Еуропа Одағының сыртқы саясат қызметінің басшысы Жозеп Боррель сенбі күні Қазақстандағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, Еуропа Одағы елге мәселені бейбіт жолмен шешуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
“Біз бұл мәселені бейбіт жолмен шешуге көмек қолын созуға әзірміз” деді ЕО өкілі.
Боррель адамдардың қаза тапқанына өкініш білдіріп, зорлық-зомбылық актілерін сынға алды. Ол ҰҚШҰ мен Ресей Қазақстанның тәуелсіздігін құрметтеуге шақырды.
“Сырттан әскери қолдау Қазақстанның тәуелсіздігі мен дербестігін, адам құқығын сақтау арқылы жүзеге асуы тиіс. Қазақстан билігі осы қиын уақытта адам құқығы мен азаматтардың еркіндігін, бейбіт жиналу мен ойын еркін айту құқығын және ақпарат алу құқығын сақтауға шақырамыз” деді Боррель.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
- Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
- 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға “террористік топтарды” айыптады. Бірақ ол айтқан “террористік топтардың” 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында түнде наразылық жалғасты. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
- Қазақстан президенті “террористік бандиттер” деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны “агрессия” деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
- 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
- Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
- 7 қаңтарда Тоқаев “содырларға оқ атуға бұйрық бергенін” мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов “отанға опасыздық жасады” деген айыппен ұсталды.
Пікір қалдыру