АҚТАЙ БАТЫР
Ербол Бейілхан
Бұл суреттің қысқаша тариxы былай: Ақтай – менің бесінші атам. Бұл кісінің 15 ұлы болған. Ұрпағы өскен адам. Өзі батыр, өзі би болған. Ақтай бабамыз туралы талай көркем шығармалар жазылған. Аңыздар да көп. Аюмен бетпе-бет келіп, аюды алқымдап күресіп, інісі Бозтай қанжармен аюдың ішін жарып жіберіпті. Осы ерлігі елге тез тарап, атын аспандатып жіберсе керек. Бұл Ақтайдың алғаш аюмен күресі. Осыдан кейін де бабамыз талай аюға қызыл қолмен шабуыл жасап, жер жастандырып отырғанға ұқсайды. Әкесі Көбеген аңға шыққан балаларына: “Байқаңдар, аю жазым етпесін!..” дейді екен. Ақтай бабамыз сол қолын қайыс арқанмен мықтап орап алады екен де, тап берген аюға арқанмен оралған қолын бере қояды екен. Арқаннан аюдың тісі өтпейді. Сол сәтте оң қолындағы қанжарымен аюды жарып өлтіріп отырған. Осы әрекетіне қарап ол кісінің өте жүректі болғандығын білеміз. Көбегеннің әкесі Киікбай да айтулы батыр болған. Сүйегі Атбасарда жатыр. Ақтайдың 15 ұлының біреуі Жылқышы. Жылқышы – сыбызғышы, күйші, би, балуан, батыр болған. Өлген соң кеудесіне қасқыр ұялаған моңғолдың атақты балуаны Бөxбурылды жыққан адам осы – Жылқышы бабамыз. Атағы Алатаудай бабаларымыз туралы бір суреттің қысқаша тариxы осындай…
Пікір қалдыру