|  | 

Тұлғалар

ЗАМАНБЕКСІЗ ӨТКЕН ОН ЖЫЛ

Бүгін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділов белгісіз жағдайда қайтыс болғанына дәл 10 жыл толды. Заманбексіз өткен осы 10 жылда не өзгерді? Қазақ арда туған оғланын өз дәрежесінде тани алды ма? Оның қайраткерлігіне әділ баға берілді ме? Нұрқаділов қазасының құпиясы қашан ашылады? Осындай сансыз сауалға жауап іздеген оқырман назарына Зәкең тәржімалаған өлеңдерді ұсынуды жөн көріп отырмыз. Бұл жыр жолдарының астарында Заманбектің рухы, халыққа айтар ойы жатыр.    

Заманбек Қалыбайұлы шығыс поэзиясының жұлдыздарынан: Хафиз Ширази, Омар ибн Әби Рәбия, Әбу-әл-Атахия, Әбу-әт-Таийб-әл-Мүтәнәбби, Әбу-әл-Ала әл-Маари, Рудаки, Омар Хайам, Жәләләддин Руми, Саади және Үнді поэзиясының классиктері: Бхаратрихари, Назрул Ислам, сонымен бірге орыс жырының дүлдүлдері: А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гумилев, И.Северянин, А.Фет өлеңдерін қазақ тіліне аударғанын естеріңізге саламыз.

(Хафизден тәржімалаған ғазалдар)

ХАФИЗ. МАХАББАТТЫ ЖЫРЛАЙЫҚ!

(ғазалдар)

***

“Көңіл көтер жарқыным, көзе толып тұрғандай!”
Махаббаттың салмағын сезіндің бе, біл, қандай?

Жел таба ма шашыңның иісі сіңген тұрақты,
Бұрымыңнан сезінем жанға жайлы шуақты.

Құлағымда тыным жоқ, күндіз-түні шулап тұр,
Ауыздығы сыңғырлап, атың неге тулап тұр?

Жайнамазың алдыңда, шарабыңды тез құйшы,
Бір бұйрықтың барлығын емеурінмен сездірші?

Шөл пендесі — кезбесің, махаббатты білмейсің,
Толқын, түнек дегенді найзағай боп тілгейсің!

Құмарлықпен өткіздің, деп пе едің өмір мәңгілік,
Естігенің базарда: “Ұяты жоқ әңгүдік!”

Уа, Хафиз!

Сен Құдайдың шын сүйген құлы болсаң қаңғырмай
“Сүйші, сүйші, сүйем!” деп өмір кешкін қайғырмай…

***

Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды,
Бірін-бірі қызғанған жұрт мінезі қинайды.

Сопылық пен еркіндік — қосса бірге балқымас,
Намаз келсе шарапсыз — сырнай сазы шалқымас!

Керегі жоқ құрыстың, жебеушісі бұл істің
Көзе қайда күмістен? Жөні бар ма тұрыстың?

Кездескен сәт қайда еді, қайда кетті қуаныш,
Ойнақы көз, сөз қайда, болған маған жұбаныш?!

Барлық жауың ғажайып, нұр бейнеңе табынған,
Саған қақпан құра ма, кілең қулар қағынған?

Тозаңын да есіктің шалдырмаймын көзіме,
Көріп ізін қолыңның, жол табам ба өзіңе?

Тыным кетті ұйқы жоқ, бітті Хафиз, алжасты,
Жұбанышпен күн өтер, санамапты ол жасты…

***

Жан айғайым жетпейді тастай қатқан Сұлтанға,
Ұлық болсаң — мен тең бе, күнге кепкен ұлтанға?

Сенің жүзің — айға тең, уәзірлерің таң қалған,
Сенің асқақ бойыңнан қорықпай қалай, жан қалған?

Өсек қуған сұмдардан қорғау тапсам жарай ма?
Шырқау көктің жұлдызы сәл мүсіркеп қарай ма?

Жетіп келер ым қақсаң: “басымды алар жендет бар,
Көп асыра сілтейтін енді кімнен медет бар?”

Бүгін түнде үмітпен желден күтем хабарын,
Сен ымдасаң — ат дайын, желден жылдам барамын!

Құдай үшін Хафизге сыйла жүзім шарабын,
Өзіңе арнап жыр жазып, от боп күйіп жанамын!

***

Түрік қызы!

Қалыңнан сүю үшін ән-бесік,
Самархан мен Бұқарға Бағдатты да ал қосып!

Ей, саһқиым, шарап құй! Міне, Жұмақ даласы,
Мосалладай бақ қайда, Рокнабадтың жағасы…

Қылық, кірпік дірілі “ләззатқұмар шебері”,
Жібітер ме бұл жүзім кеуіп, солған денені?

Сұлулыққа керегі — шетсіз, шексіз махаббат,
Жұлдыз сұлу болар ма, бояу жақсам сан қабат?

Жүсіптей сен көркемсің, көрген көзім тоя ма,
Ұят, ардан аттамай бұл құмарлық қоя ма?

Мейлі мені қорғай бер, жаным сүймес мақтауды,
Бал шырындай ерніңнен армансыз-ақ татқам-ды!

Бір ауыз сөз айтайын, кәрі ақынды тыңдашы:
“Жассың, түзел” — дегенде кенеттен морт сынбашы?

Ән шырқайық шараппен! Тәуекел түбі — желқайық,
Құпиясы тереңде, жетпей қапы қалмайық!

Уа, Хафиз!
Сенің нәзік жырларың — бейне гауһар тізілген,
Жыр моншағы жұлдыздай тамшыдай боп үзілген!

***

Жүрек тулап сыздайды, сен, қатігез болмашы,
Құпияңа қанықпын, мені үнсіз қолдашы?

Кемедеміз қираған, сан күдік бар санада,
“Суға кетпей тұрғанда жетейікші жағаға?!”

Ең болмаса бір мезет неге жауап қатпадың,
Менмендікпен соншама жігерімді таптадың?

Келте ғұмыр Тәңірден бұйырғанын татасың,
Сиқыры мен сыры мол құпияға батасың.

Екі ауыз сөз қысқасы — екі ғұмыр құпия:
Досқа — құрмет, ал жауға — болғаның жөн мұқият!

Рәушан гүлге бір бұлбұл сайрап әнін шырқатты:
“Шарап әкел тезірек! Досым кел!” деп үн қатты.

Туған жердің бәрі лас, қаңғыбас ән айтады:
“Көзем жақын жаныма, сұлу дерті қайтады!”

Шарап толы бұл көзе — Ескендірдің айнасы,
Қағып салсаң сезілер — патшалықтың пайдасы!

Қиын заман дәрісі — ішсең бойың жеңілдер:
Кедей — байға теңеліп, бағын табар өмірден.

“Сұлумын!” деп мақтан ба, тас та құмға айналған,
Мен шөлімді басамын — шарап деген қайнардан!

Түрік қызы, мұрсат бер, парсы тілін білесің,
Жеткіз тез деп хабарды, шалға бекер күлесің?!

Билеп кетер сопы да — сен дутарды ойнасаң,
Жарасады өзіңе парсы сазы, ойласам.

Даңқ көшесін таптаймын, Құдай мені бір ұрды,
Ұзартуға көмектес мынау қысқа ғұмырды?

Хафиз, жыртық шекпенің, былғаныпты шарапқа…
Былғанбайтын Әмірім, салма мені азапқа?!

***

Таңғы самал, сүйгеніме сәлем жеткіз шалғайға,
Тауды кезіп, тасты басып, қуылған жол таңдай ма?

Балдай тілмен кім сұрайды: “Тотықұсым, қайдасың?”
Сен білесің ежелден-ақ шын тәттінің пайдасын?!

Өркөкірек болса-дағы еске ала ма бұлбұлын:
“Сайрамайды таңда неге, сағынбай ма ол гүлін?”

Мендей құсты күшпен алмас, ақылдымын, милаулар,
Ұстау үшін шаттық жыр мен тәтті шарап сыйлаңдар!

Уайым торлап табынарым, тойда отырып қайғырсын,
Көк жүзінде нұрын төгіп, саған теңдес ай тұрсын.

Түсінбеймін, не себептен, менен қашты еліктер,
Мүмкін сұлу үркек болар, дәл жанына келіп көр?

Сұлусың сен!

Кем-кетікті жан білмейді, мен білем,
Шарапқа ұқсас бал жұтамын сұлулардың ернінен!

Уа, Хафиз!
Балдай жырдың сән, сазына Пайғамбар да тәуелді,
Билеп жүріп қайталасын Зухра айтқан әуенді.

Қазақ тіліне аударған Заманбек НҰРҚАДІЛОВ

Abai.kz

Related Articles

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: