Сені қалай қорғаймыз, бүлдіршін қыз?
Жуырда Маңғыстауда жантүршігерлік оқиға орын алды. Және әдеттегі түсінікке сай «шым-шытырыққа толы» қалада емес, айрандай ұйыған ауылда. Маңғыстау ауданына қарасты Сай-Өтес ауылында 12 мамыр күні кешкі сағат 20.00 шамасында үй маңындағы шағын дүкеннен өзіне қажетті әлденелерді алуға жүгіріп кеткен бала қыз қайтып оралмаған. Қолына тиын-тебен түссе «балмұздақ алам, кәмпит алам» деп дүкенге жүгіре жөнелетін бала біткеннің әдеті ғой, оның дүкенге кетуіне кәдуілгі шаруадай қараған үй ішіндегілер бастапқыда «достарымен ойнап жүрген болар» деп ойлайды да, арада бір сағаттан астам уақыт өткенде қызды іздей бастайды. Құлдыраңдай жүгіріп үйден шыққан бала ұшты-күйлі жоғалады да кетеді. Көрші-көлем, ағайын-туыс жабыла қарап, қора-қопсы маңына дейін жіті тінте жүріп, түнгі сағат 2-лер шамасында бүлдіршіннің өлі денесін табады.