарысын ушықтырып жатқанын жазды.

Шілде айының басында Әзербайжан жағалауындағы балықтар жаппай қарылды. Бұл Ресейдің Каспий теңізі айдынындағы өз флотилиясынан Украинаға қарай зымыран жіберген кезеңмен тұспа-тұс келді. Әзербайжанның биоалуандық жөніндегі агенттігі балықтардың қырылуын теңіздегі судың жылуымен және оттегі мөлшерінің төмендеуімен байланыстырды. Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги қорының ғылыми қызметкері Заур Шириевтің айтуынша, әскери іс-қимыл қоршаған ортаны ластап, теңіздегі тірі ағзалардың өміріне нұқсан келтіреді.

Ресей Украинаға басып кірген соң 2022 жылдың наурыз-мамырында Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан жаппай қырылған итбалықтардың өлекселері табылды. 2022 жылдың қарашасында Қазақстандағы Каспий жағалауынан 170 итбалықтың өлексесі шықты. Одан кейін Дағыстандағы жағалаудан мыңдаған, бір айдан соң Түркіменстандағы Гысылсув елдімекенінен жүздеген итбалықтың өлексесі табылды.

Мамандар Каспий жағалауынан табылған өлі итбалықтардың орнын тексеріп жүр. Дағыстан, Ресей. Желтоқсан 2022 жыл.

Мамандар Каспий жағалауынан табылған өлі итбалықтардың орнын тексеріп жүр. Дағыстан, Ресей. Желтоқсан 2022 жыл.

Ресей Дағыстандағы оқиғаны табиғи себеппен түсіндірсе, Қазақстан 2023 жылдың ақпанында жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйеніп, итбалықтардың жаппай қырылуына қоршаған ортаның ластануы асқындырған вирустық инфекция мен пневмония себеп деп түйді. Басылым Қазақстан қоршаған орта зымыран отынынан ластануы мүмкін екенін жоққа шығармады дейді.

Каспий теңізінің ластануын әдетте мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстырады. Дегенмен Ресей Каспийден ұшыратын Х-55, өзге де зымырандардың улы заттары теңіз экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін.

«Ескі зымырандар қолданылатындықтан, олардың кейбірі істен шығып, теңізге құлайды. Мұндай зымырандар децилин тәрізді улы зат бөледі, ол тірі ағзалардың жүйке жүйесін бүлдіреді, оларды улап, қоректену тізбегінде жиналып, тіршілік ортасына нұқсан келтіреді», дейді Шириев.

2018 жылы қабылданған Каспий конвенциясында теңіз бейбітшілік мақсатында қолданылады деп жазылғанымен, онда демилитаризация туралы талап жоқ. Бірақ әскери іс-қимыл айтарлықтай экологиялық зиян келтірсе, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Тегеран конвенциясын қолдануға болады. Шириевтің жазуынша, бұл мәселе дипломатиялық жолмен шешілмесе, ресми шағымды халықаралық арбитражға түсіру керек. «Каспий жағалауындағы қандай да бір елдің жария түрде теңіз ластанды деп шағымдануы екіталай», дейді Шириев.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ЖҰМЫС КҮШІ АЗАЙҒАН, ҮКІМЕТ ӨЗ ЖОСПАРЫНДА ОНЫ ЕСЕПКЕ АЛМАЙДЫ

Қазақстан бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр. Алайда бұл жоспарды дайындаған үкімет ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс күшін есепке алмай, назардан тыс қалдырғандай, дейді Eurasianet басылымы.

Қазақстан − арпа мен бидайдың әлемдегі ірі экспортері. Қаңтарда үкімет ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруді әртараптандыру мен тиімділігін арттыруға бағытталған 2024-2028 жылдарға арналған жоспарды жариялады. Жоспарға қарағанда, суды көп қажет ететін дақылдардың үлесі азайтылып, майлы дақылдар көбірек өсіру көзделген. Сондай-ақ жоспар технологиялық модернизация, су ресурстарын заманауи басқару жүйесіне инвестиция, тыңайтқышты экологиялық таза әдіспен себуді қамтиды.

Видео: Қураған егіс, қуарған дала. Жамбыл облысының шаруалары шығынға батты (Қыркүйек, 2023 жыл).

Үкімет бұл жоспарды іске асыру үшін 33 миллиард доллар қажет дейді. Оның үштен екісі пайызы төмен несие түрінде берілмек. Инвестиция өңделген ет, сүт және өсімдік өнімдерін экспортқа шығаруға бағытталады.

Мақала авторы Айман Жүсіпова жоспарда фермерлер мен ауыл шаруашылығы секторында көңілді күпті ететін ахуал көрініс таппағанына назар аударды. Автордың жазуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында жұмысшылар қатты азайып кеткен. Сонымен қатар бұл саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі азайып жатыр: 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5,2 пайыз болса, 2023 жылы ол 4,3 пайызға түскен.

Саладағы өнімділіктің төмендеуіне нашар инфрақұрылым мен ескірген қондырғы ғана емес, жұмысшылардың төмен жалақысы мен еңбекті дұрыс басқармау әсер етті. Жұмысшылар жалақы аз болғандықтан, бұл саладан кетіп, жоғары еңбекақы төлейтін жұмыс іздеп қалаға көшіп жатыр.

Автор 15 жыл бұрын елдегі бүкіл жұмысшылардың үштен бірі ауыл шаруашылығында жұмыс істесе, қазір бұл көрсеткіш 12,5 пайыз дейді. Жүсіпованың талдауынша, мұның әлеуметтік-экономикалық салдары алаңдатады: ауыл халқының үлкен ағыны қаладағы инфрақұрылымға шектен тыс салмақ түсіреді; Өзінің жұмыс қабілетін толық пайдалана алмайтын жастардың наразылық потенциалы өседі.

Жұмысшылар ауыл шаруашылығында еңбекті басқару жүйесі дұрыс жолға қойылмаған, көп ретте еңбек шартынсыз жұмыс істеуге мәжбүр екеніне шағымданады. Олар жалақыны төлемей қою, жазатайым зақым алса өтемақыны ала алмау тәрізді түрлі заңсыздықтардан қорғалмаған.

Автор ауылда еңбек шартын ұйымдастыру не себепті артта қалғанына үңілген. Бұған, біріншіден, географиялық кедергі себеп − елдімекендер бір-бірінен қатты қашықта жатыр. Екіншіден, көп ауылда Интернет дұрыс ұстамайды, осының кесірінен цифрлық сауаттылық төмен, жұрт еңбек құқықтары туралы біле бермейді.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: