|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Зеленский мен Трамптың дау-дамайы: төрт түйін


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің суреттерінен коллаж

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің суреттерінен коллаж

Бұдан нашар болуы мүмкін емес…

Владимир Зеленскийдің Ақ үйге сапары біраз мүмкіндікке жол ашатындай көрінген. Кездесу нәтижелі болған жағдайда, шартты түрде Украина мен АҚШ-ты байланыстыратын сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қойылуы мүмкін еді. Сонымен бірге Дональд Трамп үшін Киевті Ресейдің шабуылынан қорғауға қосымша ынталандыру болар еді. Бұған қоса, ел басшыларының кездесуі Ресеймен бітімге келу немесе бейбіт келісімге қол қою жағдайында Вашингтон Киевке қандай қауіпсіздікке кепіл бола алатынын көрсетіп, жалпы кепіл бола ала ма, жоқ па, соны анықтап берер еді.

Тіпті мұның ешбіріне қол жетпеген күннің өзінде, таяуда ғана бір-біріне сын айтқан Зеленский мен Трамп кемінде достық рәуішпен тарауы ықтимал еді.

Алайда, барлығы керісінше болды, екеуінің арасы бұрынғыдан бетер ушыға түсті. Зеленский Ақ үйден шұғыл аттанды. Сирек металдар туралы келісімге сол күйі қол қойылмады, бірлескен баспасөз мәслихаты өтпей қалды, ал Зеленский журналистердің көз алдында шырқау шегіне жеткен дау-дамайда барысында Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнс тарапынан қатаң сынға ұшырады.

АҚШ және Украина басшылары Дональд Трамп (оң жақта) және Владимир Зеленский. Вашингтон, 28 ақпан 2025 жыл.

Бұл көрініс табиғи ресурстар туралы келісімнің тағдырын күмәнді етіп қана қоймай, Американың болашақта Украинаға көмек беру-бермеу мәселесін де таразыға тартты. Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға немесе аяқтауға мүмкіндік беретін кез келген келісімнің болашағын бұлыңғыр етіп тұр деуге болады.

Кездесудің салдары қандай болуы мүмкін дегенде төрт негізгі түйін бар.

Залалы айтарлықтай болады

Трамп пен Зеленский қол қоюға тиіс болған сирек металдар туралы келісім бар болғаны шекті келісім еді. Сарапшылардың айтуынша, дәл қазіргі сәтте оның мәні де шартты еді: бұл екі президент үшін де дипломатиялық табысқа қол жеткізу мүмкіндігі әрі Трамп әкімшілігінің бұған дейін Украинаға көрсетілген және болашақта берілуі мүмкін көмегінің орындылығына қатысты күдік-күмәнді ақтап алу мүмкіндігі еді.

Трамп бұл жобаны Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадам деп атады. Сондықтан оған түбінде қол қою не қоймау және оның қашан жүзеге асуы Киев пен Вашингтон Ресеймен бітімге немесе бейбіт келісімге келу мүмкіндігі бойынша бірлесе жұмыс істей алатынын не алмайтынын көрсететін белгі болмақ.

Әйтсе де, бұдан гөрі маңызды сұрақ бар: АҚШ Украинаға қатысты саясатын түбегейлі өзгерте ме? Мәселен, әзірге жалғасып жатқан әскери көмекті тоқтатуы немесе айтарлықтай қысқартуы мүмкін бе? Немесе Ресеймен бітімге келу туралы келіссөзді күшейтіп, Киевті ешқандай қолдаусыз қалдыруы мүмкін бе?

Украиналықтар соғыста қаза болған жауынгерлерге құрме көрсетіп тұр, Киев, 24 ақпан 2025 жыл. Көрнекі сурет.

Алауыздық ұзаққа созыла ма, әлде?..

Ақ үйдегі кездесу Америка мен Украинаның қарым-қатынасындағы кезекті құлдырау болды, онсыз да Трамп пен Зеленскийдің арасы 2019 жылдан бері ширығып келе жатыр еді.

Дегенмен, осымен бәрі бітті деуге ерте. Бұл жағдай Трамп Зеленскийді “диктатор” деп айыптап, Зеленский Трамп Ресейдің пропагандасына еріп кетті деген емеурін білдіруі саябырлай бастаған сәтте болды. Кейінгі сапары алдында Трамптан Зеленскийді диктатор деп атағаны жайлы сұрағанда: “Мен сөйтіп айттым ба? Олай дегеніме сене алар емеспін”, – деп жауап қатты.

Екінші жағынан, Зеленский соңғы кездесу кезіндегі дау-дамайға қарамастан, әлі де АҚШ-тан қосымша көмек алып, Американың күш-қуатын пайдалана отырып, қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізгісі келеді. Сондықтан да, көпшіліктің көз алдында болған оқиғаға қарамастан, алауыздықты жоюға аз да болса мүмкіндік бар.

АҚШ пен Еуропаның арасындағы жік тереңдеуі мүмкін

20 қаңтарда Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін АҚШ пен Еуропа одағы құрамындағы көптеген елдің қарым-қатынасы ширыға түсті. Келіспеушілік тудырып отырған негізгі себептің бірі Украина мен Ресейге қатысты саясат болса, сауда келісімінен бастап, либерал құндылықтарға дейінгі басқа да бірқатар мәселе және бар.

Вице-президент Вэнстің 14 ақпанда Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінен кейін бұл жік тереңдей түсті. Жиында Вэнс Ресей, Қытай немесе басқа сыртқы ойыншылардан гөрі Еуропаға өз ішкі мәселелері көбірек қауіп төндіреді деп мәлімдеді.

Франция президенті Эммануэль Макрон мен британ премьер-министрі Кир Стармер Зеленскийден бір апта бұрын Ақ үйге барып, келіспеушіліктің қызуын бәсеңдетуге тырысқан, әсіресе Ресейдің агрессиясы мен Украинадағы соғыс мәселесіне назар аударған.

Зеленский мен Трамптың кездесуі табысты аяқталған жағдайда, бұл АҚШ пен Еуропаның да бірлігінің нығаюына жол ашар еді. Алайда бәрі керісінше болып шықты: Еуропа елдері басшыларының көпшілігі Украинаны қолдағандықтан, трансатлантика қарым-қатынасы бұрынғыдан бетер ширыға түсті.

Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен Х әлеуметтік желісінде украин тілінде былай деп жазды: “Күшті, батыл және ержүрек болып қала беріңдер”. Украинаның “ешқашан жалғыз қалмайтынын” да айтып, Еуроодақ “әділ әрі мықты әлем” құру жолындағы жұмысын жалғастырады деп қосты.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский және Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа лидерлерінің Украина жөніндегі саммитінде. Лондон, 2 наурыз 2025 жыл.

“Әділ әлемге” қауіп төніп тұр

Зеленский мен еуропалық көшбасшылар “әділ де мықты әлем” дегенде Ресейге тиімсіз, Украинаны Мәскеудің ықпалында қалдырмайтын және оған жаңадан шабуыл жасауға жол бермейтін әлемді айтады.

Алайда 12 ақпан күні Трамп пен Путиннің телефонмен сөйлесуі және Ақ үй әкімшілігінің 18 ақпанда Эр-Риядта өткен ресейлік шенеуніктермен кездесуге өкілдерін жіберуі Украинаға тиімсіз келісімді таңа ма деген Киев пен Брюссельдің қаупін арттыра түсті.

Зеленский мен Трамптың кездесуі жақсы өтсе, қауіп сейілер еді. Трамп алдымен Путинмен емес, өзімен кездесуі маңызды екенін Украина басшысының баса айтуы тегін емес. Алайда бәрі ойдағыдай болмай шықты да, әділетсіз келісім жасалуы ықтимал деген қауіп қайтадан күшейе түсті.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: