20 наурызда Астанада Қазақстан парламентінің бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентінің өкілеттігін қабылдап, ант берді.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірлескен отырысқа елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары, сенат депутаттары, Мәжіліс депутаттары қатысты.
Конституцияның 48-бабының 2-тармағына сай, Тоқаевтың ант беру рәсімі, Орталық сайлау комиссиясының келісімімен өтті.
19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген еді.
Назарбаев үндеу жасап жатқанда қол қойған “Қазақстан Республикасы президентінің өкілеттігін атқару туралы” жарлыққа сәйкес, оның президенттік өкілеттігі 20 наурызда тоқтатылады.
Ел конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан президентінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғандықтан қалған мерзімде оның өкілеттігі парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшеді. Ол бұл қызметті жаңа президент сайланғанға дейін атқарады.
Пікір қалдыру