|  |  |  |  | 

Көз қарас Мәдениет Руханият Әлеумет

Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

Screenshot
Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр
Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған.
Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды.
Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр?
Мәселе санға емес, санаға тіреліп тұрған сияқты. Біз тәуелсіз елі бар халық ретінде әлі күнге дейін өз күшімізді толық сезініп үлгермедік-ау.
Кейде қазақтар өзара қазақша сөйлесіп тұрып, орысша сөйлеуге ыңғайы бар адам келсе, бірден бәрі орысшаға көше салады.
Кейде қазақша сұрақ қойған адамға қазақтың өзі орысша жауап беріп тұрады.
Кейде баласы қазақша сөйлеп жүрсе де, ата-анасы оны орыс мектебіне береді. Себебі оның қазақша білгеніне емес, орысша білмей қалатынына алаңдайды.
Кейде мемлекеттік органда істейтін қазақ қызметкер қазақ азаматымен орысша сөйлесуді табиғи нәрсе деп қабылдайды.
Мұның бәрінің демографияға түк қатысы жоқ. Бұл психология мәселесі. Бірнеше ғасыр бойы тарихи санамызда қалған инерция. Ғалымдар мұны әртүрлі атап жатады ғой. Біреуі символдық үстемдік дейді. Басқасы тіл иерархиясы дейді. Енді бірі отарлық сананың сарқыншағы деп жатады. Атауы маңызды емес. Маңыздысы – құбылыстың өзі бар.
Біз кейде өз елімізде өз тілімізді қолдануға моральдық рұқсат сұрап тұрғандай көрінеміз. Ал шын мәнінде оған ешкімнен рұқсат сұраудың қажеті жоқ.
Қазақ тілі – осы елдің мемлекеттік тілі. Тарихи тілі. Осы жердің табиғи тілі. Қазақша сөйлеу ешкімге қарсы әрекет емес. Қазақша сөйлеу – қалыпты нәрсе.
Қазақша қызмет сұрау – қалыпты нәрсе.
Баласын қазақ мектебіне беру – қалыпты нәрсе.
Қазақша құжат жүргізу – қалыпты нәрсе.
Қазақша бизнес жасау – қалыпты әрекет.
Біз кейде мұны күрес, талап, саяси ұстаным сияқты қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде бұл – қалыпты өмір болуы керек.
Бірақ бар жауапкершілікті халыққа артып қою да дұрыс емес. Қазақтардың өз күшін сезінуі, әрине, маңызды.
Алайда мемлекет өз жауапкершілігін халықтың мойнына ысыра салмауы керек. Ал бізде қазіргі жағдай солай. Кез келген елде қоғамдық норманы алдымен билік қалыптастырады.
Егер министр қазақша сөйлемесе, әкім қазақша талап етпесе, мемлекеттік орган қазақша жұмыс істеуді міндет санамаса, онда қарапайым азаматтан талапшыл әрі батыл болуды күтудің өзі қисынсыз.
Адамдар биліктің әрекетіне қарап үйренеді. Мемлекет қандай тілді беделді деп көрсетсе, қоғам соған бейімделеді. Қазақстанда қазақ тілінің алдында тұрған ең үлкен қайшылық – осы.
Бір жағынан мемлекет қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялайды. Екінші жағынан мемлекеттік аппараттың едәуір бөлігі қазақ тілін басқару тілі ретінде емес, салтанатты жиындардың тілі ретінде қабылдайды.
Қазақша құттықтайды. Қазақша ән айтады. Қазақша концерт өткізеді. Бірақ шешім қабылдау, құжат әзірлеу, жұмыс жүргізу, талқылау басталған кезде орыс тіліне ауысып кете салады.
Бұл қоғамға нақты сигнал беріп тұр. Жұмыс жүргізу тілі басқа деген сигнал.
Сондықтан қазақ тілінің мәселесін тек қазақтардан іздеу жеткіліксіз. Мәселенің екінші жағы саяси ерікке келіп тіреледі.
Тарихқа қарасақ, әлемдегі ешбір тіл жай ғана нарықтың немесе демографияның күшімен толық үстемдікке жеткен жоқ. Француз тіліне Франция мемлекеті сүйенді. Неміс тіліне Германия мемлекеті сүйенді. Түрік тіліне Түркия мемлекеті сүйенді. Өзбек тіліне Өзбекстан мемлекеті сүйеніп отыр.
Ал мемлекеттік тілдің артында мемлекет тұрмаған жерде тілдің дамуы баяулайды.
Тіл халық саны аз болғандықтан емес, сол халық өз тіліне толық сенбегендіктен әлсіреген жағдайлар аз емес. Және керісінше де болған, кей тілдер халық өз күшін сезінген кезде күрт күшейген.
Қазір қазақ тілінің болашағын қазақтардың таңдауы мен мемлекеттің саясаты бірге анықтайды.
Егер қазақтар қазақша сөйлеуді табиғи норма деп қабылдаса, мәселенің жартысы шешіледі. Егер билік қазақ тілін шын мәнінде басқару тіліне айналдырса, қалған жартысы шешіледі.
Халық бір жаққа, билік бір жаққа тартқан жерде нәтиже баяу болады. Ал халықтың сұранысы мен мемлекеттің саясаты бір арнаға тоғысқан кезде тілдің күшеюі табиғи процеске айналады.
Қазақ тілінің ең үлкен проблемасы – қазақтардың өз күшін әлі толық бағамдап үлгермегенінде және мемлекеттің сол күшті толық мойындамай жатқанында деп ойлаймын.
Өз елінің иесі екенін сезінген халықтың қолдайтын билігі пайда болған кезде, ол тілдің болашағына сырттан ешкім ықпал ете алмайды.

Related Articles

  • ЖАСТАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ РУХАНИ КЕШ: АЛМАТЫ АСПАНЫ АБАЙ ӘНДЕРІМЕН КӨМКЕРІЛДІ

    ЖАСТАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ РУХАНИ КЕШ: АЛМАТЫ АСПАНЫ АБАЙ ӘНДЕРІМЕН КӨМКЕРІЛДІ

    Әмірболат Құсайынұлы Абай күні қарсаңында Алматы қаласында ашық аспан астындағы сахнада мыңдаған көрермендер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен түсірілген Абайдың тұңғыш шығармалар жинағының жарық көру тарихын баяндаған «Алғашқы кітап» атты деректі фильмді тамашалады, деп жазады Muztaumedia.kz. Докудрама жанрындағы бұл деректі фильм қазақтың неше ғасырлық рухани тарихындағы таң қаларлық ұлы оқиға — 1909 жылы Петербор қаласында Ильяс Бораганский баспасынан жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының қилы тағдырын бейнелеген. Фильм жалғыз өзі тұтас бір әлем жасап, шығармашылықпен айналысқан небәрі жиырма жылдың ішінде қазақтың тілін де, көркемдік, этикалық танымын да күрт өзгертіп, бұрын-соңды түрік жұрты жетпеген биікке көтерген Абайдың алғашқы кітабы қалай басылып шықты, Абай көзі тірісінде өзінің

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: