ЖЫР ЖАЗЫП ОТЫР
Жыр жазып отыр, жыр жазып отыр бір адам,
Тәңірден мен несібемді сұрағам.
Мынау дала, су, топырақ, таулардан…
Шұрайлы тіл мен орамды ой сұранам.
Жыр жазып отыр, жыр жазып отыр бір адам,
Шатқалдан сулар төменге қарай құлаған.
Шығармасы сәтті шыққай илләһи,
Қолдағайсың Көкше әулие, БІР АЛЛАМ.
Жыр жазып отыр ауыр бір ойлар арқалап,
Тамашада тұр дөңгеленіп байтақ, шартарап.
Жұртына бақыт, жеріне тыныштық әкелмек,
Көлеңкесімен қарашаны қалқалап.
Жыр жазып отыр ауыр бір ойлар арқалап,
Алдында жатыр ойларға жүкті әр парақ.
Тартпақшы ертең туған мекенге, өлкеге,
Құрмақшы ертең салдарша бір салтанат.
Жыр жазып отыр түсті ме әлде есіне,
Қара-Ертістей асау тулайды шабыт көсіле.
Жыр жазып отыр, шалқыды ақын арырақ,
Жайлаудың мынау қоңыр самалды кешінде.
Жыр жазып отыр тарпаңдау тағдыр көнсін бе?!…
Қазағым нұрлы ғасырдың ішінде болсын де.
Таусылар емес, баллада ма әлде дастан ба…
Жыр жазып отыр тамыздың жайлы кешінде.
Жыр жазып отыр қалжырар емес шамасы,
Қоздаған шығар жан жүрегі сыздап жарасы.
Тартымды жырлар ұсынып жатыр ол жанға,
Қазақтың мынау жұмақтай жұмсақ даласы…
______________________________
БАЙБОЛ ТІЛЕК ҰЛЫ ҚАПТАҒАЙ
Байбол Тілекұлы Қаптағай __ 1998жылы ҚХР-дағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында өмірге келген. жас балауса талапкер ақын. балдырған шырыннан сусындаңыздар.


Пікір қалдыру