ҚР Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік тілдің білгірлерін таңдады
ҚР Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік тілді білу бойынша «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өтті. Оған қорғаныс ведомствосы құрылымдық бөлімшелерінің әскери қызметшілерінен құралған өзге ұлт өкілдері қатысты.
Байқау 4 кезеңнен тұрды. Мемлекеттік тілде таныстыру, бейнеролик бойынша сұрақтарға жауап беру. Әрі қарай қатысушылар анағұрлым күрделі тапсырманы, яғни, қазақ ақындары мен жазушыларының өлеңдерінен үзінділерді сондай-ақ халық мақал-мәтелдерін жатқа айтты.
Байқау кезеңдерінің әрқайсысында әскери қызметшілерге өздерінің шешендігі мен шеберлігін, сөздік қоры мен әдеби тілдің байлығын паш ету қажет болды. Нәтижесінде қазақ тілін білуде 26363 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға лейтенант Александр Рудич үздік атанды. Екінші орынды Әскери-ғарыш бағдарламалары орталығының әскери қызметшісі аға лейтенант Сергей Гавриленко иеленді, үшінші орынды ҚР ҚК Ақпараттандыру және телекоммуникациялар бас басқармасының әскери қызметшісі аға лейтенант Алексей Шестак пен ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери қызметшісі капитан Сергей Костенко өзара бөлісті. Қазіргі уақытта ҚР Қарулы Күштерінде мемлекеттік тілді шамамен 15 жарым мың әскери қызметші оқып-үйренуде.
Жыл сайын саны өзгеріп тұрады, себебі, әскери қызметшілер бір деңгейден басқа деңгейге ауысып отырады. Ал қазақ тілін меңгерудің тереңдетілген курсынан өткендер оқып-үйренуді аяқтайды. Тіл даярлығы үш деңгей бойынша өтеді. Бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген, офицерлер мен қызметкерлерді ғана емес, сонымен бірге ҚР Қарулы Күштерінің басшылық және командалық құрамын қамтиды.
Осы жылы мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін жоғары офицерлер құрамының 337 өкілі тест тапсырды. Оның қорытындысы бойынша емтихан тапсырғандардың 82% өз білімдерін растады.
Пікір қалдыру