ЖАНЖАЛ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Ақпанның 14-і Кашмирдің Үндістанға тиесілі аймағындағы Пулвама қаласында жарылғыш зат салынған көліктегі жанкешті 70-тен астам үндістандық әскер мінген автобусқа барып соғылған. Жарылыстан 45 үндістандық әскери қызметкер мерт болды. Шабуылды Пәкістанда орналасқан “Жаиш-е-Мұхаммед” (“Мұхаммед пайғамбардың әскері”) исламшыл тобы мойнына алды.
Үндістан тарабы жарылысты 20 жастағы Кашмир тұрғыны жасағанын хабарлады. Ал өз-өзін жарған жігіттің ата-анасының айтуынша, балалары үш жыл бұрын үндістандық әскерилерден таяқ жеп, кейін діни топтарға қосылған. Үндістан тарабы жанкештінің әке-шешесінің айтқанына қатысты пікір білдірмеді.
Ресми Дели бұл шабуылға Пәкістан билігінің қатысы бар деп айыптады. Үндістан “жарылысқа Пәкістан ұйымдастырғанына дәлеліміз бар” деп мәлімдеді.
“Жаиш-е-Мұхаммед” – Пәкістан әскерінің баласы. Оларды Пәкістан әскері бақылап отыр” деді Үндістанның Кашмир аймағындағы командирі Канвал Джит Дхиллон.
Бірақ Пәкістан бұл айыптауды жоққа шығарды.
ҮНДІСТАННЫҢ ӘРЕКЕТІ
Жарылыстан кейін Үндістан қалаларында наразылық күшейіп, көшеге шыққандар Пәкістанның туын өртеді. Үндістан Пәкістаннан келетін тауарларға кеден салығын 200 пайызға өсірді. Бұған қоса, Пәкістан Үндістандағы елшісін кеңесу үшін елге шақырып алған. Үндістанның Пәкістандағы елшісі де кері қайтқан.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Пулвамадағы шабуылға тиісті жауап берілетінін айтты. Ол ел әскеріне Пәкістан мен Үндістан шекарасында кез келген әскери қимылға рұқсат берді.
Ақпанның 17-сі күні үнді полициясы Үндістанға қарайтын Кашмир мен Джамму аймағында 20 адамды тұтқындаған. Ал ақпанның 18-і күні Джаммуда Үндістан полицейлері мен қарулы топтар арасында қақтығыс болып, тоғыз адамның мерт болғаны хабарланды. Қаза тапқандардың бесеуі – үндістандық әскери, біреуі – тұрғын, үшеуі – “Жаиш-е-Мұхаммед” тобының мүшесі. Ақпанның 19-ы күнгі атыс кезінде мерт болған жергілікті тұрғынның жерлеу рәсімінде Кашмир тұрғындары наразылыққа шықты.
Үндістанның Кашмир аймағындағы командирі Канвал Джит Дхиллон: “Кашмирдегі аналардан сұрарым, террорлық топтарға қосылған балаларыңызды кері қайтарыңыздар. Олар қаруларын тастап, берілсін. Дұрыс жолға түссін. Әйтпесе қару көтергендердің барлығы ажал құшады” деді.
ПӘКІСТАН БИЛІГІ НЕ ДЕДІ?
Пәкістан премьер-министрі Имран Хан шабуылды ұйымдастырушылар табылса, жазалауға дайын екенін мәлімдеді.
“Егер бұл шабуылға пәкістандық тараптың қатысы бар екеніне дәлел болса, бізге беріңіздер. Біз шара қолданамыз” деді Хан.
Пәкістан премьер-министрі бұл мәселені жанжалсыз шешуге шақырды. Дегенмен Хан “егер Үндістан қандай да бір шабуыл жасаса, Пәкістан қарап отырмайтынын” мәлімдеді.
1947 жылы Үндістан мен Пәкістан Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған. Сол уақытта халқының 70 пайызын мұсылмандар құрайтын Кашмир аймағының махараджасы (жергілікті басқарушы) Хари Сингх Үндістанға қосылу туралы шешім қабылдаған. Осы шешімнен кейін 1947 жылы Кашмирде Пәкістан мен Үндістан арасында соғыс басталып, екі жылдан кейін – 1949 жылы БҰҰ бұл аймақты Үндістан мен Пәкістанға бөліп берген.
1965 жылы тамыз-қыркүйекте Кашмир шекарасында екі ел арасында екінші рет соғыс басталды. Бұл соғысқа да БҰҰ араласып, қақтығыс тоқтаған.
Джамму мен Кашмир штатында Үндістаннан тәуелсіздік алуды не Пәкістанға қосылуды қалайтын сепартистік топтар бар.
Пікір қалдыру