Тоғызқұмалаққа арналған ежелгі тастар табылды
Семей өлкетанушылары Шығыс Қазақстан облысындағы қыраттардың бірінен тоғызқұмалақ ойынына арналған он шақты жалпақ тас тапқан.
“Прииртышье” өлкетану қоғамының мүшелері Медеу ауылының маңындағы Қозыбағар қыстауынан домалақ шұңғымалары бар тастарды тауып алғанын хабарлады. Өлкетанушылардың пікірінше, бұл тастар тоғықұмалақ ойынына арналған. Он тақта тастың бесеуі ғана ойынға жарамды күйінде екен. Қалған тастардың шұңғымалары жоққа айналған.
«Олар жаңбыр суы мен желден бұзылуы мүмкін, саздан жасалған тас жұмсақ болғандықтан солай болған. Немесе сол уақыттарда ойын шарттары қазіргідей болмаған» дейді қоғам төрағасы Павел Жуков. «Тақта тастардың қай уақыттың жәдігерлері екенін айту өте қиын. Олар 50, 300 немесе тіпті 2000 жыл бұрын жасалуы мүмкін, оны ешкім де білмейді. Бұл аймақта Қозыбағар есімді біреу өмір сүрген деген аңыз бар. Ол кезінде тоғызқұмалақ ойынын қатты жақсы көргендіктен, көптеген жарыстар ұйымдастырған-мыс» - дейді Жуков.
Өлкетанушы бұл жерде жарыстар ұйымдастыруға шақырады. Сол орайда қатысушылар мен көрермендерге осы тақта тастарды көрсетіп, тоғықұмалақ ойынының ежелгі ұлттық ойын екенін көрсетуге болады дейді ол.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: tengrinews.kz
Пікір қалдыру