Қытай “бір бала саясатын” тоқтатты
Көрнекі сурет
Қытайдың коммунистік партиясы бейсенбі күні “бір отбасыға – бір бала” саясатын тоқтату туралы шешім шығарды. Бұдан былай әр қытай отбасы екі бала өсіре алады.
“Синьхуа” агенттігі таратқан хабарға сәйкес, ондаған жылға созылған Қытайдағы “бір бала саясаты” жойылмақшы. Қытайдың коммунистік партиясы елдегі барлық ерлі-зайыптыға ендігәрі екі баладан өсіруге рұқсат берді.
Бұған дейін 2013 жылы Қытай үкіметі “бір бала саясатын” оңайлатып, миллиондаған отбасыға арнайы шартпен екі бала өсіруге мүмкіндік жасаған. 1979 жылы қабылданған “бір бала саясатын” қолдану арқылы Қытай билігі халық санының тез өсуін баяулатпақшы болған. Бірақ бұл саясаттың соңы ел тұрғындарының ішінде қарт адамдардың үлес салмағының артуына соқтырған.
Рафсанжани: 1980-жылдары үрей қаруы жайлы ойландық
Иран 1980-жылдары Иракпен соғысқан кезде ядролық үрей тудыратын қару жасауды қарастырған. Бұл туралы елдің бұрынғы президенті Әкбар Хашеми Рафсанжанидің сөзіне сілтеп баспасөз құралдары хабарлады.
Иранның Nuclear Hope журналына сұхбатында Рафсанжани ел билігі ядролық бағдарламаның бас кезінде ядролық үрей құралын жасауды қарастырғаны жайлы айтқан. Оның сөзінше, бұл идея іске аспаған.
«Біз енді бастаған кезде соғыс жағдайында едік және жау ядролық қару қолдана қалған күнге дайын болғымыз келген. Біз сол кезде осылай ойладық, бірақ ол ниет іске асқан жоқ» деген Рафсанжани Иранның IRNA мемлекеттік агенттігіне қазанның 27-сі күні берген сұхбатында.
Қазіргі кезде Иран әлемдік державалармен биыл шілдеде қол қойған келісімді жүзеге асыруға кірісті. Бұл келісімнің мақсаты – Тегеран ядролық бағдарламасы арқылы жойқын қаруға ие болғысы келеді деген Батыстың қаупін сейілтуді көздейді. Бірталай уақытқа созылған келіссөздер барысында Иран өзінің ядролық бағдарламасы тек қана бейбіт мақсатқа арналғаны жайлы айтып келген.
«Біздің доктринамыздың негізі әрдайым бейбіт мақсаттарды ғана көздейтін, бірақ қауіп төнуі мүмкін деген ой басқа жолды таңдауға дайын болуды жадымыздан шығармады» деген Рафсанжани.
1980 жылдан 1988 жылға дейін Иран парламентінің спикері болған Әкбар Хашеми Рафсанжани 1989 жылдан 1997 жылға дейін Иран президенті қызметін атқарған.
Азаттық радиосы



Пікір қалдыру