|  |  |  |  |  | 

Көз қарас Оқиға Саясат Тарих Қазақ шежіресі

“Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат


Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл

Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді

Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге әлі күнге жұмбақ, ашылмай қалған құпия бар ма?

Абзал Құспан: Бұл – Қаңтар оқиғасы болған 2022 жылдың қаңтар айынан бері дәстүрлі түрде қойылып келе жатқан сұрақ. Сол 2022 жылдың қаңтар айының аяғында “Аманат” комиссиясын (Қаңтарда жазықсыз қамалып, азапталғандарға көмектескен қоғамдық комиссия – ред.) басқарып жүрген кезімде “құпиясы көп Қаңтар оқиғасының шындығы таяу арада ашылмайды, алда әлі талай уақыт керек болады” дегенмін. Мұндай сұрақ әр қойылған сайын осыны қайталап келе жатырмын. Құпияланатын істер болғанын көзіммен көріп, қолмен ұстап білгендіктен айтқам жоқ. Сол кездегі халықаралық тәжірибеге сүйеніп айтқан едім. Көптеген елде үлкен мемлекеттік төңкеріс сияқты оқиғаларға қатысы бар істер әдетте құпияланады және оның құпиясы араға көп уақыт салып, жылдар өткеннен кейін біртіндеп ашылады.

Қаңтарда Алматыдан бастап Оралға дейінгі 3 мыңдай шақырым аралықтағы ондаған қалада бір мезгілде және әдіс-тәсілдері де бірдей [тәртіпсіздіктер] болды. Көп жерде шынымен елдің жағдайын айтып, біреуі өзгеріс болсын деп, кейбірі қызық көріп, шыққандар болды, олар қантөгіске апарып соғатындай жағдайдан хабарсыз еді. Оларды еліктіріп алып кететін ұйымдастырушылар болған. Барлығы әкімшілік ғимаратты басып алу сияқты бір мақсат қойды. Сондықтан артында үлкен ұйымдастыру болғаны белгілі. Әзірге осы ұйымдастырушылар Қазақстанның ішіндегі адамдар ма, әлде шетелдердің қатысы бар ма, бұл мәселелер басы ашық күйінде қалып отыр.

Азаттық: Сіздің ойыңызша, осы құпияларды мемлекет, құзырлы органдар толық біле ме? Білсе неге қоғамға ашық айтпай отыр?

Абзал Құспан: [Құпияны ашса,] оның тек қана құқықтық емес, саяси салдары да болуы мүмкін. Тіпті саяси шеленістерге де апарып соғуы ықтимал. Мәселен АҚШ президенті Джон Кеннедидің 1963 жылғы қазасын алып қарайықшы. Білдей бір мемлекет басшысы болса да, оның өліміне қатысты құжаттар әлі күнге дейін біртіндеп құпиясыздандырылып келеді. 2025 жылы [АҚШ президенті] Дональд Трамптың арнайы жарлығымен соңғы деп аталған құжаттар құпиясыздандырылды, бірақ архивте әлі де құжаттар қалғанын мамандар айтып жатыр.

Ол президент болса да, бір адам ғой. Мына жерде жүздеген адамның қазасына себеп болды, мемлекеттік төңкеріске тікелей қатысы бар дүние болды. Қазақстанның бір ғана қаласында емес, ондаған қаласында бір мезгілде болды. Айталық, басқа бір елдің арнайы қызметінің қатысы болды деген ақпар шықса делік, онда оның салдары қандай болуы мүмкін? Сондықтан дәл қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда бұл жағын да ойлау керек шығар. Тиісті құқық қорғау органдары мұның барлығын білмеуі мүмкін, білгеннің өзінде шындықты қазір жария қылу дұрыс па, бұрыс па, бұл жағын ойланып отырған болуы ықтимал. Бұл жерде жорамал түрінде ғана айтылады, нақты кесіп айту мүмкін емес.

Кім оқ атты? Бұйрық берген кім? Сот пен тергеу қалай өтті? Қаңтардың басты сұрақтарына әлі жауап жоқ

Азаттық: Сіз айтып отырған сол АҚШ-тағы Кеннедидің өлтірілуін алып қарасақ, АҚШ конгресі, болмаса қоғамы “құжаттарды жариялаңдар” деп талап етіп жатады және әр кезең сайын құпия құжаттарды шығарып отырады. Мәжіліс 2022 жылы наурызда Қаңтар оқиғасы бойынша парламент тыңдауын өткізгені белгілі. Бірақ одан кейін, 2023, 2024, 2025 жылдары ондай кең көлемде үлкен тыңдау болмады. Неге олай болды деп ойлайсыз?

Абзал Құспан: Себебін айту қиын. Бұл – парламент басшылығының қабылдайтын шешімі. Бірақ мен тек қана Қаңтар оқиғасына қатысты емес, жалпы заңдылықты қадағалаушы органның басшысы ретінде прокурор ең болмаса жылына бір рет мәжілістің алдында есеп берсе деген ұсынысты өз тарапынан тұрақты түрде айтып келемін. Алдағы үлкен конституциялық реформа бірінші кезекте заң шығару билігіне қатысты болады. Соған өз тарапынан екі ұсыныс бердім. Біріншісі – мәжіліске заңды түсіндіру құқығын беру, екіншісі – өзі шығарған заңды бақылау функциясын беріп, оны Конституцияда бекіттіру. 1993 жылғы Конституцияда мұндай норма болды, ал 1995 жылғы Конституциядан алынып тасталды. Бұл функциялар Конституция арқылы бекітілген жағдайда, сіз айтып отырған Бас прокуратура бола ма, басқа да құқық қорғау орғандары бола ма, депутаттар алдында жауап беріп, есеп беріп отырса, көптеген дүниелерді ашуына септің тигізген болар еді деп ойлаймын.

Азаттық: 5 қаңтар күні “Түркістан” газетіне шыққан сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі” деді. Президент осы жердегі “төңкеріс жасауға машықтанған мамандар” деп нақты кімдерді меңзеп отыр деп ойлайсыз?

Абзал Құспан: Мемлекет басшысының сұхбатын бәріміз де оқыдық, таныстық. Бұл – алдыңғы сұрағыңыздың заңды жалғасы сияқты. Біріншіден, көп мәселе әлі күнге дейін жабық ақпарат қатарында ғой. Екіншіден, [президент] бұған дейінгі 2022, 2023 жылдары шыққан сұхбаттарында бұл сұраққа ішінара жауап берген. Сонымен қатар қазір бірқатар үлкен лауазымды адамдар, соның ішінде құқық қорғау қызметіне қатысты генералдар істі болды, сотталды. Ол генералдармен ауыз жаласқан қылмыс әлемінің серкелері де түрмеге тоғытылды. Бәлкім “арнайы машықтанған” деп осы азаматтарды меңзеген шығар. Ол істердің бәрі көз алдымызда. Бірінші болып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі басшысы Кәрім Мәсімов, одан соң осы ұлттық қауіпсіздік саласындағы, басқа да құқық қорғау саласындағы үлкен лауазым иелері сотталды. Және ең соңғысы “Дикий Арман” лақап есімімен белгілі Арман Жумагелдиевке, олардың қылмыстық тобына қатысты қылмыстық істер бар. Осыларды айтып отырған шығар деп түсінемін.

Қанды Қаңтар оқиғасы бойынша соттар: сан мен дерек

Азаттық: Бірақ сол кезде Қаңтар оқиғасын билік “халықаралық террористердің шабуылы” деп атағаны есімізде. Президенттің өзі де “террористер шетелден ұшып келіп, ұшып кетті” дегені бар. Осыны негізге алып, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскер шақырды, осыны негізге алып ескертусіз оқ атуға бұйырды. Бірақ “Түркістан” газетіне берген сұхбатында ол туралы бір ауыз сөз айтпаған. Қалай ойлайсыз, президент Қаңтар оқиғасы кезінде берген ату туралы бұйрығы мен халықаралық террористер туралы мәлімдемелерін неге әлі күнге ашып түсіндірмейді?

Абзал Құспан: Мемлекет басшысы ол сұраққа неге олай жауап берді, неге былай жауап бермеді деп айту маған қиын шығар. Бұл ол кісінің өзіне немесе баспасөз қызметіне бағытталатын сұрақ деп түсінемін. Бірақ жалпы “20 мың террорист шабуылдады” дегенге қатысты уақытында ол кісі жауап берген. Ол бұл ақпаратты сол кездегі ҰҚК басшылары бергенін, сол кезде айтылған ақпарат екенін айтып еді. Яғни менің түсінігімше, Кәрім Мәсімовтің берген ақпаратына сүйеніп айтылған. Ал оның ар жағындағы қалған мәселелер бізге белгісіз. Бірақ менің ойымша, бір мәселені қайта-қайта айтып жату қажет емес деп тапқан шығар. Бұл жерде нақты бір жауабын айту қиындау.

Азаттық: Кәрім Мәсімовтің, сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевтың аузынан шықты деген де әртүрлі алыпқашпа ақпарат бар. Бірақ нақты дәлел емес. Дегенмен “20 000 бандит” туралы, оқ атуға бұйрық беру туралы сөздерді Қазақстан қоғамы басқа ешкімнің емес, президенттің аузынан естіді ғой. Осы тұрғыда сұрап отырмын.

Абзал Құспан: Қателеспесем, мемлекет басшысы сол 2022 жылдың ішінде “бұл – құқық қорғау органдарының басшылары берген ақпарат еді” деп түсінік бергені есімде. Өйткені, бұл сұрақ ол кезде бәрімізді толғандырды ғой. Оның үстіне біз қоғамдық комиссияда негізінен Алматыда жұмыс істеп жүргенбіз. Осы сөзі ғана есімде, нақты мән-жайы есімде жоқ.

Азаттық

Related Articles

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: