Астана азаматтары жеңіске жеткен қытайлық қандас балуанға сый көрсетті
Астана қаласында Рио-де-Жанейро олимпиадасына баратын мықтыларды таңдайтын, Азия құрлығының іріктеу жарысы өткені мәлім. Қиян-кескі бәсекеде Қытай елі атынан 65 келі салмақта күрескен қандасымыз Ерланбек Кәтейұлы олимпиада лицензиясына ие болған еді.
Миллиардтар елінен маңдайы жарқырап шыққан бауырымыздың бұл жеңісі әрине үлкен жетістік. Бұдан бұрынғы Лондон олимпиадасына жолы түспеген Ерланбек енді еркін күрестен Бразилия жерінде бағын сынамақ. Қытай құрамасында жүрсе де, иісі қазақтың, Алаш баласының атын шығарар оғлан ұлға Астанадағы бір топ азамат ақжол тілеп, сый-сияпат жасады.
Қайда барса да қазақтың намысын қорғайтын сопортшы бауырымыз бен бапкер Әлнұр Төргеұлына және Ерланбектің Хұң Уи есімді (ұлты моңғол) жеке жаттықтырушысына рахмет айтқан астаналық жігіттер оларға қазақ жолымен шапан жауып, құрмет көрсетті. Осы арада Әлнұр туралы айта кетсек, ол күрестен Қытай ұлттық құрамасы жаттықтырушыларының бірі. Оның да миллиардтың ішінен сараланып шығуы тегін емес. 2004 жылы Афина олимпиадасына қатысқан таңдаулы қазақ спортшыларының бірі.
Бұйыртса, алда Рио олимпиадасы. Қазақстан балуандарынан да бірнеше спортшы дүбірлі додаға жолдама алды. Қазақ баһадүрлеріне және алыста жүрсе де ұлтының ұранына елітетін Ерланбек бауырымызға жеңіс тілейміз.
baq.kz
Пікір қалдыру