Қытай билігі вирус ошағы Ухань қаласынан тыс аумақта тек шетелден келгендерден коронавирус табылып жатыр деп мәлімдеді. Басым бөлігі – Ираннан ұшып келгендер.
7 наурызда билік Қытайда соңғы бір тәулік ішінде 99 адамнан вирус табылғанын (Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 143 болған) хабарлады. Бұл 20 қаңтардан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы Хубэй провинциясынан тыс аумақта 6 наурызда 25 жаңа оқиға болғанын айтты. Оның 24-іне вирус Қытайда жұқпаған. Комиссия дерегінше, науқастардың басым бөлігі елдің солтүстік-батыс бөлігіндегі Ганьсу провинциясында карантинде болған. 2-3 наурызда провинция орталығы Ланьчжоуға Ираннан коммерциялық рейстермен жолаушылар ұшып барған.
Ақпарат бойынша Пекинде төрт адамнан вирус табылған. Үшеуі – Италиядан келгендер.
Хубэй провинциясында Уханьнан басқа аумақта жаңа оқиға болмаған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру