Зайсан өңірінің тарихы мен географиялық ерекшеліктері
ТілеубердіСайдулдин,
ҚазақстанРеспубликасының
ҰлттықҒылымакадемиясыныңакадемигі,
Зайсанауданыныңқұрметтіазаматы
ЫғынаалғанАлтайменТарбағатай,
ҚолсозғаншығысыңнанұлыҚытай.
Көл болып асау Ертіс кідіріпті,
Кетуге сені тастап қимағандай.
6-сынып оқушысының дәптерінен, 1955ж.
Биыл Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданының 80 жылдығы, аудан орталығы Зайсан қаласының 140 жылдығы аталып өтілді. Осыған байланысты сол кезеңдерде ел іргесін бекемдеу үшін ата-бабаларымыз қандай күй кешкенін де еске алу орынды. Қазақи дыбыстануы «Жайсаң» атауы географиялық кеңістік тұрғысынан жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы, шұрайлы да нулы кең алқап дегенге саяды. Бұл сөз адамның жеке тұлғасына қатысты оның тектілік, біліктілік дәрежесінің жоғары екенін көрсетеді (қасқа мен жайсаң). Адамның мінезінің жайдарылығы мен ақылының кемелділігін «жаны жайсаң» деп сипаттайды. Ақиқатты өзімізден емес, басқадан іздеп үйренген ғалымдарымыздың пайымдауынша «зайсан» моңғол тілінде әскери-әкімшілік лауазым. Бұл өлке сондай әскери-әкімшілік аймағы болғандықтан, осындай атау қалыптасқан деп есептейді. Орыс тіліне бейімділігіне байланысты «жайсаң» емес, «зайсан» сөзі ресми қолданыс тапқан.
Зайсан аталатын кең өлкенің бір бөлігі ғана қазіргі осы аттас әкімшілік ауданға қарайды. Алтай жоталары, Тарбағатай-Сауыр таулары, Шар-Көкпекті шоқыларымен шектесетін кең атраб «Зайсан қазан шұңқыры» аталады, оның нақ ортасында Зайсан көлі орналасқан. Физикалық география тұрғысынан бұл алқап Ертіс өзенінің бассеинін қалыптастыратын Нарым, Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Көкпекті, Бөкен, Кендірлік, Үлкен Ұласты өзендерінің арна-сағаларымен қоса қарастырылады.
Кезінде өлкенің солтүстігі Ресейге, оңтүстігі Қытайға тиесілі болды. Орыстар қазақ пен жоңғар соғысып жатқан кезде Ертісті бойлай бекініс салса, Қытай Жоңғар мемлекетін жойып, оған қарасты жерлерді түгелдей өзінікі деп есептеді. Екі империя шекарасын айқындау үшін 1860 ж. Пекин келісіміне қол қойып, шекара сызығын 1864 ж. Шәуешекте айқындауға тоқтам жасады. Дүнген-ұйғыр көтерілісі салдарынан бұл шешім аяқсыз қалды. Көтерілісті басуға Қытайдың өз мүмкіндігі болмай, Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Жетісу генерал-губернаторы Г.А.Колпаковский бастаған орыс әскері Қытай шебінде тұрақтап қалып қойып, тек қана 1881 ж. Санкт-Петербург келісімі бойынша Іле аймағынан шығып, қарымтасына Зайсан өлкесінің Қара Ертіс аңғарын алды. Бұл жағдай 1884 ж. Шәуешек протоколымен заңдастырылған. Іс жүзінде оған дейін-ақ Ресей өз мүддесін ойдағыдай орындап үлгірген болатын. 1868 ж. Зайсан приставы құрылып, Зайсан қаласының іргесі қаланды. Өлкені әскери-саяси тұрғыдан игеріп, енді шаруашылық жолмен басқарып, ішкі өлкеден жаппай қоныс аударуды іске асыру үшін 1891-1895 жылдары Семей мен Өскемен қатарлы Зайсан да уез санатына қосылды.
Бұл тарихи кезеңде жергілікті халық – ата-бабаларымыз қандай күйде еді, болған уақиғаларда олардың рөлі, іс-әрекеттері қай шамада болды деген сауалдарға жауап бар ма? Есіміз кіре бастағалы әртүрлі басылымдарды оқып, өлкетану-тарихи мұражайларды аралап, ешбір тұжырымды деректер ала алмадық. Бар болғаны иен жатқан кең сахараны Г.Е. Грумм-Гржимайло, К.Струве, Г.Н.Потанин, Н.М.Пржевальский деген саяхатшылар ашып, зерттеп, орыстың қажетіне жаратыпты. Бұл өлкеде олар бірлі-жарым моңғол тектілерді ұшыратса, оларды тәптіштеп жазып, қазақтар жайында ләм-мим демейді. Сол кездегі Ресейдің ресми деректері бойынша Зайсан приставының тұрғындары 109387 адам болыпты, оның 104811-і қазақ екен. Ол кездегі демографиялық өлшем бойынша бұл өте көп сан. Осы қазақтар қалайша жиһангер зерттеушілердің назарына ілінбеген? Қазіргі қалам тартып, елдің көзін ашып жүрміз деген азаматтардың бұл деректерге қосқан жаңалықтары аталған саяхатшыларға жолсерік болған адамдарды анықтап, оларды «батыр» деп дәріптеуден асқан жоқ. Екінің бірі жер сырын біліп, жол бастаушы бола алмайтыны рас болса да, оның бәрі бірдей батыр болмаған шығар. Ол замандағы елі үшін қан майданға шыққан нағыз батырлар кімдер еді, ел қамын ойлайтын көсем, кемеңгерлер болды ма, жалпы қалың бұқара халықтың хал-ахуалы қалай еді?
Қазақ тарихында Қазақ хандығының құрылуы, оның ар жағындағы Шыңғысхан, Алтын Орда дәуірі, одан бергі Жоңғар басқыншылығы, Ресейге бодан болуы кеңінен зерттелсе де, еліміздің шығысындағы бір түкпірі Зайсан өлкесіне қатысты деректер нақтыланбай, оның орыс пен қытайдың өзара бөлісуіне ұшырауының себептері мен салдары бүркемеленіп келеді.
Шыңғысханның Қытай, Орта Азия, Европаға жорықтарын моңғол тарихнамасы қорғану мақсатындағы мәжбүрліктен туған әрекет ретінде сипаттайды. Қытайға жасалған жорық осындай қауіптің алдын алудың нақты қадамы, ал Орта Азияға жорықтың себебі Отырардың билеушісі Қайырхан Иланшықтың төңірегіне топтасқан керейдің Тұғырыл Уаң ханының ұрпақтарының арандату әрекетімен Шыңғыстың сауда керуендерін жойып, елшілерін өлтіргеніне жауап ретінде, ал орыс шебіне ойран салуы сол жаққа барып паналаған қауіпті жауы меркіттерді жою үшін болған деп баяндалады.
Сол кезге дейінгі азиялық көшпенділердің хандықтары бір ғана ру-тайпа көлемінде болса, Шыңғыс хандық құрғаннан бастап бір ханға бірнеше ру-тайпалар бағынатын болды. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – бір-бірімен бітіспес жау болып келген моңғолдар мен татарлардың Темучиннің қол астында біте қайнасып татар-моңғол хандығының құрылуы, оған бірте-бірте Керей, Найман, Жалайыр, т.б. рулардың қосылуы болды. Шыңғысхан империясының ұлыстарға бөлінуі, қазақ рулары кірген Жошы, Шағатай ұлыстарында түркі тілі мен ислам дінінің үстемдік алуы қазақ руларының топтасып, кейін қазақ ұлтының қалыптасуына игі әсер етті. Осы ұлыстар заманында, Алтын Орда дәуірінде, кейін Қазақ хандығы тұсындағы Зайсан өңірінің тұрғындары туралы нақты тарихи жазба дәлелдер жоқ. Тек қана, Мұрат Сәбитұлы Мұқановтың Ертісті жағалай Керей тайпалары қоныстанған деген деректері бар. Бұл тақырыпты тереңірек зерделеген атақты тарихшы Нығымет Мыңжан да осылайша пайымдайды. Ескеруге тұрарлық жай – қазақ тарихын қарастырғанда елге тараған аңыздарды, жыр-дастандарды ескеру де керек. Әрине, оларды тарих ғылымы тұрғысынан басқа сабақтас дәлелденген уақиғаларымен салыстыра зерттеу қажет. Жазба деректерді оны кім, кай уақытта, не себепті жазғанын пайымдамай қабылдай салу дұрыс емес. Кей жағдайда басқа ұлт өкілдері біздегі жер-су, адам аттарын бұрмалап, бөтен бір пиғылдың ықпалымен жаза салады. Одан гөрі тарих сынынан өткен, өз топырағымыздан шыққан ой-өрісі кең ақын жыршылардан қалған нақтылы уақиғаларға арналған жыр-толғау, дастандардың мәліметтері құндырақ.
Қазақ хандығы құрылып, қазақ ұлты қалыптасқан кезде алғашқы хандар Керей, Жәнібек және олардың мұрагерлерінің Ақ Орда, Мауеренахр, Моғолстанмен арадағы уақиғалар орын алған Жетісу, Сыр, Еділ, Жайық бойы мен Батыс Сібір өлкелеріне тарихшылардың назары негізінен солай ауып, Алтай-Сауыр төңірегіндегі уақиғалар оншама ескерілмеген сияқты. Аңыздар мен жыр-дастандарға сүйенсек, ол кезде қазақтың Керей, моңғолдың Торғауыт рулары бұл өлкеде аралас қоныстанып, бірде жауласып, бірде ымыраға келіп, қатар өмір сүрген. Кейін Жоңғар хандығы құрылып, оның басқыншылық саясаты үстемдік алған сәтте ең бірінші соққы көрген көршілері Керейлер болды. Бұл алапат соғыс айтылып-жазылып жүргендей бір күнде аяқ астынан, кенеттен болған жоқ. Керейлердің қауіпті дұрыс болжағандары бас-аяғын жиып, Алтайдан батысқа ығыса бастады. Бұрынғыдай барымталасқан жай қақтығыс деп бағалап, бейқамдыққа салынғандар ауыр қырғынға ұшырады. Бұл апаттың ең ауыр кезеңі Ақтабан-Шұбырындыда Керейлердің бір бөлігі бүтіндей жұбын жазбай, ал кейбірінің қырғыннан қалған шағын топтары Сыр бойы мен Қаратаудан бірақ шықты.
Бұл кезде Алтай-Сауыр алқабы тұтастай жоңғар иелігінде қалды. Ұзаққа созылған соғыс қазақтың жеңісімен аяқталып, Қытай Жоңғар хандығын жойғаннан кейін бұл өлкеге бұрынғы иелерінің қайта қоныстануы да ауыр қиындықпен өтті. Жоңғар хандығы жойылғанымен оның халқы толық жойылған жоқ. Ежен патшалығының моңғолдармен ғасырлар бойы қалыптасқан ара қатынасы саяси икемділікпен жүргізіліп, сыртқы Халха моңғол, империя аймағындағы ішкі моңғол жағдайларымен тепе-теңдікті сақтай отырып жүргізілді. Қытай тіпті де Алтайды бір көшпенділерден босатып, екіншісіне беру ниетінде болған жоқ. Керісінше, олардың арасындағы қайшылықтардың туындауын жақтап, олардың бірде біреуін, бірде екіншісін қолдап отыратын саясат ұстады.
Жауға қарсы бас қосуы ұзаққа созылған қазақ жасақтарының жоңғармен соғыс аяқталған кезде тарап кетуі өте жылдам болды. Әр ру жаудан босаған жерге тезірек қоныстануға асықты. Осы себептер Алтай-Сауырдың қазаққа қайтарылуын тым қиындатып жіберді. Оның оңды шешімін табу үшін үлкен жігер, әскери күш, экономикалық-шаруашылық шаралар, икемді саясат пен епті дипломатиялық амалдар қажет болды. Осының бәрін ұйымдастырып, оңды нәтижесін қамтамасыз ету Жәнібек Бердәулетұлының басшылығымен іске асты.
Жәнібек Абақ Керейдің Жәнтекей руынан. Жәнтекейдің Сүйінбай, Сүйіндік, Сүйіншәлі үш ұлы «үш Жәнтекей» аталады. Сүйіндіктен Қалеке мен Алты. Алтының үш әйелінен 15 ұлы 13 ауыл болып тұрғанда Жоңғарлар түгел қырып кеткен екен. 14-ші ұлы 9 жасар Есназарды тірі қалдырып, мал айдатыпты, ал жөргектегі 15-ші ұлы Сарыны әйелдер жасырып, алып қалыпты. Ол ер жетіп, Бердәулет пен Кірдәулет атты екі ұлы болады. Бердәулеттің екінші әйелі Үйсін Досымбек батырдың қызы Қадишадан Жәнібек 1714 жылы Сыр мен Шудың арасында Қаратауда туыпты. Бердәулет Шақшақ Жәнібекке баламның атын қойыңыз деп өтінгенде, сәбидің болмысына көңілі толған атақты батыр өзінің атын қойыпты. Жәнібекті қаз дауысты Қазыбектің жиені делінетіні Бердәулеттің бірінші әйелі (кейбір мәліметтерде шешесі) Ұлболсын Қазыбектің әкесінің інісі Тыныбек бидің қызы. Жәнібек Қазыбекті нағашы ата дейді екен. Жәнібектің ұрпақтары ретінде Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин аталады. Абайдың атасы Өскенбайдың әкесі – Ырғызбай, ал анасы – Жәнібектің қарындасы Ермек. Ыбырайдың әкесі Алтынсары Балқожаның бәйбішесі Жәнібектің қызы Әйменнен туады.
Жәнібек ерекше ерлігі, сайыскерлігімен талай жекпе-жекте Жоңғардың ең бір атақты батырларын жеңіп, даңқы бүкіл қазаққа тарап, есімі Абақ Керейдің ұранына айналды. Соғыс өнерінің қыр-сырына жетік қолбасы болды. Шешендігі, суырып салма ақындығы өз алдына, шырғалдаңы қыйын даулы істерге әділ үкім айтып, ел билігін ұстаған дара тұлға ретінде танылды. Сыр бойына ауғанда азып-тозып, өз арасында да, көршілес рулармен де береке-бірлігі азайып, ол жақта да тұрақтамай Тобыл, Ор, Торғай өзендеріне дейін бытырап, тарыдай шашылған Абақ Керейлер енді Жәнібектің басшылығымен топтасып Орта жүзде, бүкіл қазақта ұйымдасқан ықпалды қауымға айналды. Жәнібек соңына ерген іргелі елі бар сол кездегі атақты қолбасылардың бірі ретінде хан ордасындағы мәртебелі жиындарда Абылайдың оң тізесінен орын алды. Абылай қосынында Қабанбай, Бөгенбай бастаған Орта жүз жасақтары Жоңғарды қазақ даласынан ығыстыра бастаған тұста Абақ Керей ауылдары Солтүстік батыста Орға дейін шашырай қоныстанған еді. Бұл жерде де олардың тіршілігі баянды болмады. 1740 жылдары Орск қамалындағы орыс әскерлерінің шабуылына ұшырап, қырғын көрді. Мылтықты жауға амалдары болмай, сүйтседе олардың қамалдарын өртеп, Есіл, Нұра, Сарысуға қарай үдере көшті. Бұл жерді Ашамайлы Керейлермен селбесіп он шақты жыл мекен етті. 1750 жылдары Абақ Керей Ашамайлы Керейден бөлініп Қарқаралыны бетке алып, одан асып Доғалаң, Көксала, Бақанас тауларында екі жылдай тұрақтады. Жәнібектің абыройы асып, бүкіл Абақ Керейді топтастырып, жеке-дара қолбасшысы болып танылғаны осы кез болса керек. Бұл мезгіл қазақ-жоңғар соғысының ең шешуші кезеңі, Жәнібектің бүкіл қазақ қоғамына сол кездегі атақты батырлар қатарына еніп, танылған шағы. Оның қол астындағы ел енді соғыс жағдайына байланысты Шыңғыс тауынан асып, Қалба тауын негіз етіп Қызылсу, Шар өзендері бойында шоғырланып, бір шеті Ертіске құлай, екінші қанаты Көкпекті, Ақсуаттан Аягөзге дейін қоныстанды. Жәнібек өзі әскери қосындарымен Аягөз маңында болды. Оның ауылы ол кезде ел тізгінін ұстаған тұлғалы азаматтардың бас қосатын ордасындай дәрежеде еді. Мұнда бірнеше мәртебе Абылай хан да болған. Ол 1757ж. 7-шілдеде осы Аягөз бойында Мамырсу Байпақбұлақ деген жерде қытайдың елшілерімен кездескен екен.
Бұл шамада Абақ Керейдің әр руы жарты ғасырға созылған ұзақ соғыста аттың жалы түйенің қомында жаңа ұрпағын өсіріп, жорықтарда қол бастап ерлігімен еліне тұлға болған батырларының соңынан ерген қуатты қауымға айналған еді. Сол кездегі әрқайсысы өз руының ұраны болған батырлар:
1. Жәнтекейде – Шақабай Есентайұлы 1688ж. туған, 1778ж. Ақсуатта қайтыс болған.
2. Жәдікте – Жантай Тілекеұлы 1700ж. туған, 1770ж. Көкпекттіде қайтыс болған.
3. Шерушіде – Байтайлақ Құттымбетұлы 1691ж. туған, 1760ж. Ақсуатта қайтыс болған.
4. Қарақаста – Қаптағай Түгенбайұлы 1700ж. туған, 1760ж. Зайсанда қайтыс болған.
5. Молқыда – Машан Арықбайұлы 1680ж. туған, 1759ж. Зайсанда қайтыс болған.
6. Ителіде – Бұқарбай Елтоқұлы 1690ж. туған, 1760ж. Зайсанда қайтыс болған.
7. Меркітте – Құлсары.
8. Шыбарайғырда – Қожаберген Жәнібекұлы 1663ж. туған, 1762ж. Қалба тауында қайтыс болған.
9. Сарбаста – Сартоқой 1725ж. қайтыс болған.
10. Жастабанда – Жобалай Бейсейітұлы 1700ж. туған, 1770ж. Бақанаста қайтыс болған.
11. Көнсадақта – Жабай 1748ж. Есіл бойында қайтыс болған.
12. Құлтайболатта – Шимойын ұран болып та, ру аты ретінде де аталады. Бұл рудың тізгінін ұстаған атақты Биқадам би.
Жәнібектің өзі 1792ж. 78 жасында қазіргі Жарма ауданының орталығы Георгиевкадан Зайсан бағытында Николаевкаға жетпей бұрынғы Октябрь совхозының жерінде Ортабұлақ деген жерде, ескі атауы Әулиебұлақ екен, қайтыс болған. Оның зиратын 1970ж. ұлтжанды азамат Әшімбек Бектасов тауып, қоршап, ескерткіш тақта орнатқан. Бірақ тақтада «Шақшақ Жәнібек» деп қате жіберілген. Бұл қатені Зайсанның тумасы, тарихшы Ахмет Тоқтабай түзетіп, ол жерде жатқан Шақшақ Жәнібек емес, керей Бердәулетұлы Жәнібек екенін дәлелдеп берді. Қазақстан тәуелсіздік алып, Қытайдан Абақ Керей тарихынан мәліметтері мол азаматтар келіп, зираттың Жәнібектікі екенін растап, батырды еске алу жөнінде біршама игілікті шаралар өткізді. 2006ж. 9 маусымда Алматыда Жәнібек туралы ғылыми конференция өткізілді. 2009ж. кең көлемді еске алу шаралары Жарма ауданында, Семей, Өскемен қалаларында атқарылды. Осы жылдың қыркүйек айында батырдың зиратына оның аруағын асқақтататындай мүсіні, аңыз бойынша киесі болған қос бөрі бейнеленген ескерткіш қойылды. Бұл Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына басшылыққа келгеннен бергі аз уақыт ішінде елдің еңсесін, ұлттың рухын көтеруге бағытталған игі істердің бірі болды.
Жоңғар соғысы аяқталғанда елдің басты қам-қаракеті әрбір рудың жер иеленуі еді. Ортақ жауға бірлесіп қарсы тұрған ынтымағы жарасқан қауымның ата қонысына орналасу кезінде берекесі бұзыла бастады. Жоңғар басқыншылығы кезінде Ертісті бойлай және басқа да стратегиялық маңызды жерлерде әскери қамалдарын орнықтырып үлгірген Ресей қазақтың жер мәселесін де ұшықтырып жіберді. Бұл уақытта Абылайдың барлық амал-айласы, ұйымдастыру күш жігері осы мәселені шешуге бағытталды.Соғыс кезінде ханның жарлығы шұғыл орындалып отырған болса, ендігі уақытта сөз бұйдалыққа, кедергілерге тап болды. Бұл хан билігін, мемлекет қуатын әлсіретіп, Ресейдің отаршылық саясатының орындалуын жеңілдетті.
Ел ауызындағы аңыздар бойынша жерге орналастыруды бастаған сәтте Абылай Қабанбайға «Сіздің еңбегіңіз ерекше, таңдаған жеріңізден қоныс алыңыз» деген екен. Оған батыр «Жер мал үшін керек қой, жылқыларымды жіберейін, тоқтаған жерін алайын» депті. Қабанбайдың жылқылары Алакөл– Барлыққа жетіп тоқтаған көрінеді, содан бұл жерге Найманның Қаракерей руы орын теуіпті.
Арғын рулары Арқадан Оңтүстік Шығысқа жылжып, Қарқаралы, Баяннан асып, Шыңғыс тауларына жеткен шақта наймандардың қарсылығына ұшырап, мәселені реттеуге Көкшетаудан Абылай келген екен. Ел жақсылары ымыраласып, ханның билігіне жүгінгенде, барлығы бірге жүріп өтіп, нақты келісімге келмек болады. Жолға шыққанда ханның жанында оның ұйғарымымен әр рудан аз ғана ақылшылар қосылып, тоқтаған сайын кезектесіп ауысып, ал соңынан қалың шоғыр ілесіп аттаныпты. Уәделестік бойынша хан жүріп өткен жолдың атқа мінер жағы Арғынның, қамшылар жағы Найманның үлесіне тиетін болыпты. Бұл топ Шар өзенінен өткен кезде қатары сиреп қалған көрінеді. Шабарман ханға Наймандардың Шардан өтпей, өзен жағасындағы талдан сойыл жонып жатқанын жеткізіпті. Қазақтар ол кезде өзара қақтығыста найза, садақ жұмсамай, сойыл қолданатын көрінеді. Мәселені түсінген Абылай кейін бұрылыпты. Оның қайтқан жері қазіргі Қанай (Канайка) тұсы болса керек. Ертеректе жергілікті басылымдардан Абылай Ертістен өтіп, Аблакеткадан қайтқан, сондықтан ол жер Абылай қайтқан (кеткен) жер ретінде осылай аталған дегенді оқыған едім. Негізінде, Абылайкит деген Жоңғар билеушісінің қонысы болып, жер атауы осылай аталыпты.
Осындай шиеленіскен уақиғаларға Жәнібек араласпай, Ортабұлақта жата берген көрінеді. Оның түпкі мақсаты – қазақтың іргесін кеңітіп, елін Алтай-Сауырға қайта қоныстандыру болды. Ол үшін үлкен тыянақты дайындық керек еді. Қазақтың ішкі жағдайын ескеріп, орыстың жүргізіп отырған отаршылық пиғылы мен әскери мүмкіндігін білумен қатар, Абылайдың елшілігін бастап Бежінге барып қайтқанда Қытайдың саясаты мен жағдайын түсінген Жәнібек елінің күш қуатын нығайтып, жан-жақты дайындалу керек екенін пайымдап, соны іске асыру жолында нақты ұйымдастыру, саяси- дипломатиялық әрекеттерді жоспарлады. Керейдің ел ұстаған, қол бастаған Самырат, Сәмембет, Жабай қатарлы батырлары жоңғар соғысында батыс өлкеде қаза болса, олардың орнын басқан Шақабай, Жантай, Байтайлақ, Қожаберген батырларға Жарма, Көкпекті, Ақсуаттан топырақ бұйырды. Ел шығысқа Тарбағатай, Зайсан өңіріне жылжығанда Бұқарбай, Машан, Қаптағай сынды батырлар қайтыс болды. Осындай өтпелі кезеңде ел тізгінін ұстап, ұлы жорықтарды бастайтын жаңа буын жас ұрпақты қалыптастыру да Жәнібектің үлесіне тиді. Бұл істің шешімін табудың жолдарын қарастыру кезінде ел іргесін түрткілеген көрші рулардың ұсақ әрекеттері мен тезірек Алтайға жетуге асыққан Қотырақ қатарлы қызу қанды батырлардың қимылдарын да салқын қандылықпен тоқтата білді.
Жәнібек туралы қаншама жыр дастандар жазылғанымен оның қазақ халқының тарихындағы рөлін толық ашып көрсететін арнайы зерттеулер жоқ. Жыр-дастандарға арқау болған оның жекпе-жектері мен ерліктері қандай мақтауға болса да лайықты. Бірақта, оның ел іргесін бекітуге, халықтың береке-бірлігіне ұйытқы болып, Абылайдың төңірегіне топтарстыруға, әскери жасақтар құрып, соған байланысты барлық ұйымдастыру, басқару шараларын іске асырып, ұрыс даласында нақты стратегиялық, тактикалық әрекеттерді жедел шешіп, тек соғыс жағдайында ғана емес, сол кездегі дипломатиялық, саяси істердегі белсенділігіне нақты баға беру әрине тиісті мамандығы бар зерттеушілердің атқаратын жұмысы. Мұндай байсалды тұжырымдар болмаған соң Жәнібектің абырой беделі жеке бір уақиғалардың нәтижесі ретінде баяндалады. Мысалы, ол Абылай ханмен бір қысылтаяңда кездейсоқ кезігеді, ханға ұтымды уәж айтып, оң тізесінен орын алады. Тіпті бұл тақырыпта қалам тартып жүрген қазіргі авторлардың да өткен ғасырда ауыз әдебиетінің дәстүрімен жазылған жыр-дастандардың деңгейінен ұзамағаны байқалады.
Жәнібектің жүректілігін көрсету үшін оны бірде Қабанбай, бірде Абылай қабырдың ағашын отын етуге жұмсағанын, жыланның басын тісімен қырқып тастағанын, осыған ұқсас басқа батырлар туралы да айтылатын уақиғалар төңірегін шиырлай береді. Жекпе-жектегі сайыскерлігі, сөз тапқыр шешендігі, билік айтқандағы әділдігі, ел басқарудағы көрегендігі, соғыста олжа алмайтын мәрттігі, осындай аса биік қасиеттері жоғарыда айтылғандай эпизодтардың тасасында қалып жатады.
Жәнібек туралы жазу үшін, оның қазақ тарихындағы көрнекті саяси-қоғам қайраткері, қарулы жасақтарды ұйымдастырып, сол кездегі әскери стратегиялық-тактикалық істерді жетілдіруші, Абылай заманындағы Қабанбай, Бөгенбай қатарлы қолбасы, Қазыбек би қатарлы ел бірлігінің ұйтқысы ретіндегі бейнесін тарихи деректер мен құжаттар негізінде суреттей алатын, әдеби талантымен қатар терең білімді қаламгер болу керек.
Жоңғармен соғыс аяқталып, қазақтың біріккен қосынының тарап, әр ру өз мүддесін күйттеп кеткен жағдайда, Алтай-Сауырдың Ресей мен Қытайдың мемлекеттік саясатына тартылуына байланысты бұл өлкеде қоныстану үшін Жәнібек бастаған Абақ Керей қауымы бірқатар түйінді мәселелерді шешуі қажет болды.
Біріншіден, бұрынғыдай бытыраңқы рулардың жай ғана жиынтығы болмай, сол кездегі қазақтың психологиясы, салт-санасы мен менталитетіне негізделген идеология арқылы бір орталыққа топтасқан қауымға айналды. Рулардың саны он екіге жеткізіліп, олар бір атадан тараған қаны бір туысқандар деген қағида насихатталды. Бұрын Найман мен Керейге теңдес, бірақ Шыңғысханның қырғынынан азайып, тозып кеткен Меркіт руын қатарына алып, Жастабанмен қоныстас болып келген Сарыбас әулеттерін және Найманнан қосылған Құлтайболатты (Шимойын деп те аталады) жеке рулар ретінде қарастырып, ноқта ағасы Ителі руы деп бекітілді.
Екіншіден, елдің басқару жүйесінің тұрақтылығы, руаралық қайшылықтарға тосқауыл болу үшін билікті бейтарап тұлға хан тұқымы төреге беруге шешім қабылданды. «Төресіз ел, төбесіз жер болмайды» деп, Тауасар би бастаған 17 адам Түркістанға Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіздің ордасына оның бір баласын сұрауға аттанады. Әбілпейіздің кіші әйелі қырғыз ханы Орманбеттің қызы Тұмар ханымды үш ұлы Көгедай, Сәмен және Жабағыны 2 құл, 1 күңі, күтуші, қызметкерлері, қожа-молдаларымен 17 үйлі ауыл Абақ Керейге көшіп келеді. Келесі 1785 жылы Көкпектіде салтанатты түрде 12 жасар Көгедайды төре сайлайды. 1790 жылы күзде Көгедайды алып керейдің ел басқарған атақты адамдары Барлыбай, Шұбаш, Байқан, Жанторы, т.б. бір керуен болып, Қобданы басып, Бежинге барып, Қытайдың патшасынан Көгедайға гуң мәртебесін алып, 1791 жылы оралды. Көгедай осыдан кейін 39 жылдай негізінен Зайсан өңірінде тұрақтанып, Абақ Керейді басқарып, бұл өлкеде елдің қоныстануында, осы бағытта Қытаймен арадағы қатынастарды реттеуде елеулі рөл атқарды.
Үшіншіден, бұл қауымдастықтың басқару жүйесінің, іс-әрекеті мен тұрмыс тіршілігінің құқықтық қалыптамалары заңдастырылған қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, Жеті жарғы заңдары мен шариғат қағидаларына негізделген «Абақ Керей ережесі» бекітілді. Бұл ережеде отбасының, үйлену, некеге отырудан бастап, әлеуметтік қарым-қатынастар, қылмысты істерді шешу жолдары түгел қамтылды. Елтірінің дауынан ердің құнына дейін алаштың ойына орнығып, қанына сіңген, көкірегіне жазылған ежелгі дәстүрлі дағды, заң жосындары негізінде шешімін тауып отырды.
Керейдің негізгі шоғыры Қалба, Қызылсу, Шар төңірегінде ірге теуіп, бас-аяғын жиып, күнделікті тұрмыс қамын күйттеп, басшысын сайлап, көршілерімен қатынастарын реттеп, сол заманның талап-үрдістеріне сай тіршіліктерін құрды. Мал басы өсіп, төбесі көрініп тұрған ата-қоныстары Алтай-Сауырды аңсай берді.
Жоңғар хандығы тарихи деректер бойынша 1757 жылы жойылды деп есептеледі. Бұған дейін-ақ Түкібай, Бәйімбет батырлар жылқыларын тебіндетіп, Сауырға жол салған екен. Олардың ізін ала ол жаққа Жәнтекейдің бірер ауылы қоныстана бастаған көрінеді. Бұл кезде Сауырдың ресми иесі Торғауыт уаңына Меркіттің ел басшыларының бірі Бесік Көкшеұлы сый-сияпат беріп, Сауырдан қоныс алады. Іргесі сөгіле бастаған, түтіні сиреп, мал басы жұтаңдаған жоңғарлықтарға бірде сауғалап, қалап, бірде тізе батырып, араласа қоныстанып, Сауырдың Мұзтауына, Жазық көл жағасы мен Көксеңгір бойынан Ертіске дейін ентелей ене бастады. Бұндай қалмақпен қоныстас болған жұрт Шұбар Керей атанған.
Бұл кезде Жәнібек батыр жұртымен Батыс Қалбадан жылжымай, ел іргесін берік ұстап, сақтап отырды. 1760 жылы Қотырақ батыр Қалбадан Жәнтекей ауылдарының үлкен шоғырын бастап Ертісті өрлеп көше бастады. Бұлармен қатар Бұқарбай бастаған Ителілер, Қожаберген бастаған Шұбарайғырлар жылжи-жылжи Кішкене тау, Маңыраққа жетіп тоқтады. Кейіннен Маңырақ тауы, Үйдене өзені бойын Меркіттер мекен етіп, оған қоныстас болып Жастабан руы орналасты. Көп ұзамай Кендірлік бойы мен Сартеректе Самырат руы мен Сәмембеттің Түкібай ауылдары, Көктал, Майшілік пен Қуталда Ителі руы қоныстанды. Бұл кезде Жоңғар хандығы жойылып, бүкіл аймақ Қытайға қарасты жер болып есептелді. Сондықтан Бежинмен арадағы дипломатиялық қатынастарды реттеу, Көгедайды Абақ Керейдің билеушісі және Ежен патшасының гуң дәрежесіндегі өкілділігін заңдастыру Алтай-Сауыр өлкесіне қайта қоныстануға жол ашты. Бұл әрекеттерге кедергі болатын баспалдақтарды айналып өтіп, Керей жұрты Қытайдың орталық билігімен ғана есептесетіндей тоқтамға қол жеткізді. Бежин жағы да Абақ Керейдің ішкі істеріне араласпай, мемлекет шекарасының амандығы мен батыс іргесінің тыныштығына баса назар аударды.
1757 жылдан бастап бұрынғы Жоңғар хандығына қараған жерлер енді Синь-Цзян (жаңа жер, жаңа өлке) деп аталатын болды. Қазақтар оны Шыңжаң дейді.
Көгедайдың Қытайға елшілігінен кейін, алды-артын бағдарлап алған керейлер Ертісті өрлей Өр Алтайға жылжи түсті.Ентелей келіп қоныстана бастаған қазақтарға сол жерді мекендеп отырған торғауыт, уранхайлар аса қарсылық жасай алмады. Келгендер де ірі қақтығыстарға бармай, сәтті жағдайларды қалт жібермей, алдымен малын отарлатып, кейін ауылдарын қоныстандырып, ілгерілей берді. Бұл жөнінде қалмақтар «Қазақтың малын жайғаны – жерді алғаны» дейтін болған екен.
1792 жылы Ер Жәнібек қайтыс болып, оның қазасын ел іргесі бұзылмауы үшін үш жыл өткен соң ғана жариялап, үш жүзге сауын айтып, асын беріп, зираты тұрғызылды. Бұл кезде Абақ Керей Тарбағатай мен Сауырдан асып Алтайға қоныстана бастаған-ды. Өлкенің орталығы Сауыр болып, ел тізгінін толық қолына алған Көгедай сонда қоныстанды. Өзі тікелей Керейдің ең үлкен руы Жәнтекейге, інілері Сәмен мен Жабағы басқа руларға төрелік етті. Жәнтекей саны жағынан Абақ Керейдің 70%-дайы екен. «Жәнтекей ауса Абақ Керейге симайды, 12 Абақ Керей Жәнтекейге сіңіп кетеді» дейді екен. Көгедай билік құрған кез сәтті болып, ел іргесі бекіп, мал-басы өсті. Зайсан ауданындағы Көгедай мекен еткен жер осы күнге дейін оның атымен аталады. Сауыр тауында Сәмен мен Жабағының аттарымен аталатын жерлер бар. Көгедай 1824 жылы қайтыс болды. Өліміне себеп болған жағдай Найманның төресі Қамбардың арандатуымен жылқысын айдап кеткен барымташыларды өзі қуып барғанда тізесіне тиген шоқпардан аттан құлап, айға жетпей бақилық болады. Найман жағы айыпты болып, Көгедай үшін жеті адамның құнын төлеп бітіседі.
Көгедайдан кейін оның мұрагері болған 17 жастағы ұлы Жанғазы, Ажы төре атанған, 44 жыл билік құрды. Бұл кезеңде әртүрлі шиеленіскен уақиғалар көп болды. Төренің ру басыларымен де, қара халықпен де арасы жақсы болмады. 1863 жылы Абақ Керей құрылтайы болып, оның шешімі бойынша төре төлеңгіттерін басы-байлықта ұстамайтын, еркін шектемейтін болды. Төлеңгіт төренің маңында қаламын, немесе шыққан руыма қосыламын десе өз қалауы болды. Рулардың тыныс-тіршілігіне байланысты ішкі мәселелерді шешу үшін 4 би сайланатын болып, гуң тек қана сыртқы саясат, негізінен қытай үкіметімен қатынасты мәселелерді шешетін болды. Осылайша «төрт би-төре» деп аталған басқару жүйесі қалыптасты. Төрт бидің екеуі Жәнтекей, екеуі Жәдік руынан сайланатын болды. Бұл екі рудан кейін саны мол, Жәдікпен деңгейлес Шеруші руы еді. Шежіре бойынша осы үш ру бір атаның балалары саналады. Шеруші жағы бір би Жәдіктен, бір би бізден болсын деп талап қойды, Ақтай ру билігіне келгенде дау өршіп, оның ұлы Жылқышының тұсында тіпті асқынып кетті. Бұның соңы кейін Абақ Керейдің бір бөлігі Шерушілердің бастауымен Алтайдың Қытай бетінен Моңғолия жағына кетуіне себеп болды.
Ажы гуңның Қытай үкіметі алдында беделінің төмендеуіне тағы бір себеп 1865 жылы Сауырды шарпыған «қызыл аяқтар ылаңы» аталған дүнгендердің көтерілісі болды. Бүлік бастағандар азық-түлік, ат-көлік сұраған талаптарын орындамағаны үшін Ажы төренің үзеңгісіне у жағып, қастықпен өлтіреді. Бұдан кейін 1868 жылдан 1890 жылға дейін Ажының ұлы Қасымхан мұрагерлікпен гуң болды. Оның тұсында Ресей мен Қытай арасында шекара сызығы түпкілікті айқындалып, 1883 жылы қазақтарға шекараның қай жағына қоныстануды таңдауына бір жыл мерзім берілді. Сауырдың Ресейге қараған жағы қонысқа, малға жайлы болса да, көптеген ауылдар қытайға тиісті территорияға көшін кетті. 1890 жылы Қасымхан қайтыс болып, Сауырда Сарышоқы аталатын өз қыстауында жерленді. Қасымханнан кейін оның орнына тағайындалған ұлы Жеңісхан қазіргі қытайдың Жеменей ауданында қоныстанып, сол беттегі қазақтарға төрелік етті. Бергі Зайсан өңіріндегі Көгедай ұрпақтарының төрелігі осымен тоқтап, Ресейдің басқару жүйесі орнықты. 1890 жылдары құрылған Зайсан уезіндегі қазіргі Зайсан ауданының жерінде Кендірлік, Маңырақ, Қара Ертіс және Шілікті болыстары болды.
Осы кездегі Зайсан әкімшілік ауданы солтүстігінде Қара Ертіс пен Зайсан көліне тіреледі, екінші жағы – заңгар таулар Сауыр, Сайқан, Маңырақ, Кішкене тау. Елімізге құтты мекен бұл өлкенің асты да, үсті де байлыққа толы, қойнауындағы қазына қорлары қатарында 19 ғасыр ортасында өндіріле бастаған Кендірлік (Қара үңгір) көмір кені, жанғыш сланец, мұнай, алтыннан бастап әртүрлі минеральді шикізаттардың мол қоры бар. Оның жануарлары мен өсімдіктер дүниесі халқымыздың ырыс-берекесі, тұрмыс-тіршілігінің өзегі. Бұл өлкеде Сауыр тауының орны ерекше. Алтай, Тарбағатай, Ертіс атаулары туралы зерттеулер біршама болса, Сауыр туралы көп сөз қозғалмайды. Біздегі географиялық атаулардың төркінін моңгол тілінен іздейтін әдет бойынша Сауыр мен Тарбағатай атаулары тақілеттес, бұл өлкеде кең тараған аң суырдың қазақ және моңғол тіліндегі баламалары деп пайымдайды. Тарихи деректерді тереңірек талдаған зерттеушілердің пікірі бойынша Сауыр атауы моңғолдар бұл жаққа келген 13 ғасырдан көп бұрын қалыптасқан. Сауырды 6 ғасырдың өзінде түркі тектес Телі тайпасы мекен еткен, содан телі атауы Ителі руының атында сақталған деген пікір бар.Сондықтан ерте заманнан Сауыр Керейлердің мекені болғанына оның атының кісі есімдері ретінде сақталғаны дәлел болады. Керейдің атақты Тұғырыл Уаң ханы Шыңғысханмен сыйластығы жарасқан кезінде өзінің немересі Сауыр бикені Тимучиннің үлкен ұлына, оның қызы Хочун бикені баласы Сенкунның ұлына атастырмақ болғаны туралы жазба-деректер бар (Рашид-ад дин «Жамиғат ат тауарих»). Бұл тау қара Сауыр деп те аталады. Себебі қыста қардың аз болуынан емес, оны қасиет тұтқандықтан болса керек. «Қара» сөзінің ауыспалы мағынасы – ұлы, қасиетті (мысалы, қара шаңырақ). Түрколог ғалымдардың пікірінше «қара» сөзінің көне түркіше баламасы «кере» екен. Керей ру аты осы кере сөзінен деген пікір бар. Оны адамдарының түрінің қаралығымен түсіндіреді. Бірақ та, керейлердің түсі қара емес, аққұба-сары, оның ең көп санды Жәнтекей руының Сүйінбайынан тарайтын Самырат, Сәмембет, Құтты, Бөкес, Төлеке өңдері сары, көздері көк болғандықтан «бес орыс» атанған. Рудың «керей» аты адам түсіне байланысты емес, атақ-дәрежесіне негізделсе керек.
Сауырды аса бір ерекшелендіріп тұрған Мұзтау. Оның ең биік нүктесі қытай жағында теңіз деңгейінен 3835м, біздегі Маңырақ шыңы 3816м биіктікте. Мұзтау жоталары бөктерін есептемегенде 55-60км созылады. Оның оңтүстік-шығысқа бұрыла біткен бөлігі қытайға қарайды да, батыс бөлігінің солтүстік жотасы Қазақстан жерінде. Бізге қарасты Мұзтауда он мұздақ орналасқан. Мұздақтардың ұшар басы нығыздалған аппақ қар (фирна), төменгі жағы мұз. Ең үлкен мұздақ Қосайрық үш сайды, негізгі және екі қосалқы, алып жатыр. Екіншісі, Дара, жадағайлау орналасқан. Бұл мұздақтардан еріген су Қосайрық бұлақ пен Дара өзені қосылып, Ертіске құятын Үлкен Ұласты аталады.
Зайсан өңірінің тарихы мен географиялық ерекшеліктеріне қатысты осы деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім. Бұлардың көбі ел жадында сақталып, ескі көз қариялардың айтуы бойынша баяндалып отыр. Уақытында жазылмай, кей жағдайлар ұмытыла бастапты. Бұларға қосымша қазіргі жазба деректер пайдаланылды.
Пікір қалдыру