Наурызда күн мен түн ғана емес, адам мен адам да теңеседі.
Америкалық (бәлкім еуропалық… Вашингтон Таймсқа шыққан мақала) екі саяхатшы орта Азияны аралап жүріп қызық жәйтке куә болады. Қазақ даласында “шүлен тарату” дәстүрінің қалай іске асып жатқанын көреді. Батый ханның бәйбішесі өз қолымен жарлы-жақыбайларға ас құйып беріп жатыр екен. Көз алдыңызға елестетіңізші. Алтын Орданың – империяның бірінші ханымы! Батыйдың тоқалы да, күңі де емес, бәйбішесі! Наурызда күн мен түн ғана емес, адам мен адам да теңеседі. Сұлтандар мен байларқарапайым халықпен арқа-жарқа араласып кетеді. Ауқаттылар мал сойып, кедей-кепшектерді тамақтандырады. Байдың бәйбішелері үйдегі мата-бүлістерін шығарып, қыз-келіншектерге береді. Тағысын тағы көп жоралғыларымыз болған.
Сара Назарбаеваның қолынан дәм ауыз тимей-ақ қоялық. Меценаттарымыз бар ғой. Қазақтың бай жігіттері көп. Дүние-мүлік таратпай-ақ қойсын. Бірақ Наурыз тойында тегін көже таратса, өздеріне сауап болар еді. Бір рет қолданатын пластмасса стақанмен көже құйып беріп жатқандарды көрдік. Көзге оғаш көрінеді екен. Әкеліп киіз үй тігіп, ішіне адамдарды кезекпен кіргізсе, Алматы әкімдігі де қарсы болмас.
Айдос Жұқанұлы

Пікір қалдыру