Шежіре – керей
Керей атауы қайдан шыққан?
Керей – арыдағы Ұлы Ғұн мемлекеті, берідегі Ұлы Түрік қағанатының түп мекені, кейінде Татар Даласы атауымен мағлұм болған кеңбайтақ үстіртте ежелден қалыптасқан іргелі тайпалардың бірі. Ескілікті Қытайдың “Цзинь шу” – “Цзинь тарихында”, миләди 284 – 287 жылдар оқиғасын баяндау барысында Ғұн ұлысының ұйтқысы болып тұрған он тоғыз арыстың қатарында “хэлай”, “хэйлан” дейтін тайпа атауы таңбаланған. Керей (керейт) деп айғақтайды ХХ ғасырдағы қытай ғалымдары.
Ежелгі тарихнаманың айтуынша, кейінгі керей (хэлянь, цюйлянь) – шынында да көне ғұн жұртының тікелей ұрпағы. Бұл керей қаңлымен екеуі бір халық деп көрсетеді. “Батыстағы бөлігі қаңлы атанса, шығыстағы жұрты керей атанды”, – дейді. Яғни арғы заманда бұлар Қаңғалы (Теле–Гаогүй) бірлестігінің құрамында болды деген сөз. Сонымен қатар, зерттеушілердің байыбынша, кейінгі керей тайпасы, Керей патшалығы бұрнағы Түрік қағанатының сабақтас мұрагері болып табылады. “Олар халқының көптігімен, әскерімен және бағзы замандағы хандарымен даңқты болды”, – деп жазады Рәшид-әд-Дин. “Тайпаның түп атауы – керей, “д” (”т”) жұрнағы – көптік белгі, сондықтан да керейт атанды”, – деп жазған Ішкі моңғол оқымыстысы Сайшиял, ескілікті қытай деректеріне сүйене отырып.Керей (көпше, жинақты тұлғасы – керейт) атауының шығу тегі туралы әрқилы жорамал бар. Рәшид-әд-Дин келтірген аңыз бойынша, баяғы заманда бір патшаның жеті ұлы болыпты, бұлардың бәрінің де түсі кер, яғни құбақан екен. Бұл, қазақ тілінде күні бүгінге сақталған сын есім сөздің мағнасы – Рәшид-әд-Дин ұғындырғандай, қоңыр (орысша аударма бойынша «смуглый» – қараторы) емес, Әбілғазы-бахадұр-хан шежіресіндегі, «қоңырқай» мағнасында бүгінгі қазақ тілінде сақталған «баран» да емес (әлдебір орыс зерттеушілері бұл “баранды” сол қалпында, “баран”, яғни “қой” деп аударыпты), кәдімгі “кер” ғой – кер ат, кер-құла, қара-кер жылқы, кер бетеге, кер дала дегендей. Міне, осы кер түсті жеті ұлдың ұрпағы керей атаныпты-мыс. Кейінгі тарихшылардың пайымынша, керей есімі – бұл рудың әуелгі мекені болуға мүмкін жер – Саян тауларының терістік беткейінен бастау алатын Уда (біз қарастырған картада Ия) өзенінің арналы саласы Керей өзенінен туындаған. Әбден қисынды. Қытай деректері керейлер ҮІІ–ҮІІІ ғасырларда Байкөлдің батысы, Кем (Енисей) өзенінің бастау аңғарында қоныстанды деп көрсетеді. Осымен қатар, тағы бір тұспал. Кейінгі қазақта, тақау көршілері арғын мен найман әзілдеп, немесе қыжыртып айтатын сөз бар, керейдің атасы кер ит деген. Бұл лепес “керейт” нұсқасын тұрпайы талдау көрінуі мүмкін. Ал шындығында, қадым замандағы көшпенді қауым ұғымында ит айрықша құрметті мақұлық болған. Өзара тұқымдас ит пен бөріні қастерлеу және кие тұту миләдиге дейінгі ІІ–І мыңжылдықта далалық жун тайпаларында дәстүрге еніпті. Кейініректегі Ғұн мен Сәнбиде ит тұқымы қасиетті саналады. Соған орай, ежелгі түрік халықтарының әпсана, аңыздарында ит пен бөрі туыстас қана емес, синонимдес ұғым берген (мұның бір көрінісі – бүгінгі қазақтағы, “қасқыр” орнына қолданылатын эвфемизм – “ит-құс”). Баяғы алтын-әулеттің түп анасы Алан-Құбаның құрсағына шаңырақтың жабығынан түнде түсетін нұрлы сәуле әуелде сары жүзді кісі бейнесінде көрініп, ақыры, таң алдында сабалақ сары ит (тиесілі қазақ әпсанасында бөрі) кейпінде есіктен шығып кететін еді ғой. Мұнда да сол тұрғылас аңыз: керей кер иттен туған. Сары ит – кер ит. Бірақ бөржіген (бөржігіт) әулеті ит тұқымы емес, бөрі нәсілі саналады, яғни керей де бөрі тектес. Түптеп келгенде, бағзы бір заманда бөріден туған түрік әулеті жөніндегі аңызға барып тірелеміз. (Осы орайда Н. Аристов қазақтар айтады деп келтірген, “қырғыз қызыл иттен туған” деген сөз – кемісіту емес, арыдағы тектес әпсананың өз ортасында тәрік болған бір жаңғырығы деп білуге тиіспіз.)
Өзінше өмір кешкен тұтас бір патшалық
Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда теңіздей толқыған ұлан-ғайыр жұрттағы туыстас, қанаттас тайпалар ішінде керей мен найманның саны мол, айрықша қуатты, әрі өзіндік мемлекеттік құрылымы бар, қатарынан озық, бәсіре мәдениетке жеткен, ең көрнекті жұрт болғаны арғы-бергі барлық тарихта атап айтылады. Дамыған шаруашылық, қалыпты тіршілік өз алдына, ұлыстық құрылымға орай, белгілі бір деңгейдегі билік жүйесі, “Еке төре” атты ұлыстық заң үлгісі, мемлекеттік мөр, яғни таңбалы жарлық, нақты құжат негізіндегі ішкі-сыртқы қатынас тәртібі және үйреншікті жазу үрдісі қалыптасқан екен.
Керей (керейт) жұртының өзіндік рулық есімімен тарих сахнасында атаққа шығуы – Тоғыз-оғұз ұлысы ыдырағаннан (840) соңғы кезеңде. Осы замандағы қытай деректерінде Тоғыз-татар бірлестігінің құрамында татар, найман, меркіт руларымен қатар аталады. Бұдан соңғы, аумалы-төкпелі дәуірлерде Ұлы Даладағы қым-қиғаш соғыс, таңбалы тауарихтың бел ортасында жүргенін көреміз. Ал ХІ ғасырда жасаған араб тарихшысы Абуль Фарадж Шығыс жұрттарының шежіресін баяндай келе, 1007 жылғы елеулі оқиғаларға қатысты, “Ішкі Түрік елінің терістік-шығыс аймағын қоныстанған, Керей деп аталатын халық” туралы дерек береді, дербес патшалық болып тұрған бұл жұрттың ұзын саны екі жүз мың жан екен.
Бұл кезде керей бағзыдағы теле мен көк түріктің жарқа, бөлшектерін өзіне қосып алып, әбден іргеленіп, ежелгі түрік қауымының ордалы қонысындағы ең елеулі күшке айналады. Түрік қағанатына сабақтас мұрагер, қуатты ұлыс ұйыстыру мақсатында жаңадан құрылған, қытай жылнамаларында “Цзубу” деп аталатын, туыстыс рулар бірлестігінде жетекші орын алыпты. Татар, жалайыр, меркіт, найман, қият, басмыл және тарихи құжаттарда аты таңбаланбай қалған тағы бір тайпалармен тізе қоса отырып, жат жұрт басқыншылығына тосқауыл қояды.
Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда керей – Ұлы Даладағы ең үлкен, саны да басым тайпа болған. Ескілікті зерттеген кейбір орыс оқымыстылары ілкіде, XI ғасырда керейлер тоғыз жүз мыңның төңірегінде, яғни миллионға жуық болды деп біледі. Сірә, 1007 жылға қатысты нақты дерек – екі жүз мың (жан әлде шаңырақ) санының әсері. Біздің байыбымызша, заманында соншама болған күннің өзінде екі ғасырдан астам ұзақ уақыт бойы, әуелде қиданмен, одан соң шүршітпен, атадан балаға, немереден шөбере, шөпшекке жалғасқан, үздіксіз, аяусыз соғыстар нәтижесінде, үнемі жау бетінде, найза ұшында болған керей тайпасы кеңінен жайылып, үздіксіз өсе алмаған. Бірақ қашанда өз тұрғысынан озық. Бұл кезде, айттық, татар қауымы жетпіс мың шаңырақ, жалайыр жұрты да ілкіде, Келүрендегі қытай қырғынынан бұрын жетпіс мың түтін болыпты; найманның ұзын саны туралы нақты, немесе тұспал дерек жоқ, бірақ жалайырдан да, татардан да әлдеқайда көп болғаны күмәнсіз. Керей ұлысы да сол сияқты. Әлде сексен, тоқсан мың, әлде жүз мың шаңырақ деп шамалауға болады, есебі, кем дегенде үш жүз елу-төрт жүз мың жан. Ол заманның есебінде қисапсыз халық. Өзінше өмір кешкен тұтас бір патшалық.
Бұл кездегі керей қонысы да ұлан-байтақ. Батыста Қаңғай алқабынан – шығыста Кентейдің етегіне дейінгі аралық; терістікте Селеңгі өзенінің жоғарғы ағысынан – Келүреннің бастауына дейін, аралықта Орхұн, Толы өзендерінің ұзына бойы, орталық аймақтағы Оңғы өзенін өрлей келе, түстікте, ежелгі түрік Жасыл-өзен атаған Сары-өзен Хуаңхэнің үлкен иіні Ордосқа дейінгі қаншама жер. Керей ұлысының құтты ұйығы – біздің неше мың жылдық тарихымыздың куәсі, арыда Ұлы Түрік қағанатының берекелі байтағы болған Орда-Балық қаласы, кейінде Ұлұғ ұлыс ту тіккен Қарақорым қаласы орнаған Қатын-балық, ол екеуі де қирап, тозған бүгінгі күні Күл-тегін мен Білге-қаған ескерткіштері сақталып тұрған қасиетті Орхұн өзенінің бойындағы, айналасы ат шаптырым, қара топырақ, көк шалғынды киелі алқап екен. Керей хандарының бас ордасы үнемі осы өңірден аумаған. Құржақұз-Бұйрық хан Орда-Балықта отырды деп жазған Рәшид-әд-Дин. Байрақты жұрттың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы болған. Сонымен қатар, аңшылыққа айрықша мән берілген. Егіншілік жөнін де білген екен.
Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда керей (керейт) – қонысы кең, саны мол, орда көтеріп, ту тіккен дербес ұлыс қана емес, Татар Даласындағы ру-тайпалар ішіндегі ең дамыған, мәдениеті жоғары қауым саналғанын айттық. Көне түрік бітігінің орнын басқан, ғылымда ұйғыр-түрік таңбасы аталатын жазу нұсқасы қолданыста болыпты. Ұлыс ұжымы, ел басқару жүйесінде бағзы қағанат заманындағы ежелгі жоралар мен төре заңдары өз жалғасын тапқан сияқты. Жаңа замандағы зерттеушілер керей мен найманды Ұлы Түрік қағанатының бірден-бір мұрагері және қағанат үлгісін Шыңғыс хан империясына ұластырушы көпір болды деп біледі.
Керейлер Иса Мәсіхке иман келтіріп, шоқынған ба?
Рәшид-әд-Дин: «Керей жұртына Иса Мәсіхтің уағызы жеткен екен», – деп жазады. Сырттай айтылған деректерге қарағанда, Керей хандығының христиан дінінің нестор тариқатын мақұл көруі – XI ғасырдың бастапқы жылдары. Яғни, Шыңғыс хан заманы, дағдарыс пен күйреуден екі жүз жыл бұрын. Соншама уақыт бойы шоқынды болған сияқты. Керейден кейін, немесе олар да осы шамада, найман, меркіт, оңғыт рулары да нестор-христиан дініне көшіпті. Біз тарихта таңбаланған деректі түбірімен теріске шығармаймыз. Бірақ тұтас екі ғасыр бойы ұстанған дін халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына белгілі бір ықпал жасауы керек қой. Басқаны былай қойғанда, жаңа дінге көшу – адамдардың есімін жаңартудан басталады. Мәселен, христиан дінін күні кеше ғана зорлықпен қабылдаған түрік текті якуттар мен шыбаштар тұрыпты, ерікті славян нәсілі орыстардың өзінің аты-жөні бастапқы ұлттық тамырынан ажыраған, нәтижесінде әуелгілер қара Иван болса, бұлар сары Иван болып шыққан, ал мұсылманшылыққа көшкен біздердің есіміміз түгелге жуық араб-семит негізді. Керісінше, Шыңғыс хан заманындағы, екі ғасыр бойы шоқынды болды деген меркіт пен оңғыт, керей мен найманның ханынан қарасына дейінгі аралықтағы, таңба түскен ондаған есімнің ішінде ғайри дінге жанасатын, түріктік емес бір де бір кісі атын ұшырата алмаймыз. Дәстүр-салтында да бұрынғы түріктік, ежелгі көшпенді қалыптан тыс ешқандай бөгде сыпат көрінбейді.
(Шығыстағы көшпенділер арасында христиан дінінің айрықша өріс алуы туралы әңгіме – крест жорықтары кезінде тараған лақап; кейінгі, христиан қауымы әлемдік өктемдікке жеткен кездегі үстеме, рухани экспансия өткендегі жіптік түтінді қордалы қоңысқа ұластырды, жақын кезеңде түгелдей жанышталуға, одан қалғаны жаңа дінге көшуге тиіс жабайылардың аз-маз сана, түйсігі бар кейбір топтары бағзы заманда кәдімгі христиан болыпты-мыс! Мәселенің екінші бір ұштығы – бұл жұрт Иса Мәсіх ілімінен қуат алған себепті әлденендей мәдениетке жетті деген байлам. Айналып келгенде, осының бәрі – кәдімгі отаршылдық идеологияның тұрпайы бір көрінісі ғана.)
Сонымен, бұрынғы-соңғы Батыстың ғайри дін, астам пиғыл жетегіндегі оқымыстылары айрықша тұздықтап, қаттастыра айтатын мәселесі – меркіт пен найманның, керей мен оңғыттың нестор-христиан дінінің адал үмбеті болғандығы туралы байып, байламдар – отаршылдық қиялдан туындаған, түп дерегі шатқаяқ, ғылыми негізі тұрлаусыз әсіре дерек, артық лақап болып саналуға тиіс. Шет жұрттың жалаң сөзіне емес, осы ру-тайпалардың сол кездегі тіршілік кебіне, адамдар арасындағы қатынас, әрқилы оқиғалар тізбегіне қарасақ, мүлде басқаша қорытынды жасауға тиіспіз. Тегі, бір заманда билеуші топ әуес көрген жат ағымның аты бар да заты жоққа жақын, ал жалпы жұрт тек ежелгі тәңірі дінін ғана ұстанғаны көрінеді. Мұның тағы бір айғағы – кейінгі заманда бұл атаулы жұрттың ешқандай қарсылықсыз ислам дініне көшуі болса керек.
Біртұтас ұлыстық құрылым жолында…
Ұлы Даладағы ежелгі түрік қауымының қайтадан ұжымдасуы кезеңінде Керей патшалығы Шыңғыс ханның ұлылығына ұйтқы болды. Түптің-түбінде біртұтас ұлыстық құрылым жолына құрбанға шалынды. Алайда, Шыңғыс хан мен Тоғрыл–Оң ханның арасындағы қантөгіс соғыстар кезінің өзінде керей тайпасының біршама бөлігі, жекелеген ірі тұлғалары болашақ ұлы қағанның жағында болғанын көреміз. Ақыры, керей жұрты үлкен қазаға ұшырайды, хандығы құлап, біраз халқы әр тарапқа бытырайды. Әйткенмен де көп ұзамай-ақ Шыңғыс хан ордасының өзінде әжептәуір ықпалға жетіпті. Және негізгі әскер құрамына қосылады. Қытай деректерінің айтуынша, 1204 жылы, Таян хан мен Жамұқа гөрхан бастаған қалың қолға қарсы аттанған Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігі – керей жұртынан екен. Атақты Сүбітай-бахадұрдың жеке мыңдығы керей мен найман, меркіттен құралған (“Юань ши”). Сонымен қатар, ағайынды Ширақұл (Сарықұл) және Тобұқа нояндар Шыңғыс ханның туының астында мыңбасы болған, осы дәрежедегі Дайыр-бахадұр Сартауыл жорығында айрықша көзге түсіпті. Ал Тоғрыл ханның батысқа ығысқан бір баласы (әлде немересі) Тайбұға Сібір хандығының негізін салады, бірақ ақыр түбінде ол да Шыңғыс ханның дәргейіне бас ұрып, кеңшілік алған.
Бұдан соңғы заманда керей төрт ұлыстың құрамында да көрінеді. Ежелгі тайпадан белгілі қолбасылар, бүкіл ұлыс тізгінін ұстаған атақты мемлекет қайраткерлері шығады. Мәселен, болашақ ұлы қағанды Темужін кезінен жақтап, ең қиын күндерде қасынан табылған керей Шыңқай Еке Ұлыста әуелі Шыңғыс ханның өзінің сенімді серігі, арнайы, аса жауапты шаруалар атқаратын ұлығы, одан соң, Өкетай, Күйік хандардың тұсында ұлыс бегі болған. Ал Марқұз-Бұйрық ханның немере қызы, Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бәйбішесі Сұрғақтан-бике бүкіл империя өміріне айрықша ықпал етіп отырған, әрі кейінгі, жарым дүниенің тағдырын шешкен төрт алып тұлға: Орталықта өкім құрған Мөңке мен Құбылай, Арық-Бұқа қағандар hәм Иранды жаулаған Құлағу ханның анасы болған.
Татар Даласындағы дүрбелең мен бұлғақ нәтижесінде шашыла тозып, қарасыны кемігенімен, арада жарым ғасыр өтпей қайтадан еңсе жазған керей тайпасы үлкен әскери қуатқа жетеді. Ұлы империя екіге жарылып, әуелде Құбылай мен Арық-Бұқа, оған жалғас Құбылай мен Қайду арасындағы қырық жылдық қырғын басталғанда Ұлы Даладағы, Дәшті-Қыпшақтағы керей, туыстас найманмен бірге, Арық-Бұқа қағанның, Қайду ханның негізгі жасақтарын құрапты. Кейінде бір бөлігі Моғұлстан шегінде, бұл тараптағы жетекші дулат тайпасымен бірге Әмір Темірге қарсы соғысады және ұзаққа созылған дүркін майданда айрықша қырғынға ұшырайды. Керейдің негізгі тобының ғұмыр кешуі Алтын Орда тарихымен байланысты. Қайткенде де елеулі, үлкен ру қатарынан шықпаған.
Иран мен Юань шегіндегі барлы-жоқты жұрты, ағайындас басқа да ру-тайпалар сияқты, заманнан заман өткенде түгелдей ассимиляцияға түседі. Тек шығу тегі бір Алтын Орда, Шағатай ұлысы мен Моғұлстан шегіндегі керейлер ғана өздерінің тілі мен әдет-ғұрпы, түпкі нәсілін сақтап қалыпты. Кейінгі хандықтар кезеңінде азды-көпті мөлшерде қырым-татар, сібір-татар, башқұрт, ноғай, қарашай, әзірбайжан, өзбек халықтарының құрамына құйылады. Керейдің жекелеген топтары бүгінде Алтайдағы, Еділдегі және екі Сібірдегі түрік текті халықтар арасында өз есімімен сақталған hәм арғы-бергі қалмақтың торғауыт руындағы азғана бөлшегі өз атымен аталады.
Ежелгі керей тайпасының ең үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей және жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жастабан (бұл жастабанның бір бұтағы андағұл және тұрғылас жәдік Орталық һәм батыс Қазақстан шегіндегі бірнеше рудың құрамынан бой көрсетеді, атап айтқанда, жәдік: сіргелі көңірдек, шапырашты шыбыл, найман төртуыл, қоңырат құлшағыш, шекті жақайым, шөмекей келдібай, байұлы масқар мен алтын, жетіру кердері мен жағалбайлы; ал андағұл: жалайыр шуманақ, дулат шымыр, найман көкжарлы, шекті есенәлі, шекті жанқылыш, әлім төртқара, шөмекей келдібай, шөмекей балқы, байұлы шеркеш, беріш байбақты құрамындағы атаулы сүйектер санатында). Ұлы Даладағы Азамат соғысы кезінде айрықша жапа шегіп, қисапсыз қырғынға ұшыраса да, уақыт оза келе әр тараптан тоғысып, қайта құрылған керей тайпасы ұлы жорықтар, одан соңғы түпкілікті қоныстану дәуірінде жаңғыра ұйысып, баяғы Батыс Түрік қағанаты, кейінгі Көк Орданың ұйықты, құт қонысын бауырына басқан жаңа ұлыс – Қазақ Ордасының құрамына ежелгі есімі, дүрмекті тобымен қосылғанын көреміз.
Керей жұртынан шыққан белгілі тұлғалар кімдер?
Ежелгі керей тайпасының кейінгі қазақ ішіндегі ең үлкен, атаулы табы – абақ, ашамайлы, керейіт руларынан шыққан белгілі тұлғалар біршама, атап айтқанда: XVIII ғасырда жасаған Байжігіт күйші, XVIII ғасырдағы атақты қолбасы, Керей Ер Жәнібек, қолбасы Шұбарайғыр Қожаберген батыр, XIX ғасырда жасаған азаттық жыршысы Нысанбай, күйші Бейсембі би (Бежең), сазгер Сегіз-сері, әнші композитор Біржан-сал, XX ғасырда жасаған, Шығыс Түркстанның дербестігі үшін әрқайсысы өз жолымен күрескен Оспан батыр мен Дәлелхан генерал, Советтер билігі тұсында жасаған, еңбек еткен: мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасов, ұзақ уақыт Қазақ республикасын басқарған, әуелде екінші хатшы, кейінде бірінші хатшы болған Жұмабай Шаяхметов, жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, тарихшы Манаш Қозыбаев, мүсіншілер Хакімжан Наурызбаев, Төлеген Досмағамбетов, суретші Қанапия Телжанов, әнші Ермек Серкебаев, композитор Еркеғали Рахмадиев және жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин…
Тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» романынан ықшамдалып алынды.
Шежіре – Ашамайлы керей
АШАМАЙЛЫ КЕРЕЙ — Қазақ халқының құрамындағы тайпа. Шежіре бойынша, Орта жүздегі керей (керейт) тайпалары бірлестігінен таратылады. Ашамайлы этнонимі жөнінде жорамал көп. Керейдің төр шежіресінде келтірілетін нұсқалардың бірінде — Ақарыстың бір баласы Дана биден Қоянбай, одан Сарыкерей, одан Қараби туады. Ашамайлы Керей мен абақ керей осы Қарабиден тарайды дейді.
“Алаш айнасы” интернет-газеті бүгіннен бастап, халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы – қазақ шежіресі туралы ақпараттарды кезең-кезеңімен жарияламақ. Осы арқылы үш жүздің әр руы туралы мәліметтерді топтастырып, қазақтың ортақ шежіре қорын жасап шығармақ. Егер сіздің қолыңызда өз руыңыз жайында мәліметтер болса, біздің мына: info@alashainasy.kz электронды поштамызға жіберуіңізге болады
Шежірелік осы жүйеге Ш. Құдайбердіұлы да, тарихшы-этнограф Н. Мыңжани да айрықша мән берген. Қараби жастай қайтыс болған соң жесірі Шымыр деген баласын алып, төркініне көшіп кеткен. Үйсін Сарымырза жиенін ашамайға мінгізіп жүреді екен де сұрағандарға “менің ашамайлы керейім” дейді екен. Содан Ашамайлы Керей атанып кетіпті. Ашамайлы Керей де, абақ керей де Кіші жүздегі керейт те Орта жүзге кіретін тайпалар мен рулар дейді. Ашамайлы, Абақ жеке адам аттары емес, қолданған таңбаларына қарай (Х — ашамай, У — абақ) аталған, туыстас тайпалар одағы дейтін нұсқалар да бар. Түркі тілдерінде “омак”, “обак”, моғол тіліндегі “обак”, “обух” сөздерінің туыстастар “одағы” деген мағына беретінін дәлел ете отырып, бұлардың тайпалар бірлестігі екенін белгілі этнограф М. Мұқанов та алға тартады.
Тайпаның ыдырауы
Ежелгі керей ұлысының тағдыры, ыдырауы, қайта қалыптасуы жазба деректерде 13 ғасырдан белгілі. Оңхан (Тұғырыл) билеген керей хандығын Шыңғыс хан 1202 жылы біржолата талқандаған. Шыңғысқа қарағысы келмеген елдің басым көпшілігі көршілес Найман хандығына ауысып, Ертіс алқабына, күнгей Алтайдан Есіл, Еділге дейін жеткен. Уақыт өте келе ежелгі ата мекеніне қоныс тепкен Керейдің бір бөлегі он екі ата абақ керей атанып, Қытайға қарайды да, Қазақстанның Солтүстік, Солтүстік-батыс өңіріне қоныстанған әулеттері он ата Ашамайлы Керей атанып, орысқа бодан болады. Олар: Сыбан, Балта, Көшебе, Ақсары, Құрсары, Семеналы, Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет, Самай деген руларға, 60 бұтақты ұсақ аталарға жіктеледі. Негізінен Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында тұрады. Өзбек, қарақалпақ, түрікмен халықтарының құрамында да Ашамайлы Керей аталатын рулар бар. Ұраны — Ошыбай, таңбасы — ашамай.
Шежіре – Абақ Керей
Абақ Керей 12 атаға бөлінеді. Бұл бөлініс Қытай қарамағына өткен кезден басталады. Абақ керейдің қайдан, қалай таратылатыны туралы шежірелер көп және оларда бірізділік жоқ, яғни «әркімдікі өзіне жөн» дегенге саяды. Ойғырлық Мәсәли, Дөйтен, Сахария қариялардың мақұлдауы негізіндегі атам Жанаттың (А.Ж) жазып қалдырған шежіресінде Абақтан Изен, Жусан. Изеннен Мағыналы, Сидалы, Жабайды таратады. Мағаналыдан Қойлау, Байлау делінеді. Қойлаудан-Ителі. Абақ Керейдің ішінде ителі руы «ноқта аға» аталады.
“Алаш айнасы” интернет-газеті халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы – қазақ шежіресі туралы ақпараттарды кезең-кезеңімен жарияламақ. Осы арқылы үш жүздің әр руы туралы мәліметтерді топтастырып, қазақтың ортақ шежіре қорын жасап шығармақ. Егер сіздің қолыңызда өз руыңыз жайында мәліметтер болса, біздің мына: info@alashainasy.kz электронды поштамызға жіберуіңізге болады.
Ноқта ағаның жолы – ертеде ел көшкенде көсем түйені жетелейді және дастарқанға бата беру, табақтағы сыйлы мүшені кесуде басымдылық беріледі. Байлаудан жәнтекей, жәдік, шеруші рулары тарайды. Сидалыдан жастабан, шимойын, көнсадақ рулары тараған. Жастабан руы негізінен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Шұбартау (қазір Аягөз ауданының құрамында) ауданын мекендейді. Керей Алтайға бет алғанда Қабанбай батыр мен Ақтамберді батыр жыраумен дос-жар Шақантай, Нұралы батырлар найманнан қоныс алып, мекендеп қалған делінеді. Кейіннен бұл өлкеде Абай елі тобықтылар қоңсылас болады. Жастабан – белгілі ғалым-жазушы Мұхтар Мағауиннің елі. Жабайдан қарақас, молқы, сарбас рулары тарайды. Мағыналының қызы Мәулімнен шұбарайғыр тарайды делінеді. Шежірешілер шұбарайғырды керейдің жиені, меркітті жиеншары еді деп қиыстырады. Меркіт – бұдан сегіз жүз жыл бұрын, яғни Шыңғыс хан заманына дейін-ақ Байқал көлінің оңтүстігінде қуатты жеке мемлекет құрған ел болса, ол қалай Керейге жиеншар болмақ.. Шыңғыстың меркіт билеушілеріне деген жеке бастық өшпенділігі салдарынан 1204 жылы қырғынға ұшырап, жеңілген меркіттер Сарыарқаға қашқандығына, 1216 жылы Жошы әскері қазіргі Ырғыз-Торғай өлкесінде Сүбедей әскерінің меркіттерді толық талқандағандығына тарих куә. Осы қырғыннан аман қалған меркіттің азғана бөлігі кейінен керейдің құрамына қосылса керек. Он екі руға бөліну Көгедай төре тұсында, Мәнжі қытайға бағыну кезеңінен бері пайда болса керек. Шындығына келгенде Он екі керейге бірде шимойынды, бірде, жәнтекей ішіндегі құлтайболатты жатқызуы осыны меңзейді. Әр рудың өз таңбасы, ұраны бар. Олар әр рудың жоңғарларға, кейіннен қалмақтарға қарсы күрескен батырларының есімдері:
1. Ителі (Бұқарбай)
2. Жәнтекей (Шақабай)
3. Шеруші (Байтайлақ)
4. Молқы (Машан)
5. Қарақас (Қаптағай)
6. Меркіт (Құлсары)
7. Жастабан (Жобалай)
8. Көнсадақ (Жабай)
9. Шұбарайғыр (Қожаберген)
10. Сарбас (Сарытоқай)
11. Жәдік (Жанат)
12. Шимойын (Әлмембет)
Шеруші руының ұранына айналған ұзынмылтық Байымбет ұлы Байтайлақ батыр-Ер Жәнібектің қарулас серігі болған. Керей Байтайлақ батырдың зираты делінетін төбешік Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы орталығы Талшық кентінің Жаңауылға бұрылған жолайрығы маңындағы қоқыс төгетін орын (свалка) маңына таяу жатыр. Мұны әлі де айқындау қажет. Байтайлақ Семей өлкесінде, Ер Жәнібектің қасында жерленген деген де пікірлер бар. Байтайлақ пен оның баласы Шұбаш батырлар шеруші руын билеген. Кейіннен Ақтай билікті қолға алды.Қожаберген Жәнібекұлы – шұбарайғыр руынан шыққан батыр. Көбінесе осы Абақ Қожаберген батырды Ашамайлы Қожаберген Толыбайұлымен жаңылыс атау кездеседі. Ашамайлы Қожаберген әйгілі батыр, жырау. Атақты әнші Сегіз серінің ұлы атасы. Абақ Қожаберген ойраттың азаткер батыры Амырсанамен жас жағынан шамалас екендігін білеміз.Шеруші руынан шыққан Байғара ұлы Киікбай батырдың бейіті Ақмола облысының Атбасар ауданында Сергеевка селосы маңында делінеді. Қалай болғанда да Киікбай батырдың Қазақстанда жерленгені даусыз.Жәдік, жәнтекей, шеруші рулары туыстас, қанаттас аталады және оларға берген халық мінездемесі де тәмсіл болып айтылады. Жәнтекей- Абақ керейдің жартысынан көбін құрайды. «Керей бұзылса жәнтекейге сыяды, жәнтекей бұзылса, керейге сыймас»,- деген сөз бар.Жәдік баласы: 1. Мәлік 2. Жанат 3. ИтемгенЖанаттан тарайтын рулар: байқазан, жақай, қостай, жарасбай, мұңал, тілел, қыдыр, боқай.Мәліктен тарайтын рулар: байғара, баян, құланбай, көтен.Жәнтекей баласы:1. Сүйімбай2. Сүйіндік3. Сүйіншәлі Сүйімбай баласы:1. Самұрат2. Құты3. Сәмембет 4. Бөкес (Елгелді руы тарайды….Сейсенбай-Самбай-Абай)5. Төлеке (Есіркеп руы тарайды) Сәмембеттен тарайтын рулар: атантай, есентай (барқы, базарқұл, шақабай, түктібай, қыстаубай,т.б.), есембай, 6 тасбике, (ақша, бөрте, қаржау, жаман, сары, елібай), есағасы, қазыбек. Тасбике Ақшадан: Байғон, Байғоннан: Бәйтерек, Бәйтеректен: Байжан, Байжаннан: Уанған Жуанышбай (Қағай), Орайхан, Тоқай, Қуанық. Қағайдан: Абай, Бадай, Шәкерхан, Абзалхан. Орайханнан: Шәмен, Шеріхан, Қанағат. Тоқайдан: Кәмен. Кәменнен: Мұрат, Талғат. Қуандықтан: Шәпен, Жеңісхан, Сепей (Қажыұлы Жанаттың зайыбы). Шәпеннен: Атқазы. Сүйіндік баласы: 1. Алты2. ҚалкеСүйіндіктен тарайтын рулар: жайлау, күнту т.б. Алтыдан: Сары. Сарыдан Бердәулет. Бердәулеттен: Жәнібек батыр. (Керей Ер Жәнібек) Жәнібектің қызы Ермекті (кей деректерде қарындасы) Тобықты Ырғызбай алған. Ырғызбайдан Өскенбай. Өскенбайдан: Құнанбай одан Абай туады.Сүйіншәлі баласы: 1. Қожамжар2. Барақ3. Секел4. Бұлантай.Қожамжардан: Ботағара, Әйтімбет. Әйтімбеттен: Қаражан. Барақтан: Қангелді, Тайлақ. Бұлантай. Бұлантайдан: Көбек.
Alashainasy.kz

Пікір қалдыру