Ақорда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “ядролық қару да ортақ болу үшін” Қазақстанды Ресей мен Беларусьтің одағына қосылуға шақырған Александр Лукашенконың сөзіне байланысты пікірін жариялады.
“Оның қалжыңын лайықты бағаладым. Менің ойымша, одаққа қажеттілік жоқ, өйткені өзге де интеграциялық құрылымдар, соның ішінде Еуразия экономика одағы бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге оның қажеті жоқ. Өйткені Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге және Ядролық сынаққа тыйым салу туралы келісімге қол қойғанбыз. Біз осы халықаралық құжаттар бойынша алған міндеттемелерімізге берік боп қала береміз”, – деді Тоқаев.
Тоқаев бұл сөзді бүгін Солтүстік Қазақстан облысына барып, фермерлермен кездескен кезінде айтқан.
Бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей телеарнасының “Москва. Кремль. Путин” деп аталатын бағдарламасының эфирінде “ядролық қару ортақ болу үшін” Қазақстанды Ресей мен Беларусь одағына қосылуға шақырған.
Одан бұрын, 24 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Еуразия экономикалық форумында Ресей мен Беларусь одағының ерекшелігіне тоқталып, “керек болса, ядролық қаруы да ортақ” деген еді. Тоқаев Еуразия экономика одағына мүше Қазақстан, Қырғызстан, Армения арасындағы интеграция деңгейі өзгеше екенін, “бұл жағдаймен санасу қажеттігін” айтқан.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру