|  | 

Шоу-бизнис

Равшан Золотой, Дикий Арман және өзбек қылмыс әлеміндегі дау


Оңнан солға: Гафур Рахимов, Арман Жұмагелдиев ("Дикий Арман") және Равшан Мухиддинов (Равшан Золотой).

Оңнан солға: Гафур Рахимов, Арман Жұмагелдиев (“Дикий Арман”) және Равшан Мухиддинов (Равшан Золотой).

Өзбекстанның белгілі криминалдық авторитеті әлеуметтік желіде әлемдегі ең ірі наркобарондардың бірі саналатын, халықаралық әуесқой бокс федерациясының басшысымен туыстық жауластығы туралы айтып берді. Дау арасында қазақстандық криминалдық авторитет Арман Жұмагелдиевтің де аты аталады. Жұмагелдиев Қазақстанда “Дикий Арман” деген лақап атымен танымал.

21 ақпанда Равшан “Золотой” (Алтын) Мухиддинов Instagram желісіне 12-минуттық видео жариялап, ағасы Гафур Рахимовпен болған жанжалдан кейін Стамбул қонақ үйінде 10 ер адамнан қорлық көріп, азапталғанын мәлімдеді. Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) басшысы болған Рахимов АҚШ-та халықаралық героин саудасына қатысы бар адамдардың тізіміне енген.

31 жастағы Мухиддинов видеода “Дубайдағы туысы” туралы әңгімелеп, Рахимовтың атын тікелей атамағанымен, туыстары оның соны меңзегенін айтады. Оқиға 2019 жылы қарашада болған.

Арман Жұмагелдиев Мухиддиновты Стамбул қонақ үйіне кездесуге шақырғанын мойындады (жәбірленушіні осы жерде ұрып-соққан).

28 aқпанда Жұмагелдиев Instagram парақшасына аудиожазба жариялап, Мухиддиновтың кездесуге қару алып келгені үшін бірнеше рет “шапалақпен” ұрғанын айтты.

Бірақ ол Мухиддиновтың “азапталғанын” жоққа шығарып, оны түрік полициясына арыз жазғаны үшін “қорқақ” деп атаған.

БИЗНЕС ПЕН БОКС

Мухиддинов – Стамбулда тұратын ықпалды өзбек кәсіпкер. Ол сондай-ақ халықаралық “Бауырлар ортасы” қылмыстық синдикатына мүше болуы мүмкін деген болжам бар.

Мухиддиновтың “Бауырлар ортасындағы” ықтимал рөлі оған Совет одағы кезінде Сталиндік түрмелерде пайда болып, бүкіл әлемге тараған қылмыстық клан – кәнігі ұрылар (воры в законе) арасында үлкен ықпалға ие болуға көмектесті.

Өзбекстан құқық қорғау органдарының отставкадағы полковнигі және Орталық Азияның қылмыс әлеміне қатысы бар азаматтар Азаттыққа анонимді түрде Мухиддинов пен Рахимовтың қарым-қатынасы туралы айтып берді.

Олардың айтуынша, Рахимов 2013 жылға дейін “Бауырлар ортасына” мүше болып, топтан шыққан кезде орнына Мухиддиновты қалдырып кеткен.

Гафур Рахимов 2018 жылы халықаралық әуесқой бокс федерациясының басшысы болып тағайындалған.

Гафур Рахимов 2018 жылы халықаралық әуесқой бокс федерациясының басшысы болып тағайындалған.

Рахимов – бір кездері AIBA президенті ретінде олимпиадалық боксқа жауапты болған спорт саласындағы тұлғасы қайшылыққа толы жетекшілердің бірі.

Рахимов қылмыс әлеміне қатысы барын жоққа шығарады. Бірақ ол “Бауырлар ортасына” мүше болғаны және кәнігі ұрыларды қолдағаны үшін АҚШ қаржы министрлігі шетелдік активтерді бақылау басқармасының қара тізіміне енген.

Рахимов өзін “қылмысқа қатысы бар” деген атақтан айырып, беделін қалпына келтіру үшін АҚШ пен Ұлыбританияның ықпалды заңгерлік фирмаларын жалдағанымен, америкалық соттар оны қара тізімнен шығару туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

Бірақ 2018 жылы шілдеде Рахимов Өзбекстанның бас прокуратурасы іздеу жариялаған адамдар тізімінен шықты. Оған Өзбекстанда ақша бопсалау, құжаттарды қолдан жасау, ұйымдасқан қылмыстық топтан миллиондаған доллар қаржы жымқыру баптары бойынша айып тағылған.

Осыдан кейін өз еркімен елден кеткен Рахимов қазір Дубайда тұрады.

СОТҚА АРЫЗ БЕРУ

Азат Еуропа/Азаттық радиосы Мухиддинов пен Рахимовтың арасындағы кикілжің туралы Рахимовтың әйелі Лоланың Өзбекстандағы құс шаруашылығы саласын бақылауда ұстайтын ықпалды өзбек кәсіпкеріне қарсы сотқа берген арызынан білді.

Арызда аты аталған тұлға – Рахимовтың “Ойбек-Яйцо”, “Ойбек-Фаберже” дейтін бұрынғы серіктесі Ойбек Миралиев.

Азаттықтың Ташкенттегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасынан алған айыптау қорытындысында Рахимова мен сіңлісінің “Миралиев жылжымайтын мүлік туралы келісімшарт жасау кезінде 650 мың доллар ақшамызды ұрлап алды” деп арыз бергені жазылған.

Бұл құжаттағы ақпаратқа сәйкес, Рахимова Миралиевті қымбат Mercedes-Benz көлігі мен Рахимовтың 7 миллион долларын ұрлады деп айыптаған.

Нәтижесінде 2020 жылы күзде Өзбекстан соты Миралиевті 11 жылға бас бостандығынан айырған.

Равшан Мухиддинов. Архив суреті.

Равшан Мухиддинов. Архив суреті.

Аталған тергеу ісінен хабары бар өзбек шенеунігінің айтуынша, Рахимов інісі Мухиддиновке Миралиевтен ақшаны қайтаруды тапсырған.

Туыстарының айтуынша, Мухиддинов жағдайдың жай-жапсарын білгеннен кейін “Миралиев ақша ұрламаған” деген қорытындыға келген. Мухиддинов ақшаны Рахимовтың әйелі алған болуы мүмкін деп топшылаған.

Мухиддинов ағасына жағдайды түсіндірмек болғанда, Рахимов бауырының өзіне қарсы келіп, жауын жақтап шыққанына ашуланған.

Өзбекстандағы “Элтуз” интернет-журналының ақпаратына (тәуелсіз дереккөзбен расталмаған) сәйкес, Рахимовтың әйелі Мухиддинов Миралиевтен ақшаны алып, өз қалтасына басып алған болуы мүмкін деп күмәнданған.

Равшан Мухиддинов (сол жақта) пен Әзербайжанның "Лоту Гули" дейтін кәнігі ұрысы Надир Салифов

Равшан Мухиддинов (сол жақта) пен Әзербайжанның “Лоту Гули” дейтін кәнігі ұрысы Надир Салифов

“Элтуз” интернет-журналының дерегінше, Лола Рахимова күйеуіне Мухиддиновтан ақшаны қайтару үшін Орталық Азиядағы екі криминалдық авторитет: Жұмагелдиев пен “Лоту Гули” дейтін әзербайжандық кәнігі ұры Надир Салифовқа өтініш айтуға кеңес берген.

Салифов пен Жұмагелдиев Мухиддиновты қонақ үйге алдап шақырған. Ол жерде жәбірленушіні мығым денелі оншақты жігіт ұстап алған.

Журнал ұсынған ақпаратқа сәйкес, олар Мухиддиновты аяқ-қолын байлап, бірнеше сағат бойы ұрып-соққан, басын суға батырып, “зорлаймыз” деп қорқытқан, видеоға “қарызымды қайтарамын” деп айтуға мәжбүрлеген.

“Элтуз” интернет-журналы қонақ үй бөлмесіндегі видеоның Рахимованың ол үшін 20 мың доллар төлеуінен соң әлеуметтік желіге шығып кеткенін жазды.
Мухиддинов 21 ақпанда жариялаған видеосында “Оларға физикалық тұрғыдан төтеп бере алмадым, жалғыз өзіне он адам жабылса, қандай алпауыт болса да, жеңіліп қалады” деді. Ол сондай-ақ рухы жығылмағанын, өйткені шындықты айтқанын мәлімдеді.

“Олар қолдарынан ештеңе келмегенін, маған қарсы қолданған амалдары еш нәтиже бермегенін түсінген кезде арыма тиісе бастады. Мен намысы бар азамат ретінде ол жағдайдан шығуға әрекет жасап, арымды сақтап қалуға тырыстым. Бұл менің қолымнан келді… Кейін олар мені босату үшін ақша сұрады. Камераға оларға ақша бермесем, құрметке лайықсыз адам боламын деп айтуға тура келді” дейді Мухиддинов.

Ол өзін азаптаған адамдардың қонақ үй бөлмесінде видео түсіруге мәжбүрлеп, қоқан-лоқы көрсеткенін айтты. Қазір Мухиддинов “Дубайдағы туысына” ақша қайтаруы керегін жоққа шығарып отыр.

“Равшан біреуден қорқып ақша беретін адам емес. Ол біреуге қарыз болса, оны ұрып-соғып, қорқытып, қорлаудың қажеті жоқ. Ол өзі-ақ алған ақшасын әкеліп береді, қажет болса, кешірім де сұрайды” деді өзі туралы үшінші жақта сөйлеген Мухиддинов.

ОҚЫРМАНДАРҒА ХАБАРЛАМА

Мухиддиновтың Instagram желісіне жариялаған видеосының Өзбекстанда қандай реакция туғызғанына қарап, оның жас өзбек азаматтарының қолдауына ие болғанын, ал Рахимовтың беделі AIBA басшысы қызметінен кеткеннен кейін біршама төмендегенін байқауға болады. Рахимов ол қызметтен 2019 жылы 22 наурызда кеткен.

Мухиддинов Instagram желісіндегі оқырмандарына болған оқиға үшін Жұмагелдиевті кешірмейтінін айтты.

Мухиддиновтың қонақүйге шақырған әзербайжандық кәнігі ұры Салифовтың өзі қазір тірі емес. Оны сол оқиғадан соң бір жылға жуық уақыт өткенде Стамбул мейрамханаларының бірінде желкесінен атып кеткен.

Орталық Азияның қылмыс әлемінде жүрген ақпарат көздері Азаттыққа Салифовты өлтіруге Грузияда туған езид, “Шакро Молодой” деген лақап атпен белгілі Ресей мафиясының кіндік әкесі Захари Калашов тапсырыс бергенін айтты.

Қолда бар ақпарат бойынша, 67 жастағы Калашов Ресейде түрмеде отырғанына қарамастан, әлі де кәнігі ұрылар (воры в законе) ұйымын басқарып отыр.

Азаттықтың Орталық Азияның қылмыс әлеміне қатысы бар ақпарат көздері Салифовтың өліміне оның кәнігі ұрылардың “кикілжің кезінде қарсыласқа шабуыл жасауға болмайды” деген “ар-намыс кодексін” бұзуы себеп болғанын айтты.

Салифовтың өлімінен кейін түрік полициясы Мухиддиновты тергеуге алған. Өйткені кісі өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген азамат ұсталып, оның қанды оқиғадан аз уақыт бұрын Мухиддиновқа Салифовтың суретін жібергені анықталған.

Бірақ Мухиддинов Салифовтың өліміне байланысты іс бойынша жауапқа тартылған жоқ.

БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТУ

2007 жылы Мухиддиновқа “қылмыстық қауымдастықты басқарып отыр” деген айып тағылғаннан кейін ол Өзбекстаннан қашуға мәжбүр болған.

Мухиддинов ол кезде небәрі 18 жаста болған. Ол бұл айыптаулар бойынша сол күйі жауапқа тартылмады. Ташкент Мухиддиновқа халықаралық іздеу жариялап, 2009 жылы ол Стамбулда ұсталды. Түркия билігі оны Өзбекстанға экстрадициялау мәселесін шешкенше, Мухиддинов үш жыл бойы түрмеде отырды.

2012 жылы Түркия билігі “Өзбекстан Мухиддиновты экстрадициялауға байланысты жеткілікті дәлел ұсынған жоқ” деген себеппен оны түрмеден босатты.

Осыдан кейін Мухиддинов Біріккен Араб әмірліктеріне (БАӘ) барып, 2013 жылы Өзбекстанның халықаралық ордерінің нәтижесінде қайтадан ұсталған.

Бірақ екі айдан кейін БАӘ соты дәлелдің жеткіліксіз болуына байланысты Ташкенттің экстрадиция туралы өтінішін қанағаттандырмаған.

Мухиддинов Стамбулға көшіп, Рахимовтың “Бауырлар ортасындағы” орнын басқан.

РАХИМОВТЫҢ ҚАТЫСЫ

Мухиддинов 21 ақпанда Instagram желісіне жариялаған видоесында ағасы Рахимовты өзіне шабуыл жасауға тапсырыс бергені үшін айыптап, көп адамның осы оқиғадан кейін “Әзербайжан мен Қазақстанға көзқарасыңыз өзгерді ме?” деп сұрағанын айтты.

“Бауырларым, сендерге бірнәрсе айтайын: бірнеше адамның опасыз әрекетіне қарап, бүкіл ұлтқа баға беруге болмайды. Кез келген ұлтта жақсы және жаман адамдар болады” деді ол.

“Осы философияға жүгінсек, онда бірінші кезекте, өз ұлтымызды айыптауымыз керек. Өйткені бұл зорлыққа Өзбекстанның атынан шетелдегі кей топтарға мүше болып жүрген өзбек азаматы тапсырыс беріп отыр” деді туыстары Рахимов деп атаған адамды сипаттаған Мухиддинов.

27 қаңтарда қазақстандық криминалдық авторитет Арман Жұмагелдиев (оң жақта) Instagram парақшасына халықаралық әуесқой бокс федерациясының бұрынғы басшысы Гафур Рахимовтың Дубайдағы үйінде түскен суретін жариялады.

27 қаңтарда қазақстандық криминалдық авторитет Арман Жұмагелдиев (оң жақта) Instagram парақшасына халықаралық әуесқой бокс федерациясының бұрынғы басшысы Гафур Рахимовтың Дубайдағы үйінде түскен суретін жариялады.

“Біз басымызды жоғары көтеріп, қолымызға ту алып, оның соңынан ердік. Шынымды айтсам, одан көп нәрсе үйрендік. Бірақ кей мәселенің ақ-қарасын ажыратуға келгенде, ол әйелінің сөзіне еріп, қорытынды жасайды. Нәтижесінде бүкіл мұхит ластанды. Бұл өте өкінішті, өйткені оны құрметтеп, жоғары бағалап келген адамдардың бәрінің көңілі қалды. Ол бірінші кезекте, туыстары мен отандастарының қолдауынан айырылды. Ол кісі үшін бұдан сорақы не болуы мүмкін екенін білмеймін. Енді осы масқарамен өмір сүріп көрсін” деді Мухиддинов.

Мухиддинов сондай-ақ “Қазақтар мен әзербайжандар арасында өз елінің атына кір келтірмей жүрген нағыз батырлар мен құрметті азаматтар көп. Бірақ олар Instagram-да жоқ” деді “Дикий Арманды” меңзей отырып. Арман Жұмагелдиев Instagram желісін белсенді пайдаланады. Оның бұл желіде 300 мыңнан астам оқырманы бар.

Арман Жұмагелдиев 2005 жылы Шымкент қаласында жиын өткізген “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшыларына шабуыл жасаған топтың ортасында болған.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

    Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

     Тайландтың сан қырлы дәмдерімен, бояуларымен және мәдениетімен танысыңыз — бір бағытқа 199 USD-ден басталады Алматы, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Thai AirAsia X Алматы (Қазақстан) мен Бангкокты (Тайланд, Дон Муанг әуежайы) байланыстыратын жаңа әуе бағытының іске қосылуын қуана хабарлайды. Енді қазақстандық саяхатшылар қысқы маусымда жайлы әрі қолжетімді бағамен жылы самалға бөленген, күн шуағымен нұрланған әрі жарқын өмірімен танымал Бангкокқа ұша алады. Жаңа рейс 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Ұшулар сыйымдылығы 367 жолаушыға арналған кеңфюзеляжды Airbus A330 ұшағымен жүзеге асырылады. Іске қосылуына орай Thai AirAsia X бір бағытқа 199 АҚШ долларынан басталатын арнайы промо-тарифті ұсынуда. Билеттерді 2025 жылғы 8–21 қыркүйек аралығында,

  • Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали 2025 жылғы питчинг сынынан сүрінбей өткен ашық конкурс жеңімпаздарымен кездесті. Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтіп, оған Сараптамалық кеңес мүшелері мен Орталық мамандары қатысты. Жиында отандық киноиндустрия алдында тұрған басты міндеттер мен басым бағыттар талқыланды. Биылғы байқауға жалпы 444 өтінім тіркелді. Соның ішінде 16 жоба мемлекеттік қолдауға лайық деп танылды. Олардың қатарында үш дебюттік жұмыс және Тайландпен бірлескен киножоба бар. Бұл қазақстандық авторлардың халықаралық ынтымақтастыққа дайын екенін және шетелдік әріптестермен байланысын нығайтып отырғанын көрсетеді. Кездесу барысында Орталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали – «Сапалы фильм түсіру – басты талап. Конкурста жеңіске жеткен жоба жетекшілерінің кино өндірісінің алғашқы сатысынан бастап, экран арқылы көрерменге жету кезеңіне дейін

  • «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат» футбол клубы UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өз алаңындағы матчтарға, соның ішінде «Реалға» қарсы ойынға билеттерді сату тәртібі мен мерзімдерін түсіндірді. «Қайрат» клубының ресми сайтында хабарланғандай, «Қайрат»-«Реал Мадрид» матчы үшін билеттер 23 қыркүйекте Алматы уақыты бойынша сағат 17:00-де сатылымға шығады. Бір ЖИН-ге бір адам ең көп екі билет ала алады, ал деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де қатаң тексеріледі. Билет бағасы: 30 000 – 250 000 теңге аралығында болады. Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» – «Реал» матчының билеттер бағасы 75 мың мен 250 мың аралығында болатыны жарияланған еді. Алматылық клуб өз алаңында «Реалды» (30 қыркүйек), «Пафосты» (21 қазан), «Олимпиакосты» (9 желтоқсан) және «Брюггені» (21 қаңтар) қабылдайды.

  • Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    “Слован” командасының қақпасына гол соққаннан кейінгі сәт. Дастан Сәтпаев (сол жақта). “Қайрат” футбол клубының парақшасы. 6 тамыз 2025 жыл. Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды. Матч кестесі турнирдің ресми сайтында жарияланды. Алматының “Қайрат” командасы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты “Қайрат” футбол командасының мүшелері жеңісті тойлап жатыр. 26 тамыз, 2025 “Қайрат” фк Instagram парақшасынан алынған скриншот.  Футболдан Алматының “Қайрат” командасы Еуропа Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде “Қайрат” Шотландияның “Селтик” командасын пенальти сериясы арқылы жеңді. Азат Еуропа / Азаттық радиосы

  • Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді. Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», – деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында. Басты басымдықтар: – инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ); – ана мен бала денсаулығын жақсарту; – ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру; – таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту; Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: