АҚШ басым бөлігі ресейлік әскерилерден құралған ҰҚШҚ әскерінің Қазақстанға кіргеніне қатысты сауалдары бар. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен НАТО елдері қорғаныс министрлерінің онлайн жиынынан соң мәлімдеді.
Блинкен Қазақстан билігінің бейбіт наразылардың құқығын бұзбай, өз күшімен қоғамдық тәртіпті орнатуға мүмкіндігі бар деп санайды.
“Неге Қазақстанға шеттен көмек керек болғаны түсініксіз, себебін жақын уақытта білуге тырысамыз” деді ол.
АҚШ мемлекеттік хатшысы “Жаңа тарих көрсеткендей, орыстар үйлеріңізге кірсе, кейде оларды шығару өте қиын болады” деді Блинкен.
Бұған дейін АҚШ Қазақстан билігін мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған еді.
Қазақстанда билікке қарсы наразылық қанды қақтығысқа ұласқан соң Қазақстан президенті Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. 1992 жылы Мәскеудің бастамасымен құрылған ұйым осыдан соң Қазақстанға әскер жіберген. Елге келген әскерилердің басым бөлігі – Ресейден. Бұдан бөлек, ұйымға мүше Беларусь, Армения және Қырғызстан да әскер жіберді.
Тоқаев елге шабуылды “террористер” жасады деп мәлімдеп, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға рұқсат берген.
Ресей қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ әскерилері “антитеррорлық операцияға қатыспайтынын”, нысандарды күзететінін мәлімдеді. Ресей басшысы Путин Қазақстандағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасамады.
Батыстағы және Ресейдегі кейбір сарапшылар Путин Совет одағын қалпына келтіруді тырысып жатыр деп санайды. Кремль мұндай жоспардың жоғын айтып келеді.
Пікір қалдыру