|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Сұхбаттар

Путинизм және мафия логикасы. Ресей президентінің өткенін зерттеушімен сұхбат


Владимир Путин мен Заирдегі қаңырап бос қалған сарай. Фотоколлаж.

Владимир Путин мен Заирдегі қаңырап бос қалған сарай. Фотоколлаж.

“Путинизм” сайтының негізін қалаушы Артем Круглов Ресей президентінің өткенін зерттеумен айналысады. 2019 жылдан бері Youtube желісінде “Путинизм как он есть” дейтін деректі фильмдер сериясы шығып келеді. Фильмдер Кругловтың сайтында жарияланған зерттеулерге сүйенеді. Азаттықтың Орыс қызметі одан осыған дейін де сұхбат алған. Ал мына әңгіме “Путин сарайы” фильмі жарық көргеннен кейін жазылған. Фильм авторлары да Круглов тапқан деректерді негізге алған.

НАВАЛЬНЫЙ ЗЕРТТЕУІНДЕГІ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР

Азаттықтың Орыс қызметі: ФБК (Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры) зерттеуінде сіз үшін беймәлім, нақтылауды не толықтыруды қажет ететін деректер болды ма?

Артем Круглов: Идокопас мүйісіндегі сарай жаңа тақырып емес. Ол туралы сонау 2010 жылы Путиннің айналасынан қашқан Сергей Колесников айтқан. Сарай мен оның ішкі көрінісінің алғашқы суреттері де сол кезде жарық көрді. Колесников сол кездің өзінде-ақ сарайға миллиард доллар жемқорлық ақшасы салынғанын, Шамалов (Николай Шамалов, “Россия” банкінің ортақ иесі – ред.) екеуінің Владимир Владимирұлына (Путин) Ресей медицинасына бөлінген қаражаттан пара бергенін айтқан.

Жемқорлықпен күрес қоры “Путин сарайы” туралы зерттеу жариялады

Навальный фильмінен білген жаңалығымыз – сарайдың зең басқаны, бәрін сыдырып, қайта жөндегені. Бұл жерде әрине тағдырдың мысқылы бар. Миллиард доллар ұрлап, оны шірітті. Жөні түзу архитектордан үнемдеді. Өйткені атақты архитекторды шақыруға қорықты – барлығын құпия түрде соқты. Патша қандай болса, Растрелли де сондай (Бартоломео Франческо Растрелли, тегі италиялық орыс архитекторы).

Фильмнің екінші қызық тұсы – сарайды қаржыландырудың қазіргі схемасы, ірі әрі қымбат объектіні ұстап отыруға кім және қалай төлеп отырғаны әшкереленді. Онда бәрі мафияның үздік дәстүріне сай ұйымдастырылған. Путиннің түрлі сипаттағы жолдастары – дрездендіктер, “озеролықтар” (1996 жылы Владимир Путин негізін қалаған “Озеро” кооперативі мүшелері), дзюдошылар Путинге ақша тастайды, ол болса топтың басшысы ретінде ортақ қордан өз қажетіне ақша жаратады. Көп жаратады. Меніңше, бұл әлемдегі ең қымбат жеке үй болуы мүмкін. Салыстырар болсақ, Ливадиядағы Екінші Николай салдырған патша сарайы ауқымы 7 мың шаршы метр, Путиндікі 17 мың шаршы метр.

Мобутудің Заирдегі қараусыз қалған сарайы.

Мобутудің Заирдегі қараусыз қалған сарайы.

Осыған дейін тарихта Путин сарайының баламасы бар деп жазғанмын. Ол – Заир диктаторы Мобутудың 1980 жылдары салдырған Гбадолите сарайы. Ол Джунгли ішінен өзіне бюджеттен ұрланған ақшаға алып даңғаза оазисін соқты. Ол жерде тікұшақ алаңы ғана емес, тұтас әуежай болды. Мобуту мен оның отбасы мүшелері әуежайдағы “Конкорд” ұшағына арналған жолақпен Парижге барып, шопинг жасап жүрді.

ЗАИР ДИКТАТОРЫ МОБУТУ ЖӘНЕ ПУТИННІҢ АЙНАЛАСЫ

Азаттықтың Орыс қызметі: Мобутудың Лазурь жағалауында да сәнді вилласы болды.

Артем Круглов: Кап Мартенде, Монаконың жанында. Оны кейін кәмпескеледі де, Лужковтың серігі Шалва Чигиринский сатып алды. Лужков құлаған соң вилла алдымен “Газпромнефть” [компаниясына] өтті, одан әрі офшорға кетті. Кейінірек француз басылымдары Мобуту вилласына Алина Кабаева орналасқанын жазды. Яғни Мобуту мен Путин сарайымен ғана емес, Лазурь жағалауына деген махаббатымен де ұқсайды.

Азаттықтың Орыс қызметі: Кремль мен путиншіл медианың Навальный зерттеуіне реакциясы туралы, яғни сарайдан түсірілген репортаждар мен Ротенбергтің “мойындауы” жөнінде не айтар едіңіз?

Артем Круглов: Нокдаун, боксер “шайқалып кетті”. Путин бар болғаны ресми құжаттарда өзінің және туыстарының аты аталмағаны жөнінде түсініксіз бір нәрселерді айтқандай болды. Бірақ мәселе туысы деп кімді танитынымызда. Әуелі сарай құдасы Шамаловтың атында болды. Кейін “Бином” фирмасына өтті. Ал оның иесі – Ротенбергтің адамы [Александр] Пономаренко. Қызметкерлерінің бәрі “Акцепт” фирмасынан. Ал ол фирма Путиннің немере інісі Михаил Шеломовқа тиесілі. Путин оны өмір бойы мәпелеп келеді.

“Сарай кімдікі?” деген сұраққа толыққанды жауап беру үшін ол жақта Шамаловтың, одан кейін Шеломовтың, сосын Ротенбергтің қалай пайда болғаны, ұшу тыйым салынған аймақтың қайдан шыққаны, Путиннің “Олимпия” және “Шеллест” дейтін яхталары ол жақта не істеп жүргені, сәнді өмірге ақшаның қайдан алынғаны жөніндегі сұрақтарға жауап беру керек. Бұл сұрақтарға Владимир Путин белгілі себептермен жауап бере алмайды.

Ресей телеарналарында көрсетілген репортаждарға келер болсақ, олар ақымақтарға арналған. Жөндеу жұмыстарын, перфоратормен үгітілген сылақтарды көрсетті. Ал мұның бәрі құрылысы жаңадан басталған “апарт қонақүйі” дейді. Ал “апарт қонақүйге” дейін не болды? Google-ден іздесеңіз, жауабын бірден табасыз.

Владимир Путин мен Аркадий Ротенберг.

Владимир Путин мен Аркадий Ротенберг.

Ал Ротенберг… Ол Путиннің бауыры іспетті. Олар 12 жастан бірге өскен. Невский даңғылының бойына жақын жерде өсті. Бірақ олар өзге ғаламшардан келгендей: “Ленинград көшесі мені соққыны бірінші болып жасауға үйретті” (Владимир Путиннің 2015 жылы айтқан сөзі).

“Менің балалық шағым – бұл “Құм карьерлерінің генералдары” фильмі” деді ол 2001 жылы “Владимир Путин. Өмір мектебі” дейтін кітапқа берген сұхбатында.

Ал “Құм карьерлерінің генералдары” фильмі не туралы еді. Панасыз балалар қасқыр үйірінің ережесімен өмір сүреді. Режиссер “олардың бойында адами қасиет қалды ма?” деген сұраққа жауап іздейді.

КІСІ ӨЛТІРУ ОПЕРАЦИЯЛАРЫНЫҢ ЛОГИКАСЫ ҚАНДАЙ?

Азаттықтың Орыс қызметі: Bellingcat тобының зерттеулері Путиннің арнайы қызметтері террор әдістерін Ресей аумағында болсын, шетелде болсын кеңінен қолданатынын көрсетті. Бірақ қоғам бұл жұмыстың ауқымын дұрыс түсінбейтін секілді. Кейде зерттеуге баға бергенде, күдіктер айтылып жатыр. “ФСБ-ға (Ресей федералды қауіпсіздік қызметі) Солтүстік Кавказдағы танымал емес белсенділерді өлтірудің не қажеті бар?” дегендей. Осы арнайы операциялардың ауқымы жөніне не ойлайсыз? Олардан қандай да бір логиканы көресіз бе?

Артем Круглов: Қарапайым адамдардың әлемінен бөлек ұйымдасқан қылмыс әлемі бар. Онда кез келген теріс қылықтың жазасы бір – өлім. Әсіресе егер мәселе бастыққа құрмет танытпау жөнінде болса.

Ал енді ұйымдасқан қылмыстық топтың рөлінде ФСБ-ның Арнайы мақсаттағы орталығы (Центр специального назначениея, ЦСН) тұр деп есептеңіз. Бұл – “тікелей әрекеттерге” арналған күш құрылымы. Оған “Альфа” және “Вымпел” арнайы жасақтары, Арнайы операциялар басқармасы, Кавказ жөніндегі басқарма және тағы басқалар кіреді.

ЦСН-де “Альфа” сарбаздары бос уақытта банктерді тонайды, ал “Вымпел” сарбаздары бизнесмендерді өлтіру бойынша тапсырыс алады және сол үшін Интерполға түсіп, кейін жаңа паспортпен Германияға барып, саяси мотив бойынша өлтіре береді (Хангошвили ісі). ЦСН-де Алексей Навальныйды улаушылар қызмет етеді. Олар жай ғана кісі өлтірумен айналыспай, эксперимент жасайды. “Ізді жасыру мақсатында кісі бірден емес, кейінірек өлу үшін “Новичоктің” қандай дозасы керек?” дегендей. Сол себепті олардың Грозныйға жиі сапарлауы тегін емес. Тұтқындармен экспериментті басқа қай жерде жасауға болады?

Советтік КГБ-да ешқандай ЦСН болған емес. Ал “Альфа” 7-басқарманың (күзет) бөлімі ретінде бөлек құрылым болған. “Вымпел” сыртқы барлауға қараған. Ол “Тікелей әрекеттерге” жауапты 8-басқармаға қарады.

“Вымпелге” іріктелген чекист алдымен Балашихадағы диверсанттар мектебінде 7 айлық оқудан өткен. Содан кейін курсанттардың басым бөлігін резервке қойып, бұрынғы қызметіне қайтаратын. Көзге түскендерін жасаққа қабылдайтын. Ал сол “Вымпелдің” өзінде шетелдегі нақты акцияларды жүзеге асыратындарды іріктейтін. Ол акцияларға кісі өлтіру, диверсия, террористерге қару-жарақ жеткізу, КГБ өкілдерінің агенттермен кездесуін ұйымдастыру кірді.

Путиннің Ресейінде арнайы жасақтың, соның ішінде КГБ арнайы жасағының культі қалыптасты. Жасақтың [Ауғанстан басшысы Хафизулла] Әминнің сарайын басып алу секілді “ерліктері” әрдайым мадақталады. Тағдырдың бұйыруымен Путин 1998 жылы ФСБ-ның ЦСН-і құрамынан құрған жаңа “Вымпелдің” адамдарымен кездесуге тура келді. Олар ауыр әсер қалдырды. Әлемге деген аморальді көзқарас, кісі өлтіруге келгенде “нөлдеу”, “көміп тастау” деген сөздерді қолданатын… Таза рэкетирдің көзқарасы: “Неге тек саудагерлер өмір сүруі керек, біз де қалаймыз…”. Араларында әлемдік саясат пен тарих туралы пікірі барлары да болды (әдетте жабайы сипаттағы қастық теориялары).

Ресей президенті Борис Ельцин мен ФСБ директоры Владимир Путин. 1998 жыл.

Ресей президенті Борис Ельцин мен ФСБ директоры Владимир Путин. 1998 жыл.

Сөйтіп 1998 жылы Ельцин ФСБ директоры етіп спорт-қылмыстық ортадан шыққан, 8-бөлімде жұмыс істеу тәжірибесі бар адамды қойды. Ол адам бірден ЦСН-ді құрып, барлық кісі өлтірушілерді, улаушыларды және диверсанттарды бір шатыр астына жинады. Көп ұзамай ол адам президенттікке талпынып, Шешенстандағы соғысты айналдырып, рейтингін көтеру үшін Мәскеуде үйлер жарыла бастайды. Ал оның билік басындағы 20 жылы ұнамсыз адамдарды нешетүрлі құйтырқы амалдармен өлтірумен байланысты даулармен өтеді.

Мұндай қандай логика бар? Мұнда мафия логикасы бар. Бір нәрсе дұрыс болмаса, нөлдей салады, сонымен болды. Кейде тіпті жария түрде жасайды, басқаларға сабақ болсын дейді.

ПУТИН КӨШЕ НАРАЗЫЛЫҒЫНАН ҚОРҚА МА?

Азаттықтың Орыс қызметі: Путинизм бірқатар ірі дағдарыстардан аман өтті. 2011-2012 жылдардағы зейнетақы реформаларына қарсы наразылық, жергілікті болса да Кремль үшін ауыр тиген Сергей Фургалдың қамауынан кейінгі көтеріліс. Наразылықты әр жолы басып отырды. Қазір біз сөйлесіп отырғанда, жаңа дағдарыс күшіне мінді. Митингілердің алдын алуда қандай шаралардың қабылданып жатқанына қарағанда, билік кәдімгідей қорқып отырғанға ұқсайды. Билікте қорқуға негіз бар ма?

Артем Круглов: елден бөлек өз әлемінде өмір сүретін диктаторлық билік көшеден қорқады. Бұл – заңдылық. Меніңше, көшедегі белсенділік арта береді. Өйткені адамдардың наразылық білдіретін басқа орны жоқ: саяси күрестің барлық заңды жолдары жабылды, жаңа мафиялық сипаттағы советшілдер пайда болды.

Ресей нарызылығына жетіспейтіні – координация. NEXTA секілді өз Telegram каналы не жалпыға танымал ресурс қажет. Соның айналасында ұйымдастыру құрылымдарын жасай беруге де болады. Батыс державалары мына қылмыстық-чекистік режиммен ойнауды доғарып, оның ақшасын өзінде сақтауды тоқтатады деп үміттенемін.

Салмақты санкциялар керек. Тек Путин айналасына қарсы бағытталғандары емес, сектор бойынша қажет. Мәселен, Ресей мұнайына эмбарго. Мұнай саласында артық өнім көп. Қазір Ресей күніне 5 миллион баррель экспорттайды. Әлемдік нарық [Ресей мұнайынсыз] өмір сүре алады, оның орнын басқа елдер оп-оңай жаба алады. Ал Ресей халқына ол мұнай ешқандай пайда жоқ, барлығы Путин мен оның адамдары және олардың зең басқан сарайларына кетіп жатыр.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің бас редакторы Дмитрий Волчектің Артем Кругловтан алған сұхбатының ықшамдалған аудармасы.

Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

  • Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Швеция мен Дания Украинаға арнап британ-швед өндірісіндегі заманауи Tridon Mk2 зениттік қондырғыларын сатып алуға бірігіп кірісті. Кешен әсіресе жақын қашықтықта ұшатын ирандық «Шахед» дрондарына қарсы ең тиімді қарудың бірі. Қазіргі уақытта Tridon Mk2 өз класындағы ең озық әуе шабуылына қарсы жүйе саналады. Tridon Mk2 зениттік қондырғысының басты ерекшелігі атыс қарқыны. Ол минутына 300 оққа дейін жаудыра алады. Осылайша әуе кеңістігіне енетін шағын дрондардың көзін жылдам әрі дәл жоюға мүмкіндік туады. Тағы бір артықшылығы атылатын 40-мм снарядтардың құны небәрі 27 долларды құрайды. Экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейді. Қару-жарақ саласындағы мамандар Украинадағы әскери қақтығыстарды ескере отырып, арзан әрі тиімді әуе қорғанысы қаруына сұраныс жоғары екенін айтады. Tridon Mk2 жүйесінде қолданылатын арнайы британдық

  • Келешекте қай салаларды дамыту керек?

    Келешекте қай салаларды дамыту керек?

    Инвестордан артық қатаң реалист жоқ қой. Ол салған ақшасы өзіне еселеп қайтуы үшін тек перспективасы мол, келешегі жарқын салаларды таңдайды. JPMorganChase АҚШ-тағы, әлемдегі ең ірі банктің бірі ретінде алдағы 10 жылда 1,5 трлн доллар инвестиция құятынын қараша айында жариялады. Сөйтіп, негізгі 4 бағытты таңдаған. Олар ары қарай 27 салаға бөлінеді: – Озық технология: робототехника, фармакология, аса маңызды минералдар – Қорғаныс, аэроғарыш өндірісі: байланыстың жаңа буыны, мүлде жаңа дрондар – Энергетикалық тәуелсіздік: күн, атом, жаңа батареялар – Стратегиялық технология: ЖИ, киберқауіпсіздік, кванттық есептеу Арғы жағындағы 27 саланы оқысаң, мына банк әлемдік соғысқа дайындалып жатқан сияқты көрінеді. Себебі гипердыбыстағы ракета, 6G байланыс, ғарыш, адамсыз технология деп кете береді. Энергия көздерінің түр-түрі. Екінші

1 пікір

  1. Ğaliy Baysimaq

    Bir sõz bar ghoy bir esi tuziw adamdi mình jindi quwalapti deydi. Sõytip ălgi amali qalmaghan adam aytipti: minalardan qutiliwdinh jalghiz jolu bul jindi soudi men de ishiwim kerek dep. Sõytip aman qalipti. Bizdiñ el dăl osinday kùy keship jatqanday kõrinedi. Irgemizdegi imperialar tiyise berse jindi bolmaghanda qaytesiñ

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: