Тоныкөк
Тоныкөк (Тоңыұқық) (646- 741ж.ж.) – Екінші Шығыс Түркі Қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпелілер тарихында артында өшпес атақ даңқын қалдырып; ақыл парасатына, қол қайратына, көрегендігіне табындырып; ел жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөктей тұлға болған емес.
Сол тас жазуда: «Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деп жазылған. Бұдан Тоныкөктің түрк тайпасы көсемдерінің бірінің баласы екені анық аңғарылады. Өйткені ол кезде көшпелілердің тек ел басыларының қытайға аманатқа берген балалары ғана император сарайында оқып, тәрбиелене алған.
Қытай сарайында жүріп, олардың өз еліне жасап жатқан қорлық зорлығының бәрін көріп біліп өскен Тоныкөк ақыры шыдай алмай, 683 жылы шыли иуән тайпасының басшысы Құтылықпен бірігіп, табғаштарға қарсы көтеріліске шығады. Көтерілісшілер жеңістен жеңіске жетіп, ұзамай әйгілі Екінші Шығыс Түркі қағанатының шаңырағын көтереді. Құтылығты «Ел төресі» деген атпен қаған етіп сайлайды.
Берік Уәли facebook парақшасынан алынды
Пікір қалдыру