Қазақстанның ДСҰ-ға кіру келіссөзі аяқталды
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру туралы 20 жылға жуық уақытқа созылған келіссөзді аяқтады деп хабарлады ДСҰ.
Ұйымның ресми сайтында 10 маусымда жарияланған хабарламада Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы құжаттар пакетінің 22 маусымда ұйым мүшелерінің мақұлдауына ұсынылатыны айтылған.
“Мен ДСҰ мүшелерін және Қазақстан үкіметін бүгін жасалған тарихи қадамымен құттықтаймын. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруін тағатсыздана күтіп отырмын” деген ДСҰ бас директоры Роберто Азаведо.
Финляндияның ДСҰ-дағы өкілі, ұйымның Қазақстанмен келіссөзіндегі жұмысшы тобын басқарған Веса Химанен “Бұл – ұйымның 20 жылдық тарихындағы ең күрделі келіссөздердің бірі болды” деген.
Химаненнің сөзінше, Астананың ДСҰ-мен келіссөздері “Қазақстан өз тарифтерін Еуразия экономикалық одағы мен Кеден Одағының өзге мүшелерімен жасасқан келісімдеріне сай өзгертуге мәжбүр болғандықтан” аса күрделі және өзгеше жүрген.
Қазақстанның ДСҰ-мен жүргізген келіссөзін экономикалық интеграциялар істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова басқарған.
azattyq.org
Пікір қалдыру