Ресей Қазақстанға Байқоңырдағы 11,6 мың гектар жерді мерзімінен бұрын қайтаратын болды
Биыл Ресей 2050 жылға дейін жалға алған Байқоңырдың 11,6 мың гектар жерін Қазақстанға береді, территория Байқоңыр қаласына жақын маңда, – деп хабарлайды ресейлік “Известия” басылымы.
“Қазақстанға жалпы ауданы 11,6 мың гектар болатын төрт жер телімін беру туралы келісім өткен жылдың күзінде жасалған болатын. Біз бұл жерді пайдаланбаймыз. Кадастр жұмыстары аяқталды, бірінші жартыжылдықта жерді жалдан шығару жүзеге асырылады. Бұл жер телімдерін беру туралы бастаманы қазақстандық серіктестер көтерді – олар инфрақұрылымды дамытуды жоспарлап отыр, қонақүйлерді салатын шығар. “Астана ЭКСПО-2017″ көрмесіне дайындық аясында жүзеге асырылып жатқан шығар”, – деді “Жер бетіндегі ғарыштық инфрақұрылым нысандарын пайдалану орталығы” Федералдық мемлекеттік бірегей кәсіпорны” бас директоры Рано Джураева.
Ал Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің өкілдері РФ жалынан шығарылған жер учаскелерінде инфрақұрылым нысандарын құру ғана емес, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін өндіріс ұйымдастырудың да алға қойылғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұл Байқоңыр жерінің Ресейдің жалынан Қазақстанның иелігіне мерзімінен бұрын өткен бірінші жағдайы.
tengrinews.kz
Пікір қалдыру