ҰЛТ МОЛАСЫ
Қалауы жанның көксейді,
Ақылдың жөн деп тапқанын.
Танымнан ақыл көктейді,
Таным ол – көріп, баққаным.
Ақылдан артық бір ғажап,
Сана бар, оны ес дейді.
Анадан туған бар қазақ,
Қазақ боп әттең өспейді.
Себебі сана адамдық,
Ойлардың мөлдір аспаны.
Жүрекке қонса надандық,
Ұлтсыздық дертің басқаны.
Ұлт деген зеңгір бір сана,
Кір шалмас күннің өзіндей,
Сүймеген ұлтын – құл сана,
Мәңгүрттің қалған көзіндей.
Ұлт деген естің санаты,
Тарихтың ұлы мұрасы.
Естілер оның қанаты,
Ессіздер ұлттың моласы!
Қастер С.

Пікір қалдыру