Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер!
Шыңғыс қағанды басқыншы қылып, өзіміздің бабаларымыз болып табылатын “моңғол-татарларды” келімсектер етіп көрсететін қазіргі жалған тарихқа жаңаша көзқарас қажет. Бұның бәрі кезінде шовинистердің нұсқауымен жазылған, солардың сасық саясатының иісі мүңкитін калькалар ғой. Шыңғыс қаған (хан емес) туралы Алаш қайраткерлерінің бәрі дерлік тебірене жазған. Қазақ елі үшін басын бәйгеге тіккен Кенесары 1847 жылдары шәһит болғанда Қазақстан осы ұлы қағанның тұқымдары 600 жыл бойы тақтан түспеген әлемдегі жалғыз мемлекет болатын. Тіпті, арада жетпіс жыл өткен соң, Торғайдағы көтеріліс кезінде де Амангелдінің сарбаздары мемлекетті қайта қалпына келтіру үшін Шыңғыстың ұрпағы Әбділғапар Жанбосыновты хан етіп сайлаған. Біз осыны үнемі естен шығара береміз. Ал, Қазақ қайраткерлері Алашорда үкіметін құрғанда оған тағы да Шыңғыс тұқымы Әлихан Бөкейхан басшылық етті. Әйтпесе, Мағжандай Алаштың арда ақыны бұлай деп жазбас еді ғой…
“Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер”.
Жолымбет Мәкіш

Пікір қалдыру