Германияда «үлкен жетілік» саммиті ашылады
Германияда Гармиш-Партенкирхен қаласы маңында бүгін «үлкен жетілік» (G7) саммиті басталады. Бұл саммитке Ресей шақырылмаған.
Экономикасы дамыған жеті елдің басшылары екі күндік саммит барысында әлемдік экономика, кедейшілікпен күрес, ғаламдық климат өзгерісі, терроризмге қарсы күрес сияқты кең ауқымды халықаралық проблемаларды талқылайды деп жоспарланған.
Сонымен бірге, бұл саммитте Украинаның шығысындағы жанжал аймағында ахуал шиеленісіп отырған кезде Батыс елдерінің Ресеймен қатынасы туралы да сөз болмақ.
Сенбі күні Гармиш-Партенкирхен қаласында G7 саммитіне қарсылар өткізген шеруге әртүрлі мақсатты көздейтін қозғалыс өкілдері шыққан. Олардың арасында кедейшілікпен күресуші, босқындар құқығын қорғаушы және табиғат пен жануарларды қорғаушы қозғалыс өкілдері болған.
Шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыста екі жақтан да зардап шеккендер бар деп хабарланды.
Ұйымдастырушылар шеруге жеті мыңға жуық адам шықты десе, полиция шараға қатысқандар саны одан екі еседей аз болған деген мәлімет келтіреді.
Аззаттық радиосы
Пікір қалдыру